— Хақназар туралы әркім әр түрлі айтады. Анығын өзіңізден бір естиін деп едім, — деді Әбілқайыр. — Сол аталарымыз жайында сөз қозғай отырыңыз.
«Ораз құлдың айыбын қалай жеңілдетемін» деп отырған Бұқар жырау бірден келісе кетті.
— Онда тыңдай бер. Хақназардың түбіне жеткен баяғы алауыздық пен Шайбани тұқымы Абдолла болатын…
Қараша үйде отырғандардың көз алдында жырау әңгімесі ғажайып суреттерге айналып, тізбектеліп өте бастады…
— Жалғанда өкініштен ауыр қасірет бар ма екен? Күшің жетпей, жаудан жеңілсең, — бұл өлім. Күшің жете тұрып жауыңды босатып жіберсең — бұл жомарттық. Ал артынан сол жауыңнан қастық көрсең — бұл өкініш. Өлімнен де ауыр өкініш! — деп бастады жырау әңгімесін…
Он екі қанат ақ боз үйді басына көтерген қыз-бозбаланың ду-ду сөздері де, дүркін-дүркін күлкісі де Хақназар ханның көңілін бөлер емес. Оң тізесін баса шынтақтай отырған кіші балдызы, ақ тотыдай сыланған ерке-шора Ақбаланың сыбырлай айтқан әзілі де құлағына кірер емес. Тек босағада тұрған кісі бойындай құмыраға оқта-текте көзі түсіп кетеді де, ондағы кестелі көне нақылды ойлана оқиды.
«Бұл құмыраға алтын құяр болар,
Бұл құмыраға күміс салар болар.
Бұл құмыраға шарап құяр болар,
Бұл құмыраға көздің жасы толар…»
— Хан жезде, — деп Ақбала кенет Хақназардың қара санынан бұрай шымшып алды. — Тіпті езу тартып, тіл қатар емессіз, нағыз Күлмес хан өзіңіз болдыңыз ғой.
Сан еті ду ете түссе де, қыздың сөзі бәрібір құлағына кірмеді. Балдыздың бұдан да қияңқы еркелікке хақы бар… Хақназар сол қолымен жас сұлудың мықынынан қытықтай сәл өзіне тартты, бірақ өзегі өртеніп, бар ойы осыдан бие сауымы бұрын келген шабарман хабарынан ұзай алмады.
Ақбала тағы да сыңғырлай күлді.
— Жауға шапқанда жолбарыстай батыл деуші еді, әлде Сарайшықтың қыз-қырқынынан жүрексініп отырсыз ба? Жүрексінбеңіз… Кісі жейтін әдетіміз жоқ…
Қыз сөзін енді ғана еміс-еміс естіді. Енді ғана өзінің қай жерде отырғанын есіне түсірді.
әлсірей ыдырап құлаған Алтын орданың орнына қазір Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары пайда болған. Бір кезде Батый хандығының кіндігі санал- ған, сан мемлекеттің сауда жолдары түйіскен, тас дарбазаларынан шығыс пен батысқа хан әмірлері тараған Еділ өзенінің бойындағы Сарай қаласы мүлде күйреп, оның орнына осы Сарайшық шаһары салынған. Бір кезде бұл да Каспий теңізі арқылы өтіп келіп, батыс пен шығыс саудагерлерінің бас қосатын үлкен сауда кіндігіне айналып еді. Ал қазір бұл — Жайық жағасындағы Үйшіктен жиырма шақырымдай жерде жатқан шағын ғана жай шаһар.
Алтын Орда әлсіреп бітуге айналғанда, негізі Маңғыт руынан құрылған Ноғайлы қауымы сол Сарайшықты өзіне астана етті. Ал қазіргі кезінде Ноғайлы хандығының бір бөлегі Астраханьға, бірі Қазанға, бірі Өзбек Ордасына, қалғандары Ақ Ордаға ауып, бет-бетімен ыдырауға айналған шағы. Тек Ноғайлы деген жалпы ел аты мен әлі де болса сауда-саттығы мол Сарайшық шаһары қалған-ды.
Осы Сарайшық шаһарына екі сана қолмен бұдан бір апта бұрын Ақ Орда ханы Хақназар келген. Сонау ит арқасы қияннан қалың әскермен сапар шегуге Ақ Орда ханы мәжбүр болған.
әкесі Қасым Әбілқайыр мен Ақсақ Темір ұрпақтарынан Сейхұн дарияның төменгі жағы мен Қаратал, Сайрам, Талас, Шу өзендерінің бойын ғана алып қойған жоқ, ол қазақ хандығына Жетісу, Еділ, Ақ Жайық бойын да бағындырмақшы болды.
Осы саясатты көздеген Қасым мен Астрахань хандығына қарай бейімделе түскен Ноғайлы елінің көп жұртын өз шеңберінен босатпаймын деген оймен, 1523 жылы Сарайшыққа келіп, сондағы бір айқаста қаза тапқан. Содан кейін-ақ Бұхар ханы Абдолла мен Моғолстан ханы әбдірашиттің бірігуі арқасында қазақ жері талан-таражға түсті. Көптеген рулар Арқа жеріне қарай ойысты.
Міне, Хақназар Ақ Ордаға осы кезде хан болды. Көп жерін Бұхара, Моғол хандарының басып алғаны аз болғандай, дәл осының алдында ғана Жәнібектің кенжесі Жәдіктен туған Шағай сұлтан Абдолламен тіл тауып, Түркістан уәлиетінің күншығыс жағын бөліп алып, Бұхара хандығына қарап кеткен.
Хақназар Ақ Ордаға ие болғаннан бері де он бес жылдай уақыт өткен. Бірақ осы он бес жыл Хақназарға оңайға тимеді. Бөлшектеніп кеткен қазақ хандығын, әкесі Қасымдай, қайта біріктіруге кірісті. Бұл істің сәтті болуына бір себеп қазақ елінің негізгі жауы Қытай боғдыхандары өзара қырылысып, қазақ жерін шабуға қолы тимеді. Соны пайдаланып Хақназар қырғыз бен қарақалпақ туыстарды да өз туының астына жинай бастады. Нелер қан төгіс шайқас, арпалыс, қырғындар өтті халықтың басынан. Әсіресе, Сейхұн дария бойындағы қазақ шаһарларын қайтарып алу, ғаламат ауыр тартыстарға айналды.
Бұдан бұрын әлсіреп қалған Шайбани ордасы, осы ұрпақтан шыққан Абдолла сұлтан Бұхар әміршісі болғаннан бері қайтадан туы көкке өрлеп, күшейе түскен. Бірақ, Шайбани ордасының тым дәуірлеп кетуіне арасындағы алауыздық көп қырсық етті. Алауыздықтың негізі — Ташкент әміршісі Бабасұлтан мен Абдолла арасындағы таластан туған.
Бұл таласқа қазақ хандары да жан сала кіріскен-ді. Абдолла жағында Шағай, Бабасұлтан жағында Хақназар. Абдолла мен Бабасұлтанның таласы, бір жағынан Хақназардың қазақ хандығын күшейтуіне мүмкіндік берсе, екінші жағынан, Шағай сұлтанды өзіне қарсы қойып, бүкіл қазақ елін біріктіруге үлкен зиянын тигізіп келді.
Бұның үстіне Хақназар қол астына енген қырғыз, қарақалпақ елдерінің арасындағы өзара тартыс, дауы да Ақ Орданың күшеюіне әжептәуір кедергі болды. Оң қырғызға жататын Сарбағыш, Солты, Бұғы, Саяқ, Черін, жер ыңғайына қарай қазақ ханына қосылса, Сол қырғызға кіретін әдігене, Жәдігер, Базыс, Бағыш, Түнғатар, Сары тәрізді рулары біресе Шығыс Түркістан ханы әбдірашитке, біресе Ақсақ Темір ұрпақтарының жағына шығып, бірігіп ел болуға көп бөгет етті.
Мұндай жағдайда Хақназар ханға біржолата берілген сенімді күш керек болды. Бұл күш Сырдария мен Қаратал бойларынан Ұлытау, Арғынаты өңірінен, Көкше теңіз, Есіл, Ертіс, Тобыл, Нұра жағаларынан табылды. Бірақ қайтадан күшейіп келе жатқан Мұхамед-Шайбанидың Ордасына қарсы тұруға бұл күш те аздық ететін еді. Шайбани Ордасына төтеп берер еді-ау, Алтай жақтан Ойрат қолы төнгелі келе жатыр. Оңтүстігінен Қытай дүбірі естіледі. Ақ Еділдің ар жағында — бүгін болмасаң ертең тұғырына қонғалы тұрған Россия…
Жоқ, ту-талақай болып әркімнің қолында кетпес үшін жалғыз жол — ел болып бірігіп, Ақ Орданың маңына шоғырлану керек. Арқа мен Жетісу өңіріндегі рулардың беті бері қарады. Ендігі кезек — әкесі Қасым да жөндеп көндіре алмай кеткен Еділ, Жайық өзендерінің арғы-бергі жағындағы көп елді Ақ Ордаға қарату. Сонда ғана бұл ел сырт жауларға қаймықпай қарсы тұра алады.
Осындай халдегі Ақ Орданың ханы Хақназар, Абдолла мен Бабасұлтан арасындағы шиеленіскен тартысты пайдаланып, өзіне аз тыныс тауып, Ноғайлы елінің кіндігі — Сарайшық қаласына келіп еді.
Ноғайлы еліне аттану үшін Хақназар Сарайшық шаһарының түбіндегі әкесі Қасымның зиратына барып құран оқып, басына қайтадан күмбезді мазар салуды сылтау еткен. Бірақ сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, мұндай қолдың текке келе жатпағанын Еділ, Жайық бойындағы Маңғыт, Алшын, Байұлы, әлімұлы, Жағалбайлы рулары бірден сезген. Бұл елдердің қазіргі бас көтерер адамының бірі — атақты Шалкиіз жырау, қалың қолмен Хақназар келе жатыр дегенді естіп, сойыл ұстап қарсы шықпақ болған желөкпе жігіттерін басып, ханды құрметпен қарсы алуға кеңес берген. Қарт жыраудың ақылын ақсақалдар да мақұл көрді. Ақыры, Хақназар ханды жұрт болып шын ықыласпен қарсы алған.
Келесі күні екі жақ келіссөзге кірісті. Шалкиіз жырау қартайған соң Ноғайлының түп қазық биі болған Қойсары би толғауын бастап кетті.
— Ойлай берсең — ой да көп, уайым да көп. Ойнай берсең — ой да жоқ, уайым да жоқ! — деп бастады сөзін Алшынның ақ саңлағы. — Бір жайлауда іргелес, бір керуенде тіркелес ел едік, екі сана қол ертіп Ноғайлыға келуіңде, Хақназар хан, гәп болар. Әйткенмен сөздің басын сұрақтан бастайын. Кәрі құлақ еміс сөзге де емексиді, әкең Қасым ханның зиратына құран оқып, мазар сал- ғалы келген сыңайың бар секілді… Қасым хан саған әке болса, Ноғайлыға хан еді, мазарының басындағы алтын айына дақ түсірмей отырғанымызды кеше көзің көрді, — деп Қойсары би ханға әскермен келуінің төркіні басқа-ау деген тұспалды бір аңғартып өтті де, — иә, Қасым алдияр жігіттің сырттаны еді, маңдайымызға сыймады, қара жер оны да алды, — деп аз бөгеліп отырып, ар жағын тақпақтап кетті: — Қара жер жалғыз Қасымды алды ма? Өлмесе қайда кетті бұрынғының кәрісі. Жердің жүзін жұтса да бір тоймайды, қара жердің талысы. Өлім деген — ұзақ жолдың алысы.
Қойсары би тағы да тоқтап, кенет басын көтеріп алды:
— Иә, өткеннің өкінішін айтып өзегіңді өртегенмен, алғанын құдай қайтарып бермес, бар үміт — алдағы заманда… Алдағы күйді болжап, жол шеккендей түрлерің бар, сапарың оң болсын, ағайын!
Сөзді Хақназар ордасының төбе биі — Ақсопы би алды.
— Ну қарағай құласа, орнында қалған шыршасы жапырақ атып гүлденіп, бұтақ шығып бүрленіп, қиядан ұшқан қыран құс қонақтап өтпес демеңіз. Айдын шалқар суалса, бұлақ болып арқырап, теңіз толып жарқырап, аққу-қаздар үстіне тұрақтап өтпес демеңіз. Арғымақ өлсе құлын бар, әкесі өлсе ұлы бар. Қасым хан қаза болғанмен, артында қалған Хақназар, алтын тұғырға қонған ақ сұңқардай, әке тағына отырды. Ақ Орданың іргесі ыдырап, түндігін дауыл көтеріп, ел басына күн туған кезеңде, сол Ақ Орданың шаңырағын құлатпаймын деп, Хақназар оғлан атқа қонғанына міне он бес жыл! Сол он бес жылдың ішінде ыдырауға айналған Ақ Орданың іргесін қайта бекітті, құлауға қалған шаңырағын қайта тіреді… Бірақ арлан біреу… — қасқыр көп. Ақ Орданың күлін көкке ұшырып, уық-керегесін бұтарлай бөліп алуға анталаған жау аз ба? Өзгені қойып, осы бес-алты жылдың ішінде Мұхамед-Шайбани Ордасынан көз алартқан Абдолла баһадµрдың өзі де өкпе тұсына оқтай қадалды. Бір Әбілқайыр ұрпағы емес, Ақсақ Темір әулеті де соған еруде. Олар түгіл мына өзімен қан-жыны бір Шағай сұлтан да сонымен тілектес болып жүр.
Абдолла оңай жау емес… Бұған қарсы тұру үшін ойдағы, қырдағы қазақ тайпасының бас бірлігі керек. Отыз жылдан бері шалғай қонып, шет жайлап кеткен Ноғайлы саңлақтары, сендердің де қайтадан өз үйірлеріңе қосылғандарың абзал. Сөйтсек қана біз ен жайлап, еркін көшкен елдігімізді сақтаймыз. Бұхар мен Хиуаның құлақ кесті құлы болудан құтыламыз. Басымыз да, қосымыз да бір болсын, елдігіміз бен белдігімізді бір жерден ойлайық, бізге қосылыңдар. Сырымыз да сыңайымыз да осы. Қолмен келсек, қорқытқанымыз емес, жауға қарсы қайрат көрсетер күшіміз сендерге де көз қуаныш болсын деп келіп отырмыз. Он сан Орманбеттің Еділ-Жайық бойында қалған ұрпақтары, ендігі сөз сендерде, — деп Ақсопы би сөзін тамамдады.
Бұл баяғы Ақжол бидің Момын деген әйелінен туған Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Арықсопы, Нәдірсопы атты бес ұлының үлкені. Арғынның аты шулы Қанжығалы, Тобықты руларының ірге атасы. Жасы сексеннен асып кетсе де, әлі ат жалын өзі тартып мінетін қуатты қарт. Оның аталы сөзі мен әділетті тоқтамын екі жақ бірдей ықыласпен тыңдады.
Қойсары, Ақсопы билер қайтадан сөйледі. Алуан-алуан ойлар, кесек-кесек ұшқыр сөздер айтылды. Бұлардан кейін кезек Төле би, ұрымтал, ұшымды билерге берілді. Олардан басқа ділмар, сөзуарлар қызыл тілдерімен сан өрнек тоқыды. Ел бірлігін тілге тиек еткен нелер әшекейлі толғаулар ортаға салынды. Бір мезет Хақназар Ақ Орданың басына төнгелі тұрған қилы-қилы кезеңдер бар екенін баяндай келіп, Ноғайлының Ақ Ордаға түгел қосылуын талап етті.
Осылай үш күнге созылған шешендер талқысынан кейін, Ақ Орда мен Ноғайлы қауымы ел арасын алыстатпайтын бітімге келді. Ноғайлы елі Хақназарға бағынып Абдолла ханның бетін қайтарып, Сыр бойындағы қазақ қалаларын біржолата Ақ Орда қарамағына алып қалу үшін, осы жаздың өзінде он мың атты әскер бермек болған тұжырымға тоқтады.
Мұндайда ру бірлігі, ел билігі құр сөзбен ғана бітпейтіндігі ежелден белгілі. Қазақ дәстүрі бойынша сөз бірлігін сүйек бірлігімен нығайталық деп, Ноғайлы қауымы Хақназар ханға қыз бермек болды. Ежелден Жағалбайлы елінің қыздары сұңғақ бойлы, алма мойын, оймақ ауыз, көген көз, сұлу келетін. Әсіресе, Қарасай байдың Ақторғын, Ақбала атты қос аруы бүкіл Ноғайлы еліне аты шыққан әйгілі сұлу, асқан көрікті жандар еді.
Билер құран ұстап бітімге келген Ноғайлы елінің бекзадалары хан көңілін біржола өздеріне қаратуды ойлап, елінің ең аяулы сұлуының бірі Ақторғынды қалыңдыққа ұйғарды.
Хақназар мен Ақторғынның қосылу тойы бүгін таңертең басталған. Күншығысын қалың әскер қаптап, үрейленіп қалған Сарайшық бір түнде түлеп шыға келді. Қыз-бозбалалар жаңбыр жуған қызғалдақтай құлпыра қалған. Керуен сарайлар, қала аулалары ән-күйлі, ойын-күлкілі думанға толып, екі жақтың әскерлері бейбіт бәсекеге шығып, әр жерде сайыс, күрес, көкпар, жамбы ату ойындарына кіріскен.
Қырыққа таяп қалған Хақназардың түрулі шайы шымылдықтың астында ақ дүрия көйлек, оқалы бешпент киген, басында үкісі бұлаңдаған, асыл тасты жағалбайлы шошақ тақиясы бар қалыңдығын көргенде, жүрегі шымыр ете қалды.
Ақторғын десе, ақ торғындай-ақ екен! Екі беті жаңа жауған ақша қардай, ұзын кірпіктерін көтермей, төмен қарап отыр. Күйеу жігіттер кіріп келгенде, ханның мысы жеңіп, шымылдықты жабуды ұмытып кеткен қыздың бір жеңгесі асыға қимылдап, шымылдықты түсіре қойды.
— Күйеужан, көрімдігіңді бермей жатып, аққуыма сонша сұқтанғаның не? — деді қыз жеңгесі әзілдей күліп.
Дәл осы кезде күтпеген жағдай болды. Үйге асып-сасып үсті-басын шаң-тозаң басқан, киім болмысы Сыр бойынан екені айтпай-ақ танырлық, шоқша сақалды біреу кіріп келді. Бет-әлпетінен алыс жолдан арып-ашып жеткені көрініп тұр.
— Хан ием, — деді ол есіктен аттай бере тізесін бүгіп. — Оңаша айтар жедел хабарым бар.
Хан шабарманды енді таныды:
— Ау, Қияқ батырсың ба?
— Иә, тақсыр.
Хақназар дереу орнынан тұрып, сыртқа қарай бет алды. Сонау Қараталда қалған Ақ Ордадан шабарман Қияқ қандай хабар әкелді? Оны ханнан басқа ешкім сезген жоқ. Көп кешікпей, ол үйге қайта кірді. Қияқ ақ сабын болып көпсіп терлеген атын ауыстырып, күншығысқа қарай қайтадан шаба жөнелді.
Үйге кірген хан, серіктерінің қобалжи қараған сұраулы кескіндеріне жауап бергендей, жайбарақат:
— Жай хабар. Той-думанды бәсеңдетпеңдер! — деді.
әңгіменің дәл осы тұсында Ораз құл сыртқа қазан қарауға шығып кетті. Бұқар жырау ошақтағы тобылғы шоғын сәл көсеп, үй ішіне жарық берді де, «не ойлап отыр екен?» дегендей әбілмансұрға сынай қарады. Жас түйешінің беті бүлк етер емес. Бір тұңғиық қиялға шомып, үн-түнсіз қатып қалған. Әлден уақытта барып ол:
— Хақназар хан шабарманға әскери тапсырмадан бөтен сыр айтты ма? — деді ол.
Бұқар жырау сәл қозғалды.
— Айтса ше?
— Қожасының құпиясын білген құл — қойныңа салған жыланмен тең, бір күні болмаса бір күні шағып алуы хақ.
Бұқар жыраудың бойы тағы шымырлап кетті.
«Япырмай, мынау бір сұмдықты айтып отыр ғой. Оразға бір қауіп төніп-ақ тұр екен…»
Әбілқайыр да түйешіге таңдана көз тастады. Осы кезде қолына шылапшыны мен құманын ұстап Ораз да кірді. Үйдегілер қолдарын жуа бастады. «Жасым кіші жалшымын ғой» деп, Әбілқайыр хан мен жырауға орамал ұсынып, бәйек қаққан жоқ, дәрежесі тең адамдай өзі де барып құманға қолын тосты. Анау жасым үлкен ғой деп шамданбай, ілтипатпен су құйды. Әбілмансұрдың тегін түйеші емес екеніне Бұқардың көзі енді әбден жетті. Бұқар жырау: «Осы бейшара өзіне төніп тұрған қауіпті сезбей жүр ме?» дегендей құлға да сынай қарады. Ананың жүзінен абыржығандық белгі барын сезді. Жырау аяп кетті.
Астан кейін Бұқар әңгімесін қайта бастады. Бірақ көңілінен: «Мына бәтшағар расымен-ақ құлын өлтіріп тастамаса жарар еді» деген күдік кетпей-ақ қойды.
Қияқ келіп кеткеннен бастап ханның қабағы ашылмады. Жаңа ғана Ақтор- ғынды көргенде лаулап тұтана қалған жалыны да лып етіп қайта сөнгендей. Өзінің үйлену тойында отырғаны да естен шыққан, көңілі әлдеқайда. Ханның жабырқаңқы жағдайын ұққан балдызы Ақбала қасына келіп, тізесін шынтақтай отырғанда да селт етпеді. Айтылған әзілге жай бір сүлесоқ күйде жауап бере салды. Ханның үлкен қобалжуда екенін сезген серіктері ғана сыр бермегенсіп, үй іші толған қыз-бозбалалардың әзіл-күлкісіне белсене араласып отыр.
Шағай бұдан көп жыл бұрын бір жорықтан келе жатып, Сайрам даласында бір кезде Әбілқайырдың атақты жауынгері болған Қоңырат Ұршы батыр ұрпағының аулына түскен. Бұл ауыл жұпыны киінген кісінің Шағай сұлтан екенін білмейді. Жолаушылар ауыл ақсақалы Ұршы батырдың шөбересі әбілқасымның үйіне түнейді. Түнде Шағай әбілқасымның оң жақта отырған Күнсана атты бойжеткен қызын оятады. Қырыққа келіп қалса да жастық оты әлі сөнбеген сұсты Шағайға қыз беріліп қалады. Қыздың ашылмаған гүл, жарылмаған бүр болып шыққанына риза болған Шағай, сол бір айлы түнде Күнсананы қалың малын төлеп алмақ болып ант береді.