Отчаяние (на каз.яз.) - Ильяс Есенберлин 9 стр.


Таң атып келе жатқан мезгіл. Бір кездегі атақты Әбілқайыр бабасының лашкерлеріндей, кілең көк темір құрсанған, төгілген жал, құлаш құйрық жүйрік мінген елу мың әскер лек-лек боп, бекіністі қоршай сапқа тұра бастады. Шаһардың сол жағында ақ боз, қара көк сәйгүлік мінген, бастарындағы болат дулығалары шығып келе жатқан күнмен шағылысқан Ұбайдулла сұлтанның жауынгерлері. Теріскей жақта күн белгісі бар қара туды желбіретіп ұстаған Абдолланың баласы әбді-Мумин сұлтанның лашкерлері. Түстері суық, қаһарлары ызғарлы. Күнгей тұста Ұбайдулланың баласы Асфандияр сұлтанның, ірбіз басының суреті салынған алқара көк туының астына Абдолла қарамағындағы Келдеш би, Жандәулет би, Тұрсын би, Бике би секілді белгілі әмірлердің жігіттері тізілген. Дені қазақ руларынан шыққан әмірлер болғандықтан, бұлардың әскерлерінің сырт бейнесі Дәшті Қыпшақ сыпайларына ұқсайды. Найзаларының басына ту етіп тұтам қылшық байлап алған. Тақымдарының астында бұзаубас шоқпарлары.

Сауран шаһарының құбыласындағы тоғайлы алаңында Абдолла әміршінің алқызыл жібек шатыры көрінеді. Бұ жақта да қалың әскер. Бұл әскерлер өзгелердікінен гөрі салтанатты. Жігіттерінің киген сауыттары да ерекше зерленген. Белдерінде кілең қорасан болатынан соғылған Бұхардың ұзын қисық қылышы. Иықтарында ұзын мойын білтелі бұқар мылтығы. Әскер кейпі сәнді де, сұсты да.

Шаһар бекінісінің үстіндегі кереге көз алаңдардағы қала қорғаншылары: қала хакімі әбді-Саттар, Қияқ, Тұяқ батырлар… Кенет бүкіл әлемді басына көтере барылдаған керней үні шықты. Оған шиқылдаған зұрнаның ащы даусы қосылды. Жүздеген дауылпаз қағылып, заматта дүние біткен әлем-тапырық үнге толды да кетті.

… Енді Бұхар әміршісінің қызыл жібек шатырының ар жағындағы шағын тоғайдан бір топ салт аттылар көрінді. Үстеріндегі болат сауыттары күнге шағылысып жалт-жұлт етеді. Жалаңаш қылыштарын бастарына көтере ұстаған. Қорасан құрышының жүзінде күн сәулесі емес, ажалдың суық ызғары ойнағандай. Ең алдында өн бойы күміс шынжырлы сауытпен жабылған есік пен төрдей ақ боз ақалтеке арғымақ мінген, қырықтарға жаңа жеткен, сұлу мұртты, тұлғалы адам келе жатыр. Өзгелерден бұның құр ғана айбарлы пішіні, атқа тәкаппар отырысы, асыл қару-жарағы ғана емес, тағы да бір айырмасы бар. Астындағы ақбоз тұлпарының тоқпақтай кекілінің үстіне көне заман ғұрпымен «бақ құсы» — аппақ сүттей тұрымтайды отырғызып алған. Егер тұрымтай жау көргенде қорқып ұшып кетпесе, батырдың жолының оң болары хақ. Ал жау қарасын көргеннен тұрымтай қаша жөнелсе, онда батырға бұл айқас қауіпті. Бақсы-балгерлер заманында жаман ырымнан сескеніп батырлар атының басын кейін бұрады.

Атты жасақ шеткі әскер алдына жете бергенде, қайта дабыл қағылып, керней, зұрналар қайтадан ішегін тарта барылдап, шиқылдап, бүкіл әлемді азан-қазан етті.

Қамал басындағы жұрт бұл топ Бұхар әміршісі Абдолланың тобы екенін, бәрінің алдында ақбоз ақалтекесін ойнақтатып келе жатқан айбынды баһадурдің өзі екенін біліп сескене қалған.

әмірші тобы сол қылыштарын көтерген қалпында Абдолланың соңынан құрық тастам жерде жұбын жазбай желе шауып, қорғанды қоршаған қалың әскердің алдынан тоқталмай өтіп келеді. Жан-жақтарына қарар емес. Тек Абдолла топтың алдында тұрған сұлтандарын, батырларын, билерін көргенде ғана соларға қарай мойнын бұрады. Әмір, сұлтандар: «Мәртебелі болыңыз, ұлы баһадур!» деп бастарын иіп тәжім етеді. Әмірші атын ойнақтатқан қалпында әскер алдынан өте берді. Соңынан еріп келе жатқан топтың үстінен алтын ай бейнесі салынған Мұхаммед пайғамбардың жасыл туы бүкіл аспанды жапқысы келгендей, желмен ойнап желпілдейді. Ақ боз арғымақтың кекіліндегі «бақ құсы» байлап қойғандай тырп етер емес.

— Біз жеңіліп, ол жеңеді екен, халайық, — дейді құстың ұшпағанын көрген біреу.

Енді Абдолла тобы әбді-Саттар тұрған қабырғаның тұсынан өтіп бара жатыр. Екі топтың арасы садақ оғы жетер-жетпестей мөлшерде.

— Ол бізді жеңгенше…

Қала хакіміне таяу тұрған Қияқ батыр сөзінің аяғын айтпай қайың садағына сауыт бұзар жебесін салып жіберіп, Абдоллаға қарай шірене тарта бастады.

— Атпа! — деді бір зор дауыс.

Қияқ батыр «әттең, әттең!» деп, жебесінің ұшын жерге қаратты.

— Олай болса! — деді ағасының сол жағында тұрған Тұяқ батыр садағын көтере беріп, тартып қалды.

Құладын қауырсынына байлаған қозы жаурын жебе зу етті. Көзді ашып-жұмғанша, Бұхара әміршісінің астындағы ақ боз сәйгүліктің кекілінде отырған ақ тұрымтай жалп етіп жерге ұшып түсті.

— Мерген екен! — деді Абдолла жүзінен ешбір қобалжу белгісін көрсетпей. — Тұрымтай өзі ұшқан жоқ атып құлатты ғой, бұл санаққа алынбайды. Басқасын отырғызыңдар.

Нөкер кейін шауып, заматта қайта оралды. Әмірші атымен қатарласа желіп, ақ боз жүйріктің кекіліне басқа бір ақ тұрымтайды отырғызды.

Абдолла ертеңіне тағы майданға шықты.

Тағы күн шығып келе жатқан кез. Қамал үстінде баяғы адамдар… Тағы көк темір асынған қалың әскер. Кенет дабыл қағылып, керней, зұрналар ішін тартып барылдап, бүкіл әлемді азан-қазан етті. Тағы кешегідей сес көрсетіп, жалаң қылыштарын басынан жоғары көтере, нөкерлерін соңынан ертіп жасыл туын желбірете, қамалды жанай ақ боз ақалтекесін ойнатқан Абдолла әмірші… Бірақ бұ жолы кешегідей емес, алыс кетіп барады. Сірә, Тұяқ мергеннің жебесінен қорыққандай.

Абдолланың ақ боз атының кекіліндегі ақ тұрымтай алыстан бір үн естігендей қанатын қағып жіберді де кенет жоғары көтеріле берді. Қас қаққандай уақыт өткенше ол қамалға таяй түсті де, кенет кілт бұрылып кейін ұшты. Шамасы, ат кекіліне қайта барып қонбақ. Бірақ ол ойнағысы келгендей, ойламаған жерден бір бұтаға барып қонды.

— Ұстап әкеліңдер, — деп бұйырды Абдолла.

Бір нөкері шапқан бойы, жерден теңге алғандай, бұта басындағы тұрымтайды қолымен алып, қағып кейін қарай зымырады.

— Лашкарға емес, құсқа обал болды-ау! — деп өкінген дауыс шықты. Сөйткенше болған жоқ, Тұяқ қолындағы садағын көздемей тартып қалды. Абдоллаға жүз қадамдай қалған лашкар қолындағы тұрымтаймен бірге жерге жалп етті. Абдолла қорған жаққа таңдана қарады да, атының басын кейін бұра сала, шатырына қарай шаба жөнелді.

— Жау тұрымтайының денесі біздің жерімізде қалды, жақсы ырым! — деді, бағанадан бері болып жатқан оқиғаға үн-түнсіз қарап тұрған әбді-Саттар сұлтан. — әйтсе де, ат кекілінде отырған тұрымтай кенет неге бізге қарай ұшты? — Ол Тұяққа сезіктене қарады.

Тұяқ сәл езу тартты да, қолын аузына апарып, нағыз бір бала күніндегі құс шақыратын әдеті есіне түскендей, ақырын ысқырды.

Хакім езу тартып күлді.

— Сенің құпияңды ешкім білмей-ақ қойсын — деді ол, — құс денесі біздің жерде қалды. Бұған халық та сенсін…

— Жау қандай айла қолданғанмен, қамалды ала алмады, — деді Бұқар жырау. — Басқыншылары қара түнде ұрланып келіп, қабырғаға баспалдақ қойса, қорғаушылар үстерінен майлы от-дәрі лақтырды. Бекініс астынан жау ор да қазып көрген, бірақ Сауран бекінісінің қабырғалары он бес кездей жер астынан қаланғандықтан, одан да ештеңе шықпады. Терең жыра өткізіп, Сырдың суымен қаланы тұншықтыруды да ойлады. Қала биікте тұрғандықтан, суы жоғары көтеріле алмай, ернеуінен асып, Абдолланың өз шатырын су әкете жаздады. Осылай арпалыста үш ай өткенде, Сайрамнан азық-түлік келу тоқтатылды. Абдолла тонаған жұрт Сайрамға жиналып, қала маңында бүлік көбейді. Енді онсыз да тамаққа жарымай жүрген Бұхара әскерінің халі тіпті қиынға айналды. Азық-түліктен ада бола бастаған әскердің арасында «осы соғыс кімге керек?» деген күңкіл де туа бастады. Көп кешікпей бар астық бітті. Әскер ашаршылыққа ұрынды. Енді жігіттер зеребе ұстасып, ұтылған серіктерінің атын сойып жеуді шығарды.

Сауранды қоршап болған Абдолла қорғанды алудың жаңа жолын ойлай бастады. Ең алдымен ол бір күні түнде Бұхар аймағының әмірі Камалиддин Хұсаиндиванға ат шаптырды. Тезірек Сауранға азық-түлік пен Рухади ұста құйып жатқан «Қара бура» тас атқыш қазанын жеткіз деп бұйырды.

Жер арасы шалғай, жәрдем тез келе қоймады. Абдолла әскерінің халі күннен-күнге нашарлай түсті. Әскер арасында бүліншілік те шығуға таяды.

Бұл соғыстың қажеті жоқ екеніне көзі жеткен кей жігіттер қазақ даласына қашты. Сонау Бұхара мен қазақ жерінің түйіскен тұсында, Сырдария мен Амударияның қамысты жағаларында өзбек, қазақ, түркімен, қырғыз жігіттерінен құрылған бірнеше аламан жасағы пайда болды. Олар тек қана бай мен манаптардың мал-мүлкін талап қоймады, Сауранды қоршаған Абдолла әскеріне бара жатқан, азық-түлік тиелген керуендерді де шапты.

Абдолла әскерінің халі күннен-күнге қорқынышты бола бастады.

Бір күні әмірші үстіне жаман шапан киіп, түсін өзгертіп, әскер шебін аралады. Топ жігіттің жанынан өтіп бара жатып, олардың не сөйлесіп тұрғанын естімек боп тоқтай қалды.

— Қашан бітер екен бұл соғыс? — деді бір жас дауыс.

— Сауранды ал, сосын бітеді, — деп жауап берді кәрі жауынгер.

— Сауранды алсаң, «Сайрамды ал!» дейді. Сонда менің табарым не? Соғыстан олжа етіп алып барған азғантай матаң мен ақшаңды елге қайтысыменен, «соғысқа керек» деп салық жинаушы тартып әкетеді.

— Берме!

— Бермей көр!

— Бәрі алладан және өзіңнен…

— Өзіңнен? Топ итті жолбарыс басқарса, біраздан кейін иттер жолбарысқа айналады. Топ жолбарысты ит басқарса, жолбарыстар түбі ит боп кетеді. Бізден не шығады, ит боп кеттік қой. Әйтсе де Мұрат балуан өз жолын өзі тауыпты… Аламан боп жүрген көрінеді. Жақында хан керуенін тонапты. Енді ханның өзі кездессе екен дейтін көрінеді.

— Неге?

— Оған сақтап жүрген оғым бар депті…

— Ақырын…

Абдолла әрі қарай жүре берді. Бір адамды жазалағанмен не шығады? Біреуінің басын кессең, оны наразы болады. Онының басын кессең, жүзі бүлік шығарады. Қазір әскер арасы қураған қурай секілді, болмашы ұшқын түссе болғаны лап ете қалғалы тұр.

Қиын жағдайдан әміршіні Бұхардан келген жәрдем құтқарды. Екінші Жұмаді айының оны күні бірнеше «Қара бура» тас атқыш қазандары мен тоқсан түйеге тиелген азық-түлік жетті. Абдолланың жарлығы бойынша, төрт қазан Сауранның сыртында төрт жерге орнатылған. Әбден ыза болған әмірші «Қара бура» тас атқышы дайындалып бітісімен-ақ радендазанларға (зеңбірекшілерге) «Атыңдар!» деп бұйрық берді. Дабыл қағып, зұрна, кернейлер барылдай жөнелді. Ал «Қара бура» қазандары астынан көтерілген бу мен жалыннан гүрсілдей ақырып, қойдай-қойдай тастарды ғасырлар бойы мызғымаған қамал қабырғаларына дүңк-дүңк ұрды. Кенет ақырзаман орнағандай дүние жүзі әлемтапырық болып кеткен. Енді «Қара буралар» қала ішіне атылып, әр жерде өрт шыға бастады. Сонда да қала қорғаншылары «көндік!» деп қол көтермеді. Қияқ пен Тұяқ басқарған екі жүз мерген қорғанға таяу қойылған тас атқыш жанындағы сарбаздарға оқты қардай боратты.

Дүние осылай астан-кестең боп жатқан кезде Сауранға Яссыдан хат таситын көгаршын ұшып келген. Көгаршынның мойнына байланған қағаздан Сауран тұрғындары өздерін құтқарып алуға, Ноғайлы елінен жиналған қалың қолмен Бабасұлтан мен Бұзахұр келе жатыр деген қуанышты сөзді оқыды. Бұл сөз қала қорғаушыларының рухын көтеріп тастады. Енді олар «Бауырларымыз, сендер жеткенше қаланы бермейміз» деп, бүкірейген шалы мен еңбектеген баласына дейін қайтадан қамал үстіне шықты. Бұлардың бағына қарай, кейінгі күндерде «Қара буралар» да даусын сирек шығара бастаған. Өйткені, қазандарды қыздыратын Бұхардан алып келген майлары таусылуға айналып еді.

— Ал, Яссыдан келген хабар жалған хабар еді, — деді Бұқар жырау. — Оқиға былай болған: Бабасұлтан мен Бұзахұр сұлтан Абдолладан қашып Мұғажар тауларын бөктерлей отырып Сарайшыққа жеткен. Бірақ осының алдында ғана Ноғайлы елі бағынып отырған Астрахань хандығы құлап, Астрахань қаласы бұл уақытта айбарлы орыс патшасы жандаралдарының қолына көшкен. Астрахань хандығының билері орыс патшасының қол астына енген. Бұларға көнгісі келмейтіндердің біразы Қырымға, Герей ханның жеріне қашқан, ал кейбіреулері Ноғайлы елін паналаған.

Бұхар хандығына қарсы күресуге Түркістан сұлтандарына әскер беруге қарсы болған осы Астрахань билері еді. Бұлардың сөзін Маңғыт руының беделді ақсақалдары, шонжарлары қолдады.

— Ноғайлы елінің жігіттері орыс патшасынан Астраханьды қайтарып алуға керек, — деді Астрахань билері, — Ноғайлы жұртының мұң-мұқтажы осы жерде, күші мол Қырым ханына жететін жолда. Біз Қырым ханымен бірігіп, Ноғайлы жерін сақтауымыз керек. Айдаладағы Абдолламен соғысып біздің қандай шаруамыз бар?

Ақырында Ноғайлы еліне келіп көп әскер аламын деген Бабасұлтан, шағын қолмен ғана үй ішін ертіп, өз басын өлімнен әзер құтқарып, Түркістанға қарай беттеген.

Сауран қорғаушыларына жеткен «Бабасұлтан келе жатыр» деген осы хабар еді. Бірақ әлдекімнің дуалы аузыменен өзгеріп жетті. Қастығы ма, достығы ма, кім білсін?…

— Бабасұлтанның келе жатқанын Абдолла да естіді, — деді Бұқар, анталаған жұртқа қарап, — дереу Тәуекелді жұмсады.

Ол он күн өткеннен кейін Бабасұлтанды өлтіріп, қолға түскен баласы Латифты алдына салып айдап Сауранға келді. Жібек шатырының алдында, хан тағында отырған Абдолла әміршінің аяғының астына Бабасұлтан мен Жалмұхаммед аталықтың бастарын тастай салды да, өзі бір тізерлеп тәжім етті.

Абдолла әмірші түрегеліп, аяғының астында жатқан жауларының бастарына көз жіберіп сәл тұрды да, үстерінен аттап, анандай жерде тізе бүгіп отырған Тәуекелдің қасына келді.

— Ең қас жауыңды өлтірген адам ең жақын туысқаныңнан да қымбат! — деді сұрлана қарап. — Тәуекел сұлтан, сен енді маған бауырым Ұбайдолла мен Дүстем сұлтаннан кем емессің. Осы еңбегің үшін өзімнің туған қалам Африкентті сыйладым.

— Көп рахмет, мәртебелі әміршім, — деп Тәуекел орнынан түрегелді.

Абдолла жиди бастаған бастарды бұзылып кетпес үшін, балға толы күбіге салдырды. Сол мезгілден бастап, Бұхар әміршісінің бас жауының құрығаны үшін үлкен той басталды. Түні бойы Сауран қорғаншылары жау жағының у-шуын, шаттана шырқаған ән-күйін естіп шықты. Шараптан әбден еліріп алған бір лашкар қамал етегіне кеп: «Бүгінгі түн сендердің ақырғы түндерің! Ертең жан біткеннің бәрі жоқ болады!» деп айқай салды. Қамал басында тұрған бір жігіт ашу қысып кетіп, оған қарай қолындағы қамыстан жасалған оқ-дәрісін лақтырды. Мас лашкар үстіне түсіп, лап етіп жанған оқ-дәрімен бірге лапылдап өртеніп шыр-көбелек айналды да қалды.

Кешеден бергі қанды оқиғадан хабары жоқ сұлу күн әдеттегісіндей тағы да әлем бетіне алтын нұрын төге шықты. Дүние жүзін тағы да мерейлі шаттық биледі…

«Қара бура» гүрсілі сәл тоқтап, болмашы тыныс алған, шоғырланған то- былғы, баялыш арасындағы қара торғайлар көтеріліп келе жатқан күнді құттықтағандай, әлемді тәтті бір әуенге бөлей, ән шырқатты.

Жібек шатырынан Абдолла әмірші де шықты. Ол нөкерлеріне әмір берді.

Көп кешікпей қамалға қарай қара күбі қойылған ат-арба бара жатты. Арбамен қатарласа қол-аяғы кісендеулі Латиф сұлтанды бір кісіге сүйретіп, бір кісіге айдатып қамал етегіне Құлбаба көкілташ та жетті. Қамал үстінде әбді-Саттар мен Сауран биі Жанболат төре тұр. Қастарында Сауран ақсақалдары, Қияқ пен Тұяқ… Аяқ-қолы кісендеулі сүйретіліп келе жатқан туған інісін көргенде, әбді-Саттар бір мезет екі қолымен бетін басып тұрып қалды.

— Уа, ағайын! Асқар тау, сенде бір мін бар, асуға жол бермейсің. Тасыған су, сенде мін бар, өтуге өткел бермейсің. Сауран шаһарының жақсылары, сендерде де бір мін бар, жеңілгеніңді көрмейсің! — деп бастады Құлбаба көкілташ, — жеңілгенің емей немене, Ноғайлыдан әскер әкеледі деп сенгендерің Баба- сұлтан болса, алдарыңда тұр…

— Бабасұлтан қайда?

— Денесі қайда дейсіңдер ме? Бәріміз баратын қара жерде… Ал алтын басы мына бал салынған қара күбіде…

әбді-Саттар інісіне қарап:

— Мына қақпастың айтып тұрғаны рас па, Латиф сұлтан? — деді дір-дір етіп.

— Рас…

— Естідіңдер ме, ағайын? — деді дауыстап Құлбаба көкілташ. — Енді сенетін кімдерің қалды? Одан да тағдырдың дегеніне көніп, өз еріктеріңмен беріліңдер! Сонда ғана ұлы мәртебелі Абдолла әмірші күнәларыңды кешеді.

— Ал берілмесек не істейсіңдер? — деді Жанболат төре дауыстап.

— Ең алдымен өз көзіңше мына тұрған бауырың Латиф сұлтанды бауыздаймыз, әбді-Саттар мырза! Содан кейін барып зынданда құрт-құмырсқа жеп жатқан Тахир сұлтанның басын аламыз.

— әбді-Саттар сол сазарған қалпынан өзгермеді:

— Сосын?

— Сосын… Осы қамалды қоршап алып, бірің қалмай аштан өлгенше, той тойлап, би билеуде боламыз.

Кенет Латиф сұлтан шынжырын сүйрете алға ұмтылды да, бар даусымен айқайлап жіберді.

— Біз үшін Сауранды бермеңдер! Абдолла Сауранды алғаннан кейін сендерді де өлтіреді. Бәріміздің қанымызды ішпей тынбаймын деген анты бар?

Назад Дальше