Заговоренный меч (на каз.яз.) - Ильяс Есенберлин 7 стр.


Жайылып мың қой болған жер», —

деп басталатын атақты Еділмен қоштасу толғауын айтқан.

Осы Қазтуған Қыпшақ руының ерлігін мадақтап, байлығын мақтамақ…

Бұнымен айтысатын ақын: «Ер Тарғын» қиссасында «бұл — өз өмірінде толғау айтып тоғыз ханды түзеткен кісі» деп келетін бүкіл қазақтың қамын ойлап өткен Сыпыра жыраудың ұрпағы Арғынның ардагері сексеннен асқан қарт Қотан.

Ел қамын ойлаған, ұлы сыншы Асан Қайғының бұл жыраулардың қайсысынан болса да еңсесі биік жатыр. Оның жыры қайғы тәрізді түпсіз терең, ел мұраты тәрізді мәңгі өшпес арманды, ана жүрегіндей мейірімді келетін…

Хан ордасының алдына кілең би, батырлар алқа-қотан отырғаннан кейін Асан Қайғы айтысты бастады. Ол алдымен өзі іштегі күйігін сыртқа шығара ел-жұртының қамын сөз етіп біраз толғау айтты. Халыққа тарап кеткен:

«Таза мінсіз асыл тас.

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз.

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас.

Жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз.

Шер толқытса шығады» —

деп басталатын ұлы толғауын да осы жолы айтқан-ды. Бір бунап, бір босатқан науқастай, бойын қысқан жырын бітіріп барып «уф» деп демін алды. Енді ол бида орамалымен күн сүйіп, жел үріп, қатпарланған күсті маңдайынан сорғалаған терін сыпыра сүртті. Содан кейін барып жыраулардың мына отырған қауымға өз руларының қайдан шыққанын, аттары неден алынғанын таныстырып өтуін бұйырды.

Қазтуған жырау безілдеген домбырасымен бірге орнында байыздай алмай, арқасын жыр қысып, астындағы тай терісінен шығып, жорғалақтап дөңгелей, ащы дауысын бір шырқатып алды да:

Алаңда алаң, алаң бар,

Бата алмай жау алаңдар.

Сақтан шыққан Кейсақ бар, Кейсақ — Қайсақ, Қыпсақ — Қыпшақ боп.

Он екі атаға таралар, —

деп Мұхаммет пайғамбар тумастан мың жыл бұрын, Ескендір Зұлхарнайынды Жиделібайсынның жеріне кіргізбей тоқтатқан Сақ елінің патшалары фарсы жұрты кей деп атап, одан патшаның таңдаулы әскерін — кейсақ (патша сағы деген мағынада) деп, одан Қыпсақ туып, Қыпсақтың Қыпшаққа айналғанын бір толғап өтті. Содан кейін Жиделібайсын жерін хұнулар алғанда Қыпшақтардың солтүстік суық жаққа Ертіс, Есіл бойына шегінуге мәжбүр болғаны, одан бес ғасыр өткеннен кейін түркі тұқымдас түркі, карлуктар-қарақалпақтар жайлаған Еділ, Жайық бойына ауғанын шырқай толғады.

Сөзді Асан Қайғы енді Қотанға берді. Қарт жырау қара күйектеніп кеткен кәрі қобызын, ботасы өлген іңгендей боздатып, қарлыққан кәрі даусымен:

Жусанды деме қараған, Жұлдызды жарық ай деме,

Қытайдан шығып тараған.

Хұнуға қарсы қол шықса, Жорықта болған маймене.

А-лунь — Арғын руы,

Қыпшақпен қатар жаралған, —

деп көне заманда Солтүстік Қытайдан батысқа қарай хұнулар (гунндар) аттан- ғанда Арғындар түркі тұқымдас елдерімен бірігіп бас көтергенін, ақыры әтиль күшіне шыдай алмай, сонау Ертістен әрі Жоңғар тауына қарай көшіп, хұнулар өтіп кеткеннен кейін,

Жетісуға келгенін асқақтата жыр етіп өтті.

Төреші Асан ұйықтап кеткен адамдай көзін жұмып ойға шома түскен. Ұлы сыншы ойын ешкім бұзар емес, құлаққа ұрған танадай бәрі бірдей тына қал- ған. Әлден уақытта Асан Қайғы көзін ашты.

Сұмырай, сұрқия, сұм заман.

Шаққалы тұрған сұр жылан.

Өткені емес халқымның

Болашағы шер-мұңым…

деп ел-жұртының келешегін ойлап сәл қайғырып отырды да, қос жырауға бұрылды. Халықтың айтысты күтіп отырғаны есіне түсіп:

— Қазтуған жырау, баста! — деді.

Қыпшақ елі, Орта Азия хұнулары — чұмхуну ұрпақтарынан, біздің дәуірімізден бұрын келе жатқан Европа халқы түстес, дінілі тайпасының күнбатыс бөлегі, көне сақтар сарқындысы, Қыпсақ деп аталатын рудан және көне Қангуй елінің қалдығы — қаңғылардан құрылған, түркі тұқымдас, Ертіс пен Тобыл өзендерінің арасындағы ағашты өңірді жайлаған, жау жүрек қалың жұрт болатын. Оныншы ғасырдың бас кезінен бастап, гуздарды (осы күнгі түрікмендер) оңтүстікке, печенгтерді (көне кенгерес елі) күнбатысқа, карлуктарды (қазіргі қарақалпақтарды) оңтүстік-күншығысқа, углерді (карелофиндарды) солтүстіктегі қалың орман арасына қуып, көне Қангуй жеріне келіп орналасқан. Сол күннен бастап сонау Еділ мен Ертістің ортасын Дәшті Қыпшақ жері не Қыпшақ даласы деп атап кеткен. Қыпшақтар он бірінші ғасырдың орта шенінде Днепр өзеніне келіп жеткен. Өзінің шекарасына келген елді орыс жұрты шаштарының сар- ғылттығына қарап «Половцы» деп атаған (Полова — кесілген сабан), ал батыс Европа елі — коман деген ат қойған. Бұл жау баққан көшпелі ел көршілес жұрттарына қырғидай тиді. Жат соғыс әдістері бұларды өте қауіпті етті.

Ғасырлар бойы әдеттенген тәсілдері бойынша, жауына жоқ жерден тиіп, заматта ғайып болып, үнемі ат үстінен түспей үйренген көшпелі елдің жігіттері соғысқа әбден үйренген, ұзақ жорықтарға шыныққан жау жүрек жауынгерлер еді. Жасынан садақ атып, арқан тастап баулынған, Қыпшақ сыпайлары ұшып бара жатқан құсты жақпен көздемей бір-ақ тартып түсіретін шетінен мерген келетін. Бұлардың негізгі қаруы садақ, иықтарына ілгені жебеге толған қорамсақ, қисық алдаспан және жау мойнына лақтыратын қыл арқан. Көпшілігі найза ұстайтын. Үнемі ұшы-қиыры жоқ жазық далада көшіп жүретіндіктен, дала бүркіттеріндей қырағы жаралған. Жауға бұлардан жасырынып қалу тіпті мүмкін емес-ті. Қас жағының әскерін көрісімен-ақ бұлар жақтарынан жебені қардай боратып, ат қоятын. Қарсы жағы берік болса, қорқып кеткендей жорта кейін шаба жөнелетін. Қашқан Қыпшақтарды жауы оп-оңай қуып тастамақ боп тұра ұмтылса, бір жасырын қойнауда тығылып тұрған мергендері оларды оқтың астына алатын. Күтпеген жерден мұндай жағдайға ұшыраған жау әскері сасып қалып сәл кідірсе, жаңа ғана қашып келе жатқан Қыпшақтар кенет аттарының басын кейін бұрып, қайтадан атой салатын. Мұндай тәсілге үйренбеген жау әскері быж-тыж болып қаша жөнелетін. Оларды Қыпшақтар арттарынан қуып жүріп садақпен атып, не болмаса болат алдаспандарын құлаштай сермеп қырып салатын.

Ал екі жақтың күші бірдей түсіп жаумен бетпе-бет кездесер жағдай туса, Қыпшақтар сап-сап боп бірнеше қатарға бөлінетін. Әдет бойынша алдыңғы қатардағы атты жауынгерлер саптарын сүйір ұшты етіп құратын. Бұл оларға жұмсақ жерге кірген қазықтай, жау шебін оңай бұзуға керек-ті. Әр топтың ара-араларына және арт жағынан шабуылға шыққан жауды кідірту үшін арбалар қоятын. Осы арбалардың артында керек кезінде ұрысқа түсуге дайын тұрған тағы да әскері болатын. Ал егер жау жағының күші басым келіп, шабуылды олар бастайтынына Қыпшақтардың көздері жетсе, соғысу тәсілін басқаша жүргізетін. Үстіне өгіз, түйе терілерін жапқан арбалардан дөңгеленте бекініс жасайтын. Арбалардың шетінде жағалай тұрып алып, шабуылға шыққан жауына оқ жаудыратын. Жау қай жағынан келсе де дөңгелене құрылған бекіністегі Қыпшақтарды ала алмайды. Өздері оққа ұшады. Оның үстіне Қыпшақтар әлгі арбадан жасалған дөңгелек бекіністерінің ара-араларында қисық-қисық жол қалдырып, жау күшінің әлсірегенін білсе, өздеріне таныс қисық жолдарымен жау шебіне ат қояды. Ал шабуыл жасаған жау бұл жолдарды пайдалана алмайды. Шауып келіп кіремін деген жауынгер екпінімен кеп алдындағы арбаны соғып, быт-шыты шығады. Ал әлдеқайда кіре қалған етрат бұраңдап жатқан жолмен бекініс ортасындағы шепке жеткенше Қыпшақтың бірер жігітінің шірене тартқан садағының сауыт бұзар жебесіне душар болады. Тіпті таяп қалса найзағайдай жарқылдаған наркескенінен қаза табады. Ал арба арасындағы қисық жолдарды Қыпшақ жауынгерлері мейлінше еркін пайдаланатын. Жау күтпеген жерден, тал арасынан шыққан жолбарыстай, лып етіп пайда болып, садақ оғын жаудырып-жаудырып жіберіп, қайтадан кіріп жоқ болып кетеді. Басына жүген киіліп, үстіне ер түскенінен бұл әдіске машық болып үйренген Қыпшақ жыл- қылары еш уақытта әдет алған жолынан жаңылыспайды. Қамыс арасымен сусылдап өткен жыландай, арбалар арасынан қалай болса солай өте шығатын. Мұндай әдіске дағдыланбаған жау аттары екпінімен кеп, ең бірінші бұрылыста-ақ арбаға соғылып, арындап барып шалқасынан түседі. Соңынан келе жатқан жауынгерлер жолы бөгеліп тоқтап қалатын. Осы сәл аял Қыпшақ жігіттеріне жеткілікті. Құлаштап тартқан қайың садақтан ысылдай атылған ажал жебелері кімді болса да ат үстінен ұшырып түсіреді.

Қыпшақтар бұл бекіністерін өздеріне қолайлы жерге орнататын. Егер таңдаған жерлері алда-жалда қауіпті болса, бір қалтарыста, не ымырт үйіріле дағдыланған әдет бойынша арба жетегін үзеңгілеріне іліп алып заматта бөтен жаққа көшіп кетеді. Жау орнын сипап қалады.

Осындай жылжымалы бекініске орналасқан Қыпшақтарды жау ала қоям деп дәметпейтін. Өгіз, түйе терілерімен жабылған арба қорғанына Қыпшақтардың бекінгенін білсе, әдетте жау ұрыс ашпайтын, өз бетімен кейін шегінетін.

Бірақ Қыпшақтардың ашулы тасқыны орыс қалаларынан әрі аспады. Тек кейбір толқындары ғана Еділ бойлары мен Византияға жетті. Бірақ одан аса алмады. Ұлы Россия көшпелі елдің шабуылынан өз жерін кеудесімен қорғап, әдеті бойынша Европаны тағы бір апаттан сақтап қалды.

Қыпшақтар осы жүз елу жыл жүргізген шапқыншылығында Киевтен бастап Россияның көп қаласына қауіп туғызды. Ал орыс князьдарының бастары қосыла бастаған күндерден кейін, кешегі қабыландай қайратты, жансебіл жандар, кенет құдайдың қарғысы ұрғандай, бастарына сор нөсердей жауып, сан мәртебе мерт болды. Әсіресе бір мың елу үшінші жылдан бір мың бір жүз жиырма бесінші жылға дейін өмір сүрген Переяславль мен Киевтің ұлы князі Владимир Мономах бытырап жүрген өзге орыс князьдарының басын қосып, Қыпшақтарға қарсы шабуыл ұйымдастыра алды.

Одан Қыпшақтар бір мың он бесінші жылы оңбай жеңілді. Содан бері бұл қаһарлы тайпа орыс жеріне шын қауіп болудан қалған.

Міне, осы Қыпшақтарды қазір арқалы жырау қарға бойлы Қазтуған мақтауы керек. Бейбітшілік пен тыныштықты, сұлулық пен ойшылдықты сүйетін ұлы сыншы Асан Қайғы Қыпшақтардың тарихына қанық-ты. Қазір ол тыныш елдерге бүйідей тиген бұл шапқыншыл елді жүйрік жырау қай жағынан мақтар екен деп мүлги күтіп отыр. Оған Қотан қарт не айтпақ? Қыпшақтың ерлігіне қандай мін тақпақ? Шапқыншылықты, ерлікті мұрат көрген мына қу заманда жұрт оның ойына түсінер ме?

Қазтуған, Асан Қайғы күткендей әйгілі арғы бабасы Қара Қыпшақ Қобыландыға бір тоқтап, Қыпшақтың шапқыншыл ел екенінен бастады. Қарағай кәрі домбырасын лақтыра безілдетіп, арқасы ұстап, Қазтуған жырау домбыраның күйімен өзі бірге шалқып малдас құрған қалпында кенет ытқи алға бір ұмтылып, қайтадан отыра қап құйрығымен шыр көбелек айнала тепеңдей жылжыды. Ханның сол жағында отырған қазіргі Қобыланды батыр арғы бабасы Қара Қыпшақ Қобыландының атын естігенде, шоқтығы өзгелерден анағұрлым жоғары көтеріліп, бір масайрап қалды. Қыпшақ жағының адамдары Қазтуғанның жырынан делебелері қозып, нақ өздері жүз елу жыл ерлік еткендей у-шу жырауға қошемет көрсетті.

Асан Қайғы Қотан қартқа бетін бұрды.

— Сөйле, жырау, — деді.

Қалың ойға шомып кетіп басын төмен салып үн-түнсіз отырған қарт жырау, шапқан дүбірді естіп, тыпырши қалған кәрі тарландай, кенет басын көтеріп алды. Сол сәтте-ақ қыл қобыздан күй аңырап қоя берді. Ақтарыла сарнаған қобыз үнімен бірге, бір кезде құлаққа жағымды қоңырқай, қазір кәріліктен өңі бұзылған Қотан қарттың қарлыққан даусы да шықты. Ол: — Өлімнен қорықпау ерлік емес, ерлік өмірді қорғау, — деді. Жырау шын батырлық біреудің жерін шауып, елін тонауда емес, өз жеріңді, өз еліңді жаудан қорғаудан туады дей келіп, аз бола тұрып көпке шапқан, Қазтуған мақтаған Қыпшақтың көп бола тұрып аздан қашқан кездерінің болғанын айтты. Жырау таққан кінәні естігенде бастығы Қобыланды батыр болып елеуреп қопаңдай қалды.

— Қашан? Қай жерде? — деген де шу шықты. Қарт тайшы оларға аяй қарап, Қыпшақтар өздері ұмытқанмен өзге рулар сақтап қалған «Қыпшақ қашқан» хикаясын естеріне салды.

Қыпшақтар алты құлаш Шерухан бастаған бір аттанысында Чернигов қаласын алмақ болған. Чернигов әскері қарсы шыққан. Бір мың алпыс сегізінші жылдың алтыншы айында екі әскер Деснаның таралуы Синави өзенінің жағасында кездескен. Орыс әскерлері үлкен ерлік пен табандылық көрсетіп, үш мың адамнан Қыпшақтың жиырма мың әскері жеңіліп, кейін қашқан. Көбі әбден қатып болмаған өзеннің мұзы ойылып кетіп, ат-матымен суға кетіп, бықпырт тигендей қырылған. Осы ұрыстан кейін іле-шала орыс жерінде ғажайып ақ түтек боран тұрып, қалған нөпір топ жолдан адасып, елдеріне жете алмай үсіп өлген. Бұны артынан қазақтың басқа рулары «Қыпшақ қашқан» ұрыс деп атаған.

Қыпшақ жағы енді басылып қалды. Арғын тобы, «Пәлі, кәрі тарланым, аяғын қалай-қалай тастайды!» деп Қотанды қошаметтеп көтеріле түсті. Бірақ өр мінезді, жалын жанды Қазтуған Қотан толғауынан мойымады. Қамшы тиіп, ырши түскен жүйріктей, енді тіпті долданып кетті. Қарағай домбырасын аспанға лақтырып, аруағы ұстап, жыр дабылын үсті-үстіне дақпырата ұрды.

— Шерухан ханды жақсы қармадың, абыз жырау, — деп бастады ол жаңа толғау ырғағын. «Алып бойлы Шерухан» деп орыс елінің өзі қыса еткен Шерухан ханның ерлігіне, шапқыншылық ісіне бір қыдыру тоқтап өтті. Содан кейін қарға бойлы Қазтуған орыс қалаларын шапқан Бонақ, Тұғырхан, Қотан, Шерухан, Кончак, Сүрбөрі, Құнама, Сүңгір, Көбек, Торсық тағы басқа Қыпшақ хандарының әрқайсысының жауынгерлігін, ел аузында аңыз болып жайылған жорықтарын дәріптей келіп, «өз елдері түгіл бөтен елдерге өлмес аңыз қалдыр- ған осындай хан мен батырлар тудырған Қыпшақты кім қор санар?» деп ожарлана жырын тоқтатты.

— Сөйле жырау, — деді Асан Қайғы Қотанға:

— Бөтен елге бұл хандар аңызымен бірге, жаман аты мен сүйектерін де қалдырды, — деп бастады бұл жолы толғауын Қотан қария ырық бермей. Жаңағы аты аталған хандардың көбінің шапқалы барған жерінің князьдерінің қолынан өлгендігін айта келіп, Қотан жырау «Өз жерінің топырағы тас болып па еді бұларға! Не жетпеді соншама бөтен елден ажал іздерлік?» деген сұрақ қойды. Жайшылықта салмақты қарт, бұ жолы біреу шабынан түртіп, мазасын ала бергендей, қабағын кәрлене түйді. Енді ол өз сұрағына өзі жауап берді. — Жоқ, зираттық екі құлаш жер оларға Қыпшақ даласынан да табылатын еді, — деді. Бірақ хандардың іздегені басқа. Адамның дүниеге өзі тойғанмен көзі тоймайды. Байыған Қыпшақ хандары байыған үстіне байи түсуді мақсұт етті. Тегін алтын, күмісті, асыл жиһаз дүниені, ғасырлап жинаған бөтен жұрт қалаларының қазынасын тонап алғысы келді. Алдарына салып айдаған мыңдаған малдан түсер пайда оларға аз көрінді. Ерлігі ішіне сыймағанынан емес, қанағатсыздығы мазасын алып, ажал түрткілеп, жорыққа шықты. Ақырында дүниеге тоймаған қос жанар, басқа елдің бір уыс қара топырағымен тойып тынышталды деп қарт ақын күңірене күрсініп, «жауынгер туған, Қыпшағым» зираттары жат жұрттың даласында қалған хандарыңның қылығын несіне дәріптейсің! — деп Қотан жырау жырын тоқтатты.

Қыпшақ жағында үн жоқ. Қобыландының екі беті түктеніп кеткен. Бірақ хан алдында ұстамды, үн-түнсіз. Сондықтан да, теңіз тулап, дауыл соқса да мызғымас, су жағасындағы жартастай, қозғалмай тұнып қалған. Тек Қазтуған жырау ғана сыр түйіп, бұрқ-сарқ тасығалы кезегін күтіп, тыпыршып әзер отыр. Ал төреші Асан Қайғыда да үн жоқ. Ол сонау Қыпшақ хандарының қанды жорықтарын ақыл таразысына салып ойға кеткен; әлден уақытта басын көтеріп, баяу ғана:

— Сөйле, жырау, — деді.

Қазтуған «Айт, шу!» деген бәйгі ұранын естіген қылаң құйрықтай, бірден аға жөнелді.

Бұ жолы ол домбырасын безектей ойнатып бір тізерлей отыра қап ащы айқайға салды. Күре тамыры білеудей боп, кең тамағы торғай жұтқан жыландай ісініп ап, толғауына кірісті.

— Ерлік — ежелгі салтым, — деді. — Алыс-жұлысқа жаратылған қанды балақ қыран құс, құр ұясын күзетіп отыра алмайды. Қыпшақ та сол қыран құс. Ол ерлік үшін жаратылған, — деп Қазтуған құлашын алысқа сермеді. Дәл осы сәтте қарсы алдында отырған жауы — қарт жырауға қона түсуге дайын, өзі де сол қыран құстың бірі тәрізді. Екі көзі қанталап, қалың қабағы жауар күндей түксиіп кеткен.

Даусын кеңнен алып, тағы да бір шырқап жіберді де «Осы ерлігінің арқасында Қыпшақ әлемге аян болды. Батыр жұрт Қоламан патшаның кезінде Стамбулды да жау тырнағынан алып қалды» деп жырын бітірді.

Қотан мырс етіп езу тартты.

— Сөйле, жырау, — деді Асан Қайғы Қазтуғанның ағат кеткенін аңғарып, ұнатпай қалғанын жасырмай сәл қабағын түйіп.

Қотан қарттың күткен кезі осы мезгіл еді. Кәрі қыран енді Қазтуғанның құрыш денесіне сояу-сояу тырнақтарын қырш-қырш кіргізді.

Назад Дальше