Монғол нояндарының соғыс жүргізу әдісі де, жауын алдап түсіру айласы да өздеріндей көшпелі ел Қыпшақтардікіне кейде ұқсағанмен, тегінде ерекше келетін. Монғол әскерінің оннан тоғызы бөтен ұлттардан, өздері жеңген елдердің жігіттерінен, сатылған бұзық, қарақшылардан құрылған. Бірақ бәрі бірдей темір тәртіпке бағынған. Темір тәртіп бұл жер сілкінткен қалың әскердің тек өзіне ғана тән ерекшелігі. Екінші ерекшелігі оның басқа елді шабу, бағындыру, айла-әдістерінде. Монғолдар бір елді шабар болса, ең алдымен ертөлелерін жібереді. Олар өрт салмайды, дүние-мүлік тонамайды, тек шабатын елдің адамдарын өлтіреді, ең болмаса қорқытып қашырады. Сөйтіп, қанқұмарлықтарымен тыныш жатқан елдің күні бұрын зәре-құтын алады. Содан кейін барып қалың қолмен шабады. Бұ жолы ештеңені де аямайды. Қолға түскен қаланы өртеп, қиратып, дүние-мүлкін талайды, тек құлдыққа сатуға, не мал бағуға, өйтпеген күнде өнер-өрнекке жарайтын шеберлері болмаса, қатын-балаға қарамай қырады. Кешегі салтанатты қаланың орнына күйреген кірпіш, тас-талқан болған құр сілімтірін қалдырады. Гүл-гүл жайнаған бау-бақша, жасыл егіні жайқалған ну даланы құлазыған қу тақырға айналдырады. Содан кейін барып өздері шауып кеткен жерлеріне жаршыларын жібереді. Олар тығылып қалған адамдар болса, жасырылған қазына болса, бәрін тауып нояндарына жеткізеді. Әскер басы баһадурлар осы жаулап алған қала, далаларына әкім етіп өздерінің адамдарын қалдырады.
Егер қала мықты қамалға айналып, өздігімен берілмесе, монғолдар бекініс алатын тас атқыш катапульттерін салады. Қамал қабырғалары берік боп тас атқыштар ештеңе істей алмаса, қалаға кіретін үңгір-ладыз қазады. Сөйтіп, күтпеген жерден түн ортасында, не таң ата шаһардың ішінен, не бекіністің арғы бетінен шығады. Аянбай соғысады. Ал, қала халқы тым сақ болып бұндай жағдайға жеткіздірмейтінін білсе, қаланың жанынан ағып жатқан өзен, дарияларға бөгет сап, су арнасын өзгертіп, халықты суға тұншықтырады.
Мединаны алғаннан кейін оның белгілі бек, хакім, би, батыр, оқыған адамдарына рақым етпейді. «Қарсыласпай өздерің берілсеңдер сендерге тимейміз» деп аналарды қарсылықсыз қолға түсіріп ала қалса да шетінен бауыздайды, тірі қалдырмайды. Бұл — шауып алған елге Шыңғыс ханның орнатқан жалпы тәртібі. Ұлы қанішерлер ойынша «басып алған жерде тыныштық болу үшін ол араның ең алдымен басты адамдарын құрту керек. Олар қорыққанынан «бағындым» десе де ыңғайы бола қалса халықты қарсы қойғысы келіп тұрады. Қоя алады да. Рушылық заманда қандай халық болмасын, өзінің басты адамдарының соңынан ереді. «Ал ол басты адамдарын құртып жіберсең, бассыз тобыр ештеңе істей алмайды, басы жоқ дене тірі дене емес, өлі дене».
Шыңғыстың бұл қатал заңын білмеген ел бастайтын хандар өз жандарын аман алып қаламыз деген үмітпен күресер жерінде күреспеді, халық соңдарынан еріп, «жауыңызға қарсы шығуға бармыз» дегенде, қорықты. Ақырында өздері қырылды, халықты да қырғызды.
Осылай алданғанның бірі Киев князі Мстислав Романович еді.
* * *
Монғолдар қарсы жақтың қаласын алу үшін ештеңеден де тартынбайтын. Өлтірген адамдарының майын шыжғырып алып жауы тығылған үйлерге құйып от салу (адам майы ұзақ жанады) не бекініс қабырғасы берік шаһарлардың үстінен грек отын — құм аралас мұнайдан істелген жанғыш затты лақтырып, адам көзі қимас ғажайып сұлу мешіт, шіркеу, патша сарайын өртеу, жан түршігерлік зұлымдық, айуандық қаныпезерлік, алдау дегендердің бәрі де қатар жүретін.
Шапқыншылар әскерлерінің тағы бір қасиеті жылдамдығы еді. Құлынынан бастап ұшы-қиыры жоқ монғолдың құмайт даласында босып өскен жылқы мінген Шыңғыс атты әскерінің бір тәулікте елу фарсат алуы тіпті таң қаларлық іс емес. Бар ұрыс саймандарын, қазан-ошақ, жататын үйлерін тиеген арбалары мен бекіністерді алатын катапульті ауыр көшінің өзі де күніне отыз-қырық фарсат жер жүретін. Бұның бәрі монғол жылқысының төзімділігі мен жауынгерлерінің салт атқа жасынан дағдыланғанынан еді. Осы қасиеттерінің арқасында монғол әскері күтпеген жерден жауының дәл қасынан пайда болып, не күндіз ұрысқан қолының бір түнде басқа жағынан шығып, керек болса қаша жөнеліп, қара үзіп кете беретін. Монғолдың бұл әдісіне тек Қыпшақ жігіттері ғана төтеп бере алатын. Бірақ олар аз, екі жүз мың монғол әскеріне қырық мыңға жетер-жетпес Қыпшақтың салт атты сыпайлары не істей алады?
әйтсе де сонысына қарамай, Қыпшақ, Керей, Найман тәрізді рулар мон- ғолдарға оңайшылықпен көнбеді. Жерін, елін қорғап ұзақ күресті. Калка өзеніндегі айыбын сан мәртебе ыстық қанымен жуды, асыл ұл-қызының үзіліп кеткен жүректерімен ақтады.
Қазтуған жырау осы монғол шапқыншыларымен алысқан Қыпшақ әскерлерінің ерлігін толғағанда нағыз бір жүйрік атқа мінгендей, көңілі лепіріп, ұшып-қонып қансорпа боп бір орнында отыра алмады. Бір мезет Бошман жырына келгенде тіпті аруақтанып кетті. Бошман — Қыпшақ батыры еді. Иран тарихшысы Джувейни айтқандай: «Қисық қылыштан тірі қалғанның бәрі тағдырдың дегеніне көніп, мойынсұнғанда да» Бошман батыр монғолдардың ырқына көнбеді. Елінің тәуелсіздігін, жерін, суын қорғап шапқыншыларға қарсы шықты. Өзі секілді монғол қолына түспей құтылып кеткен бірнеше батырларды жинап, «Қанға қан! Кекке кек!» деп жауларының жеңіл-желпі жасақтарын құрта бастады. Басқыншылардан кек алуға болатынын ұққан Қыпшақ жігіттері жүздеп келіп Бошманға қосылды. Бұны көріп, Еділ бойындағы уақ ұлттар: башқұрт, алан, бұлғарлар да бас көтерді. Бошманның үлгісінің өте қауіпті екенін түсінген Бату әскерінің қолбасшысының бірі Мөңке Бошманды тез ұстауды бұйырды. Бірақ Бошман ұстатпады. Оның қатары күннен-күнге көбейе түсті. Бошман қатары көбейген сайын, монғолдардан да береке кете бастады, жоқ жерден шабылған көрен, бүлінген жасақтар саны молайды. Бошманды ұстаймын деп енді Мөңке қаһарына мінді, ал аяулы ер Еділ бойының қалың ағашының арасына кіріп ап, басқыншылар шебіне тиісумен болды. Ақырында Мөңке інісі Бөшек екеуі әр кемеге жүз қарулы жауынгер отырғызып, екі жүз желкенменен Еділ бойымен төмен ағып, өзеннің екі жағын бірдей қарап шықты. Бошман бұған да ұстатпады. Еділдің ортасындағы ат көрінбес анақурайлы бір аралға бекініп ап, жағасына жау желкендерін жуытпады. Мерген Қыпшақтар желкен үстіндегілердің басын көтертпеді. Қарсы жағы Бошманды ала алмайтындарына көздері жетіп, енді әрі қарай жүрмек боп тұрғандарында кенет адам айтқысыз қатты жел тұрып, аралдың бір жағындағы суды қуып, біраз жерін қарайтып тастады. Мөңке осы күтпеген қара қатқақ жол арқылы аралға бар әскерін төкті. Мың қаралы жауынгерлерімен Бошман батыр қолға түсті. Монғолдың бір нояны Мөңкенің жарлығы бойынша Бошманды балтамен қақ жарып өлтірді.
Елін шапқыншыларға көтере білген Бошман батыр өз ісін істеп кетті. Оның көтерілісі біткенмен іле-шала Баян мен Жықу атты бұқарадан шыққан кісілерінің бастауымен Қыпшақ жігіттері тағы күреске шықты.
Қазтуған жырау осы көтерілістің барлығын еміренте, бір жалынды үнмен жыр етіп мақтана толғай берді.
Әбілқайыр жыр басталғалы алтын тағынан қозғалмай, қара сұр жүзі сәл қуқылданып үн-түнсіз тыңдап отыр… Ашу қысып тына қалғанын хан сырын білетін дос-қасы тегіс түсінуде… Тек Қазтуған жырау ғана өзгеріп кеткен хан келбетін аңғарар емес. Ел шапқаннан гөрі, елін қорғаған Қыпшақтың ерлігін жыр еткенде дарыны енді шын ашылып, кісендеулі құлашы жаңа ғана жайылғандай, толғауын аңқылдап соғып отыр…
Кезекті енді Қотан жырау алды.
— Құс ұша түзеледі, бетің жаңа жөнделді, Қазтуғаным, — деді ол, — сен бастаған әуенді мен ұлғайта түсейін…
Ашына сарнаған қобыз үніне қосылып, қарт жырау енді бір алуан уақиғаларды бастап кетті…
Шыңғысхан тағына Күйік отырған кезде Батудың қарамағында монғолдың бар болғаны төрт мың ғана жауынгері қалған. Бүкіл Шығыс Европаны жаулап алған айбынды әскері өзіне бағынышты елдердің дені Дәшті Қыпшақ жігіттерінен құрылған-ды. Бұндай әскермен қарамағындағы жұртты билеу де қиын және бұның өлімін күтіп отырған, жүз мың қолы бар Күйікпен бетпе-бет келу де оңай емес. Сондықтан Бату сенімді одақтас іздеді. Бұл — Алтын Орда ханының сол кездегі көкейтесті арманының бірі еді. Міне, осы тұста Новгород князьдары Александр мен Андрейдің әкесі Ярослав, бұрыннан уәделесіп келген Күйіктің ордасына келісім сөзге барған жерінде монғолдардың қолынан қаза табады. Батудың көктен сұрағаны жерден табылады. Новгород князьдары Александр мен Андрей Күйіктен ат құйрығын шарт кесіп бөлінеді де, Батумен бітімге келеді. Новгород князы Александр Батуға алым-салық төлеп, оның баласы Сартақпен өле-өлгенше соғыспай өтуге ант береді. Осы күннен бастап Алтын Орда хандары мен Новгородтың ұлы князьдарының арасында ғасырға таяу созылған келісім басталады.
Ал он үшінші ғасырдың басынан бастап католик дініндегі Европа кресшілері православ дініндегі гректер мен орыстарға қарсы шабуылға шыққан. Бір мың екі жүз төртінші жылы олар Стамбулды алып, Византия патшалығын жойып, латын империясын құрған. Эсті мен латыштарды жеңіп, өздерінің құлдарына айналдырған. Осындай қара түнекті орыс жұртының басына да тудырмақ болған. Бірақ Шығыс жағынан жау күтпеген Александр Невский оларды 1240 жылы Нева өзенінің, 1242 жылы Чуд көлінің үстінде жеңген. Демек, соғыс әлі бітпеген-ді, әлі де орыс еліне әскери көмек керек еді. Бір мың екі жүз қырық бірінші жылы Лигницеде Польша мен неміс рыцарьларының бірлестігінің күл-талқанын шығарған Бату өзінің уәдесін бұзған жоқ. Бұл жағдай Алтын Орда хандары Бату, Сартақ өлгеннен кейін де, Берке тұсында да сақталып келген. Ал 1269 жылы неміс кресшілері өздеріне қарсы шығуға Новгородқа Алтын Орда қолының келгенін естіп, бұл кезде күшейіп алған орыс князьдарынан бітім сұрады. Сөйтіп орыс жері кресшілердің шабуылынан мүлде құтылған. Алтын Орда хандары Бату саясатынан хан Мамайға (1362 ж.) дейін айырылған жоқ. Оған себеп Сарай шаһарында отырған хандар бір кезде өздері бағындырған орыс, болғар, Дәшті Қыпшақ елдерінің қолдарына енді өздері қарап қалған-ды. Ал бұл ортада осыдан екі ғасыр бұрын алты-ақ мың болған орыс елі әбден әлденіп, кемеліне жетіп үлгірген! Өйткені оның бұл дәрежеге жетуіне Алтын Орда күншығысынан келетін жауына қалқан болды. Қотан жырау достықтың қандай ұлы күш екенін, көршілес елдер тату тұрып, жерлерін бірге қорғайтын болса қандай апаттан болса да құтыла алатынын білдірді.
Жырау сөзі Әбілқайырға ұнамағаны хақ, кезек енді Қазтуғанға беріліп, анау шырқай жөнелгенде хан кенет қолын көтерді. Жырауды қошаметтеп «Уай, пәле!» деп лепіре қызынған жұрт тына қалды. Қазтуған да шауып келе жатып аяң желіске түскен жүйріктей даусын төмендете түсіп, қарқынын әзер басып, сөзін кібіртіктетіп барып тоқтады.
— Намаз мезгілі болып қалды, — деді хан, — Қазтуған жырау толғауын содан кейін тыңдалық.
Әбілқайыр мұсылман ханы болғанмен, Мұхаммет пайғамбардың жолын берік ұстамайтын. Өзі намазды кейде оқып, кейде оқымайтын. Онысына қарамай хан орнынан түрегелді. Ханмен бірге жұрт та апыр-топыр қозғалды. Осы кезде Найманның бас батыры Қаптаған шеткі топтан сытылып шыға берді. Ол асыға басып Найман руына арнап тіккен өртеңнің баурындағы ақ ордаға келді. Есік алдында тұрған, қолында найзасы бар, елтірі тымақты, үстіне шекпен киген, күзетші сары жігіттен:
— әлі келген жоқ па? — деп сұрады.
— Келген жоқ.
Қаптағай қобалжи қалды.
— Япырай, бірдеме болмаса игі еді. Келер уақыты асып кетті. Әлде өзің барып қайтасың ба?
— Құп. Барсам, барып қайтайын.
Найманның аты шулы бас батыры, атан жілік балуан, айдаһарға қарсы барар жүрек жұтқан Қаптағай қара қасқа кедей болатын. Қарамағындағы он бес қараша үйді, жаудан түскен олжа мен атып алған бұғы-маралымен асырайтын. Жау жоқ жылдары сауатын сауын, көшер көлігін ауқатты ағайындарынан алатын. Осыдан екі жыл бұрын Ұлытауға арқар атуға бара жатып жұтаң қыстың аяғы қатты боранға айналып, үш күн Тайкеткен өзенінің бойындағы Айыртаудың ық жағындағы Әбілқайыр ханға жататын қысырақтың үйірлерін бағып жатқан, маңайында тұлдыр жоқ қосқа аялдаған. Сонда, қос басы, он көкжал қасқырды бір күнде жалғыз өзі түсіретін әйгілі аңшы және атпал батыр жылқышы Орақпен кездескен. Айлас қатын мұңдас, хан мен биге бейнет етіп жүрген қос батыр біріне-бірі ұнаған. Қаптағай елуден асып кетсе де, ал, Орақ жиырма беске жаңа жетсе де, өмір үндері бір жерден шығып, екеуі достасып қалған. Осы Орақ мына болып жатқан асқа осыдан үш күн бұрын келуге тиісті еді. Маңдайына басқан жалғыз аты Ақбақайын бәйгеге қоспақ болатын.
Ақбақайдың қашқан қасқырды қалай қуып жететінін бір-екі рет көрген ат сыншысы Қаптағай:
— Жүйрігіңді сынап көр. Мен бірдеме білсем, Ақбақай ұятқа қалдырмайды, — деп Ораққа өзі ақыл берген.
Орақ атын бәйгеге қоспақ болған, бірақ әлденеге:
— Жақсы, асқа келейін, — деген, тек біреу-міреу қастық етіп жүрмесе…
Қаптағай бұл жолы жылқышының сөзіне көңіл аудармаған. Тек Орақ уәделескен уақытында асқа келмегеннен кейін ғана «со шіркінге біреу-міреу қастық етіп жүрмесе еді?» деп қобалжи бастаған. Сондықтан да шыдай алмай жылқыдағы Ораққа әдейі кісі жібергелі тұр.
Жылқышының келуін тағы бір адам шыдамай күтуде еді. О да Орақтың жалғыз атын бәйгеге салатынын білетін. Бұл күткен — бүкіл Дәшті Қыпшақтың әміршісі қатігез хан Әбілқайырдың келіні, басына қара жамылып сонау төбе басына шығып күншығыстан көзін алмай телміре қалған, Шах-Будақ сұлтанның жесірі — Аққозы-Бегім. Құса болған ажарына қарасаң, жүректегі жұлдызы өшкендей. Жоқ, Орақ пен бұның арасында құдай алдында күнәлі дер, не ауыл арасында өсекке ілігер ештеңе болған жоқ. Тек, біраздан бері бір-біріне құмартқан ыстық жүректер, көріскендерінше шыдай алмай алас ұруда. Осыдан төрт күн бұрын асқа мінетін атын алуға келген Аққозыға Орақ тағы өзінің өлердегі сөзін айтқан.
Елінен бала жасынан еріп келген Ораққа Аққозы:
— Құдай алдында күнәкар, жұрт алдында қарабет болғым келмейді. Ерімнің асы өтсін, — деген аққұба беті балбұл жанып, — содан кейін қайын атамнан рұқсат сұраймын, көнсе шариғат алдында қосылам.
— Көнбесе ше? — деген Орақ қобалжи. — Бар әлемнің тең жартысын билеп тұрған, аузынан жалын атқан Әбілқайыр хан келінін есігінің алдында жүрген құлына береді дегенге сену қиын…
— О да адам емес пе? — деген жас сұлу қабағын сәл шытып. Сол сәтте көзінен ұшқын атып жігітке қараған: — Көнбесе… Дүниеде екі тумақ жоқ. Бәрібір… Онда да қосыламын! — деген.
Кенет құрыш денесіне қанат бітіп, көкке ұшар құстай көңілі шалқи жөнелген Орақ:
— Қазір өліп кетсем арманым жоқ, — деген даусы қуанғанынан сыбырлай шығып. — Асқа мен де барамын, Ақбақайымды бәйгеге қосып көрмекпін. Сонда көрісерміз!
Бірақ Орақ асқа келмеді. Егер тірі болса келері күмәнсіз еді. Оны Аққозы жақсы білетін. Сол себептен өзге құрбы-құрдастары айтысқа кеткенде, ол шыдай алмай аулының сыртындағы мың жусанды, тырбақай бетегелі қырқаға шығып, күншығысқа қарап Орақты сарғая күтумен болған.
Хан жырау толғауын Қыпшақ руының Шыңғысханға қарсы шығып ерлік көрсеткені үшін тоқтатқан жоқ. Бұндай толғауға Сайбан ұрпақтары түгіл, бүкіл Жошы үрім-бұтақтарының құлақтары үйренген. Ал шыдай алмағандары кегін ішіне сақтап қалатын. Тікелей дау шығаруға халықтың қаһарынан сескенетін.
Хан қанын ішіне тартып отырса, ол жырау сөздеріне шамданғандықтан емес, бөтен жағдайдан Батуханның ұрпағы Бердібек ханды ағайын-туысы өлтіріп, Сайбан ұрпақтары Сайын тағына отырғанға дейін Дәшті Қыпшақ Ордасы әркімнің қолында келген. Бұл кезде болған ханның бәрі дұрысын айтқанда не Ноғай батырдың, не Ақсақ Темірдің дегенімен жүрген. Тек Орыс хан, Тоқтамыс пен Едіге ғана көнбеген.
Сайбан ұрпақтары Көк Ордаға ие болғаннан соң да осы жағдай жойыла қоймаған. Әбілқайыр хан тағында отырғанмен де оның қолынан халықтың басын қосып, Сайын Ордасының қызыл туын бүкіл Дәшті Қыпшақ үстіне желбірете алмаған. Оған себеп бәз-баяғы қазақ руларының өз батырларына, биіне ғана бағынуы. Рушыл халық хан үстемдігін тек ру басшылары би, батырлар қабылдаса, сонда ғана мойынсұнған.
Тек өзінің дұшпандарын жеңіп, Әбілқайыр Көк Ордаға билігі өктеп жүре бастағаннан кейін ғана бұл жағдай кілт өзгерді. Бірақ ол Орда төбесіне Сайын туын да емес, Ақ Орда туын да емес, Өзбек ханның туын тікті. Өлеріне он жыл қалғанда Қыпшақ, Мауреннахр, Қорасан жеріндегі «осыдан бір пәле келеді-ау» деген Жошының басқа ұрпақтарының басын қостырмай тізе көрсетіп, құмдай бытыратып, әрқайсысын әр жаққа қуды. Тек Жошының бір буыны Қасым сұлтанның Астрахань тағына отыруына жәрдемдесті. Онда да Әбілқайырдың өзі ғана білетін себебі бар еді.
Әбілқайыр Шығыстың көп жерін алғанменен, бұл жеңіс өзіне қауіпті қатер туғызуға айналды. Талан-тараж болған Жошының басқа ұрпақтары Әбілқайырды жеңу үшін жапа шеккен руларды біріктіре бастады. Әсіресе Моғолстанды басқарып отырған Жағатай ұрпақтарымен енді жаңа хандықты жанталаса көксеген Жәнібек пен Керей тіл табуға тырысты. Егер бұлар тіл тапса, оңай күш емес. Оны бұл жалғанның қыбыр-тықырына елеңдеп тұратын хан жақсы біледі.