— Заманың түлкі болса, тазы боп шал деген ғой біздікі.
— Дегенмен екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді, сақ бол. Әсіресе Кенесары аулында… Сұлтанның көзі қырағы, қате бассаң бірден сезеді. Және ол ауылда жалғыз ғана Кенесары емес қой.
— Қасымның ұрпағынан басқа қасында тағы кімдер бар екен, хабардарсыз ба?..
— Қазір көп жұрт солай қарай бет бұруда ғой. Жақында сол жақтан бері өткен бір мәліш сәудегерінен естідім, атақты батырлардан бүгін таңда Шұбырт- палы Ағыбай, Алтай Төлебай, Бестаңбалы Бұқарбай, Бағаналы Құдайменді, Қыпшақ Иман бар көрінеді, ал Табын руының батыры Тіленшінің Жоламаны біз де сендермен біргеміз деп жақында Байтабын деген жас батыры мен Сер- ғазы хан тоқалдыққа алайын деп жүрген Ақбөкен атты батыр қызды жіберіпті…
— Қатын құтырған заман болды ғой осы кез… Сырымбет қырқасынан байын, малын тастап алты баласымен Кенесарының қарындасы Бопай да барып қосылды деген де рас па?
— Рас. Қасымның ұлдары арлан қасқыр болса, қыздары қаншық бөрі емес пе. Бопай қазір қолына найза алып бір топ жігіттерді басқарады деседі. Күйеу жұрты, Уәли ханның ауылын шабамын деп тісін қайрап жүрген көрінеді.
— Бопай келіп ағасының тобына қосылса Жанайдар батыр да со жерде десеңізші…
— Неге?
— Жанайдар мен Бопай жас кездерінде Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай болған жоқ па еді? Тек Қасым төре Жанайдарды қара қазақ деп Бопайды оған бермеген. Алты бала тапса да Бопай Жанайдар десе ішкен асын жерге қояды деген өсек бар. Екеуінің басы Кенесары ордасында қосылған болар.
Өзін ана жылы Байгөбектің асында көргенім бар, ағасы тәрізді көзінен қаһар шашқан ақ сары қатын екен. Астына боз жорға мініп алып сайысқа түсті. Бірде-бір еркек шыдатпап еді… — Ожар бірдеме ойына түскендей Қоңырқұлжаға бұрыла қарады, — жаңағы айтқан батырларыңыздың бәрі, Жоламан сұлтаннан өзгесі кілең ашық кеуде, жалаң төс кедей сарбаздар екен… Ел билеген бай, манаптан ешкімнің аты естілмей ме?
— Малымды шауып алар деп қорыққан жүз-жүз елу шаңырақты Шорманның Мұсасы, Жақыптың Елемесі, Асылғазының Бабатайы секілді мыңды айдаған азғантай байлар болмаса, ел ағалары «түбі қалай болады» деп артын күтіп отырған тәрізді ғой. Әзірге қосылғандар Қарқаралы өкірігінен Қазының Құдаймендісі мен Баянауыл өкірігінен Бектастың Таймасы. Қазының Құдаймендісі патша үкіметіне бұрыннан наразы. Ана жылы оны болыстықтан түсірген. Ал Бектастың Таймасы…
— Бектастың Таймасы дейсіз бе? — деді Ожар сәл қобалжи. — Япырмай…
— Неге шошыдың? Қастасқан жерің бар ма еді?
— Жоқ… Дегенмен… — Ожар сырын айтар-айтпасын білмей сәл отырды да, сөзін қайтадан бастады. — Таймастың Кенесары қасында болуы… Маған қауіп туғызып отыр, — деді ол күбірлей, — былтыр Сейтен екеумізді ұстап Омбыға апара жатқанда біздің тоқтаған аулымыз тек осы Таймас аулы ғана болды. Бірдемемді сезіп қалды ма деп күдіктенетін едім…
— Басқадан күдігің болмаса Таймастан әзірге қорықпай-ақ қой… Ол осыдан бір апта бұрын Жоламан мен Иман ауылдарына жүріп кетіпті. Жұрт ыңғайына қарай Ырғыз бен Торғайдан да әрі барады деседі. Шамасы Кенесары ереуіліне Ақ Жайық, Ор бойының ауылдарын да қоспақ ниеттері бар тәрізді. Таймас о жақтан күзсіз қайта алмайды. Балта көтерілгенше, ағаш жал табады дегендей, сен де тірі жансың ғой, оған дейін сенімге кірерсің. — Қоңырқұлжа ырқылдай күлді. — Тақа болмай бара жатса «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деп қатыныңды алдыңа тартып, мойныңды ұсына берерсің. Өзі ұсынған мойынды қылыш кеспейді.
— Таймас алыста болса… жөн екен. Бөтен бәлендей қауіптенерім жоқ. Омбыға жеткеннен кейін, Сейтенді атқанға шейін тірі жанға жолықтырған жоқ. Екеуміздің арамыздағы сырды ол өзімен о дүниеге бірге алып кетті. Оған менің көзім кәміл жетеді. — Ожардың қайтадан еңсесі көтерілді, — әзірге Кенесарының қасына тек ақ патша жерін тартып алған рулар ғана шоғырланып жатқандай ғой. Мұндай жағдайда астындағы оты күшті болса, қазан тез қайнағанмен тез суалатын еді…
— әй, білмеймін, — деді Қоңырқұлжа, — бұл жолғы көтеріліс өзге уақыттағыдай лап етіп жанып, сөне қалатын жалынға ұқсамайды. Кенесарының осыншама қол жинап үндемеуінен сескенем. Және қасында жалғыз қазақ емес, басқа ұлттан шыққан ақылшылары да бар дейді жұрт. Бұ да еске алатын жәйт.
— Қойыңызшы?
— Иә, жиырма шақты орыс пен башқұрт жігіттері бір топ деседі. Іштерінде зеңбірек ата білетіндері, оқ-дәрі жасай алатындары да бар көрінеді… Бас ақылшыларының бірі деп Бұқараға сыймаған Сидақ қожа мен өз елінде ереуіл істеп айдалып келген болыскей офицер Жүсіп деген біреуді айтады тыңшылар. Кілең қарақшы бас қосқан тәрізді.
— Япырмай ә… Жақсы, — деді кенет Ожар бір шешімге келгенін білдіріп, — не болса да барған соң көрермін. Ал енді жұмыс тәртібін сөйлесейік. Омбы сізге Кенесары ордасында не болып жатқанын хабарлап тұруды тапсырды.
— Хабарды қалай бермексің?
— Сейтенді ұстасқан Сәмен, Жақып, Сақып деген сенімді екі-үш жігітім бар. Олар қазір Кенесары жасағында. Хабар солар арқылы болады.
— Келген жігіттердің сенікі екенін қайдан білем? — Қоңырқұлжа тағы ырқылдай күлді, — көп қойдың ішіндегі тартылған қошқар секілді көзге түсетін бір белгісі бола ма?
— Белгі біреу-ақ, сізге келгенде мына белбеудің оң жағында тұратын құты, оқшантай, қыны сол жағында тұрады.
— Кісесі ше?
— Белбеулерінде кісе болмайды. Жас жігіттерге келіспейді. Біреу болмаса біреу сезіп қалуы мүмкін.
— Ойпырмай, өзің мұндай іске әбден жорға болып алған екенсің. Жаңағыларың адамның ойына келмейтін белгілер ғой. Ұмытып қалып жүрмесем нетсін…
— Кенекең тірі тұрса, ұмыттыра қоймас, — Ожар күлімсіреді де сәлден соң орнынан түрегелді. — Ал көріскенше бар болыңыз.
— Ас ішіп кетпейсің бе?
— Жұрт көзіне көп түсуге болмайды. Қатыныма осы ауылдағы бір қарашыға жолығатын шаруам бар деп кетіп едім, енді оралғаным жөн болар…
— Онда жолың болсын.
Қоңырқұлжа төрт күн емін-еркін жас тоқалын жайлап, бойы сергіп Ақмола бекінісіндегі бәйбішелерінің үйіне қайтты. Бұл келгенде қорған қақпасының алаңында жасақтарымен жаңа ғана оралған Шыңғыс пен Жәнәділ отыр екен. Талызинның жарлығын орындаймыз деп бұлар ереуілге көтерілген Тыналы, Қарпық, Темеш болыстарына дейін барыпты, бұнда ат құйрығын шарт түйіп, қолына түкіріп отырған қалың жұртты көріп, әрі қарай жүруге қауіптеніп кейін қайтыпты.
Қоңырқұлжа балаларын көргенде, мыстан кемпірдің алдындағы алтын сақасын қотыр тайымен алып келген тазша бала өгей шешесінен кем ренжіген жоқ. Әсіресе Кенесарыға қараған елден Шыңғысының сау қайтқанын кешер емес. Екі беті дорбалана күреңітіп, қамшысымен жылтыр етігінің қонышын сабалай, үн-түнсіз отырған екі баласының алдында ерсілі-қарсылы жүре бастады. Бұларды тағы қандай «Барса келмеске» жіберуді ойлап іштей әлем-тапырық.
Дәл осы кезде бекіністің күзет мұнарасында тұрған солдат:
— Бір салт атты көрінеді. Жүрісі тым асығыс, қақпаны ашайын ба? — деп дауыстады.
Қоңырқұлжа бұрылмастан жауап берді.
— Аш!
Ашылған қақпадан, қара терге малынған кер төбел қазақы аттан, көйлегінің оң иығы жауырынына дейін қан боп қатқан, ұзын сары солдат «Беда! Беда!» деп құлай-мұлай жерге түсті. Жақын тұрған казарманың есігінен қылышын сүйрете, қазақ атаулысы «Қарапұшық Иван» деп атайтын, келте мұрын, деңбелтек қара, көк көз, осы Қараөткел бекінісінің коменданты войсковой старшина Иван Карбышев жүгіре шықты.
— Не болып қалды? — деді ол солдатқа түйіле.
— Беда, войсковой старшина, — деп солдат ауырған иығын бір қолымен баса, ыңқылдай сөйледі, — біз хорунжий Котовтың басқаруымен елу солдат, он урядник Петропавлдан Ташкентке бара жатқан Строганов купецтің керуенін шекараға дейін апарып салмақ боп шығып едік. Салынып жатқан Ақтау бекінісінен өте бергенімізде кілең сойыл, найза ұстаған Кенесары жігіттеріне кездестік. Солдаттардың байланыспайық дегеніне қарамай, хорунжий Котовтың бұйрығы бойынша екі-үш есерсоқ мылтық атып, бір-екі адамын оққа ұшырып еді, ылғи жүйрік мінген жігіттер лап қойып отрядтың быт-шытын шығарып, тегіс сойылға жықты. Астымдағы жүйрік атым қуғандарға жеткізбей тек мен ғана құтылдым…
Бұл кезде солдаттар да жиналып қалған-ды, бәрінің де жүзінде қобалжу, қорқу…
— Өздері қанша?
— Бес жүз адамдай.
— Кенесарының өзі ме басқарып жүрген?
— Жоқ, інісі Наурызбай. Мен оны бұрын Көкшетауда көргем.
— Солдаттардың қаншасы тірі қалды?
— Білмеймін… Қолға түскен солдаттарды және керуенді бар мүлкімен өздерімен бірге алып кетті. Қайта оралып кеп, сайдан көрдім…
— Беттері қалай? Бізге бұрылған жоқ па?
— Жоқ. Әрі қарай күнбатысқа кетті.
Солдаттың жарасын қарап болған жас фельдшер оған;
— Ағай, лазаретке жүріңіз, — деді өзі жаралы болғандай аяншақтап.
Жаралыны қоршаған солдаттар енді гуілдей сөйлеп кетті.
— Осылай айдалада жүріп қырыламыз да бір күні!
— Айдалаң не? Бұ да Россия жері ғой…
— Иә, саған осы далиған «Россия даласынан» өлгеніңде ғана екі метр жер бұйырар:
— Онда да тереңдігі бір құлаш…
— Бізді осы жаққа қандай сор айдап әкелді.
— Өзі келгендей сөйлеуін қарашы! Менің еркіме салса, бұл желі азынаған қу даланы о дүниеде де көрмес едім.
— Қысқартыңдар сөзді! — деді кенет ақырып жіберіп Қарбышев, — Кенесары қарақшылары бізге соқпай кетпейді. Ертеңнен бастап, бекіністің бар солдаты, жұмысқа жарайтын еркек-әйелдері ор қазуға шығады! Таң сәріден!
Расында Кенесары ереуілшілері Қараөткел бекінісіне соқпай кетуі мүмкін емес еді, өйткені қазақ даласына Россия патшасының отаршылық саясатын жүргізуінде Ақмола бекініс қаласы ерекше қызмет атқарған.
Бұл түні Қоңырқұлжа ұйықтамай шықты. Кенесары әскері бекіністі алса, ең алдымен ат құйрығына аға сұлтанды байлайды. Ежелден ала алмай жүрген кегі бар. «Ал Кенесарының Қараөткелге келуі сөзсіз. Мынау Ақтау төңірегін шарлауы — Қараөткел бекінісі есігінің қалай жабулы екенін білгісі келіп тартып көруі… Әлде Кенесарыға кісі салсам қайтер еді? Бәріміз де Шыңғыстың үлкен ұлы Жошыдан тарадық қой, мүмкін райынан қайтар?.. Жоқ, жоқ, өйтуге болмайды. Ол өзгені кешкенмен мені кешпейді, Қасым балаларының атадан балаға мирас болып келе жатқан кегі бар. Не болса да табан тіреп ұрысып көру керек. Ендігі менің сиынар құдайым да, табынар аруағым да Омбы… Содан жәрдем сұрайын, қорға дейін. Ал мына Қара пұшық Иваннан не қайыр, не үміт, өзі маған ала көздеу, мені жау қолына беріп, бекіністі тастай қашудан да тайынбас.
Қоңырқұлжа таң сәріден түрегеліп Талызинге хат жазды. Хатын: «Қасым ұлы Кенесары Россия империясына берілгенімді кек санап мені аяйтын түрі жоқ. Алдымен менің басымды алып, бүкіл бала-шағамды, туған-туысқанымды құртпақ, Кенесарының бұл ойын маған қас өзге рулар да қолдауда. Сондықтан осындай тар кезеңде қол ұшын жалғап, тезірек Ақмола бекінісіне ереуілшілерге төтеп бере алатын әскер жіберуіңізді өтінем», — деп бітірді.
Хатты жазып болып, тез Омбыға жеткізуін Карбышевқа тапсырды да, өзінің басқа шаруасына кірісті. Ең алдымен бекініс сыртына көкорайлы Есіл жағасында отырған екі әйелінің ауылын көшіріп алмақшы болды. Бұл істі орындау- ды Жәнәділ мен Шыңғысқа тапсырайын деп шақыртса, тағы да екеуі бірдей бекіністе болмай шықты. Терісіне сыймай ашуланған Қоңырқұлжаға бәйбішесінің «жазғы демалыстары бітуге айналды. Омбыға қайтар алдында ел қыдырып, бой көтерейін дегендері шығар, несіне ренжисің», — деген сөзі ауру жарасының аузын тырнап алғандай әсер етті. «Қандай бой көтеру екенін білмеймін бе? Түні бойы көзімді іліндіре алмай шыққанымда, оңбаған ит Шыңғыс жатқан ғой Зейнептің торсықтай қос анарын құшып!»
әбден ашуына мінген Қоңырқұлжа тоқалының аулына нөкерлерімен өзі бармақ болып, шарт киініп алды. Қолына тобылғы сапты қамшысын ұстай далаға шықты. Дәл осы сәтте оның көзі бекініс қақпасына ойнақтай кірген қара жор- ғасына түсті. Мойнында дорба секілді салақтаған бірдемесі бар. Қара жорға жемге үйренген мал. Бекініс ішіндегі құдықтардан су ішпейді. Көк Есілдің көк толқынын жүзіп жүріп сусындауды әдет еткен. Қорған сыртындағы өзенге өзі барып, өзі келеді. Қоңырқұлжадан бөтен жанға ұстатпайды. Ол бекініс қақпасына оқырана кіріп, дағдылы жем жейтін астауына қарай төрт аяғын шалыс тастап, ырғала ағып келе жатыр. Міне аға сұлтан есігінің алдындағы жем астауға келіп тұра қалды. «Мойындағысы не сұмдық» деп Қоңырқұлжа ауыр денесін іркілдете қозғап, қара жорғаның жанына жетіп барды. Кенет өн бойы дірілдеп кетті. Атының мойнындағы үлкен кенеп дорбаның ішінде қарбыз секілді домаланған бірдеме бар, қаны сыртынан сорғалап жерге тамып тұр…
Қоңырқұлжа беліндегі лөкет пышағын суырып алып, дорбаның жібін кесіп жіберді. Дорба жерге гүрс етті. Денесі дірілдеп кеткен Қоңырқұлжа дорбаның бір бұрышынан ұстап сілкіп жіберді. Топ етіп одан адамның басы түсті. Көзі шарасынан шыға аларып, тістері ақсия қалған. Бір ұртынан қап-қара болып кеткен тілінің ұшы көрінеді. Сірә балтамен шапқан болу керек, мойын омыртқасы шорт үзілген. Қызыл қан әр жерде бетін алып, жаңа туған қозының елтірісіндей қара қошқыл бұп-бұйра шашына ұйыса жабысқан… Қоңырқұлжа аң-таң боп тесіле қарап еді, тани кетті, баласы Шыңғыстың басы екен.
Болған уақиғаға енді ғана түсінген Қоңырқұлжа көзі қарауытып құлап бара жатып:
— Тұра тұр, Кенесары, сенің Сыздығыңның басын дәл осылай алдыңа тарт- пасам, атым Қоңырқұлжа болмасын! — деуге ғана тілі келді.
Жоқ, Шыңғыстың басын кескен Кенесары да емес, оның сарбаздары да емес, Күмістің әкесі әбдіуақит шал еді. Қоңырқұлжа жалғыз қызын қор еткен түні, бар шоқпытын қара лашығының ортасына үйіп, астынан от қойды да, таң ата Күмісі мен әйелі екеуінің қолынан ұстап ауылдан беті ауған жаққа қашып шыққан. Іс бұлай бет алар деп күтпеген Қоңырқұлжа нөкерлері соңдарынан қуғанша бұлар қамысты көл жағасына жетіп, таптырмай кеткен. Әбдіуақит әйелі мен қызын Кенесары жасағына көшіп бара жатқан бір шағын ауылға қосып жіберіп, өзі кейін қайтқан. Жүрегін удай ашытқан ашу, ыза, қорлану көзін қарауыттырып, денесін оттай өртеген. Ақыл-ойын, бар сезімін тек «Кек! «Кек алу!» деген арман ғана билеген. Шерменде жан осыдан бөтен шешім таба алмады. Ыза үстінде оған бұдан артық әділетті, дұрыс шешім жоқ тәрізденді. Қоңырқұлжаны өлтіріп, өшін алса арманынан шығатындай болды. Осындай тәуе- келге бел буған әбдіуақит итіне шейін өзіне таныс Зейнеп тоқалдың аулы сыртын торлай бастады. Бірақ күзеті мықты тоқал үйіне таяй алмаған. Бесінші күні, күзет кеткен түні — тағы аңдыған. Ойда жоқта ауыл сыртында екі салт атты пайда болған. Біреуі Шыңғыс еді. Әбдіуақит бірден таныды. Жанындағы серігін Зейнептің отауына жіберіп, Шыңғыс өзі хабар күтіп, сай түбінде жатып қалды. Сірә, әкесі кетісімен тоқалдың үйіне тікелей баруға жүрексінген болуы керек… Бұның бәрін әбдіуақит көріп отырды. Бес күннен бері қолынан дым келмей, ызадан әбден көзі қарауытқан, әкесі мен баласының, баласы мен тоқал шешесінің арасындағы кәпті білмейтін сорлы, «Қоңырқұлжаның баласы менің баламнан артық па, ол менің баламды қан қылғанда мен оның баласын неге аяймын» деп, көзі ілініп кеткен Шыңғыстың қасына сыбдырын шығармай келіп айбалтамен мойын тұсынан қос қолдап кеп ұрған.
Сол күні таңертең енесінен жетім қалып, құлынынан өзі еміздікпен асыраған қара жорғаны Есілден су ішуге келген кезінде еппен құр-құрлап ұстап алып, Шыңғыстың басы салынған дорбаны мойнына тағып қоя берген. Өзі Кенесары еліне қарай асыға жөнелген.
Қоңырқұлжа үш күн жер құшып жатып, баласының денесін ел-жұрты боп қабірлегеннен кейін бір-ақ тұрды. Әйтсе де Шыңғыстағы өшін жауының алып бергеніне ол іштей риза еді, бірақ ағайын-туғанға сыр бермей, қара жамылып кайғы тартқандай жетісін берді де, Кенесары қолымен кездесу әрекетіне кірісіп кетті.
ІІ
Кенесары бір қиын мәселені шешерде қалың қабағын қарс жауып, бір қолымен исфаған семсерінің сабынан ұстап, темір торға қамалған жолбарыстай ақ орданың ішін кезіп, ерсілі-қарсы жүре, көп ойланатын. Мұндай кезінде сұлтанның сырт бейнесі шынында да жолбарысқа ұқсас қаһарлы болатын, желкесі күдірейіп, өткір көздері әдеттегісінен гөрі қызара түсіп, тірі жанға тіл қатпай, сұстана қалатын: Осындай ашулы-ойлы шағында оның үстіне ешкім батып кіре алмайтын, өйткені ол бұл кезде жайшылықтағыдай емес, адам көңіліне қарамайтын қатал келетін…