Бес минут өтпей зеңбірекшілердің:
— Дайынбыз! — деген дауыстары естілді.
— От! — деді ызаланған Қарапұшық қолын төмен сілтеп.
Аралары елу метрден қойылған төрт зеңбірек, бірден күндей күркіреп гүрс-гүрс етті.
— Солай ма екен! — деді қуанып кеткен Қарапұшық.
Түс кезі болып қалған-ды. Ортадағы зеңбіректің оғы дәл тиген бір атты сарбаз ат-матымен көкке ұшқанын Қарапұшық анық көрді. Екі-үш жігіт шет жақтан құлап түсті. Өз тұсынан да екі жігіт ат-матымен омақата оққа ұшып қаза болды. Қарапұшық зеңбіректерді тағы да аттырды. Бірақ бұ жолы оның оғы далаға кетті. Өзі де түсінбей қалды, бұ не ғажап! Зеңбірек даусы шыққаннан кейін, сарбаздар қорқып кейін қашудың орнына, кенет бес қатар боп бірінің соңынан бірі тізбектеліп, араларын тағы да он-он бес құлаштан салып, бекініске лап қойды. Бұ жолы олар нағыз бір шыр көбелек айналған құйын тәрізді көпшілігі ордың арғы қабағын қоршай шауып, қауырсын жебелерді тағы да қардай боратты. Жақын жерден көзделген мерген оқтары қорған үстіндегілердің басын көтертер емес.
Ал Басықара, Төлебай басқарған әскердің бір тобы, зеңбіректерді солдаттар қайтадан ордың қабағына меңзегенше, оңтүстік пен солтүстіктегі қақпа алдындағы жіңішке жолдардан бері өтіп, қорғанның іргесін айнала шауып, бекіністің үстінде тұрған солдаттарға қыл арқан-бұғау лақтырды. Қорғанның әр жерінен басын қылтың еткізіп көтерген бес-алты солдатты лақтырған бұғау іліп те әкетті. Екі жақтан бірдей атылған мылтық, тартылған садақ, әлем-тапырық бір қияпат. Дәл осы кезде айқай-шу, жан таласқан айқасты пайдаланып, бекіністің солтүстік жақтағы шойын топсалы, шананың табан темірімен шандылған, шынжыр құлыпты қарағай қақпаның сыртынан бір топ сарбаз шелектеп қара май жағып, түбіне қара маймен ысталған қызыл тобылғыны үйіп, өрт қойып жатты. Бықси жан- ған тобылғының үстіне бірнеше шелек қара май тағы құйылды. Жалын алғаш- қы рет лап етіп көкке көтерілген кезінде, ор қабағына қайтадан меңзелген зеңбіректердің де жер жарған гүрсілі естілді. Бұ жолы да жиырма шақты жауынгерді оққа алдыртып жарлық бойынша Кенесары сарбаздары кейін шапты. Бірақ бұл кезде бекіністің іші қалың өртке айналған еді. Қоңырқұлжа мен Қарапұшыққа енді бар әскерін екіге бөлуге тура келді. Өрт сөндіруге жіберген жауынгерлерді қоспағанда, бекіністі қорғауға жарайтын не бары екі жүздей ғана солдат қалды. Оның үстіне екі зеңбірекшіні Кенесары сарбаздары арқанмен тартып әкетіп, бұлардың күші тіпті азая түсті. Қоңырқұлжа мен Қарапұшық халдарының мүшкіл бола бастағанын сезіп не істерге білмей әбден сасып тұрған кездерінде солтүстік қақпаның лапылдап жанып жатқанын көрді.
Бесіннен өте өртене бастаған қақпа ағашы екіндіге жетпей жанып болды. Енді темір қоршаулар саудырап жерге түсіп, қорғанның солтүстік жағының жиырма құлаштай жері үңірейе қалды. Қауіп қай жақта екенін көздері көрген Қоңырқұлжа мен Қарапұшық осы қақпаның қарсысына дереу құм салған қаптардан кедергі істетіп, отыз карабін мылтықты солдатты сол қаптардың тасасына отырғыздырды.
Бағанадан бері құр садақ тартып, мылтық атып, алыстан тиіп-қашып жүрген Кенесары сарбаздары да, енді қамалға кірудің мүмкіншілігі барын көрді. Бәрі бірдей лап қоюға қақпаның алдындағы жол жіңішке, жау бар зеңбіректерін, қаруын осы араға меңзер болса, топырлап шапқан жұрт босқа қырылады. Осыны ойлаған Кенесары, ұрыстың түйіні шешілетін жерге өзі келіп:
— Қайсың барсың жүз адамменен бекініске кіретін? — деп айқай салды.
Атын ойнатып Басықара батыр шыға келді.
— Жолың болсын! — деді Кенесары. Өзге батырларға да: жау көңілін бұру үшін, сендер де бекіністің жан-жағынан оқ жаудырыңдар деп бұйырды.
Басықара батыр Кенесарының ризалығын алысымен өзінің мың әскерінен таңдап жүз сарбазды бөліп алып, жау қамалына қарай лап қойды. Өзі ат жалын құшып, ер үстіне еңкейе жатып алды. Астындағы кер төбелі қалың шөпті бауырлай ұшқан құс тәрізді. Соңынан құйындата шұбырған жүз сарбазы. Басықараны мұндай шапшаң қимылдайды деп солдаттар да ойламаған болуы керек, мылтықтарын оқтап кезенгенше, Басықара сарбаздарын соңынан шұбырта, бекіністің ішіне кіріп те үлгірді. Қақпаның дәл қарсы алдындағы үйілген қапшықтан кер төбелін секірте өтіп, қарама-қарсы келіп қалған бір-екі солдатты кеспелтек сойылмен доптай қағып қайта оралғанында, ұзын бойлы қара бұжыр солдат орнынан ұшып тұрды да, мылтығын шапшаң кезеп Басықараны дәл көкірек тұсынан дәлдеп атты. Аңғал батыр сауытсыз еді, «қош бол елім» деп ат үстінен сүйретіле біраз жер барды да, сылқ етіп құлап түсті.
Қол бастаған батырларының оққа ұшқанын көрген жүз жігіт кейін қарай шаба жөнелді.
Қашқан жауға қатын да ер, соңдарынан атылған оқ бұлардың да он шақтысын алып қалды.
Шегінген тобырдың соңынан иесіз ойнақтап шыққан Басықараның кер төбелін көргенде Кенесары шыдай алмай:
— Тастамаңдар Басықара батырды жау қолына! — деп тұлғасы бөлек көк буырыл бестісін ойната әмір беріп, ешкім шықпаса өзім шабайын деп ыңғай- ланғанша, қамыс құлақ, бөкен сан, бүкіл Арқаға әйгілі «ортеке» аталған сәйгүлігімен Төлебай батыр, жұрттан сытылып шығып жеке сала берді. Бұл кезде Кенесарының қасында өзге батырлардың ешқайсысы да жоқ еді. Наурызбай да, Ағыбай да, Бұқарбай да бөтен шепте болатын. Екі жүз қадамдай жерде жеке кетіп бара жатқан Төлебайды көргенде Кенесарының өзі де шыдай алмады. Көкбурылдың үстіне тік түрегеліп тұра қалып «Абылайлап» қамалға қарай құйындата жөнелді. Көкбурылдың үстінде ажалдан қорықпай түрегеліп шауып бара жатқан Кенесарыны көргенде өзгелері де орындарында тұра алмады. «Абылай!», «Ағыбай!», «Атығай!», «Қабанбай» деп ұрандап бекініске лап қойды. Айқай-шудан жер сілкінеді. Күн батып қара көлеңкеленіп бара жатқан кез еді. Таң сәріден нәр татпай күні бойы Кенесары сарбаздарымен екі жақтан алысқан ер жүрек солдаттар да, енді шыдай алмады, біртіндеп шегініп үй-үйді тасалап атысуға мәжбүр болды. Әйтсе де белдесіп келгенде қаптаған сойыл, сыңсыған найза қоя ма, түн ортасы аумай Ақмола бекінісінің әскері жеңілді. Тек қара түнді пайдаланып азғантай әскерімен Қоңырқұлжа Қарапұшық бекінісінің Есіл жақтағы қақпасынан қашып шықты.
Жеңіске мастанған қатігез жауынгерлер қорғансыз қалың қойға тиіп қанға құныққан аш қасқырлардай, жұрттың жазықты-жазықсызына қарамай, түні бойы ойран салды. Таланбаған мүлік, былғанбаған абырой қалмады. Қандай ұрыс болса да ең алдымен бүліншілікке ұшырайтын халық. Бұ жолы да солай болды. Жыламаған бала, боздамаған ана жоқ. Бұл қырғын тек таң ата ғана толас- тады.
Сөйтіп Кенесары сарбаздары Ақмола бекінісінің үйлерін тегіс өртеп, қорғанын құлатып, жермен-жексен етіп, орларын топырақпен бітеп, кешегі Шығыс Сібірдің отаршылық қамалы тұрған жерді тып-типыл етіп, ертеңіне қайтадан Ұлытауға қарай шегінді.
Осы жолы Ақмола бекінісін алуда еткен қаһармандық қайраты үшін Кенесары Төлебайды Жеке батыр атады. Көп кешікпей Ағыбай, Наурызбай, Бұқарбай, Жеке батыр бастаған Кенесары сарбаздары Ақтау, Ортау бекіністерін алды.
Зеңбірек пен карабинді, аға сұлтан мен старшинды жеңуге болатынын көрген, әзірге үндемей келген кейбір рулар енді Кенесары ордасына қарай ағыла түсті. Кенесарының абыройы да, қадірі де артты. Бірақ жан аямас қаталдығы көп елді өзінен үркітті. Алайда соңынан ерген батырлары оны ұлт қаһарманына айналдыруға тырысты. Ал Кенесары өзі болса «Аяз, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, әлі де ақ патшамен шын белдесіп күресуге күшінің жеткіліксіз екенін жақсы түсінді. Енді ол бұлаң құйрық түлкі қулыққа салып патша солдаттарымен жата-жастана ұрысып, қазақтың ереуілге қосылмай жат- қан басқа руларын өзіне тартуға кірісті.
ІІІ
Ақмола бекінісінен айырылған түні Қоңырқұлжа Қарқаралы өкірігімен шектес Есілдің Ертіске қарай бұрылар түбегіндегі Зейнеп ауылына беттеген. Кенесарының көтерілісі дами бастағаннан-ақ оған дәт беріп отырған жер-суынан айырылған қалың елдің қаһарынан сескеніп шын көңілмен қосылған Азнабай балаларынан басқа да Едігенің Шоңы, Күшіктің Шорманы, Шорманның Мұсасы, Сандыбайдың Ердені, Дүзені, Сайдалының Аққошқары секілді Арқаның мыңды айдаған бірнеше шынжыр балақ, шұбар төс байлары Кенесарыға «Біз сендер жағындамыз» деп жалған ниет білдірген. Тіпті сол патша отаршылығына мойын ұсынып, шен алып, шекпен киген сұлтан тұқымдарының кейбіреулері Кенесарыға қосылып кеткендей болды. Уәлиханның екінші баласы әбілмамбет (Мәмке) Кенесарыға еріп, жорықта қаза тапты. Тұрсынханның Сарманы «Қара қазақтан шыққан Көшеннің Тұрлыбегін аға сұлтан қойдың» деп ақ патшаға қарсы көтеріліп, Қасым балаларына келіп қосылған. Абылайдың туған ағасы Жолбарыстың баласы Қошай, Уәлиханның туған інісі Шыңғыстың баласы Сартай секілді Абылай тұқымынан шыққан бірнеше сұлтандар Кенесары жағына бірден ауған… Осындай аласапыран кезде, артында сөзін тыңдар елі бар, Ар- ғынның биі Шегеннің Мұсасы, Қыпшақтың биі Жаңбыршының Балғожасы секілді табанды бай, би, сұлтандар болмаса, «Кенесары малымды айдап алады» деп қорыққандары, уақытша болса да ереуілшілерді жақтағандай көрінген, Арқадан Ақмола аға сұлтаны Қоңырқұлжаға сүйеніш болар тек Қарқаралы аға сұлтаны Жамантай, Аманқарағай аға сұлтаны Уәлиханның Айғанымнан туған баласы Шыңғыс, Баянауыл аға сұлтаны Абылайдың Маманы орнынан алынғаннан кейін, қарадан шығып осы Баянауылға аға сұлтан болған Тұрсынбайдың Боштайы, Көкшетаудың аға сұлтаны Атығайдың Аңғал руынан шыққан мыңды айдаған Қаратоқаның сотқар Зілқарасы мен Құсмұрын тұсындағы Ашамайлы Керейдің баукеспе ұрылар ұстаған, бықыған бай Есеней.
Бұлардың ішінен әсіресе арқа сүйері, жері жақын және Қоңырқұлжаның қайын-жұрты Тәукенің Құсбегі мен Жамантайы. Бұлардың түбі — Арқаға сіңіп кеткен Орақ ханның баласы Бөкей сұлтанның немере-шөберелері. Құсбек пен Жамантай жайылымға, билейтін елге, аға сұлтандыққа таласып өзара күнде қырылысып жатқанмен азуы алты қарыс Қоңырқұлжаны күйеу санап екеуі бірдей жақын тұтады. Жас тоқал Зейнеп Тәукенің ең кенже қызы. Ақмола өкірігіне Қоңырқұлжаның қандай беделі жүрсе, Қарқаралы өкірігіне Тәуке балалары Жамантай мен Құсбектің де сондай беделі бар. Сондықтан да Қоңырқұлжа Зейнеп пен баласы Шыңғыстың арасындағы оқиға жанына қанша батса да төрелердің ескі дәстүріне салып, жас тоқалын төркініне көшіре алмаған. Өз басына қауіп төнген осынау аласапыран кезде Тәуке балаларымен шатысуды қажет деп таппаған. Қасым төре көкжалдарын жеңіп алсам, со да менің тақияма тар келмес деп өзіне-өзі жұбату айтқан. Оның үстіне төре тұқымы бір әке-шешеден туып, бір емшектен сүт ембесе, бірінің қызын, қарындасын бірі алып, күйеуі өлсе оның әкесіне немесе ағасына тиіп шатысады да жатады. Қара қазақтай әйел мәселесінде «ұят», «обал», «ата жолы» деп ар-намысты сылтаулап төрт тағандап жатып алмайды, қашан да болса бос белбеу, көйлек етегі жеңіл, сыпырма, босаң келеді. Сондықтан да қалың қазақ арасына Бұқар жырау айтқан:
Қатын алма төреден,
Қатын алсаң төреден:
Еркегі болар жау жанды,
Ұрғашысы — ер жанды, —
деп басталатын өлең кең тараған. Төре тұқымынан шыққан сұлу әйелдің «ер жанды», «еркек құмар» салтына еті үйреніп кеткен сұлтандар, егер ел билеу, мансап сақтау тілектеріне шипасы тиер болса, қатын, қыздарының үй арасындағы бозбалашылығына мән бермейтін, көргенін көрмегендей боп, жауырды жаба тоқып жүре беретін.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», Қоңырқұлжа да тұқымының ауызданған салтынан аса алмаған. «Мың жылқы суарылғанда лайланбайтын көз бір тентек баланың ыш еткенінен бүліне қоймас», — деп, еркек жанды тоқалдың қылығын баласы Шыңғыс қаза тапқаннан кейін, тіпті ұмытуға айналған. «Кенесарының ойы Ақмола бекінісін шабу секілді», — деген Ожардың алғашқы хабары жеткен күні-ақ Қоңырқұлжа тоқалының аулын төркін жұртының жерімен шектес Есіл өзенінің төменгі жағына көшірген. Өйткені Кенесары жалғыз Қоңырқұлжаға ғана емес, Жамантайға да өшігулі, тек Қарқаралы шалғай болып, әзірге сондықтан ойран сала алмай жүр, ал реті келсе жақын жердегі Тәукенің кіші қызының аулын ең алдымен шабары анық. Осы жағдайды ойлаған аға сұлтан Зейнепті өзінің еншісіне тиетін үш мың жылқымен төменгі түбекке көшіріп тастаған. Бұл жер Құдайменді балаларының анда-санда көшетін тың жайылымы болатын.
әлі ыстығы толарси қоймаған Желтоқсанның аяқ кезі еді. Қызғалдақ, сарғалдақ, бақбақ, лала, жаушымылдықтар гүлденіп бітіп, бетеге, көкпек сарғылт тартып, ит мұрын, жуа, қарабауыр, жалбыз, қара қарақат, қызыл қарақаттар қата бастаған. Арқа жерінде сирек кездесетін түйе тікеннің жапырақтары түсіп, сабы серейіп, басы домалана ербиіп, шытыр, қарабауыр, шырғанақ тарамыстана түскен. Есіл өзенінің жағасында ойдым-ойдым боп бітетін тал, шетен, сары- ағаш, қайың, аршалардың жазғытұрымғы жасыл жапырақтары сарғылттанып, ал кейбіреулері үнемі соққан желдің екпініне шыдай алмай сидия қалған. Соңғы екі жылдың ішінде Құдайменді балалары Ақмола бекінісінен ұзап көшуден қорқып, бұл араға қонбағандықтан күзгі шөп әлі тың. Оның үстіне Есіл өзені жазғытұрым тасығанда кіші-гірім көл болып қалатын қамысты қарасулардың беті мен жағасы құсқа толы. Бұл арада кішкентай көкторғай, бөдене, көксерке, жағалтай кекілік, балтатұмсық, шілден бастап, үлкендігі анау-мынау қозы-лақтан кем емес, қарақаз, бірқазан, дуадақ, қарабай, қырғауыл мол болатын. Қазақ даласының өзге жерінде сирек кездесетін жайра, тағанақ, сақалта, алақұмай, көк қарға, қодас қоңылтырды да іздеген адам табатын. Көлдерінде қаз-үйрек, аққу, қарақу тыным алмай сыңсып ән салатын.
Қазақ даласында жайшылықта мол кездесетін қоян, қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, суыр, ақтиін, күзендерден басқа, бұл арада ақкіс, қарағанның қара түлкісі, қырдың қызыл түлкісі, көл, өзендерінің жағасында сусар, құндыз, бұлғын да ұшырайды. Кейде әлдеқалай жем іздеп келген сілеусін мен шиебөрі де кездеседі…
Осы араға Зейнептің аулы келіп қонған. Қоңырқұлжа ұры-қарыдан тоқалының мал-мүлкін қорғау үшін, сойыл сүйреткен елу жігіт күзетші берген. Қарындасының көші Қарқаралы шетіне келіп тоқтағанын естіген Жамантай «Кенесарының сарбаздары аш қасқырдай жортқан мезгіл ғой, ел шетіне келіп қонған қарындасымды шауып кетсе, Құдайменді тұқымының бетіне қарай алмаспын», — деп Зейнептің аулын күзетуге тағы да жүз жігіт жіберген. Жамантайдың сескенетін де қисыны бар. Осының алдында ғана Кенесарының көк бөрілері Есеней аулын шауып кетті деп естіген.
Осындай бір жағы қорған, бір жағы аңдушы жүз елу жігіті бар жас тоқал ойын-сауығын құрып, көк Есілдің жағасында қаннен-қаперсіз жата берген. Оған жан-жағындағы екі елдің қыз-бозбалалары да жиі қатынасуда еді. Зейнепке «Пәленшенің болыс баласы сені бір көруге құмар екен», «Түгеншенің Бұқарға керуен айдатып жүрген мырзасы, бір түндік ұйқыңды қиюың үшін төрт тай шәйі, бес бас қант жіберіпті», — деп бой жете бастағаннан-ақ сөздерін жеңіл өткізіп үйренген жеңгелері де келіп-кетіп жатқан-ды. Бәрі де жас құлынның етін жеп, сары қымыз бен қою шайын ішіп «Еркежан-ау, бөксең әбден толып, өзің Төлегеннің қырық күн шапса болдырмайтын көк жорғасындай жалпақ жаурын болыпсың ғой», — деп қалжыңдап, не болмаса «төрт түлігің түгел, тек енді аға сұлтан байыңа бір ұл тауып беріп, оның дізгінін мүлде қолыңа ал», — деп ақыл айтып көңілін көтеретін. Бұрынғыдай «Еркем-ау, бәленшенің аузының суы құрып жүр, бір түнге көңіл бөлсең нетеді?» не болмаса: «Жас кезде қызық көргенге не жетеді, ағаңның көзіне шөп салмай, етегіне намаз оқып жүр дейсің бе бізді. Сен де құр қалма», — деген секілді Зейнептің жанына майдай жағар сөзді бірде-бірі айтпаған. Ал ауыл ішіндегі көз тоқтайтын төлеңгіт, не болмаса өзін қорғауға берген сарбаздардың бірде-бірі не күндіз, не түнде Зейнептің ақ отауының есігін ашпайды. Ал есігін ашар болса, іштерінде нелер боздақ, нелер саңдақ бар. Оны Зейнеп сырттай аңғарып қалған. Кім біледі, ол жайсаңдардың ішінде де «шіркін-ай, оңашада қолыма бір түсер ме еді!» — деп Зейнепке сыртынан құмартып өліп жүргендер де аз емес шығар, бірақ Қоңырқұлжаның кәрінен қорқады. Жамантай да, Қоңырқұлжа да жігіттеріне «ауыл ішіне кіруші болмаңдар, қостарыңды далаға тігіп, тыныштықтарын сырттан барлаңдар» деген.
Бұл шартты бұзғысы келген, Зейнепке қызыққан кейбір өжет жігіттер, Қоңырқұлжаның сақ құлақ тыңшыларынан сескенетін. Түн жасырғанды тыңшы көреді, жас тоқалдың ебін табамын деп жүріп, кеудесіне қанжар қадауға кім құмар…
Ал күнде сан мезгіл жас қуырдақ пен балбыраған уыз етке тойынып, балқаймақ пен сары қымызға ғана сусынын қандыратын Зейнеп, күйеуге шыққалы еркексіз үш күн жатып көрмеген жас денесінің күйіп-жандырған қызуын баса алмай, құшырлай қысқан жүнді кеуде, бура сан жігіттерді аңсап, өліп-өшіп барады… Оған мауқын басар еркек құшағы болмаса, мынау үлде мен бүлдеге бөленген ақ қозы жүнінен бастырған алты қанат ақ отау, көл жағалай жусаған үйір-үйір көк ала көп жылқы, құрметтеп бас иген қыз-келіншек, төлеңгіттердің бірде-бірі қызық емес. Барлық ойы, тілегі, мейлі соқыр болсын, ақсақ болсын тек құмарлық айызын қандырар еркекте ғана… Мауыққан мысықтай көзі тұманданып, ал қызыл бүрте ерні кеуірсініп кеткен.
Ақмолада болып жатқан уақиғадан Зейнеп бейхабар. Шабарман ертең келмек. Әрине, ол байы Қоңырқұлжаға тез жетсін деп әмір жібереді. Кәрі тарланның кей қимылы, жас тұлпарға бергісіз. Сондықтан да Зейнеп оны аңсай түскендей. Бірақ Қоңырқұлжа келгенше де шуда жіптей созылған ұзақ екі-үш күн бар алдында… Зейнеп ызадан құшақтап жатқан ақ мамық жастығын түйгіштеп-түйгіштеп жіберді. Сәске болып қалған кез еді. Енді ол орнынан тұрмақ боп аяқ жағындағы кебісін киіп көтеріле бергенде, кенет үй сыртынан ат дүбірі естілді. Жүрістері өктем емес, баяу. Жай ауыл адамдары секілді. «Бұл кім болды екен?» деп Зейнеп сәл ойланды да, әдеті бойынша есігінің сыртында отыратын күңді шақырды. Есікті ақырын ашып үйге кексе қара бұжыр әйел кірді.