Желтоқсан желі - Серік Асылбекұлы 2 стр.


Пәтер ішіндегілер тілін тістеп алғандай, бір сәтке үнсіз қалады. Бір-екі минуттай бөлме ішін үрейлі тыныштық жайлайды.

Талшын: Ойбай, айттым ғой, әне. Шамды өшір

Баймырза: Керегі жоқ. Қап, мыналар жас балаларды қыра ма, қайтеді-әй?!

Талшын: Өшір деймін

Баймырза: Қойсаңшы енді. Шамды өшірем деп, қайта сезік тудырып аласың.

Талшын: Енді қайттік?!

Ақмарал: Ағамдікі дұрыс. Осылай түк болмағандай отыра берейік.

Талшын: Жаман айтпай, жақсы жоқ, қазір кіріп келіп, тінту жүргізсе қайтеміз?..

Баймырза: Өйте қоймас, қаланың қай пәтерін тінтіп тауысады.

Талшын: Сенің-ақ осы жайбарақаттығың қалмайды-ау. Басқаны басқа дейік, осылардың жайын біз екеуміз біліп болдық емес пе?!

Баймырза: Кемпір, маған бір ақыл келіп отыр. Былай болсын: сен шайыңды қайнат, мына балалардың да қарны ашқан шығар. Ал егер сен айтқандай, жаман айтпай жақсы жоқ дегендей болып, әлгі жаналғыштар келіп, тінту жасап жатса, бұл балдар менің Қызылордадан келіп жатқан немере туыстарым. Племянниктер. Бітті, сөз осы бұлардың жаңа кешкі пойыздан түскен беттері. Айтпақшы, қарақтарым, сендердің ныспыларың кім? Мен өзімнің племянниктерімнің аты-жөнін білуім керек шығар.

Қайсар: Аға, менің атым Қайсар.

Ақмарал: Менің есімім Ақмарал.

Баймырза: Ал, кәне, онда былай шығыңдар

Бәрі ас үйге өтіп, үстелге жағалай отырады. Талшын шай жабдықтарын әзірлеуге кіріседі.

Баймырза: Қысылмаңдар. Қазір бірер кесе үнді шайын ішкеннен кейін, шешелеріңнің ашуы басылады.

Талшын: Иә, әйтеуір, мені алдарқата берсейші сол. Осы үйдегі жаман аттың бәрін маған жапсыра бер.

Баймырза. Қой, сен жаман болғанда, мен қайда барып адам болам. Сенен жақсыны мен бұ дүниеде әзірше кездестіре алмадым.

Талшын: Әзірше дейді тағы. Әлі де дәмесі бар-ау деймін өзінің.

Баймырза: Құдай сақтасын.

Кенет телефон қоңырауы безілдеп қоя береді. Баймырза орнынан тұруға ниеттенеді. Талшын демдеп жатқан пәрнегін қоя салып, телефон аппараты тұрған коридорға қарай жүгіреді.

Талшын: /Баймырзаға/. Ойбай, телефонды өзім алайын, сен тағы бірдеңені бүлдіріп жүрерсің. Әле-әле!.. Мәкентаймысың?! Амансыңдар ма? Балалар қайда? Үйде деймісің. Дұрыс-дұрыс. Ешқайда бармасын. Мектебі құрысын. Бір-екі күнге ештеңелері кетпес. Болатжан қайда? Дежурствода? Бастықтары дежурствоға қоятын содан басқа адам таппай қалған екен, ә! Мейлі-мейлі енді Ана балаңа айт, алаңға барамыз деп, сорымызды қайнатып жүрмесін. Шетінен қамап, түрмеге тығып жатыр қазақтың өрімдей ұл-қыздарын. Мен де барам дейді?! Аяғына кісен салсаң да, үйден шығарма. Атасының он жыл Сібірде сарғайғаны да жетеді Қазақтың намысы?!.. Намысы әдіре қалсын!.. Қазақтың намысын жоқтаған адам біздің үйдегідей-ақ шығар!.. Содан шыққан ұшпағымыз қайсы де оған!.. Айт, әжең қайта-қайта қақсап жатыр деп. Радио деймісің?.. Жарайт, оныңды да тыңдармыз, как раз шай ішейік деп жатырмыз. Ал жақсы, ана үлкеніңді тырп еткізбе Соған әлің келетін шығар енді. Жарайт-жарайт, ал, жақсы

Талшын телефонның трубкасын орнына қойып, ас үйдегі үстелге келеді. Орындығына отырып, жағалай тізілген кеселерге шай құя бастайды.

Баймырза: Мәйкен бе?

Талшын: Иә, әлгі Болатты мекемесін күзетуге кезекшілікке жіберіпті. Түн ішінде жау алады дей ме екен сол көктігілгірді.

Баймырза: Жалғыз өзін бе?

Талшын: Жоқ, қасында адамдар бар көрінеді.

Баймырза: Жарайт, онда бір сыласы болар.

Талшын: Ана радиоңды қосшы. Жаңа Мәкентай хабар береді, тыңдаңдар деп жатыр еді.

Баймырза қабырғада тұрған радиоқабылдағыштың түймесін басып қалады.Радиодан диктор үні естіледі. «Бүгін 1986 жылдың 18-желтоқсаны. Алматы уақыты бойынша кешкі сағат 22.00. Соңғы хабарларды тыңдаңыздар. Үстіміздегі жылдың 17 және 18 желтоқсан күндері астанамыздағы Л.И.Брежнев алаңына бір топ наркомандар мен олардың ықпалына ерген оқушы жастар ереуілге шықты. Олар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің соңғы пленумының шешімдеріне наразылық білдіріп, ұлтшылдық, экстремистік, сепаратистік ұрандар көтеруде, сөйтіп, сүйікті партиямыздың айбынды авангардының салиқалы, парасатты шешімдеріне шәк келтіруде. Қазір алаңға шыққандардың арасында наркомандармен бірге маскүнемдердің де, түрмеден қашқандардың да үлкен тобы бары анықталып отыр. Республика еңбекшілері бұзақыларға қарсы өздерінің әділетті ашу-ызаларын білдіріп, олардың іс-әрекетін қатаң айыптауда. Осы кезге дейін редакциямызға сондай әділетті ашу-ызаға толы хаттар легі толассыз келіп түсіп жатыр. Енді сіздерді солардың бірнешеуімен таныстыра кетейік. Хат авторларының арасында қарапайым еңбекшіден бастап үлкен қоғам қайраткерлері, әйгілі халық әртістері, жазушылар, ғалымдар, интеллигенция өкілдері бар»

Баймырза ызалана мырс етіп, радиоқабылдағышты өшіріп тастайды.

Баймырза: Бізді құртып келе жатқан осындай жандайшаптар ғой. Интеллигенция өкілдері дейді тағы ұялмай. Интеллигенциядан садаға кеткірлер.

Талшын: Неменеге өшіріп тастай қойдың, тыңдайық та шамалы.

Баймырза: Тыңдарсың. Құлағыңыздың құрышын қандырар әлі талай әлгі интеллигенттерің бұлбұлша сайрап. Апырай, қасиетті қара жер ана да шыдамды екен осындайларды көтеріп жүрген.

Талшын: Әне, енді өзінікін дұрыстап шыға келеді. Сені бір Құдайдың өзі болмаса, ешкім түзете алмас.

Баймырза: Мені түзетудің қажеті жоқ.

Талшын: Ойбай, қойдық-қойдық /дастарқан үстінде манадан бері үнсіз отырған Қайсар мен Ақмаралға кезек бұрылып/. Ал, шырақтарым-ай, шай алдырыңдар. Мені іштей кінәлап отырған шығарсыңдар. Мына бір кемпір де бәле екен шапылдап деп. Уһ!..

Ақмарал: Апа , шынымды айтсам,мен сізді әбден түсініп отырмын. Шамасы, ағай бір кезде халық жауы ретінде ұсталып кеткен-ау деймін

Талшын: Қарағым-ау, бақандай он жыл отырып келді ғой бұл ағаң. 49-да кеткен, содан 59-да оралды ғой арып-ашып. Кенесары Қасымов деген ханды естулерің бар шығар, бұл ағаң со кісіні ұлт-азаттық көтерілісінің батыры деп еңбек жазған. О бастағы мамандығы тарихшы еді ғой. Ал басқа дөкей тарихшылар содан бұ байғұсты шибөрідей жабылып таласын кеп, «ұлтшылсың, байшылсың» деді, әйтеуір ағаш атқа теріс мінгізіп, соттатып тынды ғой. Жылап-еңіреп, шиеттей үш баламен мен қалдым. Әйтеуір көз жасымызды Құдай көріп, аман-есен оралды он жылдан соң. Әйтпесе талай арыстардың мәйіті қалды ғой Сібірдің құрт-құмырсқасына жем болып.

Ақмарал: Түһ, ағам, шынында да, герой екен ғой!..

Талшын. Ойбай, қарағым, өйдеме біреу-міреу есітіп қалып, тағы бәлесіне қалып жүрерміз. Герой болмай-ақ, өсітіп қалқиып жүргеніне шүкір дейміз біз. Қазақ атаң: « Екі елі ауызға төрт елі қақпақ» деген. Менің мына өмірден ұққаным, басқа асып-тасқан жұрттар не десе , о десін, ал біздің қазақтың екі елі аузына төрт елі қақпақ жарасқан, айналайын. Сендер жассыңдар, еріндеріңнен әлі уыз дәмі кепкен жоқ, ойбой, айналайындар-ай

Қайсар: Шеше, сонда немене, қазақтың өмірбақи осылай мүсәпір болып өтуі керек пе?.. Біздің , жастардың, енді құл болғымыз келмейді, мен манағы ағайдың айтқанына қосыламын, ар-намысымызды қашанғы кім-көрінгеннің табанына таптата береміз?!

Талшын: Қарағым, өзіңнің шешең бар ма елі?

Қайсар: Бар. Ауылда. Тура жасы да сіз шамалас. Манадан бері таң қалып отырмын тіпті сіздің кейбір дауыс ырғағыңызға дейін біздің апамдікіне ұқсас екен.

Талшын: Әне, шырағым, ендеше сол. Анаға ананың даусы да, тілегі де ұқсас. Біз ең алдымен сендердің амандықтарыңды тілейміз. Ойбай-ау, үкіметтің мұздай қаруланған әскеріне құр қолмен қандай қайран қылмақсыңдар? Құдай да күштіні жақтайды ма деймін кейде, босқа қырыласыңдар ғой, шырақтарым-ау.

Сыртқы есіктің қоңырауы шылдырайды. Дастарқан басындағылар үрпиісе қалады. Бір сәттік үнсіздік.

ТалшынТалшын/сыбырлай сөйлеп/ Е, Алла, жар бола гөр! Бұ қайсысы тағы түн ішінде? Мен барып «глазоктен» сығалайын. Сендер дымдарыңды шығармаңдар

Талшын: /аяғын ақырын басып, коридордың бойымен сыртқы есікке қарай беттейді. Сәлден соң қайтып оралады.Баймырзаға сыбырлап: Мәрия сылқым келіп тұрған. Маңдайын орамалмен таңып алыпты.

Баймырза: Орамалы несі?

ТалшынТалшын/жақтырмай/ Е, мен қайдан білейін

Баймырза: Қой, аш не де болса. Өзінің шаруасымен жүрген шығар жай.

Назад Дальше