Күзгі романс - Серік Асылбекұлы 2 стр.


Сайлау стенканың есігін ашып, біртіндеп киім-кешектерін, өзіне тиесілі басқа да заттарын жинастыра бастады. (Назымға бұрылып). Менің ана командировкаға шыққанда ұстайтын польский қара чемоданым қайда?

Назым. Мен сенің чемоданыңның күзетшісі ме едім? Тап өзің керек болса! Вообще, енді сен менен бірдеңе сұрағаныңды қой, біз екеуміз бүгіннен бастап айырылысқан адамдармыз!..

Сайлау.(Костюм-шалбарын, көйлек-көншектерін, іш киімдерін, шұлықтарын диванның үстіне пәттелеп қойып жатып). Жарайды, жарайды!.. Так Заттар түгенделген сияқты. (Үстіндегі костюмінің қалтасын қарманып). Паспорт қалтада. Енді чемоданды табу керек.

Жан-жағына алақтап сәл тұрды да, жалма-жан астына орындық қойып, антресольдің ішін ақтара бастайды.

Назым. Ақтарма оның ішін, әдемі жинаулы тұрған заттарды бүлдіресің, бүлдіргі!..

Сайлау. Мен чемоданды іздеп жатырмын.

Назым. О жерде жоқ чемодан!

Сайлау. Айтсаңшы енді, қайда?

Назым. Бүгіннен бастап біздер айырылысқан адамдармыз, менен енді ештеңе сұрама дегенім қайда жаңа ғана!? Не қылған кещесің!

Сайлау. (Басын шайқап, орындықтан түсіп жатып). Не деген мәдениеттілік!..

Назым. Мәдениетің өзіңе, білдің бе! Еще бұған мәдениеттілік керек!

Сайлау басын шайқаған күйі келесі бөлмеге қарай бет алды. Чемоданды іздеуге. Арғы бөлмеден чемодан іздеп жүрген Сайлаудың тасыр-тұсыры естіліп жатады. Арада 2-3 минут өткенде қолына спорттық сумка ұстап, залға қайта оралады да, сумкаға жаңағы диванның үстінде тұрған киім-кешектерін пәттелеп сала бастайды. Алайда, оқиғаның барысын мұқият бақылап тұрған Назым күйеуінің бар еңбегін жоққа шығарып, оның қолындағы сумканы жұлып алады да, ішіндегі заттарды қайтадан диванның үстіне ақтарып тастайды.

Назым. Тиюші болма бұған! Бұл Арманжанның тренировкаға апаратын сумкасы!..

Сайлау. Чемодан болса жоқ, ал сумканы тағы бермейсің. Сонда мен мына киім-кешектерімді қайда салуым керек?

Назым. Қайда салсаң онда сал! Қапқа сал, дорбаға сал! Арманжанның сумкасына тиісуші болма!..

Сайлау. Оу, жарқыным! Осы үйге менің де бір сумканың құнына татырлық еңбегім сіңген шығар?..

Назым. Ешқандай да еңбегің сіңген жоқ! Пә»терді де он жыл кезекте тұрып өзім алдым. Мебельді де, бәрін де! Ең ар жағы телефонға дейін өзім құрғыздым ғой. Өтірік деші!.. Ал сен жүрдің ана шуылдақ әртістеріңді ертіп, гуляйтты салып! Зөіңше режиссермін, ондаймын-мұндаймын деп көкіректенесің. Ал қолыңнан түк келмейді. Міндетсіп тұрғаның менің етігімнің бір сыңарына да жетпейтін қайыршының асындай айлығың ба?! Ол өзіңнің ішіп-жеуіңнен де ауспайды, білдің бе! Өмір бойы менің мойныма мііп алғансың, ал мен байғұс осының бәрін тірнектеп жинаумен келемін. Арамтамақ!..

Сайлау. Так-так!..

Назым. Не так-так!.. Жиырма жыл театрда жүргенде ең болмаса жөні түзі бір спектакль қойсаң екен-ау! Кілең бір халтура! Өңшең бір ах-ох!.. Уһ!.. Жалған патетика, өмір шындығына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өтірік сюжеттер!.. Жөнді-жөнсіз айқай-шу, тасыр-тұсыр!.. Кілең бір Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Айман-Шолпан!..

Қай ғасырда өмір сүріп жатырсыңдар, жаратқандарым-ау?! Тым болмаса айналаларыңа бір мойын бұрып қарасаңдаршы! Өмір танымастай өзгерді, өзгермеген сендер ғана! Қазір Қазақстанда капитализм, жан алысып, жан беріскен бәсеке, бірін-бірі жеп қойғысы кеп жанталасып жүрген адамдар, в конце концов свободный рынок! Ал сендердің театрларың ше? Сендердің театрларыңда сол баяғы сүйегі әлдеқашан қурап қалған феодализм мен социализм Кісінің жүрегін айнытатын жылымшы романтика! Прагматикалық салт-сана, ХХ ғасырдың соңындағы қатал өмір шындығы қайда?! Ол атымен мүлде жоқ! Жоқ и все Өйткені сендер шеттеріңнен кембағал бейталанттысыңдар, примитивсіңдер! Өткенді ғана малданып әбден жаман үйренгенсіңдер, ал өздеріңнің қолдарыңнан жаңа бірдеңе жасау мүлде келмейді. Соған қарамай еще кеуделерің аяққаптай!

Не аузыңды ашып аңқия қалдың?!

Сайлау. Айт, айта түс! Мен өзім білмей жүрсем, сен әжептәуір сыншы екенсің ғой. Сені біздің театроведтермен таныстырып қою керек екен өзі.

Назым. Керек еді маған сенің сыншыларың!.. Сендерді бар ғой бәріңді ана қызметтеріңмен қуу керек! Әлгі кім еді Әртістер, драмттургтер сыншылар, ғалым-палымдар бәріңді-бәріңді!.. Өйткені қоғамға титтей пайдаларың жоқ арамтамақсыңдар өңшең! Қолдарыңнан жоғарыдағы бастықтарға жағымпазданғаннан басқа түк келмейді. Дәмететіндерің атақ, аброй, ақша және бір кішкентай кресло!.. Сөйтіп жүріп сендерден өнер, ғылым қайдан шығады, а, айтшы кәне?!

Сайлау. Сонда, сеніңше, Қазақстандағы бүкіл театрларды, ғылыми мекемелерді, тағы не еді Иә, жоғары оқу орындарын, лабораторияларды бәрін түгел жабу керек пе?

Назым. Іһ Жапса несі бар екен?! Егер мен үкімет басшысы болсам, дәл солай етер едім! Мысалы, тап мына сенің орныңда Англиядан, как ни как Шекспирдің Отаны ғой,  бір-екі режиссер, драматург, ал ана сенің шуылдақтарыңның орнына Голивудтан бірнеше әртіс алып келіп, бәріңді түріп айдап шығар едім! Ал олар болса, Құдайға шүкір, өнерді де, нарықтық бәсекені де сендерден әлдеқайда жақсы біледі.

Сайлау. Үкімет басшысы болсаң, біздерді қоңыз тергізіп, қаңғыртып жіберетініңе шүбәм жоқ. Ал енді сонда ана жүздеген, мыңдаған ғылыми мекемелерді, онда істейтін қызметкерлерді қайтесің? Сен жалғыз театрда істейтіндерді ғана емес, жалпы, интеллигенция қауымын иттің етінен әрмен жек көресің ғой.

Назым. Оларды да түріп айдап шығу керек! Сендердің бәрің бір сорттансыңдар!.. Ал ғылыми мекемелерге, жоғары оқу орындарына келетін болсақ, олар жұмыстарын жалғастыра береді. Оларға біз ана Америка, Жапония, Англия, Франция,Сингапур, Қытай тағы да басқа алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің ғалымдарын шақырып әкеп, орналастырамыз. Дамытсын қазақтың ғылымын!.. Ақшаларын төлейміз дұрыстап, ақша болса, бәрі болады, білдің бе?!

Сайлау. Түсіікті, түсінікті Бірақ олар сенің ана жандосов пен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы жекеменшік дүкеніңнің ішіндегі заттар емес шығар.

Назым. Немене дүкен-дүкен!.. Біле білсең, сол дүкеннің арқасы шығар сенің осылайша талтаңдап жүргенің. Оны да мен аштым ғой талай чиновниктің есігін адақтап жүріп!.. Біреуін әкелеп, біреуін көкелеп. Қанша жүйкем, денсаулығым құрыды сол дүкенді ашқанша!.. Сен жүрдің шуылдақтарыңмен бірге анда-мұнда гуляйттап! Айтып отырмын ғой, сендердің бәріңді түріп айдап шығу керек деп! Сендер нағыз бүлдіргісіңдер!..

Сайлау. Сендерің кім сонда? Әлгі әртістер, ғалымдар, драматургтер, тағы кім еді, иә-иә, режиссерлер ме?..

Назым. Иә-иә, нақ солар!..

Сайлау. Ол енді қиындау болар. Оларды сен секілділердің талайы ғасырлар бойы қуғындап, бірақ ақыр аяғында түк шығара алмай, шаршап қойған. Айналаңа назар салшы, кімдердің ескерткіштері тұр біздің қаламыздың алаңдары мен скверлерінде, демалыс парктерінде?!. Бәрібір адамзатпен бірге мәңгі жасасып келе жатқан солар емес пе?

Назым. Өліп қалғаннан кейін қойылған көктастар кімге дәрі?! Маған бәрі тірімде керек, білдің бе?.. Ал, между прочем, ондай ескерткіштер бар ғой саған бұ дүниеде де, о дүниеде де қойылмайды. Іһ!.. Ызғыған режиссер мен әртістің бәріне бір-бір ескерткіштен қойсақ, сау-тамтығымыз қалмас! Дүниежүзілік банк сарапшыларының мәліметі бойынша, Қазақстан адам индексінің дамуы жөнінен жер шарындағы 191 мемлекеттің ішінде 83-орында тұр. Демек, біз Африкадағы, Оңтүстік Америкадағы кейбір дамушы елдердің қатарындамыз. Сондықтан ондай сән-салтанатты біздің мемлекетіміздің бюджеті көтермейді. Енді түсінікті шыған саған?!

Сайлау. Маған ешқашан ескерткіш қойылмайтынын мен сенсіз де жақсы білем. Мәселе мен туралы емес, жалпы, өнер, ғылым жайында емес пе. Сен қазіргі замандық бизнестің озық ойлы өкілісің ғой, қалайша осындай жай нәрселерді түсінбейсің? Таңым бар. Әлде

Назым. Әлде-әлдеңді қойшы, осы кісінің жынын келтірмей! Әй, айтпақшы, осы саған ерегіскенде, сондай ескерткішті мына мен өзіме дәл күні ертең орнатайын ба?

Сайлау. Мына сен бе?!

Назым. Иә, мына мен, Назым Еркеболатқызы.

Сайлау. Так-так, құлағым сенде

Назым. Сен кісінің сөзін бөле бермей, дұрыстап тыңда. Құдайға шүкір, жаңағы сен айта беретін жекеменшік дүкенінің арқасында мен де қолында билігі бар, влиятельный таныстардың жеткілікті екенін өзің жақсы білесі. Ертең саған ерегіскенде қалалық әкімшілікте істейтін солардың біреуіне барамын да,  как раз біздің дүкеннің алдында бұрын шашлычный болған бір шағын алаң бар,  тап сол жерді ойып тұрып сатып алам. Сонан соң әлгі сенің Ермек деген бір бұйрабас, ішкіш скульптор жолдасың бар еді ғой, соған заказ беремін. Бейшара қазір болса да жұмыссыз қаңғып жүр ғой, мен бар шаруаны жиып тастап осы іске кірісем. Ертеңнен бастап! Осы келмей ме менің қолымнан, айтшы, а?!

Сайлау. Келеді-келеді. Бірақ мен бір нәрсеге түсіне алмай тұрмын.

Назым. Неғып сен осы бүгін бәрін түсіне алмайтын бола қалғансың! Әшейінде ауыздыға сөз бермейтін ақылдың кені данышпан едің ғой.

Назад Дальше