Әркімнің сүйген жары өзіне сұңқар», деп желе жөнеліпті.
ӘРКІМ ӨЗІНЕ ҚЫЛАДЫ
Біреуге жасаған жақсылығың да, жамандығың да, ерте ме, кеш пе, өзіңе қайтып айналып келеді. «Әркім өзіне қылады» деген мақалдың мағынасы осы.
Бір патша өзен бойында серуендеп жүріп, балықшы шалға кезігеді. Патша шалға сәлем берген екен, шал:
Әркім өзіне қылады, деп кете береді. Келесі күні балықшы шалды көріп, тағы сәлем береді. Балықшы:
Әркім өзіне қылады, деп, тағы да аялдамай кетіп қалады. Үшінші күні патша сәлем бергенде тағы да сол сөзді естиді.
Патша ордасына келген соң, балықшы шалдың бұл сөзінің мәнісін білмек болады да, жақсы көретін екі уәзірін жіберіп, балықшы шалды алдырады.
Балықшы ордаға келген соң, өзінің терең ойлы, қызықты әңгімесімен патшаны баурап алады. Әңгімеге айрандай ұйыған патша балықшы шалдың «Әркім өзіне қылады» деген сөзінің мәнісін сұрауды да ұмытып кетеді.
Сөйтіп, патша мен балықшы шал бал жаласқандай тату болады да, бір дастарқанда ас ішіп, әңгіме-дүкенін құрып жата береді. Күндер де зымырап өте береді.
Патшаның жалбыр тонды, жыртық шақайлы балықшы шалды ордасына алып келіп, киіндіріп баптап, соншама қадірлеп жақсы көріп кеткеніне іштері күйген екі уәзір патша мен балықшы шалдың арасындағы қыл өтпес татулықты қалай ірітіп, бір-бірінен алшақтатудың амалын ойлапты. Сөйтіп, олар балықшы шалдың жататын бөлмесіне кіріп:
Құрметті ақсақал, дейді сыпайы сөйлеп, патшамыз сіздің аузыңыздан шыққан лептің сасықтығынан жиреніп: «Бұдан былай менімен дастарқан басында тамақ ішуден тыйылсын, жаныма жолатпаңдар» деп бұйырды, дейді.
Балықшы шал жұмған аузын ашпайды.
Күндер өте береді. Балықшы шалдың қасына не себептен келмей жүргенін білмек үшін патша екі уәзірін шақырып алып, сұрайды. Сонда бір уәзір тұрып:
Алдияр тақсыр, ұмытып барады екенмін. Ол кісі «патшаның аузы тым сасық екен, онымен бірге отырып тамақ ішпеймін» деп келмей жүр, деп мәлімдейді. Өңі сұрланып, ашуға булыққан патша:
Ол бетпақ, арсыз қақбасты зынданға тастаңдар! деп бұйырады. Осы жарлықты күткен уәзірлер патша әмірін табанда орындайды. Екі уәзір ойлаған мақсаттарына жетеді.
Ағып ай, жылжып жыл өтеді. Зындандағы күнәлілерді жылына бір тексеріп тұратын бұл патшаның дағдысы екен. Сондай тексеріп, үкім шығаратын уақыт жетеді. Сонда балықшы шалдың қылмысын тексере келгенде, оның күнәсі «патшаның аузы сасық» деген сөз екен. Тексерушілер шалды патшаның алдына алып барады.
Патша мен балықшы шал беттесіп сөйлескенде, екеуінің де мұндай сөз айтпағаны, бұл сөзді екі уәзірінің ойдан шығарғаны, екеуінің терең татулығын бұзбақ болғаны анықталады.
Бұл ахуалды білген соң, патша қатты қаһарланады. Кәріне мініп, ашудан қалтырап кетеді. Жендеттерге екі уәзірінің басын табанда алдырады. Сонда балықшы ордасына неге алдырғаны қалт есіне түседі. «Әркім өзіне қылады» деген сөздің мағынасын айқын түсінеді. Содан кейін балықшы шалды уәзірлікке тағайындайды. Сөйтіп, әділ билігімен даңқы жайылады.
Б
БАЙЛЫҚ ҚОЛДА ҰСТАҒАН МҰЗ,
БАҚ ҰЗАТЫЛҒАН ҚЫЗ,
БАЛА АДАМНАН ҚАЛҒАН ІЗ
Дүние-байлығың еріген мұздай жоғалып, жарлы болуың оңай, бақ та басыңа қонып, енді бірде ұзатылған қыздай тастап кетеді. Ал артыңда қалған балаң өміріңнің жалғасы, үйіңнің отын сөндірмей, ұрпақ үрдісін жалғастыратын із сияқты мәңгілік дегенді аңғартады.
Бірде Шымкентте өткен ояздық жиналысқа Шойынбет би төрелік жасайды. Келгендердің кейбіреуі оның шағын денесіне, жұпыны киіміне қарап, «Мына түріңмен қандай билік айтып жарытарсың» дегендей сыңай танытады. Сонысын дәлелдегісі келген әлгілердің бірі: «Шойеке, менің сізге сауалым бар, соған жауап беріңіз», деп қолқа салады. Шойекең бұған қарсылық білдірмейді.
Байлық жақсы ма, бақ жақсы ма, бала жақсы ма? дейді әлгі.
Сонда Шойынбет:
Байлық қолда ұстаған мұз, бақ ұзатылған қыз, бала адамнан қалған із, деп жауап қайырыпты.
БАҚ ҚАЙДА БАРАСЫҢ ЫНТЫМАҚҚА БАРАМЫН
Өзараынтымақты, тату, сыйластығы жарасқан отбасының береке-бірлігі де мызғымайды, ырысы молайып, бақ-дәулеті артады, деген мағынаны береді.
Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп, батасын алады.
Бірде Төле бала Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келген Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ», дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.
Балам, мынаны сындырып көрші?
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы?
Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:
Бұдан не түсіндің, балам? дейді.
Сонда Төле бала:
Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: Ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, «бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады» дегеніңіз ғой.
Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, депті.
БАҚ ҚАРАСЫН, ҚЫДЫР ДАРЫСЫН
Ертеде Бақ пен Қыдыр Қаратаудың жотасымен келе жатқан екен. Оларды көріп жетім-жесір, ғаріп-кесір, бай-манаптар шапағат етуін сұрап, жабылады. Бәрі Қыдырдың шапанына жармасады. Біреулері аса таяғын ұстап, енді бірі бөркін сипап тілектерін айтып жатады. Қасында келе жатққан Бақты ешкім елемепті. Ол кезде жұрт Бақты танымайды екен. Үстіне ескі шапан, жыртық қалпақ киген оны жұрт менсінбепті. Бақ ат жақты келген, қасының түктері көзіне түсіп, көп нәрсені көрмейді екен. Айналасындағы у-шуды түсінбей:
Мына шуылдақтар кімдер? деп қалың қасын жалп еткізіп, басын жоғары көтеріп қалғанда, қыр басындағы кемтар қызға көзі түсіпті. Оны көрген Қыдыр ақ таяғын кемтар қызға қарата нұсқайды да, қаумалаған көпшілікке:
Бақ қарамаса, мен дарымаймын. Бүгін бақтың көзі қырдың басында тұрған қызға түсті. Сендер бақтың киімін қомсынбай, соған жақындағанда, мен сендерге назар салар едім, дейді де, Бақ екеуі көзден ғайып болады.
Бақ қарап, Қыдыр дарыған кемтар қыз ауруынан сол сәтте сауығады. Артынша тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болған екен. Алла бір басына жететін дәулет беріп, мұратына жетіпті.
Ел арасында «Бақ қарасын, Қыдыр дарысын» деген тәмсіл осыдан қалған екен.
Бата, тілек құрамында көп кездеседі, ырыс-несібелі, бай-дәулетті, жолың болсын, мақсат-мұратыңа жет деген жақсы лебіздердің жиынтық-түйіні іспетті.
БАЛА ӨСІРСЕҢ,ШАЛА ӨСІРМЕ
Баланы ешкімнен кем қылмай ішіндіріп, киіндіріп, тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай, мәпелеп өсіріп келем, енді одан артық не керек деп, оның тәрбиесіне көңіл бөлмейтін немесе немқұрайлы қарайтын ата-аналарға балаңды шала өсірме, оның тәрбиесіне, рухани жан-дүниесіне де ден қой дегенге меңзейді.
Қабыланның* күшігі қызылшақа, әлсіз болып туылыпты. Оны көрген аю, жолбарыстар «Сен бала емес, құбыжық таптың» деп мазақтай беріпті. Аңдардың келемежіне намыстанған қабылан тау шатқалындағы аңойнақтан безіп, мал өрісін сағалап жүреді екен.
Бір күні мал соңында қозысын емірене жалап тұрған қара саулыққа кез келіпті. Құлақтары салпиып, аяқтары маймиып тұрған кішкентай қозыны көрген қабылан:
Ей, қоңыр қой, момын қой,
Мұндай бала сорың ғой.
Жаламасаң жетпей ме,
Өзі жүріп кетпей ме?
деп сөгіпті. Сонда қара саулық айтыпты:
Сылапсипап қарамасаң,
Жас кезінде жаламасаң,
Еміреніп емізбесең,
Жемге үйретіп жегізбесең,
Бала қайтіп оңады,
Қалай өсіп толады?
Бұл сөзге ойланып қалған қабылан өз басындағы мұңын айтып, қара қойдан ақыл сұрапты.
Атым қабылан, затым аң, атамыз арыстан, нағашымыз жолбарыс, ағайынымыз барыс. Бәріміз де мықты едік. Алайда осы бір балам қортық болып туылды. Мазақтан өлер болдым. Сен адамға жақынсың ғой, бір ақылын айтпайсың ба? депті.
Қара саулық та қабыланның алғашқы кездегі тәкаппарсына сөйлегеніне қарай:
Сіздің бойыңыз үлкен болса да, ойыңыз өспеген тәрізді. Баланы табуды білген жан-жануар оны бағып-қағып, мәпелеп өсіруді де білуге міндетті.
«Бала өсірсең, шала өсірме» дейді шопандар. Балам жақсы болып өссін десең, көп жала, көп қара. Көп жаласаң жүн бітеді, көп қарасаң сын бітеді. Ең әлсіз де нашар бала құстардың тұқымы. Олар жұмыртқаның ішінде кілегей уыз болып жатады. Ерінбей шайқап, жалықпай басқан құстар сол шаранадан балапан ұшырады. Мысық екеш мысық та соқырына* мейірлене қарап, мекірене жалап өсіреді, депті.
Қара саулықтан кеңес алған қабыланның сол баласы мысық сияқты тарғыл, кішілеу болғанымен, күшті, жүйрік, көреген және епті болып ер жетіпті. Сілеусін дейтін аң осы қабыланның баласы болса керек дейді қарттар. «Бала өсірсең, шала өсірме» деген сөз содан қалса керек.