Жоқ, деп дәрігер мысқылдай күле, қылышты барынша жоғары көтеріп, семсерді оның жүрегіне сұқпақ болған сол еді, оның алқымына Сұлу артынан келіп пышақ тақады.
Тағы бір қимыл жасасаң өлесің, деп қолындағы пышағын дәрігердің алқымына қаттырақ басты. Алқымы кішкене тілініп, шыққан қан төмен ақты.
Ал енді қолыңдағыны Ерұланға бер, деді Сұлу.
Дәрігер кішкене ойланып, басқа таңдауы қалмағанын түсінді де, семсердің сабын жерге қаратып Ерұланға ұсынды, Ерұлан жерде отырған күйі семсерді оң қолымен, қатты қысып ұстады.
Енді ақырын отыр, ешқандай артық қозғалыс болмасын, деп онымен бірге Сұлу жерге тізерлей отырды.
Бұл істеріңе әлі өкінесіңдер, себебі сендер баланы қайда алып қашсаңдар да, хан оны тауып алады, деді Дәрігер.
Оған бала не үшін керек? деді Ерұлан.
Мен оны саған өлсем де айтпаспын.
Дәрігер аяғын бүгіп отырғаны сол еді, Ерұлан семсердің жалпақ бетімен оның жүзінен ұрды, әлгі соққыдан дәрігер есінен танды. Сұлудың әлі құрығаны соншалықты, ол аяқтарында әрең тұрды.
Мұнда не болып жатыр? деді ол бәсең дауыспен.
Ерұлан орнынан тұрып жансызданған қол-аяғын сілкіді де, ес-түссіз жатқан дәрігерге көз тастап:
Саған барлығын кейін түсіндіремін, мынадан көз алушы болма, егер артық қимыл жасаса, сен білесің не істеу керектігін, деп оған қылышты беріп, сыртқа қарай жүгірді.
Тоқта, Ерұлан, қайда барасың? деп Сұлу артында айқайлап қалды.
Бұл уақытта көмекші сарайдан сытылып шығып, белбауында тұрған көк түсті таяқшаны қолына алып, аспанға қарата, түбінен соқты, тарс етіп жарылыс естілді де, аспанда көк түсті түтін пайда болды және ол бірден жайыла Ерұланың сарайының төбесін жапты.
Айнала қараңғылау болғанына қарамастан, түтінді көру ешқандай қиындық тудырған жоқ. Сосын көмекші, белбауындағы сыбызғыға ұқсас дабылдағышты қолына алып, терең ауа жұта, оны барынша үрледі қасқырдың ұлығанына ұқсас дабылдағыштан шыққан дыбыс, қалада жаңғыра естілді. Дабылдың дауысынан шырт ұйқыда жатқан қала тұрғындары да ояна бастады.
Бұл уақытта әскери қоныстағы сарбаздардың барлығы ұйқыда жатты, тек жиырмаға жуығы кезекшілікте болды, Ерұланның сарайы әскери қоныстан алыста орналасқандықтан, көмекші берген дабылдың дыбысы оларға ақырын естілді.
Мынау дабылдың дыбысы емес пе? Сен естіп тұрған жоқсың ба? деді кезекшіліктегі сарбаз екіншісіне, олар кішене үнсіздікте қалды, алайда дабылдың дыбысын естіген жоқ.
Жоқ, саған жай естілген болар, деді ол, бірақ артынша екінші рет берілген дабыл олардың құлағына анық естілді
Естідің бе? деді біріншісі жолдасына жалт қарай.
Иә мынау дабыл, кәне дауылпазды қақ, мен қолбасшыға хабар берейін, деп ол айқайлады.
Олардың бірі қоршаудың үстімен жүргіріп, дауылпазға беттеді, ал екіншісі әскери қоныстың қолбасшысы Даттың шатырына бет алды. Сарбаз дауылпазды соққанда, оның күркіреген үні қалада жаңғырды.
***
Ерұлан сыртқа шығып жан-жағына жылдам қарап көмекшіні іздеді, оның ойында дәрігердің көмекшісін тоқтату. Ол сыртқа шыға салысымен, аспанды жапқан көк түсті түтінді көрді, ал артынша көмекшінің берген дабылын естіді, сол сәтте Ерұланға қарай бірнеше сарбаз жүгіріп келе жатты.
Қарғыс атқыр! деді ол, сосын сарбаздарға қарап: Сарайдың барлық қақпаларын жабыңдар, барлық сарбаздарды жинаңдар және маған Батыраны тауып келіңдер деп ол кідіре, күйме дайындаңдар, ең жылдам шабатын жылқыларды жегіңдер, дегені сол еді, оның құлақтарына әкери қоңыраулардың дыбысы жетті. Ерұланның ойына бірінші кезекте соңғы бірнеше ай бойы оған маза бермей жүрген түсі келді, құдды оның түсінде көргені өңінде қайталанып жатқандай, бойын үрей басып, не істерін білмей кішкене орнында тұрды.
Сосын есін жия кітапханасына жүгірді, кітапханасына асыға кірді, алайда қорап орнында жоқ болды, оның орнында Ерұланның киімі ғана жатты. Ерұлан мұны көріп, санасында сан қилы ойлар туындады. Ол үстелге ақырын жақындап, киімін алған кезде, үстел үстінде оған беймәлім кітап жатты, Ерұлан басында ештеңені түсінген жоқ, ол кітапқа қарап тұрды, Ерұлан қорапты біреу алып кетті деген ойға келді, бірақ кітапты қолына алғанан кейін бәрін түсінді Қоңыр түсті кітаптың сыртында алты түрлі, ол бұрын-соңды көрмеген жануардың таңбасы екі қатарда бейнеленді, ал Ерұланда ондай кітап болған емес. Кітап бетіндегі ең соңғы таңба жаңа ғана дүниеге келген баласының арқасындағы таңбадан еш айырмашылығы жоқ.
Бұл нені білдіреді? Қораптың ішінде, кітап болғаны ма? деп, кітаптың ішін ашып еді, оның ішінде ешқандай жазу, ештеңе болған жоқ, Ерұлан кітапты бірнеше рет парақтап қарап шықты ештеңе таппады, ол кітаптың бос екенін түсінді, қарғыс атқыр! деп ол кітап пен бас сүйекті қоржындарға салып, онымен қоса көптеген қағаздар мен Бабадүрдің кітабын қолтығына қыстыра, сыртқа алып шықты.
Сыртта оны сарбаз алып келген күйме күтті, баспалдақпен жылдам түсіп, сарбазға:
Есікті аш! деп айқайлады. Есік ашылысымен ішіне қолындағыларын лақтырып, ол жылдам Сұлу жатқан бөлмеге қайта оралды, бөлмеге кірген кезде, Сұлу баласын қолына алып, оның жүзіне күлімсіреп қарап отырды. Сұлу бірден назарын Еұланға аударып:
Мұнда не болып жатыр? деді. Ерұлан есі ауысқан адам сияқты бөлме ішінде ары-бері жүріп, көзіне түскен матамен ес-түссіз жатқан дәрігерді қолдарын арқасына байлады. Сұлудың жанындағы семсерін қолына алып, қайта қынабына салды да:
Жылдам жинал, біз қаладан қашамыз.
Не? Сен маған тіпті не болып жатқанын да айтқан жоқсың ғой, мынаның барлығы не үшін болып жатыр? Неге сені дәрігер өлтірмек болды? Не үшін біз қашуымыз керек? деп ол Еұланға айқайлай сөйледі. Ерұлан терең дем тартып, күрсіне қайта шығарды, Сұлудың жанына барып, қолындағы баланың арқасын көрсетті:
Мына таңбаны көрдің бе? Дәрігерлер қалада бостан-босқа жүрген жоқ, олар денесінде таңбасы бар балаларды іздеп жүр; дәрігер біздің баламызды тартып алғысы келді, себебі балалар ханға керек және оларға мұндай балалардың не үшін керек екендігін мен білмеймін, бірақ олар балаға қол жеткізбей тоқтамайды, ал егер біз мұнда осылай сөйлесіп отыра берсек, оларға бізді ұстауға үлкен көмек көрсетеміз деп орнынан тұра, маған сен, өтінемін, тек маған сен, енді артық сөзді қойып, соңымнан ерші, деді Ерұлан оны құшақтай.
Сұлу орнынан атып тұрып, баланы Ерұланға ұстата, үстіне қалыңдау киім киіп, Ерұланға дайынмын дегендей басын изеді. Ерұлан: бір қолымен баласын, екінші қолымен Сұлуды ұстап сыртқа асыға жүрді.
***
Бұл уақытта әскери қоныста қарбалас басталды, дабылдың дыбысын естіген сарбаздар асыға киініп, сыртқа шығып, тізіліп сап түзеді. Қатты дауыстан жеке шатырында жатқан Дат шошып оянды, далаға жартылай жалаңаш күйі жүгіре шыққан ол айналасындағы қарбаласты көріп:
Мұнда не болып жатыр? Дабыл не үшін соғылуда? дегені сол еді, ол қаланың оңтүстігіндегі алып көк түтінді көріп, баланың табылғандығын түсінді. Жылдам қақпаларға барыңдар, қақпаларды жабыңдар, ешкім менің рұқсатымсыз қаладан шығушы болмасын, деп айқайлады. Оның жанына әлгі сарбаз келіп:
Мырза, дабыл беріп жатқан адамды не істейміз? деді.
Оның бізге қазір қажеті шамалы, баланың қайда екенін, біз ана көк түтіннің арқасында табамыз, бірақ сонда да оны тауып, маған алып келіңдер, деп шатырына кірді.
Дат ұзын бойлы, арық денелі мұртты адам, сол көзінің астыда үлкен тыртық бар, Дат әлсіз көрінгенімен, қару-жарақты шебер қолданады, ал жіңішке жүзі суық әрі қатал көрінеді.
Ол шатырына қайта оралып, ағаш ілгіштегі сауыт-сайманын асыға киіп, аз уақыттың ішінде сыртқа шықты әскери қоныстың алдында мыңға жуық атты әскер жиналды, Дат олардың алдында тұрып, барлығына көз жүгірте, оған алып келген аттың үстіне үндеместен қонып:
Қазір біздің жолымызды бөгеп, мақсатымызға жетуге кедергі жасағандардың бәріне аяушылық танытпайсыңдар, соңымнан еріңдер, деп түтін тұрған жаққа қарай аш қасқыр сияқты шаба жөнелді.
***
Ерұлан Сұлуды жетектеген күйі сыртқа ұмтылды, оның бойын қорқыныш пен қобалжу торуылдады, жүрегінің қатты соққандығы соншалықты, кеудесінен атып шығып кететіндей күйге түсті, ал денесінен мұздай тер бөлініп, тынысының қатты болғандығы сонша, оның дыбысы Сұлуға естілді.
Біз енді қайда барамыз, барлық қалада, барлық жерде сарбаздар бар емес пе? деді Сұлу.
Мен бағаналы бері соны ойлап келемін, қайда барамыз, не істейміз және мынаның ақыры не болып аяқталмақ? деді, оның Сұлудың қолын қысқандығы соншалықты, Сұлудың саусақтарының ұшы қызарып кетті. Сұлу ешқашан Ерұланның бұлай қобалжығанын көрген емес. Менің әкемнің інісі Нариманды білесің бе? Ол Жент қаласының сұлтаны ол бізге көмектеседі, кезінде әкем оны бір өлімнен алып қалған, ол бізге кез келген уақытта және кез келген жағдайда көмектесетінін айтқан, сонда баруымыз қажет, алайда онда жету оңайға соқпайтын сияқты деп кішкене кідірді де, біз ол қалаға жету үшін Батыс орман арқылы жүруге мәжбүрміз дегені сол еді.