Ел ішіндегі экономикалық саясатты дамыған елдермен салыстырып талдау жасаса, міндетті түрде мүдделер қақтығысы туындайды. Себебі, салыстырмалы сараптама өз мүдделерін ақтамаса, Үкіметтің тең жартысы оны ауыр қабылдайды. Сараптама олардың дұрыс жұмыс істемей жатқанын көрсететіндей қабылданады. Ертеде жаман хабар әкелетін жаушының басын алатындай, Үкімет басшысы кімнің басын алсам деп іздестіретін. 2005-жылы Үкімет басшысы Ахметов Даниял Кенжетайұлы болды. Өте қағылез, тым өктем адам. Сондықтан, Президентке жазылатын әрбір сараптамалық хатымыздан соң ол министрлерін жинап алып, дүрсе қоя беріп, қатаң жазалайтын.
Бір күні айтарлықтай оқиға болды. 2005-жылы барлық ұлттық компанияларды шикізаттық, коммуникациялық және жалпы Қазақстанның экономикасының іргетасы саналатын біріктірілген холдингтер құрылды. Холдингтер басшысының бірі ұлттық компанияны басқарып тұрған басшының жалақысы тым қомақты екенін анықтайды. Соны Президент әкімшілігіне хабарлайды. Әкімшілік басшысы Жақсыбеков Әділбек Рыскелдіұлы ұлттық компания басшыларының жалақысы жөніндегі көрсеткіштерді сұратты. Мен ол кезде Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің меңгерушісі едім. Біз барлық компанияларға сұрау салдық. Бәрін бір кестеге жинақтадық та, Ақордаға жібердік. Бір аптадан кейін Қауіпсіздік кеңесінің жиыны болатыны ескертілді. Менің үстімнен қарайтын басшылардың барлығы сол сәтте орнында болмай шықты әдейі кетіп қалды ма, әлде жағдай солай болды ма, білмеймін. Олар ұлттық компания басшыларының жалақысы туралы есеп берулері керек еді. Бір күн бұрын Қауіпсіздік кеңесінің қызметкері хабарласып, баяндаманы оқитын адам жоқ, соны сіз оқисыз деп айтты. Мен қызмет лауазымым бойынша Қауіпсіздік кеңесінде баяндама жасауға тиісті емес едім. Бірақ, басқа амалым болмады. Ертең қандай шу боларын ойлап, жалақы кестесі мен халықаралық тәжірибе бойынша шетелде мемлекеттік компаниялардың жалақысы қалай жасақталатыны туралы бір парақты ала салдым.
Біздің сауал екінші кезекте тұрған. Мен есіктің сыртында күтіп тұрдым. Бір сағаттан кейін Қауіпсіздік кеңесінің мәжіліс залынан Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері шықты. Оңтүстік Қазақстан облысындағы СПИД-тің таралуына байланысты министрді орнынан алды. Сол сәтте жаңасын тағайындады.
Біздің сауал менің баяндама жасауымнан басталды. Мен жалпы ұзынсонар баяндама жасамайтын адам едім. Ал, бұл сауал баяндамасыз да түсінікті болған. Ұлттық компания басшыларының бір айлық жалақысы туралы кестені оқып бердім. Фамилияларын атамадым. Онсыз да жүйкелері тозып отырған қатысушылардың қитығына тигім келмеді.
Сараптамада не дедім? Жалақы тым жоғары. Ұлттық компаниялардың жалақысын реттейтін нормалар жоқ. Дамыған елдерде жалақыны заңмен реттеп, директорлар кеңесі тағайындайды.
Мәжіліс залында қырық адам отырған: Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері мен ұлттық компания басшылары. Баяндама соңында екі бет қағазымды бекіткен канцеляриялық түйреуіш жерге түсіп қалғанда зал іші шыбын ызыңы естілердей мүлгіген тыныштыққа оранды. Өз орныма қалай жеткенімді білмеймін. Мен жүріп келе жатқанымды ұрыс-керіс басталып кеткен еді. Президент әрбірін орнынан кезек-кезек тұрғызды. Кейбірін бірден орнынан алып тастады. Мәжіліс залынан бәріміз моншадан шыққандай малмандай су болып шықтық. Мәжіліс залынан шыға салысымен журналистерге арналған брифингке де мен қатысуым қажет екені айтылды. Журналистер холлда камералары мен микрофондарымен дөңгелене тұра қапты. Кешке үйге жеткенімде мұндай жиынға қатысқаннан бір қора тасты аударыстырған оңай ма деп ойладым.
Қауіпсіздік кеңесінің жиыны сияқты жиналыстар өте көп болды. Президент жұмыс істеуге, тапсырылған министрлікті дамытуға шақыратын. Одан кейін сондай ұрысқа беріс керісті Премьер-министрлер жасайтын.
Ендеше не себепті елде тиімді мемлекеттік басқару қалыптаспады? Себебі, бәрі бір адамның ырқына тәуелді еді. Тек соның ықтиярымен, не соның сенімді адамдарының қолдауымен ресурстарға қол жеткізуге болатынын жұрттың бәрі білді.
Бірде Үкімет мүшелері мен ірі бизнес өкілдерін қабылдап отырған үлкен бір жиында Президенттің: «Әрбіріңді түрмеге отырғыза аламын», деген сөзі бар. Яғни, мемлекет адамдарды заңды өзі бұзуға итермелейді, сосын сол адамдарды қармаққа іліп ап, өзіне қалай ыңғайлы болса, солай манипуляция жасайды.
Президент әкімшілігіндегі жұмысыма Президент көмекшісі Мәсімов Кәрім Кәкімжанұлы жетекшілік ететін. Ол маған толықтай сенетін. Оған менің сараптама жасай алуым, мәселе туралы қысқа жазып, нақты түсіндіретінім ұнайтын. Алайда, Президентке арнап жазатын қызметтік, сараптамалық хаттарымды мұқият оқитын. Мұндай хаттар тапсырылған және өзім біліп жазылған болып екіге бөлінетін. Кәрім Кәкімжанұлы құжатқа келгенде өте мұқият еді, сөйлескенде де ылғи сабырлы, салмақты қалпынан айнымайтын.
Ешқашан оның ескерту жасағанын естімеппін. Бір күні қызыммен саябақта қыдырып жүрген едім. Қоңырау шалды. Дауысы қаттырақ шықты: «Анара, мұның не? Не жазғансың? Мынаны алып тастау керек», деді. Президентке арнап өзімнің бастамаммен жазылған хат еді. Хатта Президент пен Премьер-министр аппараттарының қызметі қайталанатынын жазғанмын. Барлық тапсырма Үкіметке Президенттен баратынын, екі аппаратты біріктіріп, Вице-президент лауазымын енгізуді ұсынғанмын. Мұндай хатты жазуға болмайтынын дүйсенбі күні айтса да болар еді. Жалпы хатты беру-бермеу өз қолындағы шаруа ғой. Бірақ, хаттың мазмұны тым қауіпті көрінген соң маған дереу хабарласқан сияқтанды.
2006-жылы оны Вице-премьер етіп тағайындады. Кешқұрым үйге қайтып бара жатқанмын. Ол қоңырау шалып, қайтып келуімді өтінді. Мен қайтып келдім. Кабинетіне кірдім. «Маған кеңесші болып кел», деді ол мен табалдырықты аттай сала. Мен келістім. Президент әкімшілігінде жұмыс істей бергім келмеген еді. Келесі күні жұмыстарымды өткізіп кетуге әзірлендім. Түстен кейін ол қайтадан мені өзіне шақырды. «Президент жиналыс өткізді. Сені кеңесші етіп алайын деп сұрап едім, бірақ ол Әкімшілікте қаласың деп тұр», деді.
2007-жылы ол Премьер-министр болды. Ақпанның соңғы күндері мені шақыртып алды да, жартылай салтанатты түрде: «Сені Статистика агенттігінің төрайымы етіп тағайындаймын. Қарсы емессің бе?» деп дауысы жарқын шықты.
Кабинетіме оралдым. Телефон шырылдады. Президент:
Анара, Статистика агенттігіне барғың келе ме?
Премьер: «Бару керек», деді.
Премьер не дегенін өзім де білем. Статистикаға реформа жасау керек. Бірақ, барғың келмесе, Әкімшілікте қала бер.
Содан соң тура осы сұрақты қойып, өзіне Президент әкімшілігінің басшысы шақыртты. Оған Президент тапсырса керек. Себебі, Президент әкімшілігінің басшысы кеткеніме қуанбаса, ренжімейтінін өзім анық білетінмін. Алдыңғы Премьер кезінде қызметтік хаттарымның кесірінен Президент Үкіметті сілкіп алатын. Сондай сәттерде басшылық: «Кім кінәлі?» деп мәселе көтермейтін.
Осылайша мен ең соңғы мемлекеттік қызметіме келген едім.
Мәскеуде оқып жүргенімде Ресей ғылым академиясына қарасты Экономика институтының Макроэкономикалық стратегиялар орталығында жұмыс істедім. Орталық басшысы еркін ойлауды қолдап отыратын. Егер жаңа идеясы туа қалса, ол дәлізде өтіп бара жатқан адамды тоқтатып алып, кабинетіне кіргізіп талқылайтын. Оның есігі әрдайым ашық тұратын. Ол кез келген қызықты тақырыпты талқылауға дайын болушы еді. Мен студент, ол ғылым докторы, артынша академик бола тұра талқылауға, пікір алмасуға да қарсы емес еді.
Шынымды айтсам, есігі ашық тұрған Владимир Иванович Маевскийдің кабинетіне бас сұқпай өтіп кеткенім, ал оның «Ресейді қалай дамытамыз?» деген классикалық тақырыптағы жаңа идеясының болмай қалған кезі жоқ. Тек 1990-жылдары бұл сұрақ: «Анара, инвестицияны қайтеміз? Түсіп барады. Инвестициялық банктерді дамыту керек», деген сыңайда болатын. Келесі жолы: «Анара, отын-энергетикалық стратегияны жасайық. Газға көшеміз бе? Әлде бұл жай ғана газды үзіліс пе?» дейтін. Осылай әркез Университет бітіріп, сосын аспирантураны тәмамдап, Астанаға кеткенше жалғасты. Ол сапалы, әрі креативті ойлай алатын. Бізге де соны үйретті.
Мәскеу мемлекеттік университетінің Экономика факультеті еркін шығармашылық патшалығы еді. Екінші курс студенттеріне Ресейді дамытудың стратегиясын жасауды тапсырды бұл тапсырма тек миды дамытып қоймай, ол сені өмір бойы еркін ойлы болуға бейімдейді.
Бірінші курста біз әлі СССР-да оқыдық. КПСС тарихын оқыдық. КПСС өзінің көшбасшылық қалыбынан ажырап, советтік құрылым құлап, артынша күллі СССР күйрегенде мен екінші курста оқып жатқанмын.
Экономика факультетінің кітапханасындағы Пол Самуэльсонның «Экономикс» кітабының жалғыз данасына ұзын-сонар кезек болатын. Өндірістің нарықтық экономикасын газеттерден оқыдық. Біздің факультетте оқыған, ыдыраған республикадан келген жігіттердің бәрі дерлік келешекте өз елінің Президенті болатындығына сенімді еді. Еркіндік пен үміттің туған сәті. Әзірге олар өз елінің Президенті болған жоқ. Бірақ, біразы компания президенті болыпты.
Мен мұны сол кезде анық түсінгенмін: ауқымды міндет қойып, қызметкер мен шәкірттерге сенім арту қажет. Сол кезде олар тау қопарып, мүмкін еместі мүмкін етеді.
Дәл осындай принциптермен жұмысымды үйлестіретінмін. Басшылыққа келгенде де ауқымды, тиянақты міндеттер қойып, мүлтіксіз сенім білдіретінмін.
Екі жыл сайын мені жаңа жұмысқа ауыстырып отырды. Әркез бір саты жоғары, әрі неғұрлым жауапты жұмысқа ауыстыратын. Әркез жаңа басшылыққа тап болатынмын. Басшылардың бәрі мен туралы ойларын жұмысыма қарап түйіндейтін. Стратегиялық жоспарлау агенттігі, Экономика мен бюджеттік жоспарлау министрлігі, Экономикалық зерттеулер институты, Президент әкімшілігі, Статистика агенттігі. Әр тағайындау «бару қажет» деген сөзден басталатын. Модернизация жасау қажет, реформа жасау қажет, жаңарту қажет
Он жылым мемлекеттік қызметте өтті. Маған бәрі сенім артатын. Ел басшылары бәрін дұрыс істейтініме сенетін. Қиындықтың бәрін еңсеретініме сенімді еді. Он жыл ішінде Президент те, Премьер-министр де бірде бір рет маған дауыс көтеріп, жекіген жоқ, ескерту де айтқан емес. Он жылдан кейін Қаржы полициясы мен ҰҚК артыма түседі деп кім ойлаған? Мен қорған іздемедім. Уайымдамадым да. Бәрін дұрыс істегеніме сенімді едім. Бұл жай ғана жоспарлы тексеріс деп қабылдадым.
ҰҚК мен Қаржы полициясы
2009-жылдың сәуірінде шекарада тоқтатқаннан жарты жыл бұрын біздің мекемеге Қаржы полициясы келген. Маған Бюджет департаментінің директоры Бинұр кіріп, Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері келіп, Халық санағы бойынша құжаттарды көрсетуді талап етіп жатыр деді. Ойымда ештеңе жоқ, еш күдік тумады. «Сұрағанын көрсет. Бұл қалыпты жағдай. Үлкен іс-шара өтті. Тексергендері дұрыс», дедім.
Тағы екі аптадан соң Бинұр кіріп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері келіп, сол құжаттарды сұрап жатыр деді. Ал, құжаттар жоқ. Бәрін Қаржы полициясы алып кеткен деді. Бұл жолы да көңіліме күдік ұяламады: «Қалған құжаттарды беріңдер. Іздегендерін Қаржы полициясынан алсын», дедім.
Қаржы полициясы агенттігі елімізде 1994-жылдан бері бар. Бірақ, бұл органның белсенді түрде қызмет етуі 2005-жылдан басталды. Ал, 2009-жылдың көктемінде елде түрлі деңгейдегі органдар мен компаниялардың басшыларын ұстау белең алды.
Әрине, жемқорлық дүниежүзінің әр түкпірінде түрлі санатта көрініс береді. Бірақ, билік бұтақтары дұрыс бөлінбесе, шешім қабылдау құрылымы айқын болмаса, жемқорлық жүйелі проблемаға айналмақ. Бұл Қазақстан Республикасына да қатысты.
Қазір тұрмыстық, кәсіби, саяси жемқорлық жүйесіне бүкіл ел белшесінен батқан. Бұл адамның нашарлығынан емес, ойынның ережесі сондай болғандықтан.
Параны кім алады? Кімнің рұқсат беретін, бөлетін, құқық қорғайтын, жазалайтын қызметі бар болса, бұлардың бәрі пара алуға бейімделеді. Қазақстанның әр отбасында түрлі саланың адамдары тоғысады: мемлекеттік қызметкер, полицей, дәрігер, мұғалім және т.б. лар.
Бәрі айқын, таза жүретін елдерде тұрғындар өз өміріне, Үкіметіне риза. Оларда пара да, жемқорлық та жоқ. Қазақстанда табыс біркелкі бөлінбеген, сапалы, әрі қолжетімді білім және денсаулық әр адамға бұйырмаған. Даңғой байлық пен сіңірі шыққан кедейлік әр жерден менмұндалайды. Тіпті мектептегі мұғалімнің қызметін саудаға сап жіберген.
Құқық қорғау органдары мен соттың да жағдайы мәз емес, өздері тексеріп, қудалайтын құрылымдардағыдай оларда да жемқорлық белең алған.
Жемқорлыққа белшесінен батқан мемлекетте жемқорлықпен күресу мүмкін емес. Әсіресе, жемқорлықпен күресетін мемлекеттік органдар қоғам мен парламентке емес, шенеуніктерге тәуелді болса. Парламент саяси бәсекелесі жоқ жағдайда сайланса. Ал, тәуелсіз БАҚ ешқандай рөл ойнамаса. Ең бастысы тәуелсіз сот болмаса, онда мүлде сот жоқ деген сөз.
Мұның барлығы ақырында кінәсіз адамдарды жаппай репрессияға ұшыратуға ұласады есеп беру үшін, кінәні «құрбандыққа» іле салады. Соның арқасында шын қылмыскерді жауапкершіліктен құтқарады. Сол сәтте мемлекеттік машина қылмыс жасамаған кінәсіз азаматтарды тұтқындап, еркі мен мүлкінен айырады. Кейде отбасынан айырады, тіпті өмірін де қиып жібереді.
ТМД аумағында тәуелсіз сот ешбір жерде жоқ. Тек Балтық елдерінде бар. Салыстырмалы түрде Грузия, Молдова, Украинада тәуелсіз соттар ашылып жатыр. Басқа ТМД елдерінде құқық қорғау органдары СССР кезіндегі ГУЛАГ-тан көп өзгере қоймаған. Мұндай жүйеде сот тек тергеу мен прокуратура дайындаған құжаттарға үкім жазып береді.
Бұл көпшілікке таныс советтік жүйе. Ол туралы оқулықтарда жазылмайды. Дауыстап айтуға тыйым салынған. Ересектер үшін бұл айтпаса да түсінікті шындық. Ал, балаларды дәстүрлі түрде артық жаманаттан үндемей сақтауға тырысқан. Айтпаса да түсінікті шындықты білмей өскендерге оны түсіну қымбатқа түседі. Сол қарапайым ақиқатты түсіну үшін мен өте қымбат ақы төледім.
Мұндай жүйеде өмір сүріп, бірақ жемқорлықпен айналыспау мүмкін емес, оған талай мысал келтіруге болады. Барлық жағдайда басшының жеке позициясы рөл ойнайды. Біздің Агенттікті мен басқарғанда жемқорлық мүлде болмады, ешбір қызметкер мұндай схемаларға араласпады. Жемқорлықпен күресті тек қуана құптар едім.
Мен сол кездері, 2009-жылы шенеунік бола тұра, кәсіби маман бола тұра, адамдарды тиімді жұмыс істеуге бағыттай отырып, тергеу органдары да, сот та мемлекет мүддесін қорғап, кәсіби тұрғыда мүлтіксіз жұмыс істейді деп сеніп едім. Сондықтан, өзім жақын танитын адамдарды тұтқындап жатқанда, олардың кінәсіздігіне сеніп, әр істе қателік боп тұрады деп ойлағанмын. Жауапты органдар аражігін айырып, оларды босатады деп сенгенмін. Бірақ, уақыт өтіп жатты. Тұтқындалғандардың бәрі де сотталып кетіп жатты.
Статистика агенттігі
Сол кездері жасым 38-де еді. Статистика агенттігін басқарғаныма 2,5 жыл болған-ды. Екі жарым жылда агенттікті Алматыдан Астанаға (ел астанасы ауысқан соң тек екі мемлекеттік орган Алматыда қап кеткен Статистика агенттігі мен Ұлттық банк) көшірдім. Агенттікте модернизация жасадым. Барлық қызметкерді қайта оқытып шықтық. Сол кездегі командамызбен бір туғандай боп кеткен агенттігімізбен көп нәрсеге қол жеткізген едік.