Егер сіз бір кездері депрессияның ауыр түріне ұшыраған болсаңыз, мұндай жұбанышты сөздердің сізге көмектеспегенін білерсіз. Егер бұл жұбанышты сөздер шындыққа жақын болса, ол сізді әрқашан депрессиядан «көтереді» деген сөз. Бірақ егер көмектеспесе, шындыққа сай болмағаны, мұны түсінген боларсыз. Демек, «қиындық пен азап бізге өсіп-өркендеуге көмектеседі» деген сөздер, сізде әлі де өмірлік күш-қуат мен әрі қарай өмір сүруге деген ықыласыңыз болған жағдайда ғана, яғни жағдайыңыз аса ауыр болмаған кезде ғана сізді көтереді. Ал егер күш-қуатыңыз нөлге тең болса, онда мұндай жұбанышты сөздерден келіп-кетер пайда жоқ.
Адамдардың азап шегу пайдалы дегенге сенімді болуларының тағы бір себебі азап пен тәжірибені шатастырып алуы. Олар бірде-бір қателік жасамауға тырысып, өмір туралы жүз кітап оқығаннан гөрі, қателік жасап, содан сабақ алып, тәжірибе жинаған дұрыс деп ойлайды. Бұл, әрине, бір жағынан шындыққа сай. Расында да, Гималай туралы мақалаларды жүз рет оқып не оларды суреттерден зерттегеннен гөрі, ол жерге бір рет барып, өз көзіңізбен көрген жақсы. Бірақ мұнда ең қызығы, ешкім азап шегу, қиналу туралы сөз қозғамайды! Әңгіме тәжірибе туралы болып тұр. Сіз көкөністерді кесуді үйренбес бұрын, алдымен жарақат алмауыңыз үшін пышақты дұрыс қолдануды үйренесіз, солай емес пе? Сіз пышақпен жұмыс істеуде тәжірибе жинау үшін саусағыңызды әдейі кеспейсіз ғой?! Немесе сіз көлікке, оны айдауды нұсқаушының алдын-ала үйретуінсіз, көлік апаттары арқылы үйренемін деген оймен отырмайсыз ғой?! Келісерсіз, бұл үлкен ақымақтық болар еді.
Бірақ өмірдегі көп мәселелерде дәл осылай болып жатады. Адамдар баланы қалай тәрбиелеу керектігін білмейді, бірақ оны дүниеге әкелуге асығады, мән-жайды іс жүзінде қолданғанда түсінеміз деп үміттенеді. Адамдар жоғалтудан туындаған реніш пен жан азабын қалай жеңуге болатынын білмейді, бірақ қарама-қарсы жыныстағы адаммен қарым-қатынаста болуға асығады. Адамдар қазіргі заманда қалай өмір сүру керектігін білмейді, бірақ өмірдегі қателіктер сабақ болар деп, оқу орнын тезірек бітіруді армандайды. Мектепте өмір сүруге, ақша табуға, балаларды тәрбиелеуге, жақсы күйеу немесе жақсы әйел болуға қатысты білім берілмейді. Сондықтан да адамдар «бәрін іс жүзінде үйренерміз» деген тәуекелді ой-пікірмен өмір сүреді. Жастық шақта адам сүйікті адамының қатты ренжітуі қаншалықты ауыр тиетінін түсіне қоймайды. Айырылысуды бастан өткерудің қаншалықты жанға бататынын түсінбейді. Олар бала тәрбиелеудің қандай үлкен жауапкершілік екенін, ата-ананың қателігінен бала жапа шегуі мүмкін екенін де түсіне бермейді. Кенеттен өмірдің мәнін жоғалтудың қаншалықты азапты болатынын білмейді. Бұл жан азабы пышақпен саусақты зақымдап алғаннан не жазда көшеде күн астында ұзақ тұрып күйіп қалғаннан да әлдеқайда ащы боп тиюі мүмкін. «Әркім өз тәжірибесінен үйренеді» дегенге сеніп өмір сүреді, сондықтан өзгелердің кеңестеріне құлақ аспай, былайша айтқанда, таяқ жеп жүріп тәжірибе жинайды, мұны солай болуы тиіс норма деп есептейді. Бірақ опық жемей-ақ тәжірибелі болуға болады ғой! Өкінішке қарай, бұл жайлы бәрі де ойлана бермейді. Тереңде жатқан жан жараларына тіреліп қалмай, өте тәжірибелі отағасы, тәжірибелі ата-ана, ата-әже болуға болатыны сөзсіз.
Енді сіз қиналу мен азап шегу жетістіктің катализаторы деген «вирустың» қайдан таралып отырғанын түсінген боларсыз. Шындығында, жан азабының еш пайдасы жоқтығынан басқа, ол санамызда өмірге қатысты бұрмаланған ойларды, ақылға қонымсыз сенім-нанымды, уақыт өте шынайы өз қалауымыздай көрінетін бұрыс қалауларды тудырады. Яғни мұнда, әңгіме адамның жан-дүниесіне тигізер әсері жайлы болып отыр. Ал егер адамның сырт көрінісі жайлы айтатын болсақ, бақыт не жан азабының адамның келбеті, сырт көрінісі мен денсаулығынан көрініс табатынын оңай байқай аласыз. Мұндай белгілерге бүкірейіп қалғаны, асқа тәбеттің болмауы, бетінің қараюы, әжімдер, ұйқышылдық, шаршағандық, ашуланшақтық және көптеген созылмалы аурулар жатады. Құлаққа қаншалықты жағымсыз естілсе де, адамдар жан азабынан қалай арылуға болатынын білмегендіктен, денсаулығынан, жастық шағынан және сұлулығынан айырылып азап шеккендері дамып-өркендеуге серпін беред дегенге шынымен де сенеді.
1.3 тарау. Қалай жарқын бейнелер жойылып, жағымсыз бейнелер пайда болады
Егер сіз азап шегіп қиналудың прогрестің қозғаушы күші емес екенін, керісінше жауыңыз болып табылатынын, сондықтан бұл жаумен жетістікке жету әрі өркендеу жолында күресуіңіз керектігін түсінген болсаңыз, мен сізді құттықтаймын: алға басып дамуыңыз үшін бірінші маңызды қадамды жасадыңыз. Ал енді жан азабының барлық жағымсыз салдарын егжей-тегжейлі қарастырайық.
Бір ананың үш жасар қызын қабырғаға мысықтың суретін салғаны үшін ұрысқаны туралы қарапайым мысалды алайық. Анасы өте қымбат тұсқағаз бүлінгендіктен қапа болып, бірден баланың басынан ұрып жібереді. Ол қызын ақымақ деп атап, қатты дауыспен: «Ешқашан бұдан былай қабырғаға тиісуші болма, ұқтың ба?!» деп сөгеді.
1015 минут өте анасы бұл оқиғаны ұмытып қалып, еске де алмайтын болар. Алайда дәл осы сәтте баланың жан дүниесінде нендей жайт болды?
Осы сәтте бала санасындағы жарқын бейнелері жойыла бастағанын, оның айналадағы дүние туралы түсінігі қараңғы бола бастағанын түсінген боларсыз. Бірақ мұнда біліне бермес тағы бірнеше жайттар бар.
Осы жағдайда баланың реакциясы қандай болады? Ол қатты ренжіп, жылап жіберуі мүмкін. Немесе ашуланып, бүкіл үйге айғай-шу шығарар. Я болмаса, өзімен-өзі тұйықталып, фломастерге енді қайтып жоламауы да мүмкін. Тіпті ауырып қалуы да ықтимал. Яғни баланың реакциясы біржақты ғана болад деп кесіп айта алмаймыз. Бірақ егер баланы жақсы білетін болсаңыз, онда оның қалай әрекет ететінін 90%-ға дәл айта аласыз.
Мысалды тереңірек қарастырайық. Осы сәтте балаға қандай ой келді? Ол қандай қорытынды жасады? Қандай ұстанымдар пайда болды? Мүмкін ол: «Мен енді ешқашан сурет салмаймын!» деп немесе анасы оның өнерін мақұлдамайды деп шешкен шығар. Тағы мынадай тоқтамға келуі де мүмкін: «Егер болашақта анамның назарын өзіме аударғым келсе, маған бірдеңені бүлдіру керек». Сіз бұл ойлардың алдын-ала нақты болжай алмайтынымызды түсіндіңіз бе? Баланың эмоционалды реакциясын 90% дәлдікпен болжау мүмкін болғанмен, оның санасында пайда болатын ойлар мен шешімдерді болжау өте қиын. Себебі әр бала жеке тұлға. Бір бала кек алуды ойласа, екіншісі өз дегенінен қайтпай табанды болуды шешеді, үшіншісі мойынсұнғыш болуды және бұдан былай ешнәрсеге ықылыс білдірмеуді ойлауы мүмкін. Көрдіңіз бе, салдары қандай болмақ?
Ал енді көзге көрінетін өзгерістерге тоқталып өтейік. Анасы ұрысқаннан кейін қыздың денесі қалай өзгереді? Басында оның денесі босаңсып, дене бітімі түзу, бет бұлшықеттері жақсы күйде болған шығар. Бірақ анасы ұрысқаннан кейін оның бұлшық еттері қысылып, денесі бүкірейіп, бетінің бұлшықеттері босап қалуы мүмкін және ішкі мүшелерінің кейбір бұлшықеттері тырысып қалған да болар, ал бұл кейіннен тәбеттің төмендеуіне, иммунитеттің нашарлауына, суық тиюге және т.б. әкелуі мүмкін.
Әрі қарай жалғастырайық. Осы оқиғадан кейін 10 жыл өтті деп елестетіп көріңіз. Қызыңыз 13 жаста, ол өз бетінше әрекет ете алатындай қайратты бола түскен. Бір күні сізбен бірге көшеде келе жатып, көршінің бес жасар қызына киімін былғағаны үшін ұрысып жатқанын көреді. Бұл 13 жасар жасөспірім қызымыз дәл осы сәтте бұл балаға қатты жаны ашып, ал баланың анасына ашулы болады. Ол баланы қорғағысы келеді және барлық әйелдерге қатысты түсініксіз ренішті сезінеді. Осы кезде ол тіпті өз анасына да себепсіз ашулануы мүмкін. Сіз қызыңызбен маңызды бір нәрсе туралы сөйлескіңіз келеді, ал ол кенеттен ойы жан-жаққа шашырап, зейінсіз бола бастаған, сондықтан сіздің сөздеріңіз оны ызаландыруы мүмкін. Бұл күніге болып жүрген қалыпты жағдай сияқты. Сондықтан қызыңыздың көңіл-күйі болмай тұрған шығар деп ойларсыз. Немесе ол көшеде ұзақ жүріп шаршаған болар, не қыңырлық танытып тұр деп те ойлауыңыз мүмкін. Сол себептен оған ұрысқыңыз келер. Бірақ бұл жерде 13 жастағы қыздың түпсанасына үңілмейінше, ешкім де көре алмайтын нақты бір себеп бар.
Шындығында, көршісі баласына ұрысып жатқан жағдай, біздің 13 жасар қыздың түпсанасында бұрын пайда болған бейнені қозғап жіберді! Оның үш жасында бастан кешірген естеліктері, сезімдері мен эмоциялары оянып белсенді бола түсті. Оның түпсанасы, бұл жағдайдың қабырғаға сурет салып, түсқағазды бүлдіргені үшін анасы оны ақымақ деп атаған кездегі жағдаймен ұқсастығы бар деп қабылдады. Түпсанадағы осы ақаудың кесірінен анасы сол күні еш жаман әрекет жасамаса да, ол сол сәтте анасына ашулана бастайды!
Сонымен, қандай жайттар анық болды?
Мынадай маңызды 4 элемент анықталды:
1) баланың болған жағдайға реакциясы, бір сөзбен айтқанда, оның ЭМОЦИЯЛАРЫ, немесе, кейінірек түсінетініңіздей, оның бақытты болу деңгейі;
2) баланың санасында пайда болатын ОЙЛАРЫ, көзқарастары мен тұжырымдары;
3) ДЕНЕ сезімі, ондағы өзгерістер. Бұл бұлшықет, гормоналды, жүйке жүйесінің күйі мен саулығын және т.б. физикалық проблемаларды қамтиды.
4) болашақта баланың мінез-құлқындағы проблемаларға және жүріс-тұрысына әсерін тигізетін ЖАДЫНДА сақталған бейнелер.
Бұл төрт элементтің әрқайсысының ғылыми түсіндірмесі бар, оларды дәл болжауға және бақылауға алуға болады. Осыларды біле отырып, бақытты әрі өте қабілетті баланы тәрбиелей аласыз. Айналаңыздағы жайттарды өз бақылауыңызға ала аласыз. Ең бастысы, ӨЗІҢІЗДІ және ішкі дүниеңізді анағұрлым жақсы түсіне аласыз! Тағы да маңыздысы, өзіңізді жақсы жаққа өзгертуді үйренесіз, анағұрлым бақыттырақ әрі табысты боласыз, осылайша өміріңізді ғажапқа айналдырасыз.
Ыңғайлы болу үшін біз бұл төрт элементті ВЕКТОРЛАР деп атаймыз. Пейнхантинг бізге барлық төрт вектор бойынша өзгеруге көмектеседі. Оларды оңай есте сақтау үшін мыналарды білдіретін «ДОСЕ» аббревиатурасын қолданамыз:
1) дене;
2) ой;
3) сезім (эмоция);
4) есте сақтау (жады).
Бұл төрт вектордың маңызы өте зор. Өмірімізде жақсы не жаман жағдай болғанда, біз көрсетілген барлық векторлар бойынша өзгереміз. Және бұл өзгерістер негізі қатар жүреді. Мысалы, егер бір нәрсе бізді қатты қуантса, бізде жағымды эмоциялар пайда болады да, денеміз босаңсып, денсаулығымыз жақсарады. Осы кезде ойларымыз да тынышталып, оптимистік болады, ал жадымызда тек ашық та жарқын бейнелер пайда болады. Ал керісінше, егер сіз апатияда болып, сарыуайымға салынсаңыз, денеңіз сау болмай, ойларыңыз тек өлім мен өмірдің пайдасыздығы туралы, ал жадыңызда тек қайғылы және қараңғы бейнелер болады.
Әрі қарай жұмыс жасауға көшкенде, сізге осы векторларды үнемі қадағалап отыруыңыз қажет болады. Жан дүниеңіз бақытқа неғұрлым көп бөленген сайын, денеңіз, эмоцияларыңыз, ойларыңыз бен естеліктеріңіз соғұрлым жақсы күйде болады.
Келесі тарауларда біз осы төрт вектордың әрқайсысының қалай жұмыс істейтінін, яғни механизмін қарастырамыз. Ендеше, үшінші «С» векторынан бастайық, себебі ол негізгі вектор болып табылады. Эмоциялар біздің психикалық денсаулығымыздың негізгі көрсеткіші, ал қалған векторлардың барлығы осы вектормен тығыз байланысты. Сондықтан алдымен эмоцияны, содан кейін ойды, есте сақтау мен денені қарастырғанымыз дұрыс.
Суреттің толық бейнесін көре алу үшін тарауларды бірінен екіншісіне секірмей оқуды ұсынамын.
1.4 тарау. «С» ВЕКТОРЫ адамның бақытын қалай өлшеуге болады?
Ой жүгіртіп көрейік. Бір минут ойланып, мына сұраққа жауап беріп көріңізші: «Бақытты қалай өлшеуге болады?»
Жоғарыда бақыт санадағы жарқын бейнелердің санына тікелей байланысты екенін айтқан болатынбыз. Егер адамның балалық шақтағы өмірі бақытты өтсе, үлкен мақсаттары мен армандары болса, және шаттық сезіміне бөленіп жүрсе, онда ол өзінің өте бақытты екенін айтады. Ал керісінше, қиын балалық шақтан өткен, жақындарынан айырылған, өмірдегі арман-мақсатын жоғалтқан адам өзін бақытсыз сезінетінін ашылып айтуы мүмкін.
Сонда адамның бақыт деңгейін, қаншалықты бақытты екенін айқындайтын, жан дүниесінде не жатқанын сарқып алатын терең сұрақтар қою немесе өмірді қаншалықты көркем етіп елестететінін сұрау арқылы білуге болады. Яғни оның сөздерінен анықтап, қорытынды жасай аламыз, солай ғой?
Бірақ бақыт деңгейін тек сыртқы белгілерге ғана қарап біле аламыз ба?
Әрине, мұны оның сезімдерінен, эмоцияларынан оп-оңай түсінуге болады! Егер адам үнемі күлімсіреп жүрсе, өмірдегі кішкентай нәрселерден қуаныш таба алса, өз жұмысына ынталы болса, отбасы туралы сүйіспеншілікпен айтса, демек оның бақыт деңгейі өте жоғары деген сөз. Ал керісінше, егер сіз адамның үнемі көңілсіз, наразы, баяу және ашуланшақ екенін байқасаңыз, оның бақыт деңгейі төмен деген сөз. Яғни, әр адамның қаншалықты бақытты екені, былайша айтқанда, «маңдайында жазулы тұр».
Алайда, адамның эмоцияларына қарап бақыт деңгейін анықтағанда, сіз жаңылысып та қалуыңыз мүмкін. Мысалы, сіз адамдардың қайсысы бақыттырақ екенін анықтай аласыз ба: қорқып тұрған адам ба, әлде ашуланып тұрған адам ба? Немесе, апатиядағы адам ба не қайғыға батқан адам ба?
Жағымды эмоциялармен шатаспайтын шығарсыз, бірақ жағымсыз эмоциялармен оңай жаңылысып қалуыңыз мүмкін. Қайғы, апатия, ұялу, кінә, қорқыныш, агрессия, аяушылық бұл эмоциялардың барлығының айқын иерархиясы (бөліктердің не элементтердің жоғарыдан төменге қарай орналасуы) бар. Адамдар бұл туралы аса ойлана бермес, негізі олардың барлығын бақыт пен бақытсыздық деңгейі бойынша жалпы бір шкала етіп қатарластыруға болады.
Эмоциялардың әр түрлі шкаласы бар. Мысалы, біз әр эмоцияның күшін көрсететін Дэвид Хокинстің «Сана-сезім картасына» қарай аламыз. Сонымен, шкаланың ең төменгі жағында ұятқа қалу, маскара болу эмоциясы, ал ең шыңында жадырау тұр. Мен сізден осы картаны және эмоциялар иерархиясын мұқият қарауды сұраймын. Бұл шкала бойынша толық бақытқа «жадырау» деп аталатын ең жоғары деңгейде болғанда қол жеткізуге болатынын анықтай аласыз. Ал ұятқа қалған кезде сіздің бақыт деңгейіңіз нөлге тең. Ашуланғанда, кішкене ғана бақыт болады, ал қайғыда бақыт мөлшері одан да аз. Бұл ойды бірден қабылдау қиын болар, бірақ уақыт өте келе оның дұрыстығына көз жеткізетін боласыз.
1 Кесте. Эмоция шкаласы (Дэвид Хокинстың сана-сезім картасы)
Тағы мынадай қорытынды жасауға болады азап шегу мен жағымсыз бейнелер неғұрлым көп болса, эмоцияңыз соғұрлым төмендейді. Керісінше, бақыт пен позитивті бейнелер көп болған сайын, сіз осы шкала бойынша жоғары деңгейге көтеріле бересіз.
Кейінгі тарауларда біз осы жағдайлардың кейбірін толығырақ қарастырамыз. Ал әзірге бақыт деңгейіміз осы шкаланың қай деңгейінде тұрғанымызға тікелей байланысты екенін түсіну жеткілікті.
Түсінуіміз керек келесі жайт негізі біз осы шкаланың айтарлықтай жоғары деңгейіндегі күйінде дүниеге келеміз, бірақ уақыт өте келе өмірдегі жағдайлар, сол деңгейімізден бізді түсіре бастайды. Қарапайым тілмен айтқанда, санамыздағы жарқын бейнелерді жоғалтқанда, біз осы шкаламен төмен түсеміз, ал жарқын бейнелер орнап не оларды жасағанда жоғары көтерілеміз.
Алдыңғы тараудағы кішкентай қыз туралы мысалды алайық. Мен сізге айтылған теорияны түсінуіңіз үшін осы мысалды кестеге қарап талқылауды ұсынамын. Кішкентай қыз қабырғаға сурет салғанда, қуаныш пен гармония не махаббат күйінде болған шығар. Бұл шкала бойынша айтарлықтай жоғары деңгей. Анасы дауыс көтергенде, қыз ақыл деген деңгейге түсіп, не болып жатқанын талдай бастады. Содан кейін, анасы оны басынан ұрғанда, бала тағы бір-екі деңгейге, мүмкін «бейтараптыққа» дейін төмендеген болар. Анасының «ақымақсың» деген сөзінен кейін, бала ашу күйіне тағы төмен түседі. Ал анасы бұйрықпен: «Енді қайтып бұл қабырғаға тиісуші болма» дегенде, қыздың эмоциясы қорқынышқа түсіп кетеді. Ал фломастерді қолынан алып қойғанда, бала мұңаюға дейін төмендеп, жылай бастайды