Тәте, сіздің де айтқан ойыңыз дұрыс, балаларыңыздың да айтқандары дұрыс деп ойлаймын. Жастар жастарша ойлайды ғой. Ең алдымен шақыратын қонақтарыңыздың тізімін жазыңыз, соған қарай мәселені шешуге болады.
Сенікі ақыл екен, үйге барып ойланып көрейін, деп, Нүрилә апай орнынан тұрды Кейінгі кезде тізем ауратынды шығарды, келінім тізеге жағатын жақпа май әкеліп беріп еді, соны жаға қояйын барып.
Ондай жақпа майды ұйқтар алдында, төсекке жатарда жаққан дұрыс болады. Аяғыңызды қыздырып жақсы болып қаласыз. Мен де соның біреуін жағып жүрмін, тәте, деп Жамал апай да өз білгенін айтып жатыр.
Сонымен, Нүрилә апай үйіне келіп, немересінің кітап сөресінен бір парақ қағаз бен қаламды қолына алды. Кезінде бұл кісі дүкенші болып қызмет істеген еді, сондықтан есеп-қисапқа жүйрік болатын. Үйдің жанындағы дүкенге не базарға барып оны-мұны алып сауда жасағанда да сатушыдан бұрын есептеп қоятын.
Ей балам, мына алған заттарым 815 теңге тұрады. Міне саған 1000 теңге, осыдан алатыныңды алып маған 185 теңге қайырасың! дегенде жас дүкеншілер ішек-сілелері қатқанша күлетін.
Ой апа, бізден бұрын санап қойдыңыз ғой. Біз санау білмейміз. Мына калькуляторға үйреніп алған да жаман екен, деп, аса сүйіспеншілікпен үлкен кісіге қарайтын.
Енді мінеки, сол апамыз шақыратын қонақтарының тізімін жаза бастады. Ең алдымен туған-туыстарын, содан кейін жолдас-жораларын және көрші-көлеңдерін тізіп жазып қойды. Бәрін санағанда алпысқа жуық адам болды. «Балаларыма көрсетейін, не дер екен. Үлкен мейрамхана не керек. Күн жаз, жер кең. Үйде ұзын, ұзын столдар, ұзын-ұзын орындықтар бар, жетпегенін көршілерден алармыз. Қазан-ошаққа көмектесетіндер жетіп артылады. Құдайға тәубе, қазір дүкенде бәрі бар, ақшаң болса болды.» деп, апайымыз далаға шықты. Күн еңкейіп қалыпты.
Талғат, қайдасың? Бақшаны суаруды ұмытпа!
Ия, әже, ұмытқаным жоқ, қазір арықтағы суды біздің бақшаға қарай бұрамын деп, немересі жүгіріп кетті.
Кішкене ғана қарғам-ау, осы бала болмаса не істеймін мен. Ертең үлкен ұлдың да ұл-қызы келеді, олар да жазғы демалыстарына шықты. Біреуі колледжде екіншісі универститетте оқиды. Жандарым адам болсын, адал болсын, қайда жүрсе де аман болсын, деп, апамыз күбір-күбір сөйлеп қояды.
Бір күн өтіп екінші күні таңғы астарын ішіп отырғанда Нүрилә апайдың үйіне Жамал апай мен Медет ақсақал кіріп келді.
Ассалаумағалейкум! Астарыңыз дәмді болсын! Xалдарыңыз қалай? деді, жайдары мінезді Медет замандасы.
Амансыңдар ма, жақсы келдіңдер ғой?! Келіңдер, дастарханға жайғасыңдар. Талғатжан, ана жерден кесе, қасық әперіп жібер деп, Нүрилә апайымыз да бәйек болып жатыр.
Жоқ, әуре болмаңыз, дастарханнан жаңа тұрдық.
О не дегендерің, таңғы асты тастауға болмайды деген сөз бар. Отырыңдар. Шай ала отырып әңгімелеріңді айта отырыңдар. Кішкене немереңе кім қарап қалды? деп апай да қамқорлық танытып жатыр.
Бүгін сенбі ғой, үйде келін бар. Ана жолы мерей тойыңыз туралы айтып едіңіз, не шештіңіз? деп, Жамал көршісі сөз қозғады.
Бүгін Алматыдағы ұл мен келін келеді бұйырса. Өзіме келетін болсақ үйде, осы аулада өткізгеніміз дұрыс болар деп ойлаймын, Медет, қалай ойлайсың? деп апай көршісіне қарады. Өз басы осы көршісін аса сыйлайтын.
Алдымен қанша кісі болады, соны айт, қырық-елу адам болса осы жердің өзі дұрыс шығар. Тізіміңді жазып қойдың ба? деп, Медет көршісі мұртын сыйпады. Бұл кісі алпыстың алтауына келсе де әлі күш-қуаты бойында, аса жігерлі адам. Орта бойлы, денесі мығым, дембелше келген. Жүзі қара-торы, әдемі мұрт қойған. Көз қарасынан мейірімді, жұмсақ мінезді, салмақты адамды байқауға болады. Ол кісінің жұбайы Жамал бойын тік ұстайтын, жұқалаң, жүріс-тұрысы пысықтау келген әйел. Алпысқа таяп қалса да, «жасым да келіп қалыпты-ау» деген ойдан аулақ. Медет ақсақал біраз ойланып:
Бізден қандай көмек керек, соны да қысылмай айта отыр, қолымыздан келгенін аянып қалмаспыз. Көрші парызы деген бар, замандас.
Ия, көрші-көлең деген жақсы ғой, оны кейінірек айта жатармын, деп, Нүрилә апай қолына тізім жазған қағазын алды да, Туған-туыстарымды тізіп оқымай-ақ қояйын. Көрші-көлең, жолдас-жораларымның аты-жөндерін оқып шығайын. Көршілердің ешқайсысы тыс қалып қалмасын.
Сонымен, апайымыз шақырылған қонақтардың тізімін оқи бастады.
Тәте, жоғарыда тұратын Күлән мен Ғазизды жазбапсыз ғой, деді бір кезде мұқият тыңдап отырған Жамал апай.
Сонымен, апайымыз шақырылған қонақтардың тізімін оқи бастады.
Тәте, жоғарыда тұратын Күлән мен Ғазизды жазбапсыз ғой, деді бір кезде мұқият тыңдап отырған Жамал апай.
Айналайын, айтқаның жақсы болды, кейде ұмытып қалатыным бар менің, жазып қояйын. Ал енді жолдас-жораларымның тізімін оқиын. Сендер бәрін біле бермейсіңдер, баяғыда қызметтес болған жақсы жолдастарым бар, оларды міндетті түрде шақыруым керек. Мен де олардың талай тойларында болдым, деп, апай қолындағы тізімді әрі қарай оқи бастады:
Қазипа, Гүлжан, Бану, Күлтай, Жадыра
Нүрилә апай «Күлтәй» деген есімді оқығанда Медет ақсақалдың жүрегі дір ете қалды. «Апырай ә, бұл қай Күлтәй болды екен?» деп біраз ойланып қалды. Апайдың әрі қарай кімдердің есімдерін атап жатқанын да естіген жоқ. Біраздан кейін:
Жаңа тізіміңде «Күлтәй деп оқыдың, әкесінің аты кім екен? Баяғыда, бір көршіміздің «Күлтәй» деген қызы бопушы еді, сол емес пе екен? деп, Медет ақсақалдың дауысы әзер шықты.
Ә, Күлтәйді айтасың ба? Ол екеуміз кеңес дәуірінің кезінде бірге бір мекемеде қызмет істеп едік, содан бері жақсы араласамыз. Өзі сондай мейірімді жан. Әкесінің есімі Әділжан деген ақсақал болады.
Ә, Әділжан де, ол кісілер әлі бар ма екен? деп Медет ақсақал бір қызарып, бір бозарды.
Күлтәйдің әкесі бұрынырақ қайтыс болды, кейіннен анасы да о дүниеге аттанды, имандары жолдас болсын марқұмдарымның. Сондай тамаша адамдар еді, деп, Нүрилә апай бетін сипады. Жаңағы Медет ақсақалдың сөзіне аса мән бермей тізімін әрі қарай оқи берді.
Иманды болсын жарықтықтарым. Ауылда бір көшеде тұрып едік, деп ақсақал да күбірлеп бетін сипады.
Той мәселесін талқылап болған соң Медет пен Жамал үйлеріне кетті.
Отағасы, жаңа Нүрилә тәте «Күлтәй» деп оқығанда елең ете түстің ғой. Түріңе қарасам бір бозарып, бір қызарып отыр екенсің. Бірақ үндемедім. Өзің бала кезіңде осыған ғашық болған жоқсың ба? деп, Жамал апай қалжыңдап күлді.
Қойшы әрі, сен де неше түрліні айтады екенсің! Одан дағы тезірек үйге барайық, үйде істейтін шаруа көп деп Медет ақсақал аяқтарын ширағырақ басып өз ауласына кіріп кетті.
Сонымен, той күні де жақындап қалды.
Нүрилә апай балаларымен ақылдасып, тойды өз үйлерінде өткізетін болып шешті. Тойдың болғанынан да боладысы қызық қой, бәрі мәре-сәре болып тойдың қамында жүр. Апайдың ұлдары мен келіндері еңбек демалыстарына шығып аянбай еңбектерін сіңіріп жатыр. Ал ол кісінің қыз-күйеуі тойға екі-үш күн қалғанда келеді.
Медет ақсақал «Күлтәй» деген есімді естігеннен бері Нүрилә замандасымен жеке сөйлесуге зәру болды. «Жә, не де болса тойдан кейін сөйлесейін» деп, өзін сабырлыққа шақырды.
Той ертең деген күннен бастап сырттағы туған-туыстар Нүрилә апайдың үйіне келе бастады. Апайдың үйі үлкен, ауласы кең. Аулада көлеңкесін кең жайған биік-биік ағаштар өсіп тұр. Міне осы ағаштардың көлеңкесіне ұзын-ұзын стөлдер қойылып, дастархан жайып келіндер, көрші келіншектер тыным таппай жүгіріп жүр. Нүрилә апай сырттан келген қонақтарын қарсы алып, көлеңкеде өңгіме-дүкен құрып отыр. Бәрінің көңіл-күйлері көтеріңкі. Күн еңкее мал сойылады. Ертең күн жұма, қонақтар түскі үшке шақырылды. «Ертең күн ашық болса екен, жаңбыр жаумай, жел соқпаса екен» деп, Нүрилә апай да, осы отырғандар да іштей тілеп отыр.
Нүрилә апайдың қыз-күйеуі кеше келді, олармен бірге апайдың жиен немерелері де келіп апайды қуантты. Апай бұларды көріп, қуанып бір жасап қалды. Бұдан асқан бақыт бар ма ана үшін!
Той күні де келіп жетті. Балалар болса түрлі-түсті шарларды үрлеп, ағаштардың бұтақтарына іліп, мәз болып жүр. Арасында бір-бірімен жарысып ойнап кетеді. Нүрилә апайдың Талғат немересі басқа немерелеріне қарағанда зерек болып жаралған. Жаңағы ілген шарларға қарап, жайылып тұрған дастарханға қарап, «мұнда бір нәрсе жетіспей тұр, деп, ойланып тұр. Бір кезде алақай, таптым!» деп, қуанып жүгіріп кетті.
Нені таптың? деп, басқалары оның артынан жүгірді.
Апа, апа! Әжемнің отыратын жерін ерекше сәндеуіміз керек шығар? деп, Талғат өзінің анасының қасына келді.
Әрине, балапаным, табылған ақыл, «асыл тастан, ақыл жастан» деген нақыл сөз бар емес пе?! Кәне, өздерің ойлап табыңдар, деп, Талғаттың анасы өз шаруаларымен айналысып кетті.
Ал балалар болса шеткерірек барып, дөңгелене тұра қалды. Олардың не айтып жатқандарына ешкім аса мән бере қоймады. Нүрилә апайдың немерелерінің ересектеуі:
Таптым! Менің ойымша шарларды тіз қатар іліп, «Әже, туған күніңмен!» деп жазайық.