Таптым! Менің ойымша шарларды тіз қатар іліп, «Әже, туған күніңмен!» деп жазайық.
Содан соң бір шарға «60» деген санды жазайық! деп Талғат та мәз болды.
Сонымен, балалар өз ойларын жүзеге асыруға кірісті. Той басталар кезге бәрі дайын болды. Отырған жұрт, «жарайсыңдар, балалар!» деп, көңілдері бір жасап қалды.
Той басталар уақытта келіп, қонақтар жиналып болды-ау дегенде, осы қаланың жұртына есімі белгілі болған асаба жігіт қолына домбырасын алып, тойды бастап жіберді. Төрдің алдына, дастарханның басына тойдың иесі болған Нүрилә апайымызды құрметтеп, асаба жігітіміз шығарып салды. Келген қонақтардың бәрі дастархан басына жайғасты. Медет ақсақал да өзіне тиісті орынға барып отырды. Ол іштей қобалжып, жүрегі лүпілдеп, жан-жағына қарап көздерімен Күлтәйді іздеді. «Ол мені таныр ма екен? Мен де бірден тани алар ма екенмін? Дегенмен де елу жылдан астам уақыт өтті ғой. Қандай болды екен менің жарығым?» деп, ой үстінде отыр. Асаба құйқылжытып ән салып, арасында тақпақтап сөйлеп, елге сөз беріп дегендейін, өз жұмысын атқарып жүр. Арасында қызықты-қызықты әзіл сықақтар айтып, елді күлдіріп қояды. Бірақ, мұның бірін де Медет ақсақал естіп отырған жоқ. Ол кісінің есіл дерті Күлтәйді бір көру еді. Өзі не ішіп, не жеп отырғанын да білмейді. Оған қарама-қарсы сәл жоғарырақ, әдеміше келген қара-торы әйел отырды. Күліп-ойнап, жанында отырғандармен жай ғана сөйлесіп, асабаның және орындарынан тұрып өздерінің тілектерін білдіріп жатқандардың сөздерін мқият тыңдап отыр. Қарақаттай екі жанары сол баяғы Күлтәйдің көздері. Бетіндегі, оң жақ көзінің маңайына орналасқан меңі, сол меңі, бәрі «мен Күлтәйіңмін» деп тұрған тәрізді, «бірақ, кімде мең жоқ дейсің,» деп Медет ақсақал көздерін алмай қарап отыр. «Дауысын естісем танырмын» деп іштей ойлап қояды. Адам ұлғайса да дауысы өзгермейді ғой. Осылайша ойланып-толғанып отырғанда, асаба жігіттің «бата» деген сөзін естіп қалды.
Ақсақал, мына үлкен тамаққа бата беріңіз, деп асаба төрде отырған Нүрилә апайдың нағашыcына қолындағы микрофонды ұсынды. Бұл кісіні Медет ақсақал да танитын, ауылдан жиен қызының үйіне жиі келіп тұратын. Елдің бәрі бата естиік деп тына қалды.
От басы, ауыл-аймақ аман болсын,
Тыныштық бәрімізге заман болсын.
Табиғат таусылмастай азық беріп,
Тартулы дастарханың тағам болсын.
Осындай ойын-сауық бола берсін,
Үй іші той-думанға тола берсін.
Ағайын, туған-туыс, жекжаттарым,
Баршасы сау-саламат аман болсын.
Нүрилә, жиен қызым, айналайын,
Өзіңе ғұмыр берсін жаратушым.
Бала-шаға ортасында күліп-ойнап,
Жүре бер, бір Алладан тілейтінім!
Әумин!
Деп, сексен жасқа толған үлкен кісі бетін сипады. Мына тыңдап отырған барша жұрт «Әумин» деп беттерін сипады.
Осы батадан кейін, тойға жиналған барша қауым ас алуға кірісті. Асаба жігіт болса құттықтау сөздерін рет-ретімен сөз сөйлеушілердің аттарын атап, беріп жүр. Арасында қызықты-қызықты әзіл айтып елді риза етті. Жиналған елдің бәрі риза, бәрі көңілді. Тек Медет ағамыз ғана қайда отырғанын, не істеп отырғанын білмейтін тәрізді. Құттықтаушының бір сөзін естісе бір сөзін естімейді. Есіл дерті қарама-қарсы отырған қара-торы әдеміше келгке әйелде. Ойы сан-саққа жүгіріп, көз алдына сонау балалық шағы елестеді.
Үзіліс, орысша айтқанда антракт жариялаймын! Ал бәріңізді биге шақырамын. Апалар, аталар сіздер де бой жазыңыздар, деп асаба жігіт барынша тырысып жүр. «Үзіліс» деген сөзді естіп, Медет ақсақал селк ете түсті.
Музыка дегенің бүкіл аймаққа естіліп тұр. Жастар жағы күттірмейді ғой, бәрі билей ала жөнелді. Күлтәй да қалыспай билеп жүр. Қимылы жеңіл, алпыстан асса да дене бітімі қызға бергісіз. Орта бойлы, шашы қысқаша етіп қиылған. Үстіндегі сәнді көйлегі өзіне жарасып тұр, аяғында биік өкшелі туфли. Оны ешкім алпыстан асты деп ойламайды. Шеткерірек тұрған Медет ақсақал одан көзін алмай қарап тұр. Қасына келіп сөйлесуге батпайды.
Ей, көршім, не ғып тұрсың, әншейінде билеуші едің ғой?! деп құрдастары тисіп қояды.
Біздің жас кезіміздегі музыка ойнасын, сонда билеймін, деп, Медет ақсақал да беріспей тұр.
Сіздің жастық шағыңыздың билері чарлистон, твист, танго, вальс қой, қазір қоямыз, деп, мұны естіп қалған асаба жігіт, музыка қойып отырған жігітке сыбыр ете қалды.
Үні ашық, көңілді әуен ауаны жарып жүйтки жөнелді. Бұл әуен ырғағы үлкеннің де, кішінің де денелерін қимылдатпай қоймады.
Үні ашық, көңілді әуен ауаны жарып жүйтки жөнелді. Бұл әуен ырғағы үлкеннің де, кішінің де денелерін қимылдатпай қоймады.
Міне, сен билейтін би, биле деп, Медет ақсақалды құрдастары ортаға қарай жетелей жөнелді. Медет ақсақал да биші жастардың ішіне қалай сүңгіп кеткенін байқамай қалды. Мұның бәрін бақылап, қарап отырған үлкен кісілер жағы:
Жарайсың, жарайсың Медетжан! деп, бір жасап қалды.
Ең жақсы бишіге сыйлық! деп, асаба жігіт «биші жігіттің» басына оюланған тақия кигізді.
Рахмет жігітім, бұрынғы қимылым жоқ әрине, бірақ сонда да болса тырысып бақтым, деп қалды бұл кісі де.
Ал, құрметті аналарымыз. Апаларымыз, қыздар деп қояйын, биге шығыңыздар! «Қамажайды» сіздерден артық кім билейді? Кәне, музыка!
«Қамажай» ән-биінің тамылжыған әуені құлаққа жағымды естілді. Тізіліп дайын тұрған әжелер, сонша келмесе де қолдарын «майыстырып», денелерінің икемі болмаса да билеуге тырысты.
Күлтәй, сен бұл кісілерге қарағанда жассың ғой, кәне, әжелерге қосылып биле, деп, «бишілерге» қарап тұрған Күлтәй құрбысын, Нүрилә апай ортаға шақырды.
Е бәсе, билеңіз, тағы қосылатындарыңыз бар ма? деп, асаба жігіт қояр да қоймай бір-екі үлкен кісілерді ортаға шығарды.
Ал енді жүн сабаңыздар, оны түтіңіздер, ұршық ұстап жіп иіріңіздер, деп асаба би қимылдарын «бишілердің» естеріне салып тұр, шапалақ қайда, шапалақ! «Бишілерді» демеп, шапалақты аямаңыздар!
Қарап тұрған жұрт күліп, шапалақтай бастады.
Жарайсыздар, әжелер! Міне сіздерге сыйлық! деп, Нүрилә апайдың қызы әжелердің иықтарына бір-бір жібек орамал жапты.
Ал енді қазақтың халық биі «Қара жорға!» Бұл биді «Буын биі» деп те атайды, деп, асаба жігіт жұртты тағы да биге шақырды. Бұл би той-томалақтың сәні болып табылады. Кейіннен қайта жаңғырған осы би кеңінен тарап кетті. Әуелі бала-бақшада да, мектепте де осы биді кеңінен насихаттап үйретеді. Мектептерде таңғы жаттығулардың орнына осы биді билейтін болыпты. Бұл қуантатын жағдай. Сонымен, «Қара жорға болмаса бидің сәні келер ме, бүрмелі көйлек кимесе қыздың сәні келер ме» деп, би әуені осы тұрғандардың бәрін еліктіріп әкетті. Жасы да, кәрісі де билеп, көңілдері сергіп қалды.
Ал ағайын, той сүйер қауым! Дастарханға шақырамын, тойымызды жалғастырайық, деп, асаба бәрінің орындарына отыруларын өтінді. Осы дастарханды Нүрилә апайымыздың құрбы-құрдастары, қызметтестері өз тілектерін айтып, бүгін «он сегізге» толып отырған апайымзды, туған күнімен құттықтауларымен бастасақ деймін. Осы мерей тойда Нүрилә апайымыздың Күлтәй деген қызметтес болған құрбысы отыр екен, сөзді сол кісіге бергім келіп тұр. Кәне, өз тілегіңізді айтып, артынан ән шырқатарсыз!
Айналайын асаба, тілегімді айтайын, бірақ ән шырқамаймын деді де, жымиып Күлтәй орнынан тұрды, әнші мына Дәриға, тамылжытып сол шырқасын. Ал енді мына тойға келетін болсақ, той деген тамаша өтіп жатыр. Кезінде Нүрилә екеуміз бір мекемеде қызмет атқардық. Нүрилә өзінің адалдығымен, ақылдылығымен, көрегендігімен ұжымымызда өте сыйлы болды. Шешілмей жатқан мәселе болса осы Нүриләға жүгінетінбіз. Ол үшін шешілмейтін ешқандай мәселе жоқ, бәрін жіліктеп, орын-орнына қойып, түсіндіріп беретін. Енді міне бүгін Алпысқа толып, мерей тойын тойлатып отыр. Нүрилә, туған күнің құтты болып, ең бастысы денің сау болсын. Аллам бойыңа қуат беріп, балаларыңның қызығына тоймай жүре бер. Құдайға тәуба, немере сүйдің, енді шөбере, немене, шөпшіме сүй. Бүгін міне алпысқа толсаң тағы алпыс жаса деп тілеймін. Сол тойыңда осылайша бәріміз тойлатып, әндетіп отырайық
Әрі қарай Күлтәйдің не айтып тұрғанын Медет ақсақал естіген жоқ. Ол кісі өзімен өзі болып, жүрегі тулап, бей-жай болып отыр. «Міне осы дауыс, менің Күлтәйімнің дауысы. Мен қалайша бірден танымадым екен? Ол мені танымағанға ұқсайды. Қайдан танысын, менің оған бала кезімнен ғашық болғанымды ол білмейді де ғой. Мен оған сырттай ғашық едім. Ол десе ішкен асымды жерге қоятынмын, оған ешкімді жақындатпайтынмын. Осы балалық алғашқы маһаббатым өмір бойы жүрегімде сақталып келді. Жүрегімнің бір бұрышынан орын алып «мен мұндамын» деп, лүпілдеп тұрғандай еді. Ол кезде он үш, он төрттегі боз баламын. Күлтәйлардың үйлерінің маңында үлкен қой тас жатушы еді. Сол қой тастың үстінде шошайып, «кеудесінде қызыл кәжекейі бар, шашын екіге бөліп бұрымдарына шолпы таққан қыз, шолпыларын сыңғырлатып қашан үйінен шығар екен, бір көріп қалсам-ау,» деп отыратынмын. Бір күндері: «осы бала қашан көрсем де осы жерде отырады, анау қызыл жейде киген баланы айтамын, не қылса да біреуді күтіп отыр-ау, ә,» деп Күлтәйдің апасының айтып жатқанын естіп қалдым. «Ол балада не шаруаң бар, отыра берсін, одан дағы дастарханыңды жай, мал да келетін уақыт болды,» деген Күлтәйдің атасының дауысын естідім. Ол кезеңде балалар әкелерін «ата», аналарын «тәте» деуші еді. «Енді міне, сол Күлтәйім, қолым жетпеген менің арманым, алдымда, той иесіне тілектерін айтып, ағынан жарылып тұр.» Медет ақсақал осылайша ойланып, толқып отырды.