Қазақша ашылып сайрау - Серік Асылбекұлы 2 стр.


Көмекбай. Сонда мына тап көз алдыңда жасалып жатқан әділетсіздіктерге, алаяқтықтарға, жемқорлыққа көзімізді жұмып жүре беруіміз керек пе бәріміздің? Адамшылық қайда, имандылық қайда? Әлде олардың бізге көк тиынға керегі жоқ па? Бүйте берсек, бұл ауыл бір күні сен айтқандай, әп-әдемі болып ішінен шіріп өледі. «Ауруын жасырған өледі» дегенді естуің бар шығар. Білдей онжылдықты бітірген сауатты адамсың ғой.

Рысты. Өлсе, өмірем қапсын. Сенің не шаруаң бар-ей онда? Айтшы!.. Ақыр аяғында енді жұрттың дұрыстап «спокойно» өлуіне де мұрша бермессің сен. Сен бе, сенен бәрі шығады! Қыршаңқы!..

Көмекбай. Мейлі, не десең, о де. Мен бәрібір шындықты айтпай тұра алмаймын. Өйткені мен айтпасам, солармен бірге мына біз де өлеміз іштей іріп-шіріп. Бүткіл қоғам іріп-шіріп, сасып кетеді.

Рысты. (Тұлданып). Сасыса, сасысын! Көппен көрген ұлы той.

Көмекбай. Бұл құлдардың психологиясы. Ал құлдар мен құл иеленушілердің қоғамы әлдеқашан тарихтың бір қойнауында қалып қойған. Тіпті одан кейінгі феодализм дәуірінің де қарасы батқалы қашан. Ал, сені мен біз қай ғасырда өмір сүреміз, айтшы? XXI ғасырда! Дүние жүзіне демократия мен плюреализм кең қанат жайған гуманистік ғасырда!

Рысты. Әй, қойшы, сен осы «демократия-семократия» деп осы үйге апта сайын буат-буат болып келетін де жататын ана газет-журналдардан жаттап алған қияли сөздеріңмен адамның басын қатырмай! Осы газет-журналдар деген де бәле болып жабысты осы үйге! Ана Астана мен Алматыдағы еріккен журналистер қайдағыны қайдан тауып алып жазады да жатады. Шаршамайды екен өздері. Тамақтары тоқ, көйлектері көк болған соң, ерігеді ғой деймін. Тыныш жатқан елді дүрліктіріп!

Рысты бірте-бірте өз позицияларынан айрыла бастағандықтан, үн-түнсіз қалған Көмекбайға төне түседі.

Рысты. Үсті-басы май сасыған мына тракторшыға cаған не керек, а, газет-журнал? Газет-журналды ана екі астанадағы Оңтүстік пен Солтүстік астаналардағы кім еді әлгі, жазушылар мен журналистер, академиктер мен сакадемиктер, ғалымдар оқысын! Олар сол үшін ақша алады үкіметтен. Ал саған не жоқ, ә?! Саған сол үшін ана жазушылар мен академиктерге төлегендей ақша төлеп жатыр ма біреулер?!

Айтқышын өзінің! «Пұлымберизм», «пұлымберизм» деп аузы жып-жып етеді ғой кісінің жынын келтіріп. О немеңнің мағынасы немене өзі? «Пұлымды бер», яғни, «ақшамды бер» деген сөз бе?

Көмекбай. Иә, сенің ойың тек сол ақша ғой. Ол қандай жолмен келіп жатыр адал жолмен бе, арам жолмен бе оған ешқашан басыңды қатырмайсың. Ал плюрализмге келетін болсақ, пікір алуандығы деген сөз ол. Былайша айтқанда, бастық Ниетәлінің айтқан сөзіне қара шаруа Көмекбай да, Рысты да өзінің қарсы уәжін айтуға хұқылы деген сөз. Әне, сонда ғана әлгіндей пікір алуандығынан қоғамда, мемлекетте шындық, әділет салтанат құрады.

Рысты. Атаңның басы! О заман да, бұ заман дүниеде қашан, қай қоғамда шындық пен әділет орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалай қалып еді осы, а-а?! Сен оқыған тарихты мен де оқығам мектепте. Әне, оныншы класты бітірді деген аттестатым жатыр ана көк сандықтың ішінде ешбір кәдеге жарамай. Сенің кесіріңнен!..

«Қарындас, қарындас!..» деп ізімнен қалмай қойған соң, мен байғұс жыланға арбалған торғайдай сенің ізіңе еріп жүре беріппін ғой ештеңенің байыбына бармастан. Әйтпесе, тым жақсы бір жігіттер болған сөз де салған, көз де салған. Әйел деген қыз кезінде ақымақ болады екен ғой.

Көмекбай. Солай ма?!

Рысты. Иә, дәп солай!..

Көмекбай. Кімдер олар саған әрі сөзін, әрі көзін салып жүрген?

Рысты. Оны не қыласың?

Көмекбай. Білейік те біз де. Қанша айтқанмен сенімен жиырма жыл бірге тұрып жатырмыз ғой.

Рысты. Қойш әрі, кісінің басын қатырмай!

Көмекбай. Айпақшы, сенің жаңағы «атаңның басы» дегенің не сөз? Енді мені қойып, аталарыма ауыз салайын дедің бе? Олардың қандай жазығы бар?

Рысты. «Прямой» жазығы бар.

Көмекбай. Ал

Рысты. Ал болса, дұрыстап тыңда, ал дейді ғой маған! Егер олар ештеңені бүлдірмей, жайларына қарап жүргенде бар ғой, тап сен секілді газет оқығыш, телевизор көргіш қияли, мәжігүн біреу келмейтін еді мына күнәһар өмірге. Сонда менің де, мына үйдегі шиеттей бес баланың да милары қатпас еді бүгінгідей.

Көмекбай. Айтатыныңды айтып болдың ба?

Рысты. Айтып болсам не қылайын деп едің?

Көмекбай. Айтатыныңды айтып болдың ба?

Рысты. Айтып болсам не қылайын деп едің?

Көмекбай. Ендеше маған 700-800 теңге бере тұр.

Рысты. Оны не қылмақшысың?

Көмекбай. Ішім алай-түлей болып барады бүгінгі мына Ниетәлі екеуіңнің маған жасаған қорлықтарыңнан кейін. Дүкенге барып, бір бөтелкі алып, шер тарқату керек. Біреумен.

Рысты. Көк тиын жоқ менде. Осы үйге сенің ақша әкелмегеніңе неше ай болды? Міне, бақандай үш ай балалардың жәрдемақысымен ілдәлап отырмыз. Шертарқату дейді ғой маған!.. Сенің-ақ шерің тарқап болмайды екен осы! Сылтаумен ана дүкенші қатын Зибашпен кездесуге асығып бара жатсың ғой өліп!.. Мен егер үстеріңнен түссем бар ғой бір күні, екеуіңнің де шаштарыңды жұлып қолдарыңа берем! Көр де тұр жұртты көзінше масқараларыңды шығарам! Сосын халықтың бетіне қалай ұялмай қарар екенсіңдер?! Тек қор болғанда үстеріңнен түсе алмай жүрмін ғой мысым құрып.

Көмекбай. Түһ, сен қайдағыны айтып кеттің өзі?! Жұрттың өсегіне еріп қарадай бүлініп. Өллә-біллә, Зибаш екеуміздің арамызда ондай ештеңе болып көрген емес сенсең.

Рысты. Сенбеймін мен саған. Сенсең дейді ғой маған ещё періште секілденіп. Әнеукүні мен «Қызылқайраттағы» Жарықбас қайнағаның құдалығына кеткенде үйге қонбапсың? Қайда жүрдің сонда? Өй, түрің құрсын сенің, түрің, жабайы мысыққа ұқсаған!.. Көздерін қараш жабайы мысықтың көзіндей ежірейіп кеткен.

Көмекбай. Оны саған кім айтты?

Рысты. Кім айтты дейді бұл ещё ұялмай, ә?! Кім болса, сол айтты! Сенен басқа жұрттың көзі жоқ дейсің бе? Бар, бар ғашығыңа, шеріңді тарқат. Ақ балтырына басыңды қойып, жыла көзіңнің сорасын ағызып. Бүлдіргі!..

Көмекбай. Әй, мен шерімді қатындарға ақтармаймын, білдің бе?!

Рысты. Бар, бар, кімге ақтарсаң да. Тек түн ішінде мас болып келіп, мазамды алма. Ана балаларыңның алды жігіт, қыз болып қалды. Тым болмаса енді солардан ұялсаңшы.

Көмекбай енді Құдай қосқан қосағының соңғы айтқан сөздеріне не уәж қайтарарын білмей орнына атып тұрып, төрдің алдында сәл-пәл состиып тұрып қалады да, сонан соң бәріне қолын бір сілтеп, киілгіштегі курткасын алып, есікті сыртынан тарс жауып, шоланда жатқан бәтеңкесін сірісінен баса-маса аяғына сұға салған күйі ауыл орталығындағы азық-түлік дүкеніне қарай бет алады.

2 көрініс

Көмекбай азық-түлік дүкеніне келіп кіреді. Прилавканың ар жағындағы ақ борықтай әдемі келіншек Зибаш оны ескі танысындай жылы қарсы алады. Зибаштың үстіндегі шатырдай ақ халат пен басындағы аппақ қардай телпек оны одан сайын ажарландырып тұр.

Көмекбай. (Прилавкаға жақындай беріп, солғындау үнмен). Сәлем

Зибаш. (Көздері жылыұшырай күлімдеп). Сәлем-сәлем!.. Немене, ауырып қалғаннан саумысың? «Настроениең» нәскиіңе түсіп кетіпті ғой.

Көмекбай. Жо-жоқ Жай. Кішкене басым ауырыңқырап.

Зибаш. Әлде кеше біреулермен ішіп қойып па едің?

Көмекбай. Жоқ, қайдағы

Зибаш.(Көмекбайға жақындай түсіп, сүйріктей аппақ саусақтарымен оның бетін аялай сипап). Сақалың да өсіп кетіпті. Тікенек-тікенек Қырынып жүрсеңші! А то біртүрлі шал секілді болып барасың.

Көмекбай.(Ептеп көңілденіп, дүкен витринасының ар жағындағы қабырғада ілулі тұрған үлкен шарайнаға қарап). Қырынамыз ғой. Шынында да, шал секілді болып барам ба?

Зибаш. Ойнап айтам. Сен жігіттің сұлтанысың ғой, Элвис Преслиге ұқсайсың. Әйтпесе Зибаштың анау-мынау еркекке көз салмайтыны белгілі емес пе.

Көмекбай. Дегенмен мен енді он-он бес жылдан кейін шынымен шал болам ғой, со кезде қарамай қойып жүрмеймісің?

Зибаш. Мен сені сақалың қудай ақсақал болсаң да, жақсы көріп өтем өмір бойы. Өйткені сен жақсысың, сенің жаның жайсаң. Онда сенің Рыстыңның мұрнына иісі де бармайтын, тек мына мен ғана түсінетін талай кереметтер бар.

Көмекбай. Рахмет, жаным. Сенің осы өмірде бар болғаның қандай жақсы. Әйтпесе

Зибаш. Әйтпесе не?..

Көмекбай. Әйтпесе мына тіршілікте еш мән қалмай барады емес пе. Кейде тіпті өзіңнің не үшін өмір сүріп жүргеніңді де білмейсің. Әйтеуір үнемі бітіп болмайтын бір сылп-сылп жүріс, таусылмайтын шаруа

Зибаш. Қойш, олай демеші. Тым болмаса мен үшін өмір сүрсеңші. Айтпақшы, бүгін түнде әйеліңнен жасырынып, кіріп шыға аласың ба маған шамалы уақытқа? Жеңісжан қазір каникулда ғой, бір жетіге папамдардікіне кеткен.

Назад Дальше