Қанатты сөз  қазына. 1-кітап - Кеңес Оразбекұлы 10 стр.


Бұл сөз тіркесі кейде «Ұранымыз  Алаш, керегеміз  ағаш» немесе «Киіз туырлықты, Алаш ұранды қазақпыз» дегендей өзгерістермен де айтыла береді. Соған қарағанда, бұл сөз тіркестері Қазақ хандығы шаңырақ көтерілмей тұрып, одан бұрынғы дәуірлерде де кең қолданыста болған тәрізді. Яғни, «Алаш» сөзі ежелгі қазақ тайпаларының ең алғаш қауым болып біріккен одағының атауы болса керек.


АТАНЫҢ БОЛМА БАЛАСЫ,

ХАЛЫҚТЫҢ БОЛ ДАНАСЫ


Досбол шешен қартайған шағында Наурызбай деген болыстың үйіне барады. Наурызбайдың үйі лық толған кісі екен. Ылғи жайсаң, байлар. Досболға онша мән бермей босағаға таяу жерге отырғыза салады. Өзі болыс, өзі бай, өзі жас Наурызбай әркімді бір сөзбен іліп-қағып отырады. Бір кезде босаға жақта отырған Досболға қарап:

 «Ана қарияның елінің қары әлі кетпеген екен-ау» деп күледі. Онысы Досболдың үстіндегі жаман тон мен басындағы тері тымақты сықақ қылғаны. Оған Досбол шешен жауап бере қоймайды. Наурызбай біраздан кейін тағы Досболға бұрылып:

 «Ана кісінің үстінде дүниенің біраз байлығы бар шығар» дейді. Сонда Наурызбайдың бұл мұқатқанына шыдай алмаған Досбол шешен былай депті:

 Уа, кәрілік, саған не жаздым,

Айғыр едім ат қылдың.

Жалғыздық саған не жаздым,

Сөйлер сөзге мәрт қылдың.

Жарлылық саған не жаздым,

Ағайынға жат қылдың.

Ағайынның азғанын

Өзі білмес, жат білер.

Қапталдықтың батқанын

Иесі білмес, ат білер.

Хан-патшаның азғанын

Қырағы көзді халық білер.

Менің кім екенімді білмесең,

Анау төрде отырған

Жаңаторы деген қарт білер.

Сол кезде Наурызбай болыс орнынан ұшып тұрып:  Сіз Досбол шешен екенсіз ғой, қария, кешіріңіз,  деп Досболдың үстіне жанат ішігін жаба бергенде, ішікті серпіп тастап, Досбол: «Мен ат мініп, тон кигелі жүргенім жоқ» деп тағы тақпақтата жөнеледі:

 Қатқан тонды қартайған

Бір ғана мен емеспін.

Бұдан былай кездессе,

Солармен де кеңескін.

Атаның болма баласы,

Халықтың бол данасы,  деп шешен мақтаншақ Наурызбай болысты жиналған халық алдында қатты ұялтқан екен.

Тек өз қарақан басыңа, отбасыңа ғана емес, ауыл-аймағыңа, ел-жұртыңа да пайдаң тиетіндей азамат бол деген мағынада айтылған.


АТАНЫҢ АТ ТҰЯҒЫ ЖЕТКЕН ЖЕР

БАЛАҒА МИРАС


Бәйдібек би «Бұлақ көрсең, көзін аш, құдық көрсең шегенде, оның басына тал ек» дейді екен. Малын өргізіп, жайылым іздеген ауылдастарына «Қыстау, қорған салыңдар. Оны тастап кетпеңдер. Оған айналып соғып, қыс қыстап, жаз жайлап жүріңдер. Аттың тұяғы жеткен жер бекер қалмасын. Төбе басына оба үйіп, қада қағып, белгі тастап отырыңдар»,  деп өсиет айтатын бопты. Бәйдібек бабаның осы өсиеті бекер емес екен.

Бір жолы моңғол ма, жоңғар ма, әйтеуір бір елмен шекараға мал жайылымына талас туыпты. Сонда екі елдің ел басшы, ел билері орталарынан кісі шығарып шекараны анықтау үшін жүріп отырып, «Мынау бұлақ кімдікі, мынау құдықты кім қазған, талды кім отырғызған?» десе, Бәйдібек аулының адамдарынікі болып шыға беріпті. «Мынау обаны кім үйген, мынау қаданы кім қаққан?» десе де, Бәйдібек адамдары ие бола беріпті. Айдан-анық, тайға таңба басқандай, белгі-дәлелдерін көріп, даукес елдердің амалы құрыпты. Көнбеске амалы қанша, сол «Бәйдібек қыстауы», «Бәйдібек аулының жайлауы», «Бәйдібек құдығы», «Бәйдібек бұлағы», «Бәйдібек талы» деген жерлерден шекара сызығы тартылып, екі ел шекарасы белгіленіп, жер дауы шешімін тауыпты деседі ел. «Атаның ат тұяғы жеткен жер, балаға мирас» деген осы.

Кең байтақ еліміздің шекарасын  жауынгер ата-бабаларымыз ақ болаттың жүзімен, найзаның ұшымен қорғап, иелік еткен, өзіне  қоныс, малына жайылым еткен, ат тұяғымен талай шиырлаған жерлер бойынша шегара белгіленген жоқ па. Енді, міне, ұрпағы біз, сол жерлерді мирастықпен иеленіп, тәуелсіз ел болып отырмыз.


АТАН БОЛСА СОЙЫЛАР,

АТАМ ӨЛСЕ ҚОЙЫЛАР,

МҰНДАЙ ҚАНСОНАР КҮНДЕ ҚАЙДАН ТАБЫЛАР


«Аң дегенде жай адамдар да елең ете қалады. Ал аңшылар аң дегенді естігенде, ішкен асын жерге қойып тыңдайтындар ғой. Аң аулау маусымында аңшылар күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жорытады. Талайы аң аулаудан байиды. Ішіп-жеп, игілігін көреді. Аң аулап, серуен-салтанат құрып, рақаттанады. Талайының бағы шаппай, ыңыршағы шығады. Аң соңында жүріп мертігеді, өледі. Өйткені, ертеректе аң қызығы ең үлкен, ең тамаша қызықтың, серуен-салтанаттың бір түрі болғаны рас. ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Тарбағатай төңірегін мекен еткен атақты Былғақ деген адам қан сонар күні аңға шығайын деп жатқанда, атасы (әкесі) қайтыс болады. Соған қарамастан аңға аттанғалы жатқан Былғаққа ел-ағайын: «Ойбай-ау, мынауың не?»  десе, «Атан болса сойылар, атам өлсе қойылар, мұндай қан сонар күнде қайдан табылар»,  деп Былғақ тентек шаба жөніліпті. («Саят»).

АТАҢА НЕ ҚЫЛСАҢ,АЛДЫҢА СОЛ КЕЛЕР


Ертеде бір елдің ханы: «Қартайған әкелерін балалары биік құздан құлатып өлтірсін!»  деген жарлық беріпті. Халық осы жарлықты орындапты. Бір жас жігіт өзінің әкесін құз басына әкеліп, итеруге дайындала бергенде әкесі күліпті. Бала таңданып: «Әке, неге күлесің?»  деп сұрапты. Сонда әкесі: «Мен де сен сияқты осыдан көп жыл бұрын әкемді құздан итеріп едім. Міне, енді өзімнің басыма сол келген соң күлемін»,  депті. Мұны естіген баласы әкесін өлтірмей, ханнан жасырып бағыпты. Кейін елінде бір қиын жағдай болғанда, хан бүкіл халқын жинап, ақыл сұраса, ешкім ақыл бере алмапты. Сонда жігіт әкесіне келіп не болғанын айтқанда, әкесі қиындықты жеңудің шешімін тауып береді. Сөйтіп, елін аман сақтап қалады. Бұған риза болған хан қартайған адамдарды өлтірмей, қайта олардан ақыл-кеңес сұрап отыру керектігін заңдастырыпты.

Бұл мақал: «Атаңа туған күн саған да туады, сен де сондай боласың» дегенге меңзейді.


АТАҢНЫҢ ТӨРІ ТҰРМАҚ, КӨРІНЕ КІРЕРСІҢ


Ертеректе күйеу жігіт қайын жұртына алғаш келгенде, босағаға тулақ төсеп отырғызатын дәстүр болған. Күйеу жігіттің қайын атасының төріне шығуға қақысы болмаған.

Бір жас жігіт қайын атасының үйіне келгенде, жеңгелері астына тулақ төсеп, босағаға отырғызып қойыпты. Сол үйдің үлкен қабаған иті бар екен. Бөтен адамды көрген төбет арс етіп оқыстан үріп қалғанда, күйеу жігіт шошып кетіп, төрге бір-ақ секіріп шығады. Сонда жеңгесі бетін шымшып:

 Масқара-ай, күйеу жігіт атамның төріне шығып кетіпті ғой,  депті.

Сонда күйеу жігіт есік жақтағы төбетті нұсқап:

 Анандай бәлекет арс етіп тұра ұмтылса, атаңның төрі тұрмақ, көріне кірерсің,  депті.

Бұл сөз тіркесі үрей-қорқынышқа бой алдырсаң, не істеп, не қойғаныңа есеп бере алмассың деген ойды аңғартады.


АТА ТҰРЫП ҰЛ СӨЙЛЕСЕ  ЕР ЖЕТКЕНІ БОЛАР,

АНА ТҰРЫП ҚЫЗ СӨЙЛЕСЕ  БОЙ ЖЕТКЕНІ БОЛАР


Бұл жерде адамның ақылы жасында емес, басында. Егер ақыл-парасаты толысып тұрса, неге жасына қарап емес, басына қарап бағаламайсыз деген ойды астарлап жеткізіп тұр.

Сырым жас кезінде бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.

 Балалар, аман ба?  депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:

 Жүр кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой!  дейді.

Малайсары жалт қарап:

 Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без,

Ана тұрып, қыз сөйлегеннен без.

Сырнайдай сарнаған мына бала кім еді?  дейді.

 Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар,

Ана тұрып қыз сөйлесе, бой жеткені болар,  дейді Сырым.

 Сен толған екенсің, мен тозған екенмін,  деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырып алған екен.


АТЫ ЖҮЙРІК ҚАЙЫРАДЫ,ТІЛІ ЖҮЙРІК АЙЫРАДЫ


Аты жүйрік болса, қуып жетеді, озып, алдыға шығады. Ал тілі жүйрік, шешен болса, жақсы мен жаманды, адал мен арамды жіліктегендей ажыратып береді, сөзбен түйреп есе бермейді деген мәні бар.

Әрі ақын, әрі балуан Ахмади деген жігіт жалғыз атын жоғалтып, Бақбақтыда жиын өткізіп жатқан Қожахан деген болыстың ауылына келеді. Болыс баса-көктеп кірген кедей ақынды жақтырмай, шаруасын сұрап білген соң: «Атыңның белгісін өлеңмен айт, әйтпесе үйіңе қайт!»  дейді.

Сонда Ахмади:

Ақ тоқым, қос таңбалы, өзі жирен,

Қиянкес, ұры алмаса, шықпайды үйден.

Жануар жылқы болмай, адам болса,

Нәсілі бір кем емес, болыс, биден.

Ақ тоқым, қос таңбалы жирен еді,

Шананы қар жауғанда сүйрер еді.

Болдырып көп жұмыстан еті арыса,

Дорбаға қи сап берсем, күйленеді.

Жануар жылқы болмай, адам болса,

Болыс боп бір тайпаны билер еді,  дегенде, Қожахан болыс одан арғысын айтқызбай: «Аты жүйрік қайырады, тілі жүйрік айырады»,  деген, мынаның тілі улы екен, жоғын тауып беріп, қайтарыңдар,  депті.


АУЗЫ ҚИСЫҚ БОЛСА ДА,

БАЙДЫҢ ҰЛЫ СӨЙЛЕСІН


Бөлтіріктің баласы ел ішінің ісіне жаңадан араласа бастаған шағы екен. Бір жиын үстінде қызу әңгіме-дүкен болады. Кісілер сұлу сөйлеп, тапқыр сөйлеп, алға озғысы келіп сөз жарыстырып отырады. Жиналғандардың ішінде бір байдың мырзасы да бар екен. Өзі малға бай болғанымен, сөзге кедей екен, мінезі де жайсыз болса керек. Сол реті келген жерде де, реті келмеген жерде де сөзге жармасып, елдің алдын орай береді. Сөздің мәні кеткен соң, Бөлтіріктің баласы, өз сөзі кезегінде:

Назад Дальше