Асың түгілі, табағың қайда?! деп қойып қалыпты. Сөйтсе, бұзауға сүрініп жығылғанда, табағы ұшып кетіп, соны таба алмай сипалаңдап жүр екен.
АТ АЙНАЛЫП ҚАЗЫҒЫН ТАБАДЫ
Николай заманында Жетісу елінің атақты байы бір жылы жәрмеңкеде өзінің кекселеу болып қалған жүйрік айғырын үйірімен Әндіжаннан келген (Өзбекстандағы қала, елді-мекен) саудагерге сатып жібереді. Сол айғырдың жеке өзін келесі жылы жазда жайлауға шыққан малшылар «Мыңжылқы» өңірінен көріп қалып, байға хабар береді. «Қайтқан малда береке», деп бай айғырды ұстап алып, мойнынан құшақтап, маңдайынан сүйіп тұрып, көзіне жас алады. Өйткені, ол айғырдың Әндіжан жерінен осы «Қарқараға» жеткенше бір жылдай уақытта қандай қиыншылық көргенін ұғыну оңай емес еді. Үйірін айдап шығып, айырылып қалды ма, немесе жеке өзі қашып шықты ма, ол жағы беймәлім. Әйтеуір қуғынды көп көрген сияқты, атты адамды алыстан көргеннен қаша беретін, денесінің тілім-тілім болмаған жері аз, не болса да көп қиындықпен жеткен. «Жылқы жершіл», «Ат айналып қазығын табады» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Жақсы жылқы басы бос болса, қандай қашықтықта болмасын туып-өскен жеріне тарта береді, жануарлардың есі анау-мынау адамнан кем болмайды.
Бай содан кейін ол айғырды өз қолынан шығармай, үйірге қосып жүрді.
АТ ЖАЯСЫ ЖАЛПАҚ БИЕДЕН,
ЕР АЛАҚАНЫ ЖАЗЫҚ АНАДАН ТУАДЫ
Еліне қадірлі, әділ билік жүргізген Сүлеймен деген қарт әл үстінде жатқанда, үзеңгілес жолдастары, жақын ағайын мен өзінің үш баласы әкеден өсиет күтіп отырғанда, балалары әкеден өсиет сұрауға жарамай, сықсыңдап жылай беріпті-міс. Сонда олардыың бұл қылығына разы болмаған Сүлеймен жиналғандарға қарап: «Ат жаясы* жалпақ биеден, ер алақаны жазық анадан туады» деуші еді атам қазақ. Көз жасына ие бола алмай отырған мына балаларымнан не шығушы еді. Бұлардың анасы есіктен келген балаға дастарқаннан уыстап бауырсақ әкелгенде, уысына үш бауырсақтан артық сыймаушы еді. Содан туғандар мыналар ғой, көз қырларыңды сала жүріңдер», деп, балаларын өзінің үзеңгілес достарына тапcырыпты-мыс.
Қолы ашық, кеңпейіл, дархан аналардан ғана ерлер туады деген ойды береді.
АТ ЕР ҚАНАТЫ
Ұлы Алла Адам атаны жәннаттан шығарып, жерге түсірген кезде оны төрт көзі бар, қанатты пыраққа мінгізген екен. Адам ата жерге түскенде, бойын үрей билейді. Бейтаныс мекен көзіне жат көрінеді. Қорыққаннан пырақтың мойнынан құшақтап алып жібермей қояды. Бірақ пырақтар қайтадан жәннатқа көтерілмек болады. Сол кезде Адам ата аттың қанаттарын қырқып тастайды. Пырақтар не істерін білмейді. Сол кезде Алладан:
Адамның жүрсе, қанаты, жау тисе, қорғаны бол. Адамға қызмет ет, деген бұйрық келеді. Ат амалсыз жерде қалады. Бұрынғы қанатындағы күш-қайраты оның аяқтарына ауысады. Бастапқыда ат жерге үйрене алмай, жәннатты аңсап жылай берген екен. Күні-түні жылағаннан төрт көзінің екеуі суалып, көрмей қалады. Аттың маңдайындағы көзге ұқсас шұңқырлар құрғап қалған жанардың орны екен. Содан бастап ат адамның ажырамас серігіне айналады. «Ат ердің қанаты» деген мәтел осыдан қалған екен.
Көшпелі дәуірде ат, жылқы деген атаулар қазақ даласының екінші есіміндей болып кеткен еді. Кең байтақ даланы меңгеру үшін, құс қанаты талатын қашықтықты қаусыру үшін тек аттың ғана жалы мен белі, тұяғындағы желі керек болды. Тарихтағы қиян-кескі жорықтар, дала үшін ұзақ қан төгіс қырғындар ат арқасында өткен. Қысқасы, қазақтың екі сөзінің бірі ат туралы болатын. Содан да болар, халқымыз «Ат ер
Жая* жылқының сауыр еті.
қанаты», «Ат жетпейтін жер жоқ», «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», «Ат сүрінбей жер танымас», «Ат тұяғын тай басар» дегендей көптеген мән-мағыналы қанатты сөздер қалдырған.
АТАДАН БАЛАНЫҢ БАҒЫ АСЫП ТУУЫ МҮМКІН,
АЛ АҚЫЛЫ ШИРЕК ТЕ БОЛСА КЕМ ТУАДЫ
Әкесіне қарағанда баланың өмірде жолы болуы, қызмет-мансабы өсуі, бағы жануы мүмкін. Бірақ әке алдында ол қашанда перзент. Әкесінен көп өмір сүрген жоқ. Демек, тәжірбие, өмірді танып-білу, көңілге түю тұрғысынан әкесінен асып кете алмайды. Нақылды осы мағынада түсіну керек.
Жиренше бозбала кезінде жасы ұлғайған әкесін ауыл сыртындағы төбеге атпен апарып отырғызып, өзі ауыл аралап, кешке қарай қайта атпен алып қайтады екен.
Бір күні Жиренше нағашысының аулына қыдырып кетеді. Содан қайтар жолда бір жас жігіт жолдан қосылып, бірге жүреді. Ауылға жақындағанда әлгі жігіт басқа ауылға бұрылып, әндетіп кете барады. Жиренше күндегі әдетімен төбе басында отырған әкесін үйіне алып келіпті.
Балам, жаңағы жолдасың еркек пе, әйел ме? деп сұрапты әкесі.
Әйел емес, жас жігіт.
Ендеше кеткен ауылына барып келші, меніңше сол әйел, депті әкесі.
Сол ауылға барып, қайта оралған Жиренше:
Әке, сіздің айтқаныңыз рас екен, мен шамалас қыз болып шықты. Оның әйел екенін қайдан білдіңіз? деп сұрайды. Әкесі айтады:
Алыста келе жатқанда аяғы аттың екі өкпесінен шықпады. Ауылға жақындағанда ерге еңкейіңкіреп отырды. Сенен бөліне беріп ән салғанда, әнді еркекше бастады да, әйелше қайырды, содан білдім. Сол қызбен сөйлес, болашақ жарың сол болады, дейді.
Атақты Қарашаш анамыз сол қыз екен. Жиреншенің «Атадан баланың бағы асып тууы мүмкін, ал ақылы ширек те болса кем туады» деген сөзі содан қалыпты.
Халықтың жорамалы бойынша, Жиренше шешеннің әкесі де сөзден қаражаяу болмаған екен.
АТА ҚАРҒЫСЫ ОҚ
Ілгері заманда дүниеде жоқ бай болыпты. Бірақ оның баласы болмайды. Жаратқанға жалынып, сыйынбаған мазары, бармаған жері қалмай жүріп, жасы жетпіске таяп қалғанда жалғыз ұл көреді. Баласы жастайынан елдің тілін алмайды, өзінің білетінін істеп, теріс болып өседі. Ата-анасы басқа қылар айласын таппайды. Ақыры атасы, «құс болып, ұлып қал, ұяң таста болсын», деп қарғайды. Атадан қарғыс алған жалғыз бала «Байұлы» деген құсқа айналып қалған екен. «Ата қарғысы оқ» деген сөз қалған екен елде.
Ілегіргі замандарда ата, әке қарғысы ең ауыр, зардапты жазалардың бірінен саналған. Халық сенімі бойынша мұндай қарғыс арқалаған адам ерте ме, кеш пе бір қауіп-қатерге жолығады немесе өмірде жолы болмайды. Сондықтан есі бар әрбір ұл-қыз ата-ана қарғысына ұшырайтын теріс қылық-әрекеттерге бармаған. Ата-анасын мейлінше сыйлап, құрметтеп, олардың ұстанған пікір, көзқарастарына қарсы келе бермеген.
Бүгінгі күндері де сол дәстүр маңызын жойған жоқ.
АТА ҚАРҒЫСЫ ОҚ (Екінші нұсқасы)
Қария сөздің айтуында Ақсерке дәулетті, бай болған адам екен. Байлықтың өзі адамның ниетіне бітеді деген сөз рас болса керек. Ақсерке мыңғырған малын бағып-қағатын малшылардан «аттың майы»* дегенді сұрамайтын мырза адам болыпты.
Бірде Ақсеркенің баласы Жарасты біреулер қоздырып, намысына тиіп, «шынымен әулеттерің мырза болса, мына жалы жер сызып жүрген ақ жал қара айғырды қонақасыға сойшы, көрейік» деп қойт-қойттайды* ғой. Жарас та қызуқанды жігіт болса керек, сол жерде айғырға бұғалық салдырып, шыңғыртып отырып бауыздатып тастайды. Ақ жал қара айғыр Ақсерке әулетінің кие-құты, малының басы екен. Сондай қасиетті жануарды пышаққа шалған баласы Жарасқа Ақсерке қатты ренжіп, теріс батасын беріпті.
«Ата қарғысы оқ» деген, сол Жарастың ұрпағы өсіп-өнбеген. Кеңес заманындағы аласапыранда Жарастан тарайтын аз ғана ұрпақ Ауғаныстан ауып кеткен екен.
АТАМЫЗ АЛАШ,
АТЫМЫЗ ҚАЗАҚ,
ҮШ ЖҮЗДІҢ ҰРПАҒЫМЫЗ (Екінші нұсқасы)
Бір жорықта Қызыларыстан ханға асқан сұлу бір қыз тұтқын болыпты. Сонсоң, бұл қызды хан әйел етіп алыпты. Кейін бұл әйел жүкті болып, бір ұл табады. Әлгі ұлдың тұла бойы түгел ала болады. Мұны жамандыққа
Аттың майы* бұл жерде аттың тері, күші.
Қойт-қойттайды* айдап салады, қоздырады.
жорып, қалай жоғалтуды ақылдасқанда, ханның бәйбішесі: «Бұл баланы суға тастаңдар», дейді. Бәйбішенің айтқаны бойынша баланы Сырдарияның суына апарып тастап жіберіпті. Мұны балық аулап жүрген бір кедей қария көріп, ұстап алады да, бағып бала қылады.
Сонымен, ала бала ер жетіп, асқан ақылды әрі батыр жігіт болыпты. Ала бала ел ішінде «Алаш» деп аталып, атағы жайылады. Мұны хан естіп, ордаға әкелдірмек болады. Бірақ ханның қасындағы Майқы деген адам: «Бұл баланы ордаға әкелмей, қасына жүз жігіт беріп, өз еркіне жіберу керек», деп кеңес береді. Хан бұған мақұл болады. Бұған алғашында Үйсін деген жігіт жүз жігітпен барып қосылады. Келесі жолы Болат деген жігіт жүз жігіт бастап барып тағы қосылады. Үшінші жолы Алшын бастаған жүз жігіт және барып қосылады. Сонымен олар жорықтар жасап, төңірегіндегі елдерді бағындырады.
Кейін бұлар бас қосып жиын ашып, Алашты ақ киізге отырғызып хан көтеріпті. Сонан барып әлгі ала бала «Алаш хан» атаныпты. Үш жүз жігіттен қазақтың үш жүзі тарапты. Яғни, Үйсін бастаған жүз жігіт Ұлы жүз, Болат бастаған жүз жігіт Орта жүз, Алшын бастаған жүз жігіт Кіші жүз болыпты. Сондықтан да қазақтар: «Атамыз Алаш, атымыз қазақ, үш жүздің ұрпағымыз», дейді.