Қанатты сөз  қазына. 1-кітап - Кеңес Оразбекұлы 12 стр.


Ерден ештеңе дей алмай булығып отырып қалыпты. Бәтеш жайымен орнынан тұрып, үстін қағып болған соң:

 Батырдың батыр екенін қайдан білесің,

Найза алып жауға шаппаса?

Бидің би екенін қайдан білесің,

Саралап билік айтпаса?

Байдың бай екенін қайдан білесің,

Оқалап үйін жаппаса?

Бәйбішенің бәйбіше екенін қайдан білесің,

Жиынға саба артпаса?

Жігіттің жігіт екенін қайдан білесің,

Қыздардың көңілін таппаса?

Қыздардың қыз екенін қайдан білесің,

Шытыра моншақ тақпаса?

Мынау Ерденнің ақ ордасы екенін қайдан білесің,

Біреу сүрініп, біреу жығылып жатпаса,  деген екен. Ерден Бәтештің сөзіне риза болып, ат-шапан сыйлап қайтарыпты.


АЯЗ БИ, ӘЛІҢДІ БІЛ,ҚҰМЫРСҚА, ЖОЛЫҢДЫ БІЛ


Майқы би, Аяз би мен Құмырсқаға көбінесе арқа сүйеп, оларға сенеді екен. Ол екеуімен Майқы би халық тағдыры, ел жағдайы, шаруа қамы жөнінде жиі-жиі ақылдасып, ой-пікір алысып отырады. Кейде дәл жауап айта алмай, шалыс басқан заматта оларға ескерту жасап түзеп, бағыт береді екен. Бір жолы ол екеуі жарыса сөйлеп, Майқының алдын кес-кестей беріпті, сонда Майқы би оларға былай депті:

Билер бүгін Майқының алдын кесесің,

Ертең жұрттың төбесін тесесің.

Майқының да айтатын кебі бар,

Айтуға аузының да ебі бар.

Хан сөзінің қашанда бәрі дұрыс,

Әзір сөзімде болмас бұрыс.

Ақылым алжыған жоқ,

Ондайды болжағам жоқ.

Орынсыз ауыз ашсаң,

Екі би басарсың шоқ.

Аяз би, әліңді біл,

Құмырсқа жолыңды біл

«Аяз би» ертегі аңызында «Аяз би әділ болды. Тура билік ететін еді. Нашарларға қарасты. Баяғы өзінің жыртық тоны мен жаман тымағын ордасының маңдайшасына шегелеп қойды. Кейде хандықпен көңілі ауытқып, тура жолдан таяйын десе, шегелеулі тымағы мен тонына қарап: «Ай, Аяз, баймын деп аспа, ханмын деп таспа! Аяз, әліңді біл, Құмырсқа жолыңды біл!»  деп көңілін басушы еді дейді.

Бұл мақалда қолым билікке, тақ-мансапқа жетті деп, асып-таспа. Өз қалпыңа, сабаңа түс. Алды-артыңа қарап сөйле. Өз әліңді, жолыңды, жөніңді біл деген ой, қағида жатыр.


АЯҚҚА КІСЕН САЛУҒА БОЛАР,

ҚОЛҒА КІСЕН САЛУҒА БОЛАР,

АЛ, ТІЛГЕ КІСЕН САЛУҒА БОЛМАС


Боралдайдың бір байы мен жалшысы дауласып, Бәйдібек биге барыпты. Бұл кезде Бәйдібек бидің жігіт шағы екен. Бай айтыпты:

 Өзім асырап, есігіме салған құлым еді. Ауқат беріп, әлдендірдім, ескімді беріп киіндірдім. Соған місе қылмай, енді менен ат дәметеді.

Би жалшыға сөз беріп:

 Кәне, сен сөйлеші,  десе, әлгі жалшы өте момын, жалтақ болса керек, байға жалтақ-жалтақ қарай беріпті. Ал бай болса, оған көзін алартып қояды. Жалшының бұл халін сезе қойған Бәйдібек би:

Аяққа кісен салуға болар,

Қолға кісен салуға болар,

Ал, тілге кісен салуға болмас, 

деп, жалшыға араша түсіп, ақысын алып беріпті.

Халқымыздың салт-дәстүрінде тіл мен сөзге үлкен мән берген. Сол себептен қандай ащы, ауыр сөз болса да, «айтып қалсын» деп, бөгет болмаған. Міне, « тілге кісен салуға болмас» деген қанатты сөздің астарында дәстүрге негізделген осындай ой жатыр.

Ә

ӘЗІЛ ТҮБІ  ЗІЛ


Бұл жерде орынсыз, ретсіз айтылған әзілдің зардабы ауыр болады, жақсылыққа апармайды деген ойды тұжырымдап отыр.

Үш құрдас жолаушылап келе жатып, бір үйге түседі. Үй иесі қонақтармен әңгімелесіп отырады. Бір кезде қонақтардың біреуі тысқа шығып кетеді. Үй иесі қалған екеуінен:

 Әлгі жігіт қандай адам?  деп сұрайды.

Қонақтар:

 Ол өзі бір есек,  дейді. Жігіт қайтып келген соң, үйдегі екі қонақ та аттарын көріп келуге шығады. Үй иесі қалған қонақтан:

 Бұлар кім өздері?  деп сұрайды. Қонақ:

 Бұлар бір жүрген ит, шошқа,  дейді. Кешке ас ішер кезде үй иесі қонақтардың адына бір дорба сұлы, бір мүжілген сүйек, суға былғаған бір шылапшын кебек қояды.

Қонақтар аң-таң болып ашуланады:

Үй иесі:

 Өздеріңіз бір-біріңізді есек, ит, шошқа деп таныстырғаннан кейін, әрқайсысыңыздың сүйген тамақтарыңызды әзірлетіп едім,  дейді.


ӘЗІЛІҢ ЖАРАССА, АТАҢМЕН ОЙНА


Өкей өзінің туған әкесімен де қатты қалжыңдасатын. Бірде ол әкесімен бірге дастарқанға отырып әйеліне «сорпа әкел» дейді. Сорпа өте ыстық болса керек. Өкей алдымен өзі ұрттап көреді де, әкесіне беріп жатып, әйеліне:

 Мына сорпаң сап-салқын ғой, әйтеуір ісің бір оңбайды,  деп ренжіген

сыңай танытады. Мұны естіп отырған әкесі сорпаны қаттырақ ұрттап қалып, аузын күйдіріп алады. Біресе ашуланып, біресе күліп, не істерін білмей қалған әкесіне:

сыңай танытады. Мұны естіп отырған әкесі сорпаны қаттырақ ұрттап қалып, аузын күйдіріп алады. Біресе ашуланып, біресе күліп, не істерін білмей қалған әкесіне:

 Апыр-ай, осынша жасқа келгенде, бала сиқты мұныңыз не, байқамайсыз ба?  деп «ақыл» айтыпты.

Әзілің жарасса, дос-жаран, қатарластарыңмен ғана емес, үлкен-кішімен де ойнауға, қалжыңдасуға болады деген ойды береді.


ӘКЕ АҚЫЛЫ АҚЫЛ-АҚ


Ертеде бір байдың жалғыз ұлы болыпты. Әкесі қанша ақыл айтса да, дүние-мал жинау орнына оны оңды-солды шашыпты. Өзі секілді достарымен бірге қызық қуып, той тойлаудан басқаны білмепті. Бір күні әкесі қатты ауырып, өлетін күні жақындағанда баласын шақырып алып, былай деп өисет айтыпты: «Балам, сенің жағдайыңды біліп отырмын. Менің көзім тіріде айтқаныммен жүрмедің. Енді бұдан былай осы бетіңмен кете берсең, барлық дүние-мүліктен айырылып, қайыршы болып шығасың. Әрине, қайыршылық өмірге шыдамай, өлгің келеді. Жақсы ит өлігін көрсетпейді демекші, сен ит емес, адамсың ғой. Осы үйдің төбесіне бір ағаш дайындап қойдым, өмірден түңілгенде соған асылып өлерсің. Менің өсиетім, соңғы ақылым осы».

Көп ұзамай әкесі қайтыс болады. Жігіт әкесінің тірнектеп жиған дүниесін шашуға кіріседі. Күнде той, күнде думан. Қанша мал болса да бей-берекет жұмсалған байлық ақыры таусылады. Не керек дос, жолдас болып жүргендер сырт айналып кетеді. Әйелі мен баласы күн көре алмаған соң, өз әке-шешесінің үйіне барып сағалайды. Не істерін білмеген жігіт өмірден түңіледі. Сол кезде әкесінің баяғыда айтқан ақылы, ең соңғы өсиеті есіне түседі. «Қой, былай қор болғанымша, асылып өлейін»,  дейді. Арқан алып, әкесі дайындап кеткен ағашқа арқанды байлап, мойнына салып, өзін төмен тастап жібергенде, ағаш морт сыныпты. Сонда ағаштың арасынан алтын ақшалар сауылдап төгіліпті. Сөйтсе, әкесі өлердің алдында ағаштың ішіне көп ақша тығып, оның арасын білдірмей аралап қойған екен.

Одан кейін жігіт өз қателігін түсініпті. Дүниені босқа шашқанын қойып, жұмыс істеп, еңбек етіп, бай-бақуат, дәулетті өмір кешіпті.

Әке ақылы  өмірлік тәжірбиеден өткен, көрген-түйгені мол ақыл. Әке ақылы адастырмайды, адасқанды түзу жолға салады. Сондықтан балалардың әке ақылын тыңдап өскені жөн.


ӘКЕ БАЛАҒА СЫНШЫ


«Тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай» бағып-қағып өсірген балаларының мінез-қасиеттері әкеге бес саусағындай белгілі. Бұл  дәлелденбейтін қағида. Олай болса, әке сол мінез-қасиеттеріне қарап, қай баласының қандай шаруа, іске икемді, қандай өнер-білімге бейім екенін де алдын ала бағамдап, дұрыс сын-баға бере алады. Әкенің балаға сыншы болатыны да сондықтан.

Қыстау қораға көшуге әлі ерте деп жайлаудан күзеуге жұрт аударып қонған мал баққан қазақ ауылының қынаулы отыны сиырдың қу жапасы да, тамызығы қурай, көкпек, қоңыр жусан тағы басқа ғой. Жауын-шашын жиілеген шақта бұндай «жалпылдақ отын» өз-өзінен ылғал тартып, қазандық астында маздап жана қоймайды. «Ашқа тартқан кешке тартып» дегендей, үй іші телміріп, астың пісуін, қазанның түсуін күтіп отырған сондай күндердің бірінде бір үйлі жанның анасы балаларының біреуіне «Қазан қайнады ма екен, қарап келші!»  депті. Сонда әкесі тұрып: «Жоқ, ол емес, анау қарап келсін!»  десе керек, басқа баласын нұсқап. Бұның себебін түсінбей аңырып қалған әйеліне үй иесі: «Ақылды балам астына қарайды, ақымақ балам үстіне қарайды!»  деген екен. Себебі, баланың біреуі қазанның тек қақпағын ғана ашып қарап келеді екен де, екіншісі қазан қайнамай жатса, астындағы отын көсеп, тағы да тезек қалап, әйтеуір қазанды қайнатып келеді екен. «Әке балаға сыншы» деген сөз осыдан қалыпты.


ӘКЕНІҢ КӨҢІЛІ БАЛАДА,БАЛАНЫҢ КӨҢІЛІ ДАЛАДА


Бұл мақал көбінесе «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деп айтылады. Бала ата-ананың қалауынсыз, рұқсатынсыз іс-қылық көрсеткенде немесе күткен тілек, сенімдерін ақтамаған жағдайда үлкендердің аузына осы нақыл оралады.

Қалада оқу оқитын баласының аман-саулығын біле келген қария:

 Балам, көрдің бе, жұрт әне аялдамада да қағаз жазып отыр. Сен ақша керек болып қалғанда болмаса, «қол тимейді» деп, амандығыңды да білдірмейсің. Бәрінен де бұрын салған ақшаны алған-алмағаныңды біле алмай дал боламыз

 Әке, сол салған ақшаң өзіңе қайтып бармады-ақ, мені аман екен деп санай бер,  дейді баласы.

Әке басын шайқап: «Әкенің көңілі балада, баланың көңілі далада» деген осы екен-ау,  дейді.

Назад Дальше