Кәдік* қауіп, зақым.
түспе, қарайып соңымнан қалма», деп батасын береді.
Дуалы ауыз, қасиетті Нұриланың батасы қабыл болып, Сыландының ұрпағы өсіп-өнеді. Бірақ, көптігі жөнінен Нұриланың ұрпағынан асқан емес. Бұлай болуы Нұриланың «Ағарып алдыма түспе, қарайып соңымнан қалма», деген батасына байланысты еді дейді.
Бәйдібектің тоқалы Нұриладан Тілеуберді (Жарықшақ), Жарықшақтан Албан, Суан, Дулат тарайды. Бұларды қараүйсін деп те атайды.
Жалмамбеттің екінші әйелі Сыландыдан Ысты, одан Ойық, Тілік, Сызық туған. Жалмамбеттің кіндігінен тараған шапырашты, ысты, ошақты аталарын жинақтап «Ақүйсін» деп те атайды.
АҒАШ ЕКСЕҢ, КҮНӘҢ ЖЕҢІЛДЕЙДІ
Ертеде бір қандықол қарақшы тәубе еткісі келеді. Ол Шайқы Бұрқы әулиеге келіп:
Мен қырық жыл бойы қан төктім. Зұлымдықтан басқа іс жасамадым. Енді тәубеме келдім. Не амал жасасам, Алла күнәмді кешеді? деп сұрайды. Шайқы Бұрқы:
Жол жиегіне жеміс ағашын ек. Өткен-кеткен жолаушылар саясына паналасын. Жемісін жесін, шөлін қандырсын, дейді.
Қарақшы жолдың жағасына көп ағаш егіп, баптап өсіреді. Арада бірнеше жыл өткенде ағашы жайқалып, бауға айналыпты Жолаушы дем алып, керуен ат шалдыратын саялы баққа айналады. Бір күні Шайқы Бұрқы жолаушылап келе жатып, қарақшының бауына кезігеді.
Бұл кімнің бағы? деп сұрайды.
Баудың иесі жоқ. Жергілікті жұрт «қарақшының бағы» деп атайды. Қарақшының өзі он жыл бұрын дүниеден озыпты дейді.
Шайқы әулие бақтың жемісін жеп, сол жерде түнейді. Түсінде баяғы қарақшыны көреді. Ол жұмақтың бағында отыр екен. Төбесінен нұр құйылып тұрады.
Шайқы:
Ей, Алла, бұл не хикаят? Қарақшының төбесінен нұр не үшін себезгілеп тұр? деп сұрайды.
Мұның еккен ағашының саясына сан адам келіп дем алды. Жемісін жейді. Соның сауабы өзіне ақиретте өшпес азыққа айналды, дейді. Шайқы Бұрқы ұйқыдан көңілді ояныпты.
Содан бастап ел арасында «ағаш ексең, күнәң жеңілдейді» деген қанатты сөз қалыпты.
«Бір тал кессең, оң тал ек», «Мазар басына ағаш ексе, сауабы тіріге де, өліге де тиеді» деген қанатты сөздерде де жоғарыдағыдай тағылымды ойлар жатыр.
АЖАЛ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ
Қорқыт ата өлімге қарсы тұрып, мәңгілік өмірді және адам баласы қайғы-мұңсыз, бақытты өмір сүретін Жерұйық мекенді ұзақ іздейді. Бірақ қайда барса да, көр қазып жатқан адамдарға жолығады. «Бұл кімнің көрі?» деген сұрағына үнемі «Қорқыттың көрі» деген жауап алады. Содан ойлана келе, «Мәңгілік өмір тек қана өнерде» деп түсінген дана қобыз аспабын ойлап тауып, астындағы Желмаясын сойып, терісінен соған шанақ жасайды. Сөйтіп, Сырдарияға кілем жайып, үстіне отырады да, қобызын күндіз-түні тарта береді. Сол уақытта бүкіл жер-жаһан, жүгірген аң, ұшқан құс, бәрі-бәрі дарияның жағасына анталап келіп, күй тыңдап тұрады екен. Қорқыттың қобызы күй төгіп тұрған кезде оған ажал да батып келе алмапты. Бірде шаршағаннан көзі ілініп кеткен кезінде судан кішкентай жылан шығып, дана қартты шағып алады. Сөйтіп, Қорқыт жантәсілім етеді. Ел аузындағы «Ажал айтып келмейді» деген нақыл осыдан қалса керек
Бұл жерде нақыл ажал, өлім алдын ала айтып, хабарлап келмейді, кенеттен, күтпеген жерден келеді деген мәнде ұғынылады.
АЗДЫҢ АТАСЫ БІР
«Ұрпақ сабақтастығы ұзарып, түпкі атадан өрбіген үрім-бұтақтың арасы бірнеше буынға ұласады. Алайда, ұрпақ қаншалықты өсіп-өнсе де өзінің этнотегін, әсіресе, түркі атасын ұмытпайды. Сөйтіп, бірнеше ауыл құрайтын жеті атаға дейінгі әулеттер жиынтығы аталастар ретінде айғақталады. Аралары жеті атаға толған аталастар өзара қыз алысып, қыз беріскенімен, өмірдің бір қуаныш, бір өкініш сәттерінде бір-біріне қарайлас болып отырады. Ал, өмір-салтта болып тұратын жұт, індет, жаугершілік сияқты нәубеттер салдарынан селдіреген аталастар, әдетте түпкі ата-тегін тірек ете отырып, өзара қайтадан кіріге түсетін болған. «Аздың атасы бір» деген мәтел сөздің мәнісі осында.
Адамдар өзара күш біріктіріп, қорғаныс, шабуылға дайындалғанда немесе бір іске жабыла жұмылғанда, «Аздың атасы бір» деп, осы мәтелге жүгінген.
АЙДАБОЛ, ҚАРЖАС ЕМШЕКТЕС
Көшкіншілік-үркіншілік кезінде Мейрамсопыдан туған Қуандық пен Сүйіндік бір бала тауып алады. Балаға екеуі таласып, бір пәтуаға келе алмайды. Сөйтіп, шешесі Нұрпияға жүгінеді. Нұрпия ана асық қаржылаңдар (иіріңдер) депті. Қуандық жасының үлкендігіне, мінезінің адуындығына бағып, «алшы түссе де, тәуке түссе де, бүк түссе де, шік түссе де менікі» деп отырып алыпты. Сүйіндік шешесіне шағынып: «Апа-ау, осындай да қиянат бола ма екен?» десе, Нұрпия шешесі: «Балам, бұйырғаны болар, асықтың омпа деген бесінші жағы да бар емес пе?» депті. Содан, асықты қаржып жібергенде омпа түсіп, бала Сүйіндікке бұйырып, сол баланың Қаржас атануы осыдан еді дейді.
Бұл кезде Сүйіндіктің әйелі жас босанып отырса керек, Айдабол деген баласы бар екен. Жас ана Айдабол мен Қаржасты қатар емізіп өсіріпті. Әлгі, «Айдабол, Қаржас емшектес» деген сөз содан қалған дейді.
Шежіре деректерінде Арғыннан Дайырқожа, одан Қарақожа туыпты дейді. Қарақожаның бәйбішесінен Мейрамсопы туады. Мейрамсопының бәйбішесі Нұрпиядан (кейде Нұрқия, Әргүл) Қуандық, Бегендік, Жегендік, Сүйіндік туған.
АЙДЫ АСПАНҒА БІР ШЫҒАРДЫМ
Көзге түсетіндей, әйгілі болатындай, жұрт таңғаларлықтай ерекше іс жасадым, деген ауыспалы мағынаны береді.
Қожанасыр бір күні әбден шөлдеген соң су алып ішпек болып, түнде құдыққа барады. Құдыққа қауға салып тартса, шықпайды. «Бұған не болды?» деп, Қожанасыр үңіліп қараса, құдықтың түбінен ай көрінеді. «Ә, қауға айға ілініп қалған екен ғой», деп Қожа жұлқа тартып алғанда, қауғасы шығып кетеді, өзі шалқасынан түседі. Жерге басын соғып, есеңгіреп қалған Қожанасыр әлден уақытта көзін ашса, ай аспанда тұр. Сонда Қожекең қуанып:
Не болса, ол болсын, айды аспанға бір шығардым-ау! депті.
АЙРАН ІШКЕН ҚҰТЫЛАР,
ШЕЛЕК ЖАЛАҒАН ТҰТЫЛАР
Ел ішінде «Айран ішкен құтылар, аяқ жалаған тұтылар» деген нұсқасы да айтылады. Бұл сөз тіркесі «айып-кінәсіз, нақақтан жазаға душар болды», деген мағынада қолданылады.
Өткен заманда екі ұры болыпты. Екеуі бір үйге ұрлыққа түссе, әлгі үйдің айраны бабымен ұйытылған екен. Әлділеуі айранды ішіп қойыпты да, екіншісіне тек шелектегі жұғыны тиіпті. Шелекті жалап отырғанда, үй иелері келіп қалып, ұстап алыпты. Арғысы қашып кетіпті. Ұсталып қалғаны:
Мен тек шелегін ғана жалап едім, деп ақталыпты. Үй иелері ұрының бозарған сиқына қарап:
Айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылар, деген екен.
АҚҚАН СУҒА ДА БІР ТОСУ
Алуа заманында ақын да, керекті жерінде тапқыр екен. Сол елде Кенже деген атағы шыққан адам болыпты. Сол Кенже көптің алдында, тар жерде Алуаға:
Әй, қатын, бері кел! депті. Алуа:
Кенже, атың бар-ау, әйтпесе барып сыбағаңды берер едім, дегенде, көптің арасында отырған қарт:
Шырағым, реті келген жерде тартынып қалма, депті.
Сонда Алуа:
Кел дейсің, келгің келсе, сен келе кет,
Кел дағы, жігіт болсаң, сертіңе жет.
Кел деген ауыз байлық неге керек,
Келмесең, келгендерден садаға кет! дегенде, отырғандар жадырай бір күліп. «Аққан суға да бір тосу!» десіпті.
Бұл бетімен кеткен, бейпіл сөзді адамға да бір тосу бар дегені.
АҚҚОЖА БАТЫРДЫҢ ЖАТУЫ ЖОҚ,
БҰЛ ТАҢНЫҢ АТУЫ ЖОҚ
Ертеректе Атырау өңірінде Аққожа деген кісі болыпты. Аты аңызға айналған аңқау, ұмытшақ, қорқақ екен. Бірде бәйбішесі баласының ауырып жатқанын айтып, оны күндік жердегі емшіге жұмсапты. Аққожа атына мініп жүре береді. Күн кешкіріп, емшінің ауылының шетіне кіре бергенде, абалап қарсы ұмтылған ауыл иттерінен есі шыға қорқып, неге келе жатқанын да ұмытып, күншілік жердегі өз ауылына кері шабады. Өзі де, аты да шаршайды. Далаға жата кетуге, қоңырлықта жыланнан, шағыл басында бөрі-қарыдан қорқып жүре береді. Алайда, шаршаған ат пен таң ұйқысы еріксіз кідіртеді. Атынан түскен Аққожа дойырын қолына қысып ұстап, көзін ілмей, қауіп күтіп отыра беріпті. Таңғы ұйқы қойсын ба, бір қалғып кеткенінде, басындағы киіз қалпағы алдына жалп ете түседі. Шошып оянған Аққожа оңтайлап отырған дойырымен ал төпейді кеп. Жарық түсе қараса, ұзақ таң төпейлегені өзінің жүн болып ұшып жатқан киіз қалпағы екен. «Аққожа батырдың жатуы жоқ, бұл таңның атуы жоқ», деген сөз содан қалыпты.
Бұл сөз тіркесінің мағынасы сен де тыным таппай, тыншымай қойдың, уақыт та өтпейді деген ұғымды аңғартады.
АҚҚУМЕН ІСТЕС БОЛСАҢ, КӨҢІЛІҢ ПӘК БОЛАДЫ,
ҚАРШЫҒАМЕН ІСТЕС БОЛСАҢ, ТАМАҒЫҢ ТОҚ БОЛАДЫ,
ҚАРҒАМЕН ІСТЕС БОЛСАҢ, ШОҚЫҒАНЫҢ БОҚ БОЛАДЫ
Тапқырлығы, алғырлығы, әділдігімен ел құрметіне бөленген Мәтжанды ел 20 жасында-ақ болыс етіп сайлайды. Оншақты жылдан кейін өткен қайта сайлау кезінде бұл мансаптан өзі бас тартады. Үйезд бастығына «мені сайламаңдар» деп арыз береді. Мұны есіткен ағайындас байлар:
Басқа қонған бақты тепкенің қалай? дейді. Сонда Мәтжан тұрып:
Мен болыс болсам, халқыма пайдам тие ме деуші едім, оным бекер екен. Анау патшаның, шен-шекпенді жандаралдың көңілін табуым керек. Олай етіп болыс болғанша, болмағанның өзі артық емес пе, депті.