Қанатты сөз  қазына. 1-кітап - Кеңес Оразбекұлы 6 стр.


 Онда тағы бір жылға қал, келесі жылы мен саған мұнан да жақсы нақыл сөз айтамын,  дейді.

Онсыз да бір жылым текке кетті ғой, қалсам қалайын деген оймен жігіт жұмыс мерзімін жалғастырады. Ай өтіп, жыл толады. Уағдалы уақытта ақсақал:

 Құран оқылып жатқан жерде міндетті түрде отырып тыңда,  дейді.

 Бұл сөзді де бұрыннан білетін едім, зая кеткен уақытым-ай,  деп жігіттің өзегі өкініштен өртенеді. Ақсақал және бір жылға қалуын өтінеді. Амалы таусылған жігіт келіспеске болмайды. Үшінші жылы тәмамдалған жігіттің естіген сөзі төмендегідей еді:

 Ешқашан аманатқа қиянат етпе.  Бұл сөз де жігітті қанағаттандырмайды. Қайтуға бел буған жігітке ақсақал қоштасарда үйдегі апаңа апарып берерсің деп нан береді.

Жол бойы өзіне қанағаттанбаған жігітті бір топ ұры қолға түсіреді.

 Не мақсатпен, қайда барасың?  деп қыспаққа алады. Қалтасындағы азын-аулақ ақшаны шығарып, бар шындықты айтады. Шынайы жауапқа риза болған ұрылар мейірімі түсіп, анасына алып бара жатқан нанын қайтарып, өзін бостандыққа жібере салады. Үйіне бет алған жігіт сапар барысында ойда жоқта адам етімен қоректенетін қарақшыларға тап болады. Қарақшылардың тұтқынында мұнан өзге бірнеше адам бар екен. Адамжегіш жауыздың алдында тұтқындарды кезегімен бауыздап беріп отыратын жандайшап болатын. Кезек әлгі жігітке келеді, амалсыз жандайшаптың алдына қадамын санап басып келе жатқан сәтте алыстан талып жеткен құран даусы құлағына шалынады. Сол-ақ екен жігіт отыра кетеді. Аштықтан өзегі талып отырған жауыз жеңсік асының кешеуілдегеніне тағатсызданып, себебін білмекке шыға бергенде, аңдаусызда жандайшаптың қолынан жан тапсырады. Басшылары мерт болып, абдыраған қарақшылар өзара керілдесіп, берекесі кеткен сәтін пайдаланып бірнеше тұтқын бас сауғалап қаша жөнеледі. Біршама уақыт өткенде әлгі қашқындар аштыққа душар болады. Арып-ашып келе жатса да, жігіт өзіне аманат етіп тапсырылған қойнындағы анасына арналған нанды қайтсе де аман-есен жеткізбек. Көп қиындықтан соң жігіт анасымен қауышады. Аманат-нанды анасына тапсырады. Наннан ауыз тимекке ниеттенген анасы нанды үзсе, арасы алтын теңгелермен толтырылған екен.

Үлкен кісі, жақын дос-туысың немесе кез келген бір адам саған сенім артып, бір зат (мұра, өсиет) табыстаса немесе біреуге апарып бер деп өтініш, аманат етсе, ол аманатты міндетті түрде (өз басыңа қауіп-қатер төнсе де) орындауға тиіссің. Ол аманатқа немқұрайды қарап, орындамай қойсаң, біреуге табысталатын затты қараулықпен жымқырып қойсаң, әйтеуір аманатқа қиянат жасасаң, ол сенің ар-намысыңа үлкен сын, аманат алдында опасыз болғаның.


АНАНЫҢ АҚ СҮТІ


Жаугершілік заманда ері соғыста опат болған ана баласын бауырына басып қала береді. Ауыл ақсақалдары ақылдаса келіп, жесірді бір жақындарына қоспақшы болады. Қарияларға әйел шарт қойыпты. Ол тостағандағы ақ түсті қоймалжың сұйықтан бәрінің дәм татып көріп, оның неден жасалғанын тауып берсе ғана ақсақалдар ұйғарымына бас иетінін айтады. Үлкендер дәм татып, тамсаныпты. Бірақ, оның неден жасалғанын таба алмапты. Сонда жесір әйел:

 Уа, қадірменді қариялар, бұл  ананың ақ сүті. Ақ сүтімді таттыңыздар, сіздердің жастарыңыз үлкен болса да, баламдай болдыңыздар. Ендігі тілегім: мені өзім қалаған жанға қосыңыздар,  депті. Ананың ақ сүтінен аттай алмаған ақсақалдар жесір ананың сөзіне тоқтаған екен.

Ананың ақ сүті  қасиетті, киелі, барлық асыл қасиеттер мен ата тектің бастауы деген ұғымды білдіреді.


АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН АУЫРМАЙ ӨЛЕР


«Аңғармай сөйлеген ауырмай өледі» деген нұсқасы да бар. Алды-артын ойлап-пішіп алмай, жеңілтек сөйлеген адам ұятсыздыққа қалады, ағат сөйлегеніне қатты опынады деген мағананы білдіреді.

Өмір, Темір, Қайыр, Естемес атты төрт ағайынды болыпты. Ажал жетіп, ағайындылардың біреуі қайтыс болады. Оған көңіл айтуға келген келіндердің бірі былай депті: «Өлмейтін өмір жоқ, үзілмейтін темір жоқ, арты қайырлы болсын». Бұны естіп жеңгелері беттерін шымшып, келген қонақтардың алдында не айтарларын білмепті. Келіндері онымен қоймай: «Ой, есте жоқ, есімнен шығып кетіпті»,  деп ақталыпты.

Осылайша келіні төрт атасының атын атап жеберіпті. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өлер» деген сөз содан қалыпты.


АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН АУЫРМАЙ ӨЛЕДІ (Екінші нұсқа)


Көтібар деген батырдың аты қалай қойылған? Қазақ кейде не болса соны қоя береді деуге бола ма? Жоқ. Ел ішіндегі аңыз бойынша, бір қатал бай бір кедейдің қызын қалың мал беріп, тоқалдыққа алады. Ол қыздың аяғы ауыр (жүкті) болып, айы-күні жетіп, босануға таянғанда бай былай депті:

 Егер тоқал қыз туса, оны сол бойда өлтіріңдер. Ал егер ұл туса, онда сәбиді алақанға салыңдар.

Сәби дүниеге келгенде босандырушы әйелдердің бірі: «Әй, көті бар, көті бар»,  деп айқаласыпты. Сірә, мұнысы қуанғанынан ер бала, ұл бала туды дегені ғой. Осы хабар сол бойда байға жетеді.

Бай айтыпты:

 Сол көті бар деп айқайлағанды құдай да, сәби де естіпті ғой. Олай болса сәбидің аты Көтібар болсын!

Сөйтіп, сәбиге Көтібар деген ат осылай қойылған екен.

Ал Көтібар кім? Ол  әрі батыр, әрі мырза, әрі заманының абзал азаматы болған адам.

Сол Көтібардың үйінде бір жолаушы қарт кісі намаз оқып, сусындап кетейін деп түседі. Намазын оқып, бір аяқ қымыз ішіп отырғанда, Көтібар батыр әлгі қарттан:

 Қосағасы, атыңыз кім?  деп сұрайды.

 Атым Адыраспан,  дейді қарт.

 Апыр-ай, адыры адыр болсын, аспаны несі екен?  леп таңданады Көтібар.

 Қазақ атты қоя береді ғой. Атты тауып қойса, өзінің ғұрпындағы атты қояды. Егер таба алмаса, өзінің бұтындағы көтін қояды ғой,  депті қарт.

Сонда Көтібар: «Қазақта аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген мақал бар еді. Сол рас екен. Мен ұтылдым. Ал сізге кетуге рұқсат жоқ, бір малдың басын жеп кетіңіз»,  деп жібермей мал сойып, қонақ етіп аттандырыпты әлгі қартты. (М. Жадановтан).

Мұндағы Көтібар батырдың толық аты-жөні: Көтібар Бәсенұлы (шамамен 17571833)  Кіші жүз құрамындағы Әлім тайпасының Шекті руынан шыққан батыр. Атақты Бәсен батырдың алты баласының біреуі. Жастайынан Шекті руы мен түркімендердің арасындағы шайқастарда ерлігімен көзге түскен. Соңғы жылдары негізгі өмірі Ресей отаршылдық саясатына қарсы күреспен өткен. Көтібар бейнесін М. Әуезов өзінің «Айман-Шолпан» пьесасында пайдаланған.

Ал мәтелдің мағынасы: Аты-жөні жоқ ойланбай, аңғырт сөйлеген адам жазасын алады, сазайын тартады дегенге келеді.


АҢҚАУ АСТЫНДАҒЫ АТЫН АЛТЫ АЙ ІЗДЕПТІ


Бұл нақыл асығып-аптығып жүріп, оңай жерде тұрған затты көп іздеп қалғанда, ұмытшақтыққа күйінгенде айтылады.

Бір бай жаңа жалданған жылқышы жігітке: «Мынаны сен бағасың» деп, бір үйір жылқыны санап беріп, алдына салады. Жігіт үйірдің ішінен біреуін ерттеп мініп, жылқыларды өріске айдап кетеді. Өрістен қайтқанда: «Осыларды түгендеп қояйын, көңіл тыныш болсын»,  деп, санайды. Бірақ қанша санаса да, бір жылқы кем шығады. Содан «Біреуі қайда кеткен?»  деп іздейді. Үйірін тастап кете алмай, алдындағы жылқысын айдай жүріп, жаз бойы іздеумен болады. Жоғы табылмай, шаршап-шалдығып жүргенде, бір кісі кездеседі. Жігіт оған жайын баяндап: «Алты ай болды, әлі таба алмай келе жатырмын» деп, күйінішін айтады. Жігітке жаны ашыған шал: «Ал кәне, екеулеп түгендейік»,  дейді. Сөйтеп екеулеп санап шыққаннан кейін:

 Көрдіңіз бе, біреуі жетпейді,  дейді жігіт ренжіп.

 Ал астыңдағың ше?

Ол мініп жүрген атына көз тастайды да, жүзі бозарып:

 Менің алты ай жаз іздеп жүргенім осы ғой деп санын бір соғады.

«Аңқау астындағы атын алты ай іздепті» деген сөз содан қалыпты.


«АРБАҒА ХАНМЕН БІРГЕ МІНГЕНБІЗ»


Қырдағы елдің басшысы өліп, кімді басшы қоярын білмей жұрт қатты дағдарады. Сол кезде Дүбінің анасы самсаған сары қолдың алдына келіп: «Талабы бар елдердің барлығы садақ тартсын. Кімнің садағы сағымға байланса, соны бас көтеріңдер»,  дейді. Талаптанған ерлердің бәрі садақ тартады. Бірақ ешбірінің садағы сағымға тоқтай алмайды. Сонда Дүбінің шешесі: «Менің мерген балам тау ішінде аң аулап жүр. Соны шақырып әкеліңдер, сағымға соның садағы тоқтар»,  дейді. Белгіге жүзігін береді. Елдің атақты билері барып Дүбіні шақырады. Алғашында ол келгісі келмесе де, шешесінің белгіге беріп жіберген жүзігін көріп, бармақшы болады. «Мен жанды нәрсеге мініп бара алмаймын. Маған күйме керек»,  деп Дүбі шарт қояды. Үлкен күйме жасалып, атын «Қаңқа», «Қаңқалы» деп атайды. «Қаңқа  арба» Алтай елінің тілінде де айтылады. Арба жасаған кісі қаңқалы аталады. Бара-бара «қаңқалы» сөзі өзгеріп, «қаңлы» сөзіне айналады. Мәнісі  «арбалы» деген сөз. Арба істеген шебер жол-жөнекей мертігіп, ақсаңдап келе жатқанда, Дүбі оны аяп, арбасына мінгізеді.

Бүгінге дейін қаңлы елінің аузындағы: «Қаңлы елінде хан бар, кәделі елде қаңлы бар», «Хан жоқ болса, қаңлыдан хан көтер», «Арбаға ханмен бірге мінгенбіз» деген мәтелдер содан қалған. Ә. Марғұлан «Ежелгі жыр, аңыздар».

Ел арасында айтылатын «Қаңлы жоқ жерде хан сайланбас» немесе «Қаңлысыз хан (көтермес) сайланбас» деген мәтелдер де ескіден келе жатқан жоғарыдағы аңызды қуаттай түсетіндей.

Назад Дальше