Қанатты сөз  қазына. 2-кітап - Кеңес Оразбекұлы 10 стр.


1930 жылдардағы Қазақстанды коллективтендіру дәуірінде туған «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» мақалы сол кездегі солақай саясат пен ұрда жық белсенділердің асыра сілтеуінің нәтижесінде, керісінше орындалды: Бай-кулактармен бірге орта шаруалардың да, тіпті кедей-кепшіктердің де мал-мүлкі аяусыз тәркіленіп, ел жаппай аштыққа, қырғынға ұшырады. Сол алмағайып дәуірдің көңіл-күйі бейнелеп айтқанда, осы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сөзге түйінделіп, тарих қасіретіне айналғандай.


АСЫР САЛЫП ОЙНАУ


«Қазақтың дәстүрлі баспаналарының бірі  асыр. Оны алып, үлкен шатыр десе де болғандай. Асырды көбінде жаушылық, жорыққа шықанда, ұлы тойлар істегенде пайдаланады. Ертеде жаугершілік кезде көп әскермен жорыққа шыққан хандар асырда, ал әскерлер қарапайым кішкене шатырларда тұрған. Асырды тігу үшін жерге білектей ағаштарды қағып отырғызып, төртбұрыштап, кергіштеп, шатырлап, сүйегін тұрғызып алып, сыртын әшекейленген киізбен немесе берік, асыл пұлдармен жабатын болған. Асырға әскер басылары жиналып, әңгіме, жиналыс жасауы үшін кең, қолайлы істелетін болған. Асырды ұлы, үлкен тойларда да тігеді. Асырды тойға тігетіндіктен қазақта Асыр салып ойнау деген де сөз тіркесі кездеседі». (Б. Кәмәлашұлы, 40.15-б.).

Бүгінде бұл сөз тіркесін шат-шадыман, көңілді, думандатып ойнап жүрген балаларға қаратып айтады.


АТ  АСПАННАН (АЛЛАДАН),

САНА  СӘЛЕМНЕН,

ИМАН  ӘЛІПТЕН


«Сондай-ақ, «Балам бақытты болсын десең, әуелі әдемі ат қой, сәби санасына «сәлем» дарыт, және тілін Алланың атымен шығар» (сәбиді құндағынан қозғағанда, бесіктің бетін ашқанда сәлем бер), дейді (Имам Термизи риуаты). Демек, қазақтың «Ат  аспаннан (Алладан), сана  сәлемнен, иман  әліптен» дейтіні осыдан

«Ат  аспаннан» дегеннен еске түседі, ақын Сараның «Найманда қаракерей, сыбан, мұрын, Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын»,  деп Біржанның алдына салатын Жолымбет дейтін бабамыз болған. Жарықтық 135 жас жасапты. Кенжесі 117 жасында туыпты. Екі қарттың кенжесіне Жақсыбай дейтін абыз:

Қосмұрат болсын бала аты,

Қатайсын, өссін қанаты.

Ат  аспаннан дейтұғын

Бұрынғының санаты.

Алланың берген баласы,

Пенденің жоқ шарасы.

Жүз жаста көп жан алжиды 

Жүруге келмей шамасы.

Асқанда жүзден ұл берген

Құдіретке қарашы.

Сәбиге сәлем берейік,

Бір Алла болсын панасы.

Қосмұрат қалың ел болсын!

Налыма енді, нағашы!

 деп ат қойыпты. Ғұмырында 125 отаудың шаңырағын көтеріп, жарты мыңға жуық ұрпаққа батасын дарытқан дана баба Қосмұратын үйлендіріп, Қара шаңырақты тапсырып барып, көз жұмыпты. Қосмұрат қазір жеті Жолымбеттің ең үлкен руы». (У. Қыдырханұлы, 31. 15.10.2014.)

Жер астындағы, үстіндегі, көктегі, тіпті шексіз ғаламшардағы барлық зат, ұғым атаулының аты, есімі бар. Оған жер бетіндегі мақлұхат, набатат атаулы, өлі-тірі табиғи денелер мен ұғымдар, адам аттары да жатады. Дүниедегі барлық зат, ұғым атаулыға ат жабысқан. Атам қазақтың ат  аспаннан, Алладан дейтіні сондықтан болар.

Адам мен адам арасындағы сөз, әңгіме сабақтасудың бәрі сәлемнен бастау алады. Тіпті бесіктегі сәбидің де шымылдығын сәлеммен ашады. Жазу түспеген ақ қағаздай сәби санасы осы сәлем арқылы алғаш түйсік түсіп, бірте-бірте толысып, дамыса керек.

Ал иманның әліптен болатыны, иманның негізі  исламның бас кітабы  Құран Кәрімде, Құран кітабы араб әрпімен жазылған. Бұл әліппені бас әріп  әліптен бастап игереді. Иманның әліптен дейтіні содан болар. Тағы бір астарлы мағынасы, адам бойына иман мен адамгершілік қасиеттері кішкентай сәбилік кезден бастап бірте-бірте бойға сіңеді дегені болса керек.

Дегенімен, атам қазақтың осындай ұшан-теңіз фәлсафалық түсінікті алты-ақ ауыз сөзбен түйіндеп бере білгені қандай ғажап!


АТ АЙНАЛЫП, ҚАЗЫҒЫН ТАБАР


Кетсе, қайтып оралады, түптің-түбінде келетін жері ғой, деген мағынаны береді.

«Атты мінуден босатқанда оттамасын десе, тізгінін шоқтығына қаңтарып (байлап) жібереді, бос оттағанда ұзап кетпес үшін алдыңғы және артқы бір-бір аяғына өре салады; тіпті жақында оттасын десе, үш аяғына шідер, секіріп аттасын десе алдыңғы екі аяғына ғана тұсау салады; ашықпай айнала оттасын десе, қаққан қазыққа арқандайды. Ат айналып қазығын табады деу содан шықса керек». (С. Мұқанов, 77.125-б.).

Кетсе, қайтып оралады, түптің-түбінде келетін жері ғой, деген мағынаны береді.

«Атты мінуден босатқанда оттамасын десе, тізгінін шоқтығына қаңтарып (байлап) жібереді, бос оттағанда ұзап кетпес үшін алдыңғы және артқы бір-бір аяғына өре салады; тіпті жақында оттасын десе, үш аяғына шідер, секіріп аттасын десе алдыңғы екі аяғына ғана тұсау салады; ашықпай айнала оттасын десе, қаққан қазыққа арқандайды. Ат айналып қазығын табады деу содан шықса керек». (С. Мұқанов, 77.125-б.).


АТ БАСЫНА КҮН ТУСА,

АУЫЗДЫҚПЕН СУ ІШЕР,

ЕР БАСЫНА КҮН ТУСА,

ЕТІГІМЕН СУ КЕШЕР


Ер жігіт қиындыққа тап болса, төзеді, үйреніп, көндігеді немесе қандай ауыр іс, қауіп-қатер, қиыншылықтан да қорықпай, білек сыбана кіріседі деген мағынаны береді.

«Мінген атты еркіне көндіру, оның басын қалаған жаққа бұру үшін қолданылатын тұрман  жүген. Оның темірден жасалған шығыршық, ілгек, ауыздық тәрізді бөлшектері болады. Оларды тек жол жүргенде ғана пайдаланады. Онымен ат жем жеп, су іше алмайды. Сондықтан да ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер дейді қазақ мақалы. Расында да, жайшылықта ауыздық су ішуге бөгет жасайды Ауыздықпен ат айдаушының қолын жалғастыратын бау  тізгін аталады. Жүгенсіздік деген сөз адамға қатысты айтылғанда, бетімен кетушілік, тәртіп бұзушылық, дөрекі мінезді мағынасында қолданылады». (С. Мұқанов, 77. 125-б.).


АТ БОЛАТЫН ТАЙ САЯҚҚА ҮЙІР,

АДАМ БОЛАТЫН БАЛА ҚОНАҚҚА ҮЙІР


Қонақжай, қонаққа үйір балаларды ерекшелегенде осы сөзге жүгіне-ді.

«Ат болатын тай саяққа үйір, адам болатын бала қонаққа үйір» дейді қазақ. Саяқ  өзге жылқыларға жоламай, бөлек жайылатын аттар». (С. Мұқанов, 77.76-б.)


АТ ЖАЛЫН ТАРТЫП МІНДІ


«Байталдың кекілінің түбін қынап, ұшын тегістейді. Құйрығын құндыздығынан (құйрықтың түбі, құйысқандықтан тұтамдай төмен) бір, орта тұсынан екінші рет бунап күзеп, ұшын қырқып қояды.

«Құнанның кекілін түбінен, құйрығын құндыздығынан сәл ғана қынайды да, басқа жағына тиіспейді. Ал екеуінің де жалын түбінен сыпыра күзеп, шоқтықтың алдыңғы жағынан (жалдың біткен жерінен) бір тұтам жал қалдырады. Атқа мінерде кісі, аяғын үзеңгіге салған соң, сол қолымен содан ұстап, оң қолымен ердің артқы қасынан ұстап көтеріледі. Сірә, қазақтың Ат жалын тартып мінді,  деген сөзі осыдан шыққан болар». (Н. Қазыбеков, 56. 71-б.).

Бұл сөздің мағынасы ер жетті, жігіт, азамат болды деген мәнде ұғынылады.


АТА ҚАРҒЫСЫНА ҰШЫРАҒАН ҰЛ ОҢБАЙДЫ

(Екінші нұсқасы) *


«Бата-тілек құдайдың құлағына шалынбай қоймайды, ата-ананы ренжіткен ұл мен қыздың көсегесі көгермейді, жолы болмайды, жаманшылыққа ұшырайды» деп түсінген халықтың діни сенімі ауыз әдебиетінің асыл үлгілерінен де орын алған. Мысалы, «Қыз Жібек» жырының бір нұсқасында Төлеген батыр Қыз Жібектің ауылын іздеп бармақ болып, әкесі Базарбайдан рұқсат сұрағанда; «Өзімнің құда түсуге көңілге алған жерім бар. Еділ-Жайық бойында қыз құрып қалғандай, алыстан қыз іздеп, ант бұзып аттанамын дегенің қай көргенсіздік»,  деп рұқсат бермейді. Жібекпен уәде байласқан Төлеген әкесі Базарбайдың наразылығына қарамай аттанбақ болады.

Ата салтын бұздың деп назаланған Базарбай баласы Төлегеннің жанына ешбір жолдас ертпей, алыс сапарға жалғыз жібереді. Төлеген аттанарда Базарбай теріс батасын береді. Теріс бата алып, «ата назасына» ұшыраған Төлеген сол сапардан оралмай, жолда қапылыста Бекежан қарақшының қолынан қаза табады. Жырды шығарушы ақын-жыраулар осы арқылы ата-ананы ренжітпеу керек, «Ата қарғысына ұшыраған ұл оңбайды» деген ой-пікірді уағыздап отыр». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.182-183-б.).

«Әке-шешені ренжіту дінде  күнә, қоғамда  қылмыс, өмірде  ұят. Ата-ананың өкпе, наласына ұшыраған адамдардың жолы болмайды. Ата-анасы қарғағанды тәңірі қарғайды делінген Пайғамбар хадисінде». (С. Кенжеахметұлы, 43.196-б.).

Бұл  ата-анасына қарсы келгенді құдай да құптамайды деген мәндегі ауыр сөз.


*«Қанатты сөз  қазына», 1-кітабын қараңыз.


АТ ҚОЙЫП, АЙДАР ТАҒУ


«Жас баланың алғаш жүректілік көрсетіп, көзге түскен уақытта көрсеткен ерлігіне сай өзіне ат алатындығы туралы көне түркілік қызықты деректер де ғалымдарға мәлім. Осы дәстүрдің жаңғырығындай тілімізде «Ат қойып, айдар тағу» деген бейнелі сөз сақталған. Айдар  жылқының құйрық-жалына алтындаған зер қосып, жіңішке қып өрілген бау. Оны осы бір айтулы күні басқа жұрттан ата тегін айырып, айқындап көрсету үшін жігіттің кежегесіне тағады. Ал кежеге дегеніміз  түрік бабаларымыздың желкесіне түсірген жуан бір өрім шашы. Осыған орай тілімізде «кежегесі кері кету», «кежегесі кейін тарту» секілді сөз оралымдары сақталған. (Б. Әлімқұлов, 21.).

Назад Дальше