Қанатты сөз  қазына. 2-кітап - Кеңес Оразбекұлы 2 стр.


Ағайындарымен, жақын дос-құрбыларымен араласып-құраласып, барысып-келісіп сыйласуды білмейтін тұйық, жатбауыр адамдарды сынағанда айтылады.


АҒАСЫ БАРДЫҢ ЖАҒАСЫ БАР,

ІНІСІ БАРДЫҢ ТЫНЫСЫ БАР


«Қазақта ағаны арқа, ініні медет тұтады. Содан: Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар деген мақал тараған». (М. Рүстемов, 86.75-б.).

Бұл  бірге туған бауырлар немесе жақын, ағайын адамдар бір-біріне қарайласып, көмектесіп тұрады. Сондайда ағасы інісіне сүйеніш, қорған болады, інісі ағасына қолқабыс етіп, қолын ұзартады, тынысы болады дегені.


АҒЫ БАРДЫҢ  БАҒЫ БАР


«Сүттен қымыз, шұбат, айран, қатық, сары май, ірімшік, құрт, сүзбе, қаймақ сияқты ішетін, жейтін, сусындайтын алуан түрлі тағам әзірлейді. Ағы бардың  бағы бар деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57. 67-б.)

Яғни, сиыры, сауын малы бар үйдің бағы бар дегенді білдіреді. Бір сиыр бір үйлі жанды, тіпті артылып бара жатса, көрші-қолаңды ақпен жарылқап, сүтін сатқанның өзінде тиын-тебенін айырып, күн көрісіне сеп болмай ма.


АЗДЫҢ АТАСЫ БІР


«Ұрпақ сабақтастығы ұзарып, түпкі атадан өрбіген үрім -бұтақтың арасы бірнеше буынға ұласады. Алайда, ұрпақ қаншалықты өсіп-өнсе де өзінің этнотегін, әсіресе, түпкі атасын ұмытпайды. Сөйтіп, бірнеше ауыл құрайтын жеті атаға дейінгі әулеттер жиынтығы аталастар ретінде айғақталады. Аралары жеті атаға толған аталастар өзара қыз алысып, қыз беріскенімен, өмірдің бір қуаныш, бір өкініш сәттерінде бір-біріне қарайлас болып отырады. Ал, дәстүрлі өмір-салтта болып тұратын жұт, індет, жаугершілік сияқты нәубеттер салдарынан селдіреген аталастар, әдетте түпкі ата-тегін тірек ете отырып, өзара қайтадан кіріге түсетін болған. «Аздың атасы бір» деген мәтел сөзің мәнісі осында. (А. Сейдімбек, 93. 132-б.).

Адамдар өзара күш біріктіріп, қорғаныс, шабуылға дайындалғанда немесе бір іске жабыла жұмылғанда, «Аздың атасы бір» деп, осы мәтелге жүгінген. Яғни, «бес саусақ біріксе, бітпейтін іс жоқ» дегендей мағынаны береді.


АЗ ТАМАҚҚА БАУЫРШЫНЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ


«Бауыршы  ХIV-ғасырларда Дешті Қыпшақ үлкен мәжіліс-терінде ет турауға шебер, ұста адамдарды арнайы ұстаған. Бұларды бауыршы деп атаған. Ибн Баттута саяхатнамасында Өзбек ханның мәжілісінде болғанда, бұл туралы былай деп жазыпты: Мәжілістер болғанда бауыршылар келеді. Бәрі арнайы жібек киім киіп келеді. Олар етті ұсақтап турайды. Ет тураудың нағыз майталмандары»,  дейді.

Бауыршы ескі түркі тілінде бар сөз. Қазақта «Аз тамаққа бауыршының керегі жоқ» деген мақал бар». (Н. Құлмаханбетова, 52. 221-б.).

Аз іске, шағын шаруаға көмекшінің, артық адамның қажеті жоқ, өзім-ақ тындырамын деген мағынада ұғынылады.


АЙБИКЕ АУЫЛЫНА ҚОНҒАНША,

НҰРБИКЕНІҢ КӨШІП КЕТКЕН ЖҰРТЫНА ҚОН


«Шежіре деректерінде арғын ішіндегі Қаракесектен (Болатқожа) өрбіген аталардың бірі  Шаншар абыз. Шаншардың Қызбике (Қызданбике деп те атайды), Айбике, Нұрбике деп аталатын үш әйелі болған. Қызбике ұрпағы селдір, өсіп-өне қоймаған. Айбикеден  Келдібек, Тыныбек, Есіркеп, Жәнібек туып, «төрт бек» атанып, олардың жеті ұрпағына дейін билік пен бектік дарыған. Мәселен, Келдібек, Қазыбек, Бекболат, Тіленші, Алшынбай, Мәди  бұлар исі қазаққа әйгілі тұлғалар.

Ал, Нұрбикеден  Тілеуке, Бертіс туған. Бұлардың ұрпақтары да өсіп-өніп, небір жақсы-жайсаңдар мен бай-бағыландар шыққан. Қарт Бөгенбаймен үзеңгілес болған Жарылғап батыр, дәулескер күйші Тәттімбет, жиырма мың жылқы біткен дәулетті байлар Адамбай, Тұрсын осы Нұрбике ұрпақтары». (А. Сейдімбек, 93.)

Мәтел сөзге келетін болсақ, мұны нағашылы-жиен, ағайын-туыс арасындағы әзіл-оспақ деп бағамдаған жөн.


АЙҒЫРКІСІ


«Соңғы кезде жылқы көрсек болды, жазушы Несіпбек Дәутаев есімізге түсетінді шығарды. Алдымен ежелгі грек мифологиясындағы кентавр деген ұғымның жайын айтайыншы. Жартылай жылқы, жартылай адам деген мағынаны білдіретін көрінеді. Бұл өзі сақтардың жасаған жорықтарына байланысты туған ұғым деген де әңгіме бар. Аттан түспейтін адамдар, атпен бірге жаралған адамдар тақілеттес. Өлмейтін, өшпейтін осы аңызды Несіпбек Дәутаев біздің ұғымымызға тағы бір жақындатып қойды. Кентаврды бұрын адамат деп те аударып жүргенбіз, Несіпбек Дәутаев айғыркісі деген баламаны сарт еткізді». Ж. Қорғасбек, «Ақ желкен» журналы, 10, 2017ж.

АЙҒЫРКІСІ


«Соңғы кезде жылқы көрсек болды, жазушы Несіпбек Дәутаев есімізге түсетінді шығарды. Алдымен ежелгі грек мифологиясындағы кентавр деген ұғымның жайын айтайыншы. Жартылай жылқы, жартылай адам деген мағынаны білдіретін көрінеді. Бұл өзі сақтардың жасаған жорықтарына байланысты туған ұғым деген де әңгіме бар. Аттан түспейтін адамдар, атпен бірге жаралған адамдар тақілеттес. Өлмейтін, өшпейтін осы аңызды Несіпбек Дәутаев біздің ұғымымызға тағы бір жақындатып қойды. Кентаврды бұрын адамат деп те аударып жүргенбіз, Несіпбек Дәутаев айғыркісі деген баламаны сарт еткізді». Ж. Қорғасбек, «Ақ желкен» журналы, 10, 2017ж.

Энциклопедиялық басылымдарда былай түсіндіреді: Кентавр  көне грек мифологиясы бойынша, басы мен кеудесі  адам, қалған тұрқы жылқы кейіптес, тау-тас пен ормандарда жасайтын жабайы, ажалды пенде. Бұл образ терістік тараптан келген скиф, кассит сияқты көшпелі тайпалардың салт атты жауынгерлерін алғаш көргенде (мініс жылқыларын тұңғыш рет көрген), таң қалып, үрейленгеннен пайда болған. Сондықтан да оларды мейірімсіз, қатал мінез-құлықты кісіайғыр немесе айғыркісі түрінде елестетеді.


АЙ КӨРДІМ АМАН КӨРДІМ,

БАЯҒЫДАЙ ЗАМАН КӨРДІМ.

ЕСКІ АЙДА ЕСІРКЕДІҢ

ЖАҢА АЙДА ЖАРЫЛҚА


«Алғашқы адамдар Айды, Күнді, жұлдыздарды немесе табиғат құбылыстарын жанды зат есебінде санап, өздерінің тағдыры, болашағы, істеген ісінің сәтті немесе сәтсіз болуы солардың мейірбандылығында деп ұққан. Бұған мысал дінге сенуші қарттардың жаңа Ай туғанда: Ай көрдім аман көрдім, баяғыдай заман көрдім. Ескі айда есіркедің, жаңа айда жарылқа  дейтіні дәлел бола алады». (С. Мұқанов, 77.43-б.).

Халқымыз көне заманнан келе жатқан жоралғы бойнша, өткен күндеріне шүкіршілік, тәуба етіп, болашақ күндерден көп үміт күткен. Сол сенім бойынша жаңа туған айға қарап, алақан жая отырып, жоғарыдағы төрт жол өлеңді қайталап, алдағы өмірлеріне жақсы тілек, лебіздер айтып, бата қайыруды дәстүрге айналдырған. Сол дәстүр әлі де ұмытылмай келеді.


АЙ ҚЫРЫНАН ТУСА, АЙБАЛТАҢДЫ САЙЛА,

АЙ ШАЛҚАСЫНАН ТУСА, КҮРЕГІҢДІ САЙЛА


«Онан соң:

Ай қырынан туса, айбалтаңды сайла,

Ай шалқасынан туса, күрегіңді сайла,

деген де мақал бар. Бұл ертеректе, шапқыншылық заманда шық-қан мақал. Ай қырынан (тігінен) туса, жаз шыға бастайды, жорыққа аттану да көбейеді. Ал шалқасынан туғаны қыстың белгісі». (Х. Әбішев, 18. 36-б.).

Бұл мақалды бүгінде былайша келтіреді:

Айдың тік тұрғаны

Өзіне жайсыз, халыққа жайлы.

Шалқасынан туғаны

Өзіне жайлы, халыққа жайсыз.

Яғни, Ай тігінен туса, ауа райы шаруаға жайлы, жылы болады. Ал, Ай шалқасынан жатса, ай суық, жайсыз болып өтеді. Оны көрген адам: «Ай шалқасынан жатыр, үскірік болады десейші»,  деп үрейленеді.


АЙ МҮЙІЗДІ АЛТЫ КҮН,

ҚАҺАРЛЫ КЕЛСЕ  ҚАТТЫ КҮН,

ҚЫРЫНА АЛСА  ҚЫРЫҚ КҮН


«Кейбір жылдары, мысалы ақ қоян жылы қыс қатты болып, көпке дейін күннің сағы сынбай тұрады. Малға жайсыздау тиетін мұндай кездегі амалды ай мүйізді алты күн, қаһарлы келсе  қатты күн, қырына алса  қырық күн дейді». (Н. Уәлиұлы. 9.).

Бұл қыс мезгілінде, әсіресе ақпан айында келетін қарлы-боранды амалдың бірі. Бұл амал кей жылдары ақпаннан наурызға дейін созылып кетеді. Қыс қатты болған жылдары жұтқа ұрындыруы мүмкін.


АЙНАЛАЙЫН

«Көңіл хошын білдіретін осы бір сөз көне заманғы салттан қалған, бұл салт бойынша науқас адамды емдеу үшін оның басынан бір нәрсе айналдыратын, сонан соң оны  мал болса, соятын, зат болса, кедейлерге садақаға беретін болған»,  деп жазады да (Ә. Диваев  К.О.), дәлелі ретінде Будаговтың сөздігіне сүйенеді

Бұл жерде автор бұрын аурудың басынан айналдырып әкетілген малды не затты садақа етіп берудің болғанын меңзейді, расында да «айналайын», «садағаң кетейін» деген сөздер, сөз тіркестері осындай әдеттен туған болса керек». (Ф. Оразаева, 30.27-б.).

Сол мал сияқты айналып, садағаң болайын деген ойдың қысқарған мәні.Бүгінде бұл сөз тіркесі еркелету, ерекше жақсы көру мағынасында ұғынылады. Қаратпа сөз ретінде де айтылады.


АЙЛЫАДЫР


«Айлыадыр (Айдадыр)  Маңғыстау қазақтарының тіліндегі Түрікменстанның, сондай-ақ түрікмендердің атауы.

Назад Дальше