Қанатты сөз  қазына. 2-кітап - Кеңес Оразбекұлы 3 стр.


«Айлыадыр (Айдадыр)  Маңғыстау қазақтарының тіліндегі Түрікменстанның, сондай-ақ түрікмендердің атауы.

«Елдің арты  Айладыр.

Айладырды аударып,

Маңғыстаудың қара ойын

Адай халқы жерлеген»

(Сәттігұл «Досан батыр»).

Түрікменстан территориясының негізгі бөлігін құмды жертараптар (ландшафтар) алып жатыр, сондықтан да түрікмен тілінде құмға қатысты жағырапиялық атаулар көп. Маңғыстаулықтар бархан деген құмды бедердің қазақша баламасы болмағандықтан, оның сыртқы пішініне қарап «айлы», «айпішінді» деп, ал жалпы құм бетінің ойлы-төбелі тегіс еместіктерін қатты тілімделген «адырларға» балап, тұтас аймақты «Айлыадыр» деген поэтикалық атаумен атаған». (С. Қон-дыбаев, 9. 6.10.1994.)

Бархан деген сөздің орнына «айлыадыр» деп қолдануға болатын сияқты.


АЙ ТОЛҒАНЫН БІЛМЕС, ЖІГІТ БОЛҒАНЫН БІЛМЕС


«Жырау соңында жүрген кісі Айға көзі түсіп кеткенде:

Ай толғанын білмес,

Жігіт болғанын білмес, 

деп айдың ортасы болып қалғанына, уақыттың тез өтіп бара жатқанына таңырқайды. Ай 15-інде толып, одан кейін орталап, кеми береді.

Ортасы (15-і) кезінде Ай тура күнге қарама-қарсы тұрады да, бізге толған Ай болып көрінеді. Міне, сондықтан бұл мезетте  Айдың 15-інде Күн де батады (ұясына қонады), Ай да туады. Күн батып бара жатқанда, Ай туып келе жатады, сонда оның шарасы толық болады». (Х. Әбішев, 18. 37-б.).

Өмір өткінші, айдың қалай лезде өткенін, құлдыраңдап ойнап жүрген баланың қалай ер жетіп, азамат, жігіт болғанын аңғармай да қаласың дегенге меңзейді.


АЙЫБЫНА  МЫНАУ,

ҚИЫБЫНА  МЫНАУ


«Сондай-ақ, айыбына  мынау, қиыбына  мынау деген фра-зеологиялық тіркес те кездеседі. Сөйтсек, мұндағы айыбы  материал да, қиыбы  моральдық шығын екен. Демек, мұнымыз материалдық  моральдық шығын дегеннің қазақы нұсқасы болып шығады». (Н. Уәлиев, 9.).

«Бөлтірік шешен Сыпатай батырға бұрылып:

 Батыр, келген шаруаңызды айта отырыңыз!  дейді. Сонда Сыпатай батыр:

 Бөлтірік батыр, келген жұмысымды айтайын. Өрістегі екі биемнің жоғалғанына бес жыл болған еді. Сол екі биені сенің Жантүгел туысқаның ұрлапты. Жақында біздің екі жылқышы келіп, ауылыңның жылқысының ішінен танып алып келді. Сол екі биені сенің көзіңе көрсетіп алайық деп жетектей келдік  әне, байлаулы тұр,  дейді.

 Батыр-ау, маған не қыл дейсің?  деп құрақ ұшады Бөлтірік.

Сыпатай батыр:

 «Өзің үшін туыпсың, елің үшін күйіпсің» деген сенің өз аузыңнан шыққан сөз емес пе? Екі биенің бес жылдан бергі өсімін есепте, айып-қиыбын қосып, бір үйір жылқыны алдыма тездетіп саласың!  деп қаһарланыпты». (Бөлтірік Әлменұлы, 20.71-72-б.).

Жоғарыдағы екі мысал бір-бірін толықтырып, айып-қиып деген сөздің бүгінгі материалдық-моральдық шығын екенін айқын жеткізіп тұр.


АЙЫРЫЛАР ДОС ЕРДІҢ АРТҚЫ ҚАСЫН СҰРАЙДЫ


«Қазақы ерде алдыңғы және артқы қас болады. Алдыңғы қас ілгері қарай сәл кергітіп, тіктеу қойылады. Артқы қасқа қарағанда сәл биіктеу келеді. Артқы қас сәл аласа, үсті кең. Ұялы, орнықты, шалқақтау қиылған. Қастың міндеті көп. Бәрінен де үстінде отырған адам не алға, не артқа оқыс лоқып, сыпырылып түспеуі үшін қажет. Әсіресе, артқы қастың орны бөлек. Оның қасиетін «Айырылар (айыр-ылысар) дос ердің артқы қасын сұрайды» деген мақал дәлелдейді. (Ж. Бабалықұлы,23.).

Ер бөлінбейтін бүтін бұйым. Ендеше бөлінбейтінді бөлеміз деп, «ердің артқы қасын сұрағаны», достықтан кетісеміз дегені.


АҚ БАТА, ҚЫЗЫЛ ҚАН


«Дәстүр бойынша, алдымен ақ жол тілеп, құдалық берік болу үшін бір мал шалынады. Оның бауыздау қанына қол батырып, бата бұзбауға серттеседі. О баста бауыздау қаны құйылған бата аяққа екі жақтың сөзін сөйлейтін бас құдалар найзаларының ұштарын батырып, қаннан дәм тату арқылы жүзеге асырылған бұл ырым «қанға қан қосылды, енді туыс болдық» деген ишаратты білдірген». (Х. Арғынбаев. «Қазақ халқындағы семья мен неке», А., 1973, 184-бет). Тіліміздегі «Ақ бата, қызыл қан» деген сөз оралымында осы салттың жаңғырығы сақталған. Сондай-ақ, құда арасында реніш, кикілжің туса, не уәде бұзылса, «Сендерге не болды? Ақ бата, қызыл қан шығарған құда емессіңдер ме?»  деп басу айту да көнеден келе жатқан сөйлеу үлгісі. Дәулетіне қарай күйеу әкесі бата аяққа бата арнап, бір жылқы не түйе, болмаса түліктерді бір-бір тоғызға толтырып береді. Мал бауыздалғанда бата берген құда «бауыздау құда» деп аталады». (Б. Әлімқұлов, 21.).

АҚ ҚОЙДЫҢ КЕЛДЕСІ,

ҚАРА ҚОЙДЫҢ КЕЛДЕСІ,

МЕН ҚҰДАЙДЫҢ ПЕНДЕСІ


«Үлкендерден естуіміз: қазақтар ертеректе (шамасы XVIII ғасырға дейін болса керек) намаздың шартын, дұғалықтарын білмеген шақта, намазға Ақ қойдың келдесі (басы), қара қойдың келдесі, мен құдайдың пендесі деп жығыла берген». (С. Мұқанов, 77.50-б.).


АҚ ТҮЙЕНІҢ ҚАРНЫ ЖАРЫЛҒАН КҮН


«Кеудесі алтын сандық Күләнда Бөкешова апамнан:

 «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деген сөз не мағына береді?  деп сұрадым.

 Жалпы қай малды алып қарасақ та, сүйегінен сылып алынған сұрып еті өз қарнына түгел сыйып кетеді екен. Үйірлеп жылқы, табындап сиыр ұстаған ауқатты отбасы майды түйенің қарнына жинайтын болған. Сонда оның ішіне қанша май кететінін өздерің-ақ жобалай беріңдер. Күнделікті пайдаланатынын бөлек ұстап, түйе қарынды мұздай жерде мұртын бұзбай сақтаған.

Сол шаңырақта торқалы той боларда көрші-көлем жиналып:

 Бәйбіше, ел болып асыға күткен ертеңгі қуанышта ақ түйенің қарны жарылатын шығар?  деп қолқа салатынға ұқсайды.

Қарынға пышақ тигізу рәсімін де ауылға беделді аналар атқарған. «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деген сөз осыдан қалса керек,  деп әңгімесін аяқтайтын әр сөзі бір қаралық қайран апам». (Қ. Әбіл, 31. 30.07. 2008.).

«Ақ түйе  қазақтың көне салты бойынша, ерекше үлкен жиын-той салтанатта сойылатын түйені ақ түйе деп атаған.

Сең жүреді көктемде астан-кестең,

Ақ түйенің бауырын арқан кескен.

Ұлы күні ұлыстың бас қосқанда,

Өлеңіңді айт, құрбыжан, қатар өскен,  деп қазақтың қара өлеңінде айтылатындай, қазақтар өздерінің қуанышты күндерін «ақ түйенің қарны жарылған күн» деп айтқаны белгілі. Қарық боп қалды, ит басына іркіт төгілді. Ақ жарылқанып қалдық деген сөздер осындайда айтылса керек». (Д. Төлебаев, 9.)

«Ақ түйенің қарны жарылды»  айрықша, ерекше күн, көптен күткен той, ұлы оқиға деген мағынаны береді.


АҚПАНДА КҮН АТ АДЫМ ҰЗАРАДЫ


«Ақпан аяғында аяз айылын жиып, қыс қаһарынан айырылады. «Ақпанда күн ат адым ұзарады» (мәтел). (Ж. Кейкін, 42.153-б.).

Бұл сөз тіркесінің толық нұсқасы «Қаңтарда күн қарға адым, ақпанда ат адым ұзарады» болуы керек. Иә, күн мен түннің ұзақтығы желтоқсан айының 22-сінде теңелетіні белгілі. Ал желтоқсанның 23-інен ары қарай күн жайымен ұзара бастайды. Содан қаңтар айында аздап, секондтап ұзара түскен күн ақпан айында минуттап, белгілі дәрежеде ұзарып, айқын байқалады. Халқымыз күннің осы ұзаруын бейнелі түрде бере білген.


АҚПАН-ДАҚПАН АЛТЫ КҮН,

АЯЗЫМЕН ЖЕТІ КҮН


«Ал, біздің жақта (Батыс Қазақстан  К.О.) ақпан  осы ақпан айында келетін бір амал. Себебі, Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн дейді. Бұл жеті күн нағыз қыс ортасында келеді. Бұл күндері қар жауып, жел тұрып, боран, бұрқасын болады, аяз күшейеді». (Р. Құдайбергенов, 9. 21. 02. 1990.).

«Он бір тоғыстағы (16.12  11.01 күндері) қаңтардың қарлы бораны деген амалдан соң, тоғыз тоғыста (12.01  8.02) өтетін аязды күндерді ай мүйізді алты күн немесе ақпан-тоқпанның (дақпанның) аязы деп атайды (орыстарда бұл аязды күндер крешенские морозы делінеді)». (Н. Уәлиұлы, 9.).

Ақпан айында өтетін алты-жеті күндік аязды күндерді айтады. Оны халқымыз ақпан-тоқпанның аязы дейді.


АҚСАҚ ТЕМІР КӨРЕГЕН,

АУЗЫН АЙҒА БІЛЕГЕН


«Елдің даңқын ері шығарады, ердің даңқын елі шығарады» деген ғой. Оның атақ-даңқын аспанға көтеруіне сүбелі үлес қосқан Әмір Темір. Ол басына кесене салып (Қожа Ахмет Иассауи мавзолейі  К.О.), Қожа Ахметтің атын асқақтатты. Кесене даңқы жер жарған қатал хан Әмір Темірдің атына «көреген, ақылды» деген сөзді қосты. Ел арасында «Ақсақ Темір көреген, аузын айға білеген» деген нақылды тудырды.» (М. Жылқайдарұлы, 11. 19. 09. 1999.).

«Темір есіміне көреген сөзінің неге жалғанғанын білесіз бе?! Түркі елінің тегеурінін дүниеге ең соңғы рет мойындатқан Әмір Темір тек алысты болжағыш талантты қолбасшы ғана емес, ол ғажайып түс көргіш, көрген түсін қатесіз жори алатын әруақ қонған киелі адам болған. Сондықтан да Әмір Темір есімі соңынан көреген деген қосымша лақаб жалғанған. Бұл әдеттегі әдебиетте айтылып жүргендей Шыңғыс хан ұрпағынан қыз алған соң тағылған жезде, не күйеу мағынасын білдіретін титул ғана емес». (Х. Көктәнді, 45. 6-б.).

Ол да Шыңғысхандай «аузын айға білеп», бүкіл дүние жүзін жаулап алуды көкседі. Дегенімен, жаулап алған қағанаттың қызығын өзі де, ұрпақтары да көре алмады.

Назад Дальше