Қанатты сөз  қазына. 2-кітап - Кеңес Оразбекұлы 7 стр.


АЛТЫН ЕРІҢ АТҚА БАТСА,

АЛТЫНЫН АЛ ДА ОТҚА ЖАҚ


Қанша асыл, бағалы дүние болса да, біреуге немесе өзіңе зиян, залалы тиетін болса, одан құтыл, садақа, құрбандыққа бер деген мағынаны береді.

«Ел ағасы атанған сыйлы адамдарды ақындар:

Бір тайпа елдің басы еді,

Алтын елдің қасы еді, 

деп мақтаған. Кейбіреулері музейлерде сақталған ондай тұрман-дар нәзік шеберліктің куәсі іспетті. Алайда халықтың қастерлейтіні сәнді алтын тұрманы емес, аты болған. Сондықтан: «алтын ерің атқа батса, алтынын ал да отқа жақ» деген мақал қалған». (С. Мұқанов, 77. 126-б.).


АЛТЫН КӨРСЕ, ПЕРІШТЕ ЖОЛДАН ТАЯДЫ


«Алтын көрсе періште жолдан таяды». Бұл тәмсіл сонау заманда да бар екен. Біреудің дүниеқұмарлығын әшкерелегенде айтылса керек. Періште жолмен келе жатады. Жол жиегінде алтын жатыр екен. Соны алмаққа бола періште жолдан шығады дейді. Жұрттың бәрі осылай түсінеді. Ал бұдан 6070 жыл бұрын атам Нұрсұлтан маған бұл тәмсілді мүлде басқаша айтып еді.

Періште келе жатады. Жолында алтын жатыр. Алтынды алмау, оған жоламау үшін періште жолдан таяды. Меніңше тәрбиелік мәні бар нағыз тәмсіл осы болмақ». (Ж. Нұрмахан, 9. 2531.08. 2011.).

«Зерделей келгенде, бұл мақал алтын көрген періште оны айналып өту үшін тура жолынан бұрылуға мәжбүр болады деген мағынаны береді екен. Шындығында да жолда жатқан алтынның бәрін құшақтай құласа, оның қай жері періште?

Сондықтан да ақиқат жолынан ауытқып жүргендер осы мақалды малданып, өздерін періштеге апарып теңеп әуре болмай-ақ қойсын» (Қ. Әбіл, 31. 30. 07. 2008.).

Ал бұл мақалдың қазіргі мағынасы: Егер біреу, алтын, байлық, ақша ұсынып жатса, періштедей таза адамның өзі әділеттілікті белден басып, тура жолдан таяды, ақшаға, мол тегін байлыққа қызықпай қоймайды деген мағынада қолданады. Адамдардың дүниеқұмарлығын, дүниеқоңыздығын әшкерелегенде айтылады.

Бір өкініштісі, Жанаш ата келтірген екінші тәмсілдегі мәнінен айырылып қалған.


АЛТЫ САН АЛАШ


«Сан. Сандық ұғым қазақ халқында ерте кезде тек мыңдыққа дейін ғана жақсы дамыған. Тұрмыс-тірлікте одан жоғары, күрделі сандарды қолданудың қажеті де шамалы болған. Сондықтан миллион, миллиард сияқты терминдерді пайдаланбаған. Есеп мыңнан асқан жағдайда түмен (туман) деген терминді қолданған. Бір түмен он мыңға тең. Ал егер есеп жүз мыңнан асса, сан терминін пайдаланған. Бір сан  жүз мыңға тең болған. Тілімізде Алты сан алаш деген тіркес бар. Ол қазіргі есеппен алты жүз мың алаш дегенді білдіреді. Қазақтың ең көп есебі мың сан болған, ол  жүз миллионға тең». (Д. Жүнісов, 9. 16.05.2014.).

Ал, «алты сан алаш» деген тіркес көп сан халық, қазақтың құрамы көп, төрт көзіміз түгел деген мағыналарды білдіреді.


АЛТЫ САН АЛАШ,

ҚЫРЫҚ САН ҚЫРЫМ


«Халық әдебиетінде ежелден келе жатқан Он сан оймауыт, тоғыз сан  торғауыт, сегіз сан  сейілхан, жеті сан  жем (бойындағылар, келімсіктер), алты сан  Алаш, қырық сан  Қырым деген ұғымдар бар екендігі белгілі. Солардың шешуіне келсек: он сан оймауыт дегеніміз  ноғайлы елі, ноғай халқы, тоғыз сан торғауыт  қалмақтар, сегіз сан сейілхан  сегіз арыс түрікпен халқы, алты сан Алаш  қазақ халқы. Мұның кейде Түрік ханнан тараған алты халық мағынасын беретіні бар. Осылардың бәрі жиналып, кезінде қырық сан қырым аталған. Қырымымыз  қазіргі Қырым түбегі. Демек, Қырым ерте замандарда аталмыш елдердің бәрінің орталығы болғанға ұқсайды. Соңында қырық сан халық бөлініп-бөлініп, әрбір ұлт, әр ел өз алдарына енші алып кеткен деген жорамал бар». (М. Жаданов, 9. 1.10.1993.)

«Ақ Орда құрамына кірген тайпалардың ішіндегі алты арыс ел  қыпшақ, жалайыр, найман, қоңырат, қаракесек (арғын), алшындар  Шыңғысханның батысқа жасаған жорығының алғашқы кезінде- ақ «алты сан алаш» деген атпен Жошы ұлысына енген. Жошы хан оларды үйсін Майқы би арқылы басқарған. «Алты сан алаштың ол кездегі қоныстанған жері  Алтай мен Каспий теңізінің аралығы, бір шеті Тобыл мен Сыр бойы, Жетісу өлкесі. 13-ғасырдың екінші жартысында бұлар одақ болған ізімен Алтын Ордадан бөлініп, Ақ Орда атты мемлекет болған». (М. Қани, 55. 209-б.).

Бұл сөз тіркесі кейде «Алты алаш» деп те аталады. Алты алаш туралы ел аузында әр түрлі пікірлер айтылады. Оның бірінде бұл санатқа алты ұлтты кіргізсе, енді бірінде жоғарыда айтылғандай, қазақтың өз ішіндегі тайпалар бірлестігі жатқызылады. Солардың бір-екі варианты мынадай:

а) 1.Қазақ. 2.Өзбек. 3.Қарақалпақ. 4.Башқұрт. 5.Ноғай. 6.Татар.

ә) 1. Өзбек 2.Қазақ. 3. Ұйғыр. 4.Түрікпен. 5.Қырғыз. 6.Қарақалпақ.

Бір ұлт, халықтың өзі бірнеше ру, тайпадан құралады немесе бірнеше ру, тайпа жиылып бір халықты құрайды деген мағынаны береді. «Қырық сан қырым» тіркесі қазақтың «Қырымның қырық батыры» эпостық батырлар жырын да еске түсіретіндей.


АЛТЫ ТАСПА БҰЗАУ ТІС,

БЫЛЖЫРАМАЙ АТТАН ТҮС


«Әсілі, мықты қамшыға ең керегі он екі таспа. Он екі таспадан өрілген өрім алты қырлы болып түседі. Қамшының бұл түрі көзге де сұлу көрінеді, әрі атқа мінеген адамға айбат беретін қару есебінде болып келеді. Одан кейінгісі сегіз таспа төрт қырлы болып шығады. Ал, алты таспадан өрілген қамшы дөңгелек болып түседі. Оны бұзау тіс қамшы деп те жатады. Бұл енді кез келген адам ұстайтын қамшының жеңілдеу, қарапайым түрі. Алты таспа бұзау тіс, былжырамай аттан түс деген сөз содан қалған». (Ш. Екеев.).

Ел, жер қыдырған қыдырымпаздар мен хабаршыларды, қыр көрсетіп маңғазсынған адамдарды сабасына түсіріп, мысын басу үшін айтылатын нақыл сөз.


АЛТЫ ТҰТАМ АТ ҚАМШЫ,

ЖЕТІ ТҰТАМ ЖЕР ҚАМШЫ


«Егер, қажетті материалың, яғни, тобылғы, қайыс былғары және өткір бәкің мен жеңіл қайрағың даяр тұрса, бір қамшыны бір сағаттың мөлшерінде жасап шығаруға болады. Сабы тобылғыдан жасалады. Тобылғының сабының ұзындығы алты тұтам болуы тиіс. Ел ішінде Алты тұтам ат қамшы, жеті тұтам жер қамшы деген де сөз бар. Ал, бәйгеге шабатын шабандоздар мен балалар ұстайтын қамшыны жеңілдеу болсын деп, оның сабын төрт тұтам тобылғыдан жасайды. Бұрынғы уақытта қыз балалар ұстайтын қамшының тобылғысының үстін қайыспен қос сақиналап басады екен. Қазіргі күні бұл ғұрып ұмтылған десе де болады». (Ш. Екеев.).

Қамшыны сипаттап, ерекше қасиетін ашып көрсетерде айтылады. Екінші сыңарын кейде «Жеті тұтам «жез қамшы», «Жеті өрім қамшы» деп те айтады.


АЛЫП АНАДАН ТУАДЫ


«Ана құрсағындағы жан иесі тоғыз айдың ішінде, тіршіліктің әр сатысындағы табиғатта бар он сегіз мың ғаламдық жолын басып өтеді. Былайша айтқанда, бір клеткалық қарапайым тіршілік кезінен бастап, адамға дейінгі жетілу баспалдақтарын басып өтеді. Бұл табиғат жаратылыстарының ішіндегі аса күрделі құбылыстарына кететін миллиондаған жылдарды адам баласы анасының құрсағында жатқан тоғыз айда-ақ басып өтетіндігі, тек табиғат шеңберінің ғана құдіретіне сыйса керек. Олай болса, адам ғұмырының ең ұзақ та ауыр жолы ана құрсағында қалыптасады екен. Міне, осынау өсу сатысында, жан иесінің жүрек тәрбиесін тек ана сезімі ғана дұрыс бағыттап, жетілдіріп отырады. Тап осы кезеңде адамшылықтың алтын діңгегі болып саналатын, күллі тәрбие атаулының арқауы  жүрек тәрбиесінің мазмұны қалыптасады. Мінеки, осындай өте нәзік, табиғат құбылыс-тарын тереңінен тартып түсіне алған халық даналығы: Алып анадан туады деп тұжырымдағанын зор мақтанышпен айтуға болады. Мейірімді ананың парасаты мен дарқан мінезді әженің шапағаты дүниеге келген сәбиді халықтық тәлімнің ғасырлар бойы қалыптасқан алтын бесігімен тербеп отырып ер жеткізеді». (13).

Бұл сөз тіркесінің толық нұсқасы: Ат  биеден, аруана  түйеден, алып  анадан» болуы мүмкін.


АНА МЕН БАЛА КІНДІКТЕС


Ана мен баланың өзара жақындығын, ыстықтығын, қымбаттығын бейнелегенде қолданылады.

Атамыз қазақта: «Ана мен бала кіндіктес» деген сөз бар. Өйткені, құрсақ көтерген әрбір ананың көңіл күйі іште жатқан нәрестеге тікелей әсер етеді. Анам жарықтық: «Балаң жақсы болсын десең, үнемі жақсы нәрсеге көз тоқтатып, жақсылықты ғана ойла» дейтін. Ана баласын емізгенде өзін салмақты ұстап, еміренсе, емшегі иіп, сүті көбейіп, балаға жұғымдылығы артады. Бала рақаттанып, терлеп-тепшіп емеді. Тыныш емген бала ақылды болады. Баланы емізіп отырған ана ашуланса, дауыстап сөйлесе, бала шошынып қалады. Жас сәбидің мінезінің өзгеруіне ол да әсер етпей қоймайды». (Н. Ырысбекова.).


АПАМ ҮЙІ  АҚ ЖАЙЛАУ


«Қазақта бауырларының шалғай елге ұзатылып кеткен апаларын ер жеткен соң іздеп бару салты болған. Сағынтып келген бауырымен қауышқан апаның қуанышын айтып сөз жетпес. Өткеннен де, кет-кеннен де ата-анасы, бауырларының амандығын сұрап, сағыныштан әбден құсаланып, зарығып жүргенде, інісін көріп көзайым болып, өшкені жанып, өлгені тірілгендей күй кешеді. Қайран апа бауырына көңілі тойып, мауқын баса алмай, ертелі-кеш айналып-толғанып, барлық тәтті-дәмді, жылы-жұмсағын соның алдына жайып, аузына тосады екен. Сірә, Апам үйі  ақ жайлау деген сөз де осындайдан қалған болса керек». (М. Ниязбеков, 82.10-б.).

Назад Дальше