Сарман алты таңба кітабы - Алпамыс Аскарович Сырманов 4 стр.


Қаланың тыныш болғаны соншалықты, Ерұланның атының басқан әрбір қадамының тоқылы бос көшелерде жаңғыра естілді. Кішкене жүргеннен кейін оның мұрнына керемет гүлдердің иісі келді, ол қаладағы ең қызық үйлердің бөлігіне кірді. «Неге қызық?» деген сұрақ туындаған болар, себебі әлгі сары түсті зәулім үйлердің төбесінде үлкен ағаштар өсті, ал кейбір үйлердің төбесінен төмен қарай шырмауықтар өсіп, қабырғаны толықтай көмкерді. Бұлақты қаласында адамдардың басым көпшілігіне бағбаншылықпен айналысқан ұнайды, сол себебті халық қалада тұрып жатқандығына қармастан, әртүрлі өсімдіктер мен ағаштарды өсірді. Үйлерге алыстан қараған кезде олардың төбесінен жасыл шаш өсіп тұрғандай, соған орай Бұлақты қаласын халық арасында әзілдеп «Жасыл шашты қала» деп те атайды.

Ерұлан біраз жүргеннен кейін тауға жақындап, қаланың шет жағына да келіп жетті, үйлер мұнда сирек және қаладағыдай зәулім емес, ал тасжол жай ғана топыраққа айналды. Тауға жақындай бере тау бөктерінде орналасқан үйлердің төбесі қалың ағаштардың арасынан көрінді, күн бұрынғыдай таудың артынан емес, төбесінен шуағын шашты, оның сәулесі жерді қыздырып, алмас сияқты шық қатқан шөптерді ерітіп, айнала таң атысымен ұяларынан шыққан құстардың әсем әуеніне толды. Ерұлан айналасындағы керемет тау көрінісіне қарап, бойы сергіп, санасындағы мазасыз ойлары да жоғалды.

Үйлердің арасымен жүріп өткеннен кейін ол тауға көтерілген сайын жол жасыл шөппен көмкеріле бастады, оңға қарай бұрылып, өзі баратын үйреншікті тау бөктеріндегі ашық алаңқайға беттеді. Көп ұзамай ағаштар қоршай өскен тар алқапқа келді де, жылқысын ағаштардың біріне байлап, қалың жасыл шөптің үстіне жайғасты.

Ерұлан алындағы үлкен қалаға көз тастады: ол Бұлақты қаласын тауға дейін қоршаған алып қорғанға, оның оңтүстігі мен солтүстігінде орналасқан екі үлкен қақпаға, ал батысқа қарай созылған жасыл далаға көз салды.

Батыста көкжиектен жап-жасыл ағаштың ұшы байқалды, бұл Батыс ормандағы ең биік ағаш, оны адамдар Бәйтерек деп атайды, биіктігі бұлттарға дейін созылған алып ағаш аспанда қалқып тұрған жасыл бұлт іспеттес. Орман қаладан екі күндік жерде орналасқан. Онда әртүрлі өте қауіпті жануарлар мекен етеді, сол себепті адамдар онда бармайтын, ал Бұлақты қаласындағы адамдардың көпшілігі ет жемейтіндіктен, ондағы жануарларға тиіспейтін. Адамдар табиғатқа көзінің қарашығындай қарайтын болғандықтан, орманға тиіспеуді жөн санайтын.

Осы көрініске қарап Ерұлан өзінің бұл орынға соңғы рет келіп, қалаға соңғы рет қарап тұрғанын білген жоқ, тіпті олай ойламады да.

Ол жұмсақ шөпке шалқая жатып, ашық аспанда қалқыған бірнеше бұлттың қозғалысына назар аударды, осылайша бұлттарға қарап қалай көзінің ілініп, ұйқыға кеткенін де байқамай қалды. Тек арада ұзақ уақыт өткеннен кейін, күн тас төбеден ауып, ұясына жақындаған кезде ғана көзін ашты; Ерұланның бұлай ұйықтамағанына бірнеше аптаның жүзі болды, ол өзін керемет сезініп, барынша созыла керілді, осы сәтте оның құлағына түсінде көргендей қаладан шыққан әскери қоңыраулардың дыбысы етілді, бұл жолы дыбыс ешқандай түс емес дыбыс шынында қаладан шықты. Зәресі қалмай Ерұлан орнынан атып тұрды да, қалаға қарады. Оған қаланың оңтүстік қақпасынан ішке кірген сарбаздардың қарасы байқалды, ал олардың біраз бөлігі қаланың қақпаларына қарай керуен сияқты тізіле келе жатты. Ол бірден ағаштың түбінде шөп күйсеп тұрған жылқысына қонды да, сарайына қарай шаба жөнелді.

Қалаға жеткен кезде қала көшелерінде толған сарбаздарды көрді, бұл жайт Ерұланға түсініксіз көрінді, әлгі сарбаздар қаланың солтүстігінде орналасқан әскери қонысқа бет алды, ал қала халқы көшелердің екі шетінде, кейбіреулері үйлерінің терезесінен оларды бақылады. Ерұлан жанында тұрған бір адамнан:

 Мыналар мұнда не үшін жүр?  деп сұрады, әлгі адам Ерұланға қарамастан, «білмеймін» дегендей басын шайқады. Ерұлан атының басын бұрып сарайына қарай шаба жөнелді. Сарайына келген соң атынан түсіп, қақпаның алдындағы сарбаздан:

 Сұлу қайда?  деп сұрады.

 Сарайда,  деп жауап қатты сарбаз аттың ноқтасын ұстай.

Ерұлан жылдам сарайға барып:

 Сұлу Сұлу деп айқайлай бастады.

 Не болып қалды, Ерұлан?  деді Сұлу ас үйдің ашық тұрған терезесінен сыртқа қарай. Ерұланның көңілі орнына түсіп, ас үйге қарай ақырын жүрді. Ол ас үйге кіре салысымен:

 Сен қайда жүрсің, ә?  деп оған Сұлу қолындағы оқтауын шошаңдата сөйледі.  Және неге сонша айқайладың?

 Тауға барып, сонда ұйықтап қалыппын,  деді Ерұлан.

 Тауға бардым деп, басқа жерде Батыра екеуің қаңғырып келген жоқсыңдар ма?  деп Сұлу әзілдей сөйледі. Ерұлан Сұлуға жақындады, Сұлудың бойы Ерұланнан кішкене ғана аласа болатын, ұзын шашы бір бұрымға өріліп, жіңішке белінен кішкене төмен түсті, ал иегінің сол жағында кішігірім қою қара түсті қалы болды; жіңішке жүзінен мейірімділік шашырап тұрғандай, атына сай ол өте сұлу еді.

 Сен бүгін әлгі дәрігерлердің ерсі қылықтарын байқамадың ба?  деп Ерұлан сыбырлай сұрады.

 Жоқ, не болды?  деп ол кішкене кідірді де:  Неге сен сыбырлап сөйлеп тұрсың?  деді Сұлу.

 Жарайды, ештеңе,  деп кішкене кідіре,  сен неге мұнда жұмыс істеп жүрсің? Сен барып демалуың қажет, бізде ас дайындайтын басқа да қызметшілер жеткілікті, сенің босануыңа аз қалды, бірақ сен ары-бері қозғалып жүрсің

 Сен білесің бе, Ерұлан? Аналар аяғым ауыр екен деп, қозғалыссыз қалмауы керек, олардың қозғалып тұрғандары ішіндегі балаға пайдалы: сондықтан мен де ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білемін,  деп ол Ерұланның мұрнының ұшынан саусағымен сипады.  Ал енді жуынып кел, кешкі ас дайын болып қалды.

 Жарайды,  деді де, ол ас үйден шығып, тікелей жуынатын бөлмеге беттеді.

Жуынатын бөлмеге кіріп шыққан соң ол дәрігер мен оның көмекшісінің бөлмесінің жанынан өтті, олардың бөлмесінің есігі кішкене ашық болды, олардың біртүрлі қараңғы тартқан бөлмелерінен сыртқа қарай әлсіз жарық түсті. Ерұлан есіктің жанынан өте олардың күбірлеп сөйлеп жатқанын естіді, бірақ олар адамға түсінікті тілде сөйлеген жоқ. Ерұлан олардың дауысын «дұрыс естіми жатқан болармын» деп ойлады, алайда ол есікке жақындап, олардың әңгімесіне құлақ сала олардың мүлде басқа тілде сөйлеп жатқанын түсінді, олардың дауысы жейіркенішті естілді. Ерұланның бойынан тарақандар жүріп өткендей ол өзінің күдігіне тағы да бір рет көз жеткізді, ол ары қарай бара жатыр еді:

 Амансыз ба?  деп дәрігер оның арқасынан сөйледі.

 Иә, аманмын, өзіңіз қалайсыз?  деді ол дәрігерге бұрыла.

 Көріп тұрғаныңыздай менде бәрі жақсы,  деп ол Ерұланға қабағын тыржитып,  менің ойымша сізде барлығы дұрыс емес сияқты, не болып жүр? Сұлу маған сіздің бір қорқынышты түсті қайта-қайта көріп жүр деп айтты.

 Жо-жоқ, қазір менде бәрі дұрыс,  деп Ерұлан оның әнгімесінен қашқақтады.

 Барлығы дұрыс болса, онда жақсы екен, егер сізде тағы осындай жағдай қайталанып жатса, маған айтыңыз, мен сізге тыныштандыратын шөптерден жасалған тұнба беремін,  деді біртүрлі жымия.

 Ескеретін боламын,  деп ол да өтірік жымия салды.

Ерұлан асыға, ас үйге жақындады, ол жақындаған сайын, оның мұрнына керемет иістер келді, ол жүрісін жылдамдатып, әртүрлі тамақтың иісі аңқыған бөлмеге кірді.

 Ал жайғасыңыз, мырзам,  деп Сұлу оған жымиды, ол жымиған сәтте езуінің екі шетінді, кішігірім ұяшықтар пайда болып, олар Сұлуды одан да мейірімдірек етіп көсетті. Ерұлан әртүрлі жеміс-жидектер мен қарасаң көз тоймайтын тағамдарға толып, жайнап тұрған үстелге жайғасты.

 Қайсысынан бастарымды білмей тұрмын мыналардың барлығы дәмді сияқты, тамақ талғамай барлығын татып көргенім дұрыс болар.

Үлкен ас үйде Ерұлан мен Сұлу ғана тамақтанды, оларды ешкім мазалаған жоқ: әңгіме айтып, алғаш кездескен кездерін еске алып, көңілді отырды, бірақ бұл көңілді кешті аяқ астынан келген сарбаз бұзды. Асхананың есігінен біреудің асығып келіп, есікті жылдам тоқылдатқаны естілді.

 Кір!  деді Ерұлан, қолындағы қасығын ыдысына қайта сала.

Ішке бір сарбаз асыға кіріп:

 Мазалағаным үшін кешіріңіздер, бірақ сыртта екі адам сізбен жолыққысы келетінін айтып тұр, кеш уақытта келгендіктен оларға ертең келіңдер дедім, бірақ олар сізбен кездеспей ешқайда кетпейміз деп қақпаның алдына отырып алды.

 Олар кім болды, танымайсың ба?

 Жоқ, оларды алғаш көруім. Өздерінің түрлері қаңғыбасқа ұқсайды, ал қолдарына екі үлкен дорба ұстап алған, олар сізге «Өте алыс жерден әкелген маңызды хабарымыз бар» деп айтсаң, сенің мырзаң түсінеді» деді,  деп сарбаздың айтқаны сол еді, Ерұлан орнынан атып тұра, бөлмеден оқтай ұшып шықты, оның артынан Сұлу:

 Не болды, Ерұлан? Тыныштық па?

 Иә-иә, уайымдама! Сен тамақтана бер, мен қазір келемін,  деді.

Назад Дальше