Не болды, Ерұлан? Тыныштық па?
Иә-иә, уайымдама! Сен тамақтана бер, мен қазір келемін, деді.
Ол қақпаға жақындағанда ашық тұрған қақпа алдында үстеріндегі киімдерінің тарам-тарамы шыққан, оның үстіне малмандай су, әбіржіген екі адамды көрді; қолдарына екі үлкен қоржын ұстаған, қоржындарынан төмен қарай су тамшылады. Ерұлан оларға жақындаған сәтте:
О, мырза, сізді көргенімізге қуаныштымыз! деп қолдарындағы қоржындарын жерге қойып, Ерұланға жақындай бергені сол еді, сарбаздар найзаларын олардың көкірегіне тақап, әлгілерді тоқтатты. Бейтаныс адамдарға Ерұлан біраз қараған соң сегіз ай бұрын Тұманды аймағына жіберген адамдары екенін түсінді.
Нұрлан, Жақып, бұл сендер ме? деп сұрады.
Не болды танымай қалдың ба?
Әрине, мына түрлеріңді көріп сендерді мен түгілі, туған аналарың да танымай қалады, сендерге не болған? Ал қалғандары қайда?
Барлығын осында айтқанымызды қалайсың ба? деді Жақып, алдында тұрған сарбаздарға басынан-аяқ көз жүгірте.
Жо-жоқ, ішке кіріңдер, менің соңымнан еріңдер, деп оларды өзімен бірге кітапханасына алып кетті.
Кітапханаға барар жолда Ерұлан олардан не болғанын сұрап еді, «оңаша жерге барған соң ғана айтамыз», деп жауап қатты.
Не болды, соншалықты құпия ма? деді Ерұлан түрі өзгере.
Сен білмейсің ғой біздің не көргенімізді, деді Жақып.
Иә, түрлеріңнен көрініп тұр бір жаманшылықтың орын алғаны.
Олардың арасында тыныштық орнады тек басқан қадамдарының дыбысы ғана естілді. Ерұлан анда-санда оларға көз қырымен қарап-қарап қойды да, кітапханаға жақындай, тоқтап есікті ашып, оларға ішке кіруге жол берді. Олар кітапханаға кірген кезде, Нұрлан шатқалақтай жерге құлай жаздады, оны Ерұлан қолтықтай ұстап:
Сенде бәрі дұрыс па? деді бір қолымен есікті жібере.
Иә, дұрыс Кішкене әлсірегенім болмаса деп орнына қайта тұрды.
Мен сендер үшін қобалжиын дедім, қазір сендерге тіске басар алдыртайын.
Жоқ, ештеңенің қажеті жоқ, тезірек ішке кірейік және есікті бекітіп ал, деп Нұрлан шатқалақтай жүре, үлкен кітапханаға кірді. Барлығы үстелге жайғасып болған соң:
Ал енді құлағым сендерде, неге сонша жоғалып кеттіңдер? Және сендерге не болған? Тепсе темір үзетін жігіттердің шал сияқты шамасыз күйге түсуіне не себепші? деді ол екеуіне қарап.
Иә, айтпа, деді Жақып күрсіне.
Біз сен айтқан жерге бардық, бірақ онда бару біз үшін оңайға соққан жоқ алыс әрі қиын жолда бізді бірнен кейін бірі жолдастарымыз тастап қашты. Онда жету үшін біз үш ай уақыт жоғалттық. Хандық пен Тұмандыны бөлген алып қорғанға жетіп, арғы бетке өттік деп кідірді, онда халық айтқандай: ешқандай тіршілік жоқ, тірі жәндік, өсімдік, ештеңе тіршілік етпейді; ештеңе өспейді, нағыз өлі аймақ құдды біреу бар тіршілікті алып, бір сандыққа жасырып қоғандай, тек қара түсті өлі топырақтан басқа ештеңе кездестірген жоқпыз; кездестірмейміз деп те ойладық, бірақ біз қателескен екенбіз, ол жерде шынында бірдеңе болған сияқты, деген кезде Ерұланның жүзі өзгеріп кетті, сен берген жолсызбамен жүре бере, біз аласа таулардың арасына келдік. Тау арасынан сен айтқандай мұнараны таптық, деген сөздер оның аузынан шығып еді, Ерұлан Жақыптың айтқанына асқан мұқияттықпен тыңдай бастады.
Мұнара үлкен ақ түсті кірпіштермен қаланған, ал биіктігі екі қабат үймен бірдей, төбесі қираған, бірақ айналасында ешқандай қиранды болған жоқ, ерте уақытта салынғаны анық, үстіне шығып төмен қараған сәтте оның төмен қарай тереңірек созылып, басым бөлігі жер астында жатқанын түсіндік.
Екеулеп төмен түсіп мұнараның ішін қарадық басында ешқандай күдікті зат байқалған жоқ, алдымызда ұзына бойы созылып, қаратүнекке оранған дәліз жатты, сұр түсті шаң басқан қабырғаларында бейтаныс руналар бейнеленген, ондайды біз бұрын-соңды көрмегенбіз, ал ары қарай жүре берген кезде адамның қаңқасын таптық
Адамның қаңқасы? деп оны Ерұлан бөліп жіберді. Бірақ бұл мүмкін емес қой, қалайша? деді ол таңырқай.
Ол жағын мен білмедім, бірақ онда бір емес, ондаған адамның қаңқасы болды және олар бүтін болған жоқ, құдды бір алып хайуанмен шайқасқан сияқты жан-жаққа шашылған, бас сүйектері мен сүйектері сынған, майдаланып кеткен десек те болады. Әлгіні көргеннен кейін бойымызды үрей басты, «артқа қайтамыз ба» деген ой келді, бірақ біздің қызыққұмарлығымыз, қорқынышымыздан күштірек болып, соңына дейін жүруге бел байладық. Жол бойы одан біздің көргеніміз қаңқалар болды, ал соңына жеткенде не тапқанымыз сенің он ұйықтасаң түсіңе кірмейді, деді Жақып .
Не таптыңдар? деді ол тағатсыздана.
Соңында біз мұнараның қираған бөлігіне келдік, ары қарай жол жабық болды үйінділермен бекітілген, менің ойымша біз мұнараның тек бір бөлігін ғана қарап шықтық. Сол жерден ғана біз бүтін қаңқаны таптық, бірақ оның адамдікі екеніне менің күмәнім бар, деді де, Жақып Нұрланға қарады, Нұрлан оған басын изеп, қоржынның ішінен екі мүйізі шошайған, үлкен бас сүйекті алып Ерұланның алдына қойды, әлгіні көрген Ерұлан кішкене артқа қарай шалқайып:
Бұл не? деп сұрады үрейлене.
Көріп тұрған жоқсың ба бас сүйек! Жағымсыз иісіне мән берме, біз қалаға кірер кезде қақпадағы сарбаздар тексермес үшін, кәріс құбыры арқылы кіруге тура келді, деді Нұрлан.
Бас сүйек екенін білемін ғой, бірақ кімдікі?
Ол жағын біз де білмейміз, одан бөлек оның жанында мына заттар жатты, деп Нұрлан қоржынның ішінен: төрт бұрышты сұр түсті қорап, бойтұмар мен жартылай сынған қанжарды алып, Ерұланның алдына тізіп қойды.
Сұр түсті қораптың сыртында түсініксіз руналар болды. Ерұланды қызықтырған да сол, себебі руналар оған таныс көрінді. Оларды бұрын бір жерде көргеніне сенімді, алайда қайдан екенін есіне түсіре алмады. Нұрлан әлгі сұр қорапқа қолын тигізген жоқ, ол қорапты асқан мұқияттылықпен ұстады, құдды қорап өте нәзік зат болғандай, Нұрлан қолындағы қоржынын шетке қойған кезде Ерұлан:
Ал мынау не? деп ол қорапты ұстай бергені сол еді, Нұрлан мен Жақып:
Жо-жоқ! деп оны тоқтатып үлгермеді, Ерұлан қорапты ұстай бергені сол, қолын қойған орын қызып-қызыл түсті жарық шашырай, Ерұланды шалқасынан құлатты. Ол есінен танып, Нұрлан мен Жақып екі жақтап оны орындыққа қайта отырғыза, сезімге келтірді.
Қалайсың, досым? Неге айтқан тілді алмадың? деді ол. Не көрдің? Сен мынаны ұстаған кезде бірдеңе көрдің бе? деп Нұрлан тағатсыздана сұрады. Ал Ерұлан отырған орнында ойын жинақтай алмай кішкене кідірді, оның өне бойы дірілдеп, өңі қаша, маңдайы терлеп, қабаған иттен қашқан адам сияқты ентіге тыныс алды.
Сен де оны көрдің бе? деді ол Нұрланға.
Иә, оның бейнесі менің ойымнан кетер емес, деп Нұрлан орындығына қайта жайғасты, олардың әңгімесіне Жақып араласа:
Сен де құбыжық көрдің бе? деп сұрады.
Иә, үлкен, өте үлкен және ол аспанда қалқып тұрған таулардың алдында тұрды, айналасы қып-қызыл отқа оранған, тұрқы бұлыңғыр, анық көрінген жоқ, дегенмен оның көлемін аңғару қиын емес, оның не екенін білесіңдер ме? деп оларға кезек-кезек қарады.
Жоқ, оның тек сол бейнесінен басқа ештеңе көрген жоқпын және ол туралы ештеңе білмейміз.
Сен оның артындағы аспанда қалқып тұрған тауларды көрдің бе? деді Ерұлан.
Иә, менің ойымша, ол Алтаһир таулары, деді Нұрлан.
Бұл нені білдіреді?
Менің ойымша, мына қораптың ішінде бірдеңе бар, оны тек белгілі бір адам немесе мынау сияқты біреу аша алады, деп Жақып бас сүйекке қолын қойды. Ал сендер көрген Алтаһир тауының алдындағы құбыжық сол аймақтан пайда болатынын білдіруі мүмкін. Арада үнсіздік орнады, сосын Ерұлан:
Мына бас сүйектің кімге тиесілі екенін білетін сияқтымын, деді оларға қарай.
Кім деп олайсың?
Бастақ Бабадүр деген зерттеушіні танисыңдар ма? Мен соның кітабынан сендерге берген жолсызбаны алдым, кітапта Тұманды аймағында бұрын Марда атты мемлекет болғандығы жөнінде жазылған Бабадүр оларға кітабында нақты сипаттама бермеген, мүмкін мынау солардың бірі шығар және хан сарбаздарының онда бірдеңені іздеп жүргені жөнінде жазған, деді Ерұлан.
Ол қазір тірі ме? деп сұрады Нұрлан.
Жоқ, сендерді Тұмандыға жібермес бұрын, мен онымен кездесуге тырысқанмын, бірақ оның аяқ асты қайтыс болғанын естідім, ал оның отбасысы көшіп кеткен, қайда екенін ешкім білмейді; тіпті жақындары мен достары да, ал оның кітаптары мүлде жоғалып кетті.
Міне, осыдан кейін сендерді Тұмандыға жібердім Ал енді бізде барлығы бар, Бабадүрдің кітабында шындық жазылғаны анық, сонымен қатар ол «Марда мемлекетінің жоғалып, Тұмандыда тіршіліктің жойылуы ол адамдардың кесірі», деп жазған, анығырақ айтқанда, бір топ адамның және оны ол хан мен билеушілердің кінәсі дегенге келтірген, бірақ оларды Бабадүр ашық кінәламаған. Менің күдігім расталып келе жатқан сияқты.