Иә.
Мына бас сүйекті ібілістікі демеш! деді ол маңдайын тыржита.
Жоға, қайдағы ібіліс, айттым ғой жаңа ғана мен көп білмеймін.
Жарайды, оларды қайдан таптың?
Бастақ Бабадүрдің кітабындағы Тұманды аймағы жайында айтқан болатын, онда мұнараның бар екендігі, тіпті жолсызбасын да жасағандығы жөнінде, міне қара, деп жолсызбаны Батыраға ұсынды.
Иә, Тұманды аймағы жайында естуім бар, деп жолсызбаны қолына алып қарады.
Мыналардың барлығы сол мұнараның ішінен табылған заттар, деп Ерұлан болған жайттың барлығын бүге-шүгесіне дейін Батыраға айтып берді.
Мардалармен соғысқа түскен дейсің бе? Бірақ не үшін?
Үстемділердің ұзақ ғұмырының сырын жасыру үшін, деді Ерұлан еш кідірмей, бірақ бұл менің ойым, онда әлі біз білмейтін дүниелердің болуы ғажап емес, деді ол. Батыра Ерұланға, сосын қорап пен бас сүйекке кезектей көз тастады. Көпке созылмаған үнсіздіктен кейін:
Сен маған не айтайын деп едің? деді Ерұлан үнсіз отырған Батыраға.
Сенің дұрыс айтқаныңды айтайын деп келдім, деді ол.
Қалай?
Сен маған айтып едің ғой дәрігерлер аурудың алдын алу үшін емес, олар ерекше сәбиді іздеп жүр деп.
Иә.
Сенің айтқаның дұрыс болды, олар мұнда ешқандай да аурудың алдын алу үшін емес, ерекше балаларды табу үшін келген. Хан оларды сол үшін жіберген, ал ауру ол жай ғана желеу, ауруды да олар өздері таратқан, деді Батыра.
Өздері таратқан! деп Ерұлан таңырқады, сен оны қайдан білдің?
Байқадың ба, төрт күн бұрын біздің қалаға сарбаздар келді?
Иә, бірақ неге?
Бұл жолы олар мұнда қаланың тұрақты сарбаздарын тергеу үшін келді.
Тергеу үшін? деп Ерұлан тағы да қайталады, не себепті?
Енді мені бөле бермей тыңда. Себебі төрт күн бұрын Қамшат қаласындағы сарбаздар арасында қақтығыс болған, иә адам сенгісіз мың жылдам астам бейбітшілік орнаған хандықтың жауынгерлері бір-біріне қарсы қылыштарын кезейді дегенге сену қиын сол себепті бізге жақын, басқа қалалардың қолбасшылары бірігіп құрылтай өткізді, онда тек қаланың бас қолбасшылары ғана қатысты, менің жолым болып, олардың әнгімелерінің біразын тыңдадым. Қамшаттағы сарбаздардың бір-бірімен соғысуының себебі бала үшін, олар бала үшін соғысқан.
Қақтығыс болған күні, қалада денесінде таңбасы бар сәби туылған, баланы дәрігерлер бірден ханға, Рам қаласына жіберген. Қала қолбасшысы жауынгерлерді астыртын түрде басым көпшілігін жинап, баланы алып қаладан шыға бере, сарбаздар бір-бірімен соғысқа түскен: бірнеше сарбаз баланы алып, Шұғрат тауларына қарай қашқан, ең қызығы осы жерде басталады.
Қаладағы сатқындардан құтылған соң, қала сарбаздары баланың соңынан түсіп, оларды Шұғрат тауының аймағына жеткен кезде қолға түсіреді, бірақ аяқасты таудан он шақты алып сілеусін шығып, әлгі баланы алып қашқан сарбаздарды қорғап, артынан қуған, жүзге жуық сарбаздың барлығын қырып салған, деп ол кішкене кідірді, жауынгерлердің тек бірнешеуі тірі күйінде сытылып үлгерген, ары қарай бала мен оны алып қашқан сарбаздарға не болғанын ешкім білмейді. Сол себепті басқа қалаларда сатқындар бар деген күдікпен хандықтағы барлық жауынгерлерді біртіндеп тексеруде және бұл құпия түрде жүріп жатыр, деді Батыра.
Ал Ерұлан оның айтқанын асқан мұқияттылықпен тыңдап:
Қызық екен, деді, денесінде таңбасы бар балалар, деп ойлана сөйледі де, мен бала кезімде Шұғрат тауына әкеммен жиі аңшылыққа баратын едім, бірақ біз онда ешқандай алып сілеусін көрмегенбіз, ал олардың баланы қорғауының өзіндік себебі бар сияқты. Балалар неге ханға керек болды? Және неліктен олар тек осы жылы ғана өмірге келуде? Әлгі баланы алып қашқан сарбаздар кімдер? Және оларға не үшін бала керек? Мұның арты қызық болып аяқталатын сияқты, өте қызық болып, деді Ерұлан.
Олардың айтуынша әлгі сілусіндер Батыс орманнан келген, себебі Шұғрат тауының аймағын қарап шыққан сарбаздар, сілеусіндердің Батыс орманға қарай кеткен іздерін көрген, енді қолбасшылар орманға сарбаздарды астыртын жіберуге дайындалуда, халық бұл жайлы ештеңе білмейді. Мен сені енді түсіне бастаған сияқтымын, Ерұлан, мыналардың артында не бар екенін мен білгім келеді.
О, Батыра менің қатарыма қосылайын деген бе? Бұл мен ойлағаннан да қызық болайын деп тұр, деп алақандарын бір-біріне ысқылады.
Ендігі іс-әрекетіміз не болмақ? деді Батыра.
Мен білмеймін, ол жағын әлі ойластырған жоқпын, алайда бірінші біз мына бас сүйектің, нақты кімге тиесілі екенін анықтауымыз керек, сосын мына қораптың ішінде не бар соны білуіміз керек, ал оны білу үшін біз Тұмандыға қайта барып, мұнараны толықтай қарап шығуға тура келеді.
Сонда сен Тұмандыға өзің бармақсың ба? деді Батыра.
Жоқ, әрине, онда мен тағы да адам жіберемін, бұл жолы біреу, екеу емес, бір топ. Тұмандыға барып, мұнараның басқа бөлігінде не бар екенін анықтап қайтады, мүмкін бір дәйек тауып қалармыз, ал біз мұнда қалып, ханға неліктен ерекше балалар керек болғанын, сонымен қатар біздің сарбаздардың Тұмандыда не іздеп жүргенін анықтау қажет.
Бірақ қалай? деді Батыра.
Ол жағын маған ойлану қажет, бізге нақты жоспар керек, қаланың тұрақты сарбаздары балалар жайлы бірдеңе білуі керек, сонымен қатар жаңадан келген дәрігерлер мен сарбаздар біледі деп ойлаймын, алайда оларды осы жағдайға дайындаған сияқты, сол себепті олардың бізге балалар жайлы айтуы екіталай.
Мүмкін оларға алтын беріп көрерміз.
Жоқ, олардың оған келісетініне күмәнім бар.
Неге?
Сен олардың бірімен сөйлесіп көргенсің бе? деді Ерұлан Батыраға көздерін сығырайта.
Жоқ, не болды?
Сөйлессең байқайтын едің, олардың құдды саналарын улағандай, қалай түсіндірсем екен деп Ерұлан кішкене кідірді де, олар тірі қуыршақ сияқты біртүрлі, бүгін таңертеңгісін мен сарайға келгенде, дәрігерлердің сөйлесіп отырғандығын байқадым, біздің тілде емес, басқа бейтаныс тілде, сол себепті олардың әнгімесін сыртынан тыңдап ештеңе біле алмадым, ал егер олардан балалар жайлы сұрайтын болсақ, онда бізді не күтіп тұрғанын айта алмаймын, бірақ ақыры жаманшылықпен аяқталатынын сезіп тұрмын. Енді сен Датпен жақын араласуың керек, сен оның сеніміне кіріп, одан барлығын біліп алуыңа болады.
Білесің ғой менің онымен дұрыс араласпайтынымды.
Енді араласуыңа тура келеді.
Сен білмейтін шығарсың, бірақ Дат ешкімге сенбейді, оның сеніміне кіру өте қиын, оған көп уақыт кетеді және мен оның біреумен етене араласқанын көрген емеспін, деді Батыра қастарын көтере.
Амалын табуымыз қажет, онда біз оның жұмыс орнын ақтарып көрсек, бірдеңе тауып қалармыз.
Енді бұл ойыңмен келісемін, бірақ бұл өте қауіпті, деді Батыра. Екеуінің арасында тыныштық орнады, сосын Батыра:
Маған бір ой келген сияқты, деді ол Ерұланға.
Иә, айта бер.
Бірақ оған сенің жасап шығарған қаруың қажет.
Оның мұнда қатысы қанша?
Мені тыңда, біз Датқа жаңадан қару ойлап таптық деп, оған сенің қаруыңды көрсетеміз, яғни қаладан алып шығып, оған көрсетілім ұйымдастырамыз, ол қалада жоқ болған кезде менің адамым оның шатырын тексеріп, басқа қолбасшылардан келген жазбаларды көшіріп алады, ал Дат қайта оралған кезде, оның қағаздары орнында, ештеңе жоғалмаған; ешқандай күдік болмайды, деді Батыра жымия.
Иә, тырысып көруге болады, бірақ бұл керемет ой деп айта алмаймын.
Тырысып көру қажет, деп ол Ерұланға басын изей сөйледі, онда мен барайын, маған кету керек, менің негізі мұнда болмауым тиіс, деп Батыра сыбырлай сөйледі.
Неге? деді Ерұлан.
Оны саған кейін айтам, деп орнынан тұрып еді.
Батыра! деп Ерұлан оны тоқтатты.
Иә.
Мен саған тағы бір дүние айтуым керек, деді. Ерұланның жүзі жабырқаулы көрінді.
Тыңдап тұрмын, деп ол орындыққа қайта жайғасты.
Мен Бабадүрдің кітабынан бір дүние таптым: ол адамдар мен жануарлар, жалпы осы әлемдегі тіршілік иелерінің өмірі бес жылға қысқарғаны жөнінде жазған. Сонымен қатар тағы үстемділердің ұзақ ғұмырын зерттеген ғалымдардың белгісіз себептермен жоғалып немесе ажал құшатынын жазған.
Түсінбедім! деді ол жүзі бозара.
Қысқаша айтқанда, әлемдегі барлық тіршілік иелерінің өмірі соңғы сексен бес жылда бес жылға қысқарған. Сонымен қатар билеушілердің өмірін зерттеген ғалымдар қаза болған.