Өмір сынақ - Анар Мешимбаева 10 стр.


Сол пәрменді сол күйі түсінбедім. Мені елден қуып шығып, бар кінәні маған жаппақшы ма? Әлде мені қуып шығып, бәрін ұмыта сала ма? Басшылық шын мәнінде құқық қорғау органдары тексеріп, анығына көз жеткізеді дегенге сенгім келеді. Сосын мен елге тып-тыныш оралармын.

Қалсам ба? Кетсем бе? 2009-жылдың күзінде бұл сұрақтарға басымды көп қатырмадым. Мен Президентке қатты сендім. Егер ол пәрмен берсе, ендеше тексеріп, анықтайды.

Есесіне кейін көп ойландым. Тексерудің орнына бәрін соттай салды.

Егер мен кетпесем, істің насырға шабуына кедергі бола алар ма едім? Бірақ, қалсам, мені де соттап, бәрімізді лагерьлерге тоғытар еді. Бір ғана айырмашалық болды. Орынбасарларымның балалары аналарымен, олардың әйелдерімен қалды. Менің күйеуім жоқ, қызымның қасында қалатын әкесі болмады. Біз екеуміз ғана болдық. Отбасымыз кішкентай болғанмен, өте тату едік. Қызымның жасы ол кезде небәрі 14-те еді. Жасөспірім кезі.

Менің ата-анам Өскеменде тұрады.

Ала жаздай әкеме Астанаға келуге рұқсат етпедім. Оның да соңына тыңшыларды қояды деп қорықтым. Тура біз ұшып кететін түні әке-шешем туыстардың тойына келіпті. Аз уақытқа болса да кездестік. Бірақ, оларға ұзақ мерзімге кетіп барамыз деп айтпадым. Қоштастық. Демалып келуге рұқсат берді дедім. Екі аптадан соң ораламыз дедім.

Бұл сынақ бүкіл отбасыма ауыр тиді. Әселдің күйі қандай болғанын ол өзі айтып берсін.


Әсел: Өзгеріс

Жаңа оқу жылы басталып жатқан. Сегізінші сынып еді. Көңіл күйім күрт өзгере салатын боп кетті. Бұл жасөспірімдерге тән құбылыс шығар. Мектепке мүлде барғым келмейтін. Осы тілек дүниежүзі бойынша қаншама көп баланы біріктіретінін білсеңіз, таң қаласыз. Қоғамдағы механизм оқу құрылымын қызықты әрі жақсы жағына өзгертуге келгенде сондай жайбасар, сондай күрделі болатыны несі екен? Сабақты ойласам, фәни дүниенің күллі қайғысы мен мұңын арқалап жүргендей сезімде бола берем. Мектеп бағдарламасы маған түк қызық емес еді. Бұл жылы өтетін сабақтарды ойлағанда, уайым кешіп кететінмін. Маған ұнайтын бір ғана дүние жаздық демалыста үйден оқыңдар деген әдеби кітаптар еді. Кітапты мектептегі оқусыз-ақ оқи алатынымды түсінетінмін. Сонда мектеп маған не үшін керек деп бас қатырам. Ала жаздай атам мен апамның үйіндегі демалыстан оралған соң күндіз-түні мектепке бармай қалсам екен деп тілек тілеп, дұға жасадым.

Қыркүйектің бас жағында бір күні анам жұмыстан оралды да, Түркияға демалуға кетеміз дегенде таң қалдым! Қуанышымда шек болмады! Сол сәттеөзімді ғаламды уысында ұстайтын әміршідей сезіндім. Оқу жылының басында кетіп қалу тосын жайт. Әсіресе, оқу өте маңызды деп, себепсіз мектептен қалуға рұқсат бермейтін анам айтып тұрса, мұнда бір гәп бар. Анамның көңіл күйі де бір түрлі еді. Ол өте байсалды болды. Екі апта бұрын ең қажетті заттарды жинап, шабаданды қамдау бұйырылды. Ешкімге ештеңе айтпа деді. Мен айналама не болып жатқанын айтып үйреніп қалғанмын. Сондықтан үндемей кетіп қалу мен үшін ауыр сынақ болды. Бірақ, бұл құпия басқанікі ғой, айтпаймын деп уәде бергендіктен оны орындау оңай. Енді өзгенің алдындағы парыз деген дүние оянды. Екі апта үнсіз жүрдім. Ешкімге қуанышымды да, алаңымды да айтпадым.

Біз түн ішінде жолға шықтық. Бұл маған ұнады. Аспандақаптаған жұлдыз, әдемі. Бізді апарып салған достар көлігінің соңынан басқа көлік ерді. Ересектер мұны бірден байқады. Ауада беймазалық сезілді. Мен тек өзіме қатысты дүниелерге мән беріп, айналама мүлде бейжай болғаныма таң қаламын. Менің жаңалық оқымайтын әдетім бар. Соның да кесірі тиген болу керек. Анамның ісі туралы түк білмедім. Анам менен ештеңе жасырмауға тырысатын. Бірақ, істің барысын да айтып тәптіштемейтін. Мені мазасызданбасын деп, оның үстіне достарыма айтып, бөліспесін деп ештеңе айтпаған-ау. Анам сырт әлемнің жағымсыз жақтарынан мені барынша сақтауға тырысатын. Содан да болар ғарыштан түскен аңғал қыз болып қалғаным.

Бірде Астанада серуендеп жүргенде, жасым тоғызда болатын, дәу қара ит мысыққа тап беріп, арс еткенде, анам қолымен көзімді жаба қойды. Иттің мысықты талағанын көрмей қалдым. Санамда сол қорқынышты образ қалмады. Анам жылдамдатып мені жетектеп әкетіп бара жатқанда асфальттағы қан-жоса болған жүнді көрдім. Сол нәрсе жадыма жазылды. Біздің өміріміздегі көп жағдай солай өрбіді. Анамның ісіне қатысты мендедым білмедім. Анам жанымдажүргендеқандай жағдай болыпжатқанын онша түсінбеуші ем. Ол менің көзімді қолыменкөлегейлепжүрді. Бірақ, соңында салдарын сезіндім.

2

бөлім.

Қуғын-сүргін

Түркия

Содан, міне, таңғы бесте Астананың халықаралық әуежайында, шекаралық паспорт бақылауында, шекарашы офицердің телефонмен әлдекіммен сөйлесіп болуын күтіп тұрмыз. Ұзақ күттік. Жарты сағаттай өтті. Шамасы, оларға құқық қорғау органдарының басшыларын оятуға тура келді ғой деймін. Мені өткізді.

Ұшақ әуеге көтерілді. Арқадан ауыр жүк түскендей. Тыныстау жеңілдей салды. Төрт айлық тозақтан аулаққа ұшып кеттім.

Бірақ, ол кезде бұл тек бастамасы екенін білмедім

Алғашқы күндері дым бітірмей ертеден кешке дейін құмда жата беретінмін. Бойыма жиналып қалған мазасыздық құмға сіңіп жатқандай.

Қызым теңізден гөрі бассейнді жақсы көретін. Сондықтан оқулықтарын алып шезлонгте жататын. Шомылу киіміндегі қызымның оқулық ұстағанын көрген туристер жаны ашып жымиятын. Тура мектептегідей оқы деуші ем. Тек өз бетіңмен ізденесің.

Ұялы телефон әрқашан жанымда болатын. Маған қоңырау шалып, кері қайт дейтіндей.

Түркиядағы соңғы туристік маусым қазанда. Кішкентай бала көп. Билеп жүрген бөбектерге қарасам, жылағым келеді. Біржанның қызы мамырда дүниеге келді, ал оны маусымда түрмеге отырғызды. Көз жасым өз-өзінен төгіле берді

Бір аптадан соң ешкім қоңырау шалмайтынын түсіндім. Мәскеудегі достарыма хабарластым. Ештеңе түсіндірместен Мәскеуге белгісіз мерзімге келуге мәжбүр екенімді айттым. Тұратын жер керек деп сұрадым. Бағымызға орай, достарымның қаланың шыға берісінде пәтері бос боп шықты. Бірнеше апта сонда аялдай тұруға тура келді.

Туроператорға билетті Мәскеуге ауыстырып беруді өтіндім.

Әсел: Түркиядағы күн шуақ пен оқулықтар

Астанадан Түркияға қалай жеткенім есімде жоқ. Бірақ, Түркияда уақытты қалай өткізгенім есімде. Мен өте бақытты болдым. Күн жылы, су, қонақүйдің жанында шоколад қосылған тәтті құймақтар жасайтын. Қонақүйге жапсарлас салынған демалыс орындары, өрілген кресло, гамак, пальма. Бәрі әдемі. Тек оқулық онша емес. Анам мені мектеп бағдарламасынан қап кетпесін деп әдейілеп сатып алған. Мектеп деген бәле ізімнен қалмай қудалап жүргендей. Анам соның бәрін ақ ниетпен жасаса да, мен үшін оқулық деген таза тозақ еді. Химия мен физиканың заңдылықтарын жаттау, геометрияның теоремаларын білу, алгебраның есептерін шешу, орыс тілінің грамматикасын жаттау, түрлі афоризм мен эпитеттерді келтіруден миым атала болатын. Күн астында миым ашып жүретінмін. Мектептің елесі мәңгілік екенін түсіндім. Мектептің оқулығын мектептен тыс жерде оқу тіпті сұмдық. Мектепте тым құрымағанда жақсы мұғалімдер кездеседі. Оқулықтағы иероглифтерді түсіндіріп беруші еді.

Түркиядағы уақыт зымырып өтті. Тек сабақ оқыған сәттер болмаса. Сосын біз Мәскеуге ұштық. Міне, саған, рахат өмір! Мәскеуде анаммен бірнеше рет болғанмын. Көбіне ары-бері өтіп жүріп, тоқтайтынбыз. Мен үшін Мәскеу әдемі, жақсы, көркем қала болған еді. Жоспардың аяқ астынан өзгере бергеніне қуансам да, аздап үрейлендім. Неге үйге қайтпай жатқанымызды түсінбедім. Мәскеуде қала тұрамыз дегеннен тіпті қорықтым. Ары-бері өту бір бөлек, ал тұрақтап қалу бір бөлек. Адамы көп, үздіксіз қозғалысы бір толастамайтын үлкен қалада өмір сүру қандай? Өте күрделі. Әсіресе, кең даладай, тып-тыныш Астанадан кейін қиындау. Астанада бәрі түсінікті, бәрі қарапайым.


Қуғын-сүргін

Мәскеудегі екінші күн. Таң. Қоңырау шалынды. Сережа мен Оля келіпті. Кіруге уақыт жоқ, төменге түсші дейді. Жылы ақ курткамды киіп, сыртқа шықтым. Екеуі де сұр-қара киімде. Мәскеуде қыс түссе, елдің бәрі қара түсті киімдер киеді. Үнемі. Мәскеудің экологиясы нашар. Қыста оған мұз қатырмайтын зат қосылады. Бұл көшелерге тонналап себетін тұз кристалдары. Қармен араласып, соған сіңеді де, жолдың бәрі қара қошқыл лай боп жатады. Жусаң, әрең кетеді. Аяқкиімдегі, көліктегі, ағаштағы, ғимараттағы, әрине, киімдегі дақтарын кетіру өте қиын. Суық жел соғып тұр. Достарым суықтан дірдектеп тұр. Түрлері де мәскеуліктерге тән сұп-сұр. Ал, мен күнге күйіп келгем. Бір-бірімізді көріп күлеміз. Қайсымыздың басымызға күн туғаны белгісіз. Мені құшақтап, қолыма конверт ұстатты. «Шамамыз келгенше. Мықты болыңдар».

Мемлекеттік қызмет бар уақытыңды сарп етеді. Астанада қызыма түк қарамаған екенмін. Есесіне енді қызыма күнде таңғы ас, түстік, кешкі асты қалауы бойынша пісірем. Бірге серуендеп, театрға баруға қол тиді. Бірге жапондық аниме көріп, асүйде әңгімелесетін болдық. Менің мәжбүрлі айдауда жүргенімнің бір жақсылығы сол еді. Біз баланы тәрбиелейміз дейміз, олар да бізге көп нәрсені үйретеді.

Назад Дальше