Бұл өте жаман хабар еді. Санақты өңдеу әлі жүргізіліп жатқан. Қорытынды нәтиже әлі жарияланған жоқ. Мұндай хабар ел ішін дүрліктіріп, санақтың қорытындысына күдік тудыруы мүмкін.
Ақырында солай болды.
Кешкі жетіде смс жаздым: «Өзің тәуірсің бе?».
Жауап: «Иә».
Келесі күні таңертең сегізінші қабаттағы жеделсатының маңында оның жүргізушісі мені күтіп тұр екен. Бір нәрсе болғанын түсіндім. Жүргізуші жаныма жақын кеп: «Біржанды тұтқындады» деп сыбырлады.
Қалайша?
Кешке таман тергеуден кейін босатқан. Түнгі 22.00 қайта шақырып алды. Содан босатпады.
Енді менің екі орынбасарым да тұтқындалды.
Президентке жазған бірінші хатым
Екінші орынбасарымды тұтқындаған соң жағдай мүшкіл бола бастады. Қызметкерлер дәлізге шықпауға тырысатын. Бәрі өз кабинеттерінде отырады. Агенттіктің ұзын дәлізінде өлі тыныштық орнады. Ең көңілшектері арасында жылап алады.
Күн сайын Агенттікті аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргіздім. Өңірлік кеңселердің басшыларына ішкі пошта арқылы хат жаздым. Қызметкерлердің көңіл күйін қадағалаңдар, қолдаңдар, санақтың қорытындысын бітіру керек дедім.
Осы уақытқа дейін Премьер-министрге кіріп шыққанымнан бірдеңе өзгереді деп күттім. Тергеу бәрін дұрыс тергеп, мәселе шешілер деп үміттендім. Бірақ, ештеңе де өзгермеді. Сондықтан енді Президенттен көмек сұрайын деп шештім.
Хат жаздым өте қысқа, бір беттік. Президентке қысқа да нұсқа, анық жазу керек. Көлемді хатты оқып отыратын уақыты жоқ.
«Құрметті Президент. Ант етейін, мен де, менің екі орынбасарым да санақ қаржысын ұрламадық, қаржыны қолма-қол ақшаға ауыстыру схемалары жөнінде ештеңе білмейміз».
Тағы бірнеше жол қостым. Хатты алып Премьер-министрге бардым. Хатты беріп жіберудің басқа амалы жоқ. Әзірге елдегі екінші басшының алдына бара алатын мүмкіндігім болды. Бұлай жалғаса берсе, одан да айырылатын түрім бар
Мен апарып беремін, деді Премьер-министр.
Әйтеуір, маған сенетін шығар деп үміттенем.
Бір аптадан кейін маған Президент әкімшілігінің бір қызметкері келіп: «Президент жиналыс өткізді. Статистер кінәлі емес, бизнесмендердің сазайын беріңдер», дегенді сыбырлап айтып кетті. Мұндай сәттерде елдің бәрі сыбырлап сөйлесуге көшіп кетеді. Немесе мүлде сөйлеспейді.
Сәл де болса, жеңілдеп қалдым. Осымен біткен болар деп ойлаппын. Қаржы полициясы бәрін анықтап, менің орынбасарларымды босатады деп күттім.
Бір ай өтті. Бәрі баз баяғыша. Жүйкем жүн болды. Президентке көлемді екінші хат жазуға оқталдым.
Бір бетке толық түсініктеме бердім. Санаққа дейін жарты жыл ғана қалғанын, елде қажетті көлемде қағаз болмағанын, басатын қуатты типографияның табылмағанын жаздым. Осы проблемаларды шешуге білек сыбана кіріскенімді, санақты орта жолда тоқтатып қоюға болмайтынын айттым.
Тағы да Премьер-министрге бардым. Ол хатты оқыды. Үстел үстіне қойды. «Егер сені тұтқындаса, мен осы хатпен Президентке кірем».
2009-жылы бұл хат адресатқа жетпеді. Мені тұтқындаған 2013-жылы да жетпеген.
Қақпанға түсу
Телефон тыңдалады, электронды пошта оқылады. Менің көлігімді органдардың көлігі аңдиды. Жаяу жүрсем, айналамда бірнеше адам мені бақылап жүреді. Олар көзге көрінбеуі тиіс. Бірақ, мен оларды көремін. Пәтерде отыра беру мүмкін емес. Сыртта қыдыру үнемі бақылауда болу деген сөз.
Таңертең Агенттікке жұмысқа келу. Күндіз Үкіметте жиналыстар, санақ қорытындысы бойынша Ақпараттық-есептеу орталықтарымен жұмыс істеу, тұрақты түрде Қаржы полициясына тергеуге бару. Сыртымнан бағып тұратын жұрттың көзқарасын байқаймын. Қызығып, абайлап, таңғалып, қорқып, аяп, сенбей, жаны ашып қарайды. Өзімді күтіп, бағып, жақсы жүріп-тұруым керек. Байсалды болуым қажет. Менің қазіргі ұсқыныма Агенттіктің бүкіл жұмысы тәуелді. Менің саспай, сабырлы жүргенім түрмедегі екі орынбасарыма жетеді деп ойладым олардың да жүректері орнына түссін.
Жылауға болмайды. Көзім ісіп кетеді. Ұйқы қашты. Тамақ іше алмаймын. Пәтерде де тыңдайтын құрылғы болуы мүмкін.
«Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын» деген мақалға көзім әбден жетті.
Менің достарым
Менің жүз досым жоқ. Одан аз. Бірақ, олар адал дос.
Екі орынбасарым тұтқындалған соң апайым қасыма өзінің қызын жіберді. Немерелес сіңілім. Университетті енді ғана бітірген жас қыз. Аяқ астынан мен күтпеген батылдық әрі қайсар мінез танытты. Оның жастығы, қолдауы, достарының көмегі 2009-жылдың жазын өткеруіме көп септесті.
Жақын құрбым: «Біздікіне көшіп кел», деді. Тату-тәтті отбасының ортасына барып үрей мен күдікті сепкім келмеді. Олар күнде кешке таман маған келіп, тамақ ішкізіп кететін. Бүкіл отбасын ертіп келіп, мені серуендеуге шығаратын. Кішкентай қыздары тәтті қылықтарымен күлдіретін, сондайда қиындығымды бір сәтке ұмытып кетуші ем.
Достарым келіп тұрды. Бәрі де тәулік бойғы бақылаудың бар екенін білді. Дәмханаларға апарып түстендіретін, көңілімді аулайтын. Батыл жандар ештеңеден үрікпейді. Солардың тең жартысы түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер. Бірақ, олар «біз туралы не ойлайды» деп шошымады. Адалдықтары үшін алғысым шексіз.
Шын бақыттың дәмі қандай?
2009-жылдың жазын орталап қалған кез. Таңертең қызметтік көлікпен жұмысқа бара жатқанмын. Бағдаршамда кішігірім жүк көлігінің қасына кеп тоқтадық. Күн шығып, керемет боп тұрған. Жүк көлігінің жүргізушісі жас жігіт терезеден басын шығарып отыр. Бетіне қарадым. Бақытты жүзін көрдім. Осы жігіттің орнында болғым кеп кетті. Ескі жүк көлігін жүргізетін жас жігіт мемлекеттік қызметтің ауыр жауапкершілігін сезінбейтін еркіндік. Бақыт деген жанның тыныштығы.
Кешке таман сол жігіт туралы сіңліме айттым: «Ойында дым жоқ, бақытты боп отыр еді». 2009-жылдың жазында сәт сайынғы мемлекеттік-құқық қорғаушылар қысымынан кейін мұндай алаңсыздықты көру ғажайып болып еді.
Әркімнің өз өмірі бар, көңіл күйі жақсы болған шығар, деді менің кішкентай ақылды сіңілім.
Тұтқындау, тергеу, тың тыңдаулардан кейін сондай бақытты адамды көру жарық күнді көргенмен тең еді. Алғаш Астанаға келгенде жасыл жапырақты жаздың ортасында бір-ақ байқағам. Сол секілді. Ол кезде күні-түні жұмыс істей беретінбіз. Көктем қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппын. Негізі алты ай қыстан соң табиғаттың дүр сілкініп, оянатын кезін тамашалауды жақсы көремін
Уақыт қызық өтеді. Өмірдің әр кезеңінде әртүрлі құбылыстарды байқаймыз. Оларды әртүрлі бағалаймыз. Адам жаны бір құбылысты әр кезеңде әртүрлі қабылдайды
Қыркүйек
.
2009
жыл
Санақ бланктерін өңдеу өңірлерде үлкен өндірістік сканерлерде жүргізілді. Мен өңірлерді асықтырдым. Егер санақтың қорытындысын тезірек берсек, бұл орынбасарларымды босатуды жылдамдатады деп ойладым.
2009-жылы бірінші қыркүйекте Президент Парламент сессиясының ашылуында санақтың қорытындысын жариялады.
Бір аптадан соң мені Премьер-министр шақыртты.
Президент айтты саған уақытша елден кету керек.
Мен кете алмаймын. Егер мен кетсем, бәрі мені кінәлі деп ойлап қалады. Мұны Президентке айта барыңызшы.
Ол айтып барамын деп уәде берді. Екі аптадан соң нығырлап қайталады: бір-бір жарым жылға кете тұруың керек, бәрі реттелген соң қайтып келесің.
Кетпеймін десемші?
Сені тұтқындауы мүмкін. Сонда мен сенің көзіңе қалай қараймын?
Ал, сіз менің көзіме қарамаңыз.
Адам ойланбай сөйлегенде шындықты айтады. Ол зілсіз қалжыңға мұңая күлді. Не істерімді білмедім. Егер мен кетіп қалсам, кінәлі деп айтары сөзсіз. Адвокатқа келдім. Мен де сыбырлап сөйледім:
Маған кетіп қал деп жатыр.
Адвокат менің кетуіме үзілді-кесілді қарсы болды. Маған преюдицияны түсіндіріп әлек істі қарайтын барлық соттың міндеті бір, басқа іс бойынша сот үкімі күшіне енсе, фактілерді дәлелін тексермей қабылдайды, тіпті сол адамдар қатысып жатса да.
Егер сіз кетіп қалсаңыз, орынбасарларыңызды соттайды, қылмыс жасалмады дегенді дәлелдей алмай қаламыз.
Маған орынбасарларым сотталмайды деп уәде берді.
Қолын көкке көтеріп:
Біз не істей аламыз? Егер бұл бірінші адамның пәрмені болса.
Кімге сенерімді білмеймін. Сондықтан Түркияға барып оншақты күндей күткім келді. Бәлкім, басшылық менің кетісім туралы шешімін өзгертер деген аңғал ойға бекідім.
Ең ірі деген туристік агенттіктерді араладым. Түркияға турлар ең арзаны. Бірақ, бәрі жабылып қапты. Ақырында сол жаққа ғана баратын чартер рейс табылды. Қайтатын рейс тұрақты түрде. Екі жаққа да билет алдым. Басшылық мені қайтарып алар деген дәмем бар.
Кешке таман қызым екеуміз заттарымызды жинадық. Екеуміздің де орташа шабаданымыз бар. Ешбір күдік тудырмауымыз керек. Ішімде әлдене азынап тұрғандай. Ел басшыларының айтуымен кетіп бара жатырмын, бірақ тек ауызша пәрмен. Алайда, бәрібір жасырынып кетіп барам.
Сол пәрменді сол күйі түсінбедім. Мені елден қуып шығып, бар кінәні маған жаппақшы ма? Әлде мені қуып шығып, бәрін ұмыта сала ма? Басшылық шын мәнінде құқық қорғау органдары тексеріп, анығына көз жеткізеді дегенге сенгім келеді. Сосын мен елге тып-тыныш оралармын.