Өмір сынақ - Анар Мешимбаева 4 стр.


Тағы екі аптадан соң Бинұр кіріп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері келіп, сол құжаттарды сұрап жатыр деді. Ал, құжаттар жоқ. Бәрін Қаржы полициясы алып кеткен деді. Бұл жолы да көңіліме күдік ұяламады: «Қалған құжаттарды беріңдер. Іздегендерін Қаржы полициясынан алсын»,  дедім.

Қаржы полициясы агенттігі елімізде 1994-жылдан бері бар. Бірақ, бұл органның белсенді түрде қызмет етуі 2005-жылдан басталды. Ал, 2009-жылдың көктемінде елде түрлі деңгейдегі органдар мен компаниялардың басшыларын ұстау белең алды.

Әрине, жемқорлық дүниежүзінің әр түкпірінде түрлі санатта көрініс береді. Бірақ, билік бұтақтары дұрыс бөлінбесе, шешім қабылдау құрылымы айқын болмаса, жемқорлық жүйелі проблемаға айналмақ. Бұл Қазақстан Республикасына да қатысты.

Қазір тұрмыстық, кәсіби, саяси жемқорлық жүйесіне бүкіл ел белшесінен батқан. Бұл адамның нашарлығынан емес, ойынның ережесі сондай болғандықтан.

Параны кім алады? Кімнің рұқсат беретін, бөлетін, құқық қорғайтын, жазалайтын қызметі бар болса, бұлардың бәрі пара алуға бейімделеді. Қазақстанның әр отбасында түрлі саланың адамдары тоғысады: мемлекеттік қызметкер, полицей, дәрігер, мұғалім және т.б. лар.

Бәрі айқын, таза жүретін елдерде тұрғындар өз өміріне, Үкіметіне риза. Оларда пара да, жемқорлық та жоқ. Қазақстанда табыс біркелкі бөлінбеген, сапалы, әрі қолжетімді білім және денсаулық әр адамға бұйырмаған. Даңғой байлық пен сіңірі шыққан кедейлік әр жерден менмұндалайды. Тіпті мектептегі мұғалімнің қызметін саудаға сап жіберген.

Құқық қорғау органдары мен соттың да жағдайы мәз емес, өздері тексеріп, қудалайтын құрылымдардағыдай оларда да жемқорлық белең алған.

Жемқорлыққа белшесінен батқан мемлекетте жемқорлықпен күресу мүмкін емес. Әсіресе, жемқорлықпен күресетін мемлекеттік органдар қоғам мен парламентке емес, шенеуніктерге тәуелді болса. Парламент саяси бәсекелесі жоқ жағдайда сайланса. Ал, тәуелсіз БАҚ ешқандай рөл ойнамаса. Ең бастысы тәуелсіз сот болмаса, онда мүлде сот жоқ деген сөз.

Мұның барлығы ақырында кінәсіз адамдарды жаппай репрессияға ұшыратуға ұласады есеп беру үшін, кінәні «құрбандыққа» іле салады. Соның арқасында шын қылмыскерді жауапкершіліктен құтқарады. Сол сәтте мемлекеттік машина қылмыс жасамаған кінәсіз азаматтарды тұтқындап, еркі мен мүлкінен айырады. Кейде отбасынан айырады, тіпті өмірін де қиып жібереді.

ТМД аумағында тәуелсіз сот ешбір жерде жоқ. Тек Балтық елдерінде бар. Салыстырмалы түрде Грузия, Молдова, Украинада тәуелсіз соттар ашылып жатыр. Басқа ТМД елдерінде құқық қорғау органдары СССР кезіндегі ГУЛАГ-тан көп өзгере қоймаған. Мұндай жүйеде сот тек тергеу мен прокуратура дайындаған құжаттарға үкім жазып береді.

Бұл көпшілікке таныс советтік жүйе. Ол туралы оқулықтарда жазылмайды. Дауыстап айтуға тыйым салынған. Ересектер үшін бұл айтпаса да түсінікті шындық. Ал, балаларды дәстүрлі түрде артық жаманаттан үндемей сақтауға тырысқан. Айтпаса да түсінікті шындықты білмей өскендерге оны түсіну қымбатқа түседі. Сол қарапайым ақиқатты түсіну үшін мен өте қымбат ақы төледім.

Мұндай жүйеде өмір сүріп, бірақ жемқорлықпен айналыспау мүмкін емес, оған талай мысал келтіруге болады. Барлық жағдайда басшының жеке позициясы рөл ойнайды. Біздің Агенттікті мен басқарғанда жемқорлық мүлде болмады, ешбір қызметкер мұндай схемаларға араласпады. Жемқорлықпен күресті тек қуана құптар едім.

Мен сол кездері, 2009-жылы шенеунік бола тұра, кәсіби маман бола тұра, адамдарды тиімді жұмыс істеуге бағыттай отырып, тергеу органдары да, сот та мемлекет мүддесін қорғап, кәсіби тұрғыда мүлтіксіз жұмыс істейді деп сеніп едім. Сондықтан, өзім жақын танитын адамдарды тұтқындап жатқанда, олардың кінәсіздігіне сеніп, әр істе қателік боп тұрады деп ойлағанмын. Жауапты органдар аражігін айырып, оларды босатады деп сенгенмін. Бірақ, уақыт өтіп жатты. Тұтқындалғандардың бәрі де сотталып кетіп жатты.

Статистика агенттігі

Сол кездері жасым 38-де еді. Статистика агенттігін басқарғаныма 2,5 жыл болған-ды. Екі жарым жылда агенттікті Алматыдан Астанаға (ел астанасы ауысқан соң тек екі мемлекеттік орган Алматыда қап кеткен Статистика агенттігі мен Ұлттық банк) көшірдім. Агенттікте модернизация жасадым. Барлық қызметкерді қайта оқытып шықтық. Сол кездегі командамызбен бір туғандай боп кеткен агенттігімізбен көп нәрсеге қол жеткізген едік.

Бәрін оңтайландыру менің мінезімнің бір парасы. Бұл жұмысқа да қатысты. Агенттікте ең алдымен статистикалық есептердің формасын қарап шықтық. Есеп беру формаларын қысқарттық. Қалған формаларда пункттер санын минимизация жасадық, нақтыландырдық. Параллельді тұрғыда формаларды электронды форматқа көшірдік. Біздің агенттікте оңтайландыруға мүмкін нәрсенің бәрі оңтайландырылды. Менен бастап.

Бәрін оңтайландыру менің мінезімнің бір парасы. Бұл жұмысқа да қатысты. Агенттікте ең алдымен статистикалық есептердің формасын қарап шықтық. Есеп беру формаларын қысқарттық. Қалған формаларда пункттер санын минимизация жасадық, нақтыландырдық. Параллельді тұрғыда формаларды электронды форматқа көшірдік. Біздің агенттікте оңтайландыруға мүмкін нәрсенің бәрі оңтайландырылды. Менен бастап.

Менде көмекші болған жоқ. Маған көмекші қажет емес деп шештім. Үкіметтің жиналысына папкамды өзім көтеріп апаратынмын. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы канцеляриядан құжаттар қабылдайтын. Қажет адамға қоңырау шалатын. Хабарласқандарға жауап беретін. Келген адамдарды департаменттерге бағыттайтын.

Уақытты үнемдеу үшін қабылдау бөлмесі мен кабинетімнің арасына сөре қақтырдық. Хатшы сол сөреге күніне екі рет құжаттар қалдыратын. Мен құжаттарды сол жерден алып кететінмін. Қолымды қойып, тапсырмаларды тиянақтап, бәрін сөреге қайтаратынмын. Хатшы ары қарай тапсырмаларды орындаушыларға тарататын.

Әр министр кабинетінің түкпірінде демалыс бөлмесі болады. Ол бөлмеде диван, үстел, теледидар (маңызды делінген мемлекеттік не әлемдік жаңалықтарды көру үшін) тұрады. Мен жұмыс істеген кезімде теледидарды бірде бір рет қоспадым. Себебі, Үкімет жиындарына өзім баратынмын. Әлемдік жаңалықтарды кешке таман үйде көретінмін. Әдетте хатшының міндетіне министрге шай қойып беру кіреді. Уақытты оңтайландыру үшін осы бөлмеге бір шәугім қойдық. Шайымды өзім қойып ішетінмін. Хатшы қыз бұл міндетінен босатылды.

Жүргізушіден де бас тартып, көлікті өзім айдасам ба деген ойым болды. Бірақ, көлік айдап үйреніп үлгермедім. Жүргізуші болғанының үлкен пайдасы бар жол-жөнекей көптеген құжатты оқып тастайсың.

Мен басқарған бірінші жылы көптеген жаңалық енгіздік. Приоритетте статистикалық формаларды қайта қарап шығу, соларды электронды форматқа көшіру, статистиканы жасаушылар мен қолданушыларды оқыту, департамент директорларын жиі шақырып, осы тақырыптарды талқылайтынбыз. Жұмысты қалай істеу қажетін бәрі түсінген соң тапсырма беру үшін оны электронды желіге жазатынмын немесе департамент директорлары және мәселеге қатысты қызметкерлерді шақыратынмын. Қызметкерлер кабинетіме кіргенде отырмайтын мен дереу не істеу қажетін түсіндірем, сұрақтарыңыз болса сұраңыздар деймін, сосын олар жұмыстарына қайтып оралатын.

Уақыт зымырап жатқандай еді. Модернизация күшіне енген кез. Халық санағын өңдеп бітірсек, мемлекеттік қызметтен кете берсем болады деп ойлап едім. Мен әркез басшыларымнан мемлекеттік қызметтен кетуді өтінетінмін, олар маған: «Мынаны реформалап тастайық, сосын кете берсең болады. Сосын, міне, мынаны реформалайық, сосын болады»,  деуші еді. Солай он жыл өтті.

Агенттікте бір жыл істеген соң маған Үкіметтен бір адам келді. Өз мәселесін айта отырып, сөз арасында: «Сізді Парламентке депутат болып ауысайын деп жатыр дейді ғой»,  дегенді қыстыра кетті.

Мен таң қалдым.

 Қайда? Жоқ, мен ешқайда ауыспаймын. Парламентке мүлде бармаймын. Мұндай жаңалықты кімнен естідіңіз?

 Ел айтып жүр

Яғни, бір жыл өткен соң біреу менен құтылғысы келген. Статистикалық есептің бәрін электронды форматқа көшіру, ведомстволық статистиканы біріктіру, салық есебін қоса есептеу реформалары біреуге жақпаған.

Қазір ғой, 2009-жылдың наурызы, Агенттік он жылда бір өтетін үлкен іс-шараны Халық санағы мен тұрғын үй қорын есептеуді 27-ақпан мен 6-наурыз аралығында өткізіп жатқанына мәре-сәре еді. Өңірлерде санақ бланктерін заманауи сканерлермен өңдеу басталған. Дәл сол бланктер жеті түсті, әдемі, қалың қағазға, үш тілде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылған, реттік нөмірі мен қорғалатын штрих коды бар бланктер Агенттіктің тұтас басшыларының түрмеге түсуіне себепші болады деп кім ойлаған?


Халық санағы

Адамдар дүниеге келеді, оқиды, жұмыс істейді, отбасын құрады, тұратын жерін өзгертеді. Баспананы жалдайды, сатып алады. Зейнетке шығады, белгілі бір жаста қайтыс болады. Әр елдің статистикалық қызметтері осындай және басқа да көрсеткіштерді әлеуметтік-экономикалық даму үшін есептеп отырады.

Миграция экономикалық және мәжбүрлі дәл көші-қон кезінде есептелмеуі мүмкін, білім мен әлеуметтік жағдайдың да өзгеруі қалыпты.

БҰҰ әр он жыл сайын халық санағы мен тұрғынүй қорын есептеу бойынша жаңа раунд бастайды. Кейбір дамыған елдер санақ көрсеткіштерін электронды есептеуге көшкен. Бұл мәліметтер ай сайын түрлі тіркеу орындарынан енгізіліп отырады. Сондықтан Дания, Финляндия, Австрия және басқа да бірқатар елдерде халық санағы деген ұғым атымен жоқ. Дегенмен басқа елдерде санақ жүргізушілер әр үйге бас сұғып, әрбір тұрғын мен қонақтың санақ құжаттарын толтырып шығады.

Назад Дальше