Қазақстанда әрбір мемлекеттік органның бірінші басшысына режимнің қосымша көмекшісі беріледі, яғни ҰҚК қызметкері бекітіледі. Сәуірде менің көмекшімді өзгертті. Жаңа көмекші танысуға келді. Жағдайды шешеміз деп маған қолдау білдірді. Оның қолдауы немен тынғанын тұтқынға түскеннен кейін істі қарағанда білдім. Ол Бюджеттік жоспарлау департаментін шақырып алып, менің үстімнен Қаржы полициясына ұжымдық арыз жазуға көндірген. Бірақ, департаменттің бес қызметкері соған қол қойған екен. Алайда, арызы жалған еді. Бюджеттік жоспарлау департаменті бәрінен қатты қорыққан. Себебі, тендер мен төлем үшін солар жауап береді. Бюджеттік департаментте істеген бір ғана жас қызметкердің жалған арызға қол қоймаймын деуге батылы жетіпті.
Екінші айдың соңына таман Қаржы полициясының сұрақтары қайдан шығып жатқанын түсіндік. Санақ бойынша орынбасарым тергеуден келе сала маған кірді. «Сізден ақшаны қолма қол ауыстырған делдал компаниялар туралы сұрады ма?» деді ақырын. Осылайша мен тендерге қатыспаған, бірақ ақшаны қолма қолға ауыстырып отырған компаниялар туралы білдім. Қылмыстық істің мәнісі енді түсінікті бола бастады. Мен орынбасарыма бәрі дұрыс, біздің оларға еш қатысымыз жоқ екенін айтып сендірдім.
Менің екі орынбасарымның да отбасы, бала-шағасы бар. Бірінші орынбасарымның екі ұлы бар, 2009-жылы мамырда дүниеге қызы келді. Олар да өз отбасы үшін қатты қорықты. Бірақ, олар жұмысқа келуін тоқтатпады. Тергеуге де шақырған сайын барды. Бірақ, үстімнен арыз жазбады. Екеуіне де үкім кесілді, түрмеге отырды. Санақ бойынша орынбасар алты жыл отырды. Бірінші орынбасар бес жылға кесілді. Бірінші орынбасар санаққа мүлде жауапты емес еді. Ол тек негізгі атқарушылар үлгермеген кезде көмектесті. Екеуі де тағылған айыпты мойындамады.
Жалған арызданғандар істі өзгертпеді. Қаржы полициясы оларсыз да мақсатына жетер еді. Бірақ, сол адамдарды аяймын. Біреу үшін жалған куәлік етуге тура келгендеріне ішім ашиды. Тағдыр сондай таңдау жасатқаны өкінішті. Оларға жасалған қоқан-лоқының рас-өтірік екенін олар да, мен де білмейміз ғой. Ешкімді айыптай алмаймын. Өтірік айтудан бас тартқан, жалған арызға қол қоймаған, түрмеге түсесің деген қысымға шыдаған жандарға құрметім шексіз.
Құқық қорғау органдары бәрінен жоғары
Санақ басталмай тұрып Үкіметте кәдуілгі статистика мен құқықтық статистиканы біріктіру керек пе деген мәселе қарастырылды. Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) өз Статистика комитеті бар еді. Комитет мәртебесі бойынша Агенттіктен төмен. Сондықтан біріктірсе, ол Статистика агенттігінің құрамына кірер еді. Бірақ, біздің мәлімет жинақтау тәсілдеріміз әртүрлі. Әдістемелеріміз де сәйкеспейтін. Сондықтан мен де, ІІМ басшылығы да бірігуге қарсы болдық. Ортақ жиналыс өтпей тұрып, мен Құқықтық статистика комитеті басшысының жұмыс телефонына қоңырау шалдым. Осы тақырыпты талқыламақ едім. Телефонды көмекшісі көтерді. Дауысын зорайтып: «Бұл кім? Не мәселемен?» деп сұрады. Мен екенімді білгенде ол қатты ашуланды. «Азаматтық басшының генералға қоңырау шалуға қандай құқығы бар? Әлде полковникке?» деді. Атағы нақты есімде қалмапты.
Тұтқаны қойдым да, оның ашуланғанына өзім де біраз есеңгіреп отырып қалдым. Погон таққан адаммен бетпе-бет келген алғашқы сәтім осы еді.
Бұл мәселеге қатысты жиналыс Президент әкімшілігі басшысы орынбасарының кабинетінде Қаржы полициясындағы тергеу басталып, екі орынбасарым тұтқындалған соң бірнеше айдан кейін өтті. Мен жиналыстарға кешіксем, ешкім себебін сұрамайтын. Елдің бәрі Қаржы полициясына тергеуге барып жүргенімді біліп алған. Ал, Қаржы полициясындағы тергеу кез келген жиналыстан маңызды еді! Мен емін-еркін кірдім де, бос орынға отыра кеттім. Үстел өте кең еді. Басымды көтерсем қарсы беттен маған Қаржы полициясы агенттігінің төрағасы қарап отыр. Ол қызарып кетті. Әрине, ұялғаннан емес. Ол ашулы еді. «Айыпталушы» онымен бір үстел басында, бір жиналыста не деп отырады? Президент әкімшілігі басшысының орынбасары менің атымды атап, пікірімді сұрағанда, ол орнынан тұрып кете жаздады
Екі статистика қосылмады. 2009-жылғы Статистика агенттігіне қатысты жағдайды бағалау да бірдей болмады, менің бағалауым бөлек, әркімді айыптау басты міндеті саналатын Қаржы полициясы агенттігі төрағасының ойы бөлек боп қалды.
Канада
Канадаға кетуім, әрі іссапар, әрі дамылдау болды. Статистиканы дамыту бойынша халықаралық конференцияны Канаданың Оттава қаласында орналасқан Статистикалық кеңсе ұйымдастырған еді. Агенттікте жасалған екі жарым жыл бойғы модернизациядан соң біздер сараптама жасау мен мәлімет тарату бойынша жаңа деңгейге шыққан едік. Сәуірде менің атыма Оттавадағы конференцияға шақырту келген еді. 2009-жылдың мамырының соңына таман арналған шақырту екен. Екі айдан бергі толассыз қысым мен тексерістен шаршап, ұшып кеттім. Тым құрығанда бір апта емін-еркін тыныстайын деген ой болды. Мені Канаданың Статистикалық ведомство басшылығы қуана қарсы алды. Құдды бір ескі таныстарын көргендей күй кешті. Статистикада жүрген екі жыл шын мәнінде өте аз мерзім. Статистика өте ұқыпты, ұзақмерзімді процесс. Бұл саладағы адамдар он жылдап, кейде өмірбақи жұмыс істеп жатады. Бірақ, мені елдің бәрі білетін. Мен халықаралық сессияларға жиі қатыстым, өзекті әрі даулы тақырыптарды талқылауға белсене атсалысатынмын, Агенттік қызметкерлерін оқытуға әртүрлі елден сарапшылар іздейтінмін.
Канада
Канадаға кетуім, әрі іссапар, әрі дамылдау болды. Статистиканы дамыту бойынша халықаралық конференцияны Канаданың Оттава қаласында орналасқан Статистикалық кеңсе ұйымдастырған еді. Агенттікте жасалған екі жарым жыл бойғы модернизациядан соң біздер сараптама жасау мен мәлімет тарату бойынша жаңа деңгейге шыққан едік. Сәуірде менің атыма Оттавадағы конференцияға шақырту келген еді. 2009-жылдың мамырының соңына таман арналған шақырту екен. Екі айдан бергі толассыз қысым мен тексерістен шаршап, ұшып кеттім. Тым құрығанда бір апта емін-еркін тыныстайын деген ой болды. Мені Канаданың Статистикалық ведомство басшылығы қуана қарсы алды. Құдды бір ескі таныстарын көргендей күй кешті. Статистикада жүрген екі жыл шын мәнінде өте аз мерзім. Статистика өте ұқыпты, ұзақмерзімді процесс. Бұл саладағы адамдар он жылдап, кейде өмірбақи жұмыс істеп жатады. Бірақ, мені елдің бәрі білетін. Мен халықаралық сессияларға жиі қатыстым, өзекті әрі даулы тақырыптарды талқылауға белсене атсалысатынмын, Агенттік қызметкерлерін оқытуға әртүрлі елден сарапшылар іздейтінмін.
Мені Канададағы Қазақстан елшісінің резиденциясын көруге шақырды. Кішігірім ағаш коттедж. Елші сабырлы, қарапайым кісі екен. «Қазақстаннан келген бірінші қонағымыз өзіңіз болдыңыз», деп жымиды. Шығыстың тәттілерін ұсынып, шайға шақырды. Туған елдің жаңалықтарын сұрады. Бұл кісі жаңадан тағайындалған еді. Ол хаттама, дипломатиялық істермен шектелмей, Қазақстан-Канадаға қатысты ортақ жобаларды жасауға белсене кірісіп жатқаны байқалды. «Канаданың ірі компаниялары Қазақстанда өз жобаларын жүзеге асыруға дайын», деді. Аз-кем үзілістен кейін былай деп қосып қойды:
Жәкішевті тұтқындаған соң олардың жобалары нендей күй кешпек? Канадалық компаниялар алаңдаулы. Мұны Үкіметке айта барарсыз.
Мұхтар Жәкішев ол кезде елдегі «Қазатомпром» атом компаниясының басшысы еді. Мен бір апта Канадада жүргенімде оны тұтқындапты. Бұл мен үшін тосын жаңалық болды. Өткен айда ғана өзі жас, өзі білімді аталмыш компания президенті Үкімет алдында есеп беріп, жоспарымен бөліскен еді. Оны бәрі қолдап, мақтап, осы компанияның әлемдік нарықта көтерілуіне мол үлес қосқанын атап айтып еді. Сөйтеді де, кенеттен тұтқындайды. Сол жағдайдың бел ортасында жүрмеген соң: «Бәлкім, шынымен әлдене дұрыс жасамаған шығар?» деп күдіктенесің.
Әрине, айта барамын, деп елшімен қоштастым. Сол сәтте «бұндай жағдайдың бел ортасында» өзім де қалатынымды сезбеген едім.
Қолым бос күні Көркем сурет музейіне бардым. Ашық аспан, жарқын күн, тыныштық. Сонда да көңілім алаң. Астанадағы Агенттік не боп жатыр екен?
Түн ішінде бірінші орынбасарым Біржаннан смс келді. «Баятовты тұтқындады» (Санақ бойынша орынбасар).
Не үшін?
Анықтауға тырысып жатырмыз.
Ұйқы қашты. Алда әлі екі күндік конференция бағдарламасының жиыны бар. Бірақ, ойым мыңдаған шақырымдарға шапты.
Келесі күні жаңа смс. «Босатыпты». Арқамнан ауыр жүк түскендей.
Жарты күндік сессия өтті. Тағы смс: «Қайтадан тұтқындапты».
Не істеуім керек? Жұмыстағы шешімталдығыма қарамастан, көп адам елге тым сенгішсің деп сынайтын. Тым сенгіш деген қалай сонда? Шындық, бұл шындық. Өтірік, бұл өтірік. Ал, әр адамның бойында бар құнар адамгершілік. Елге қайту керек. Ел басшысына бару керек. Олар тексеріп, бәрін анықтайды. Жібереді деп ойладым.
Сессия бітті. Елшілік қызметкері мені әуежайға шығарып салды. Тіркеуден өттім, паспорттық бақылаудан өттім, ұшаққа отырғызатын есіктің алдында отырмын. Рейс шегерілді. Сосын Германияда ауыстырып мінетін екінші ұшаққа кешіктім. Астанадағы полиция қызметкерлері қалай уайымдады десеңізші.
Қаржы полициясының қызметкері таңғы алтыда Астана әуежайында багаж алып жатқан жерде қасыма келді. Тергеуге шақырту алдым. Қол қойдым.
Әуежайға не үшін келдіңіз? дедім. Қабылдау бөлмесіне қалдырып кетсеңіз де болар еді ғой.
Сіз келмей қала ма деп қорықтық.
Орынбасарым тұтқындалыпты. Қалай келмейін?
Төрт айдан кейін қайда ұшатынымды, елге оралма деген пәрмен алатынымды сол сәт біліппін бе?
Әуежайда мені қызметтік көлік күтіп алды. Жүргізушімнің көңіл күйі жоқ.
Агенттік қалай? деп сұрадым.
Баятовты тұтқындады, деді жүргізуші бәсең дауыспен.
Оның жауабына мен ләм-мим деп жауап қатпадым бұл мен үшін жаңалық емес. Менің жүргізушім жасы келген өте қарапайым кісі. Мені Агенттіктегі жұмысым тоқтағанша тасыды. Артық сөзі жоқ. Тек жаны ашып, күрсіне беретін.