Асқар. Иә, сіздің айтқаныңыз орынды болар. Алайда адам, қай ұлттың өкілі болмасын, қандай дін ұстануын өзі шешуі керек. Және де қандай заңмен өмір сүруді халық өзі шешуі тиіс. Сондықтан сіз партияңызды қазіргі заң бойынша тіркеп, халық арасында үгіт-насихат жүргізіп, ашық сайлау нәтижесінде билікке келгендеріңіз жөн. Ешқандай қарулы көтеріліссіз, қан төгіссіз, мәселен, партияңыздың мүшелерін мәжіліс депутаттығына сайлап, парламент көпшілігін құрып, заң өзгерту арқылы мемлекеттік жүйені өзгертуге болады. Ал қоғамның бұзылғанына келсек… қоғамды, адамдарды дұрыс жолға күшпен, зорлықпен түсіре алмайсыз, оларға тиісті тәрбие беру керек, Алланың жолын көрсету керек, содан кейін олар өздері де сол тура жолға басады.
Ғабдуррахман. Біздің қазіргі заң жүйесі екіжүзді. Егер де біз, сіз айтқандай, мәжіліске сайланып, парламент көпшілігін құрып ата заң ретінде шариғат заңын еңгіземіз десек, президент «бұл парламент заңсыз» деп жариялайды да таратып жібереді. Қазіргі заң оған сондай құқық беріп тұр. Мен ол жөнінде еш күмәнім жоқ. Және де сіздің нұсқап отырған жолыңыз – тым ұзақ жол. Мәселен, сіз осы қаланың мешітінің имамы болғаныңызға бес жыл болыпты. Сол мерзімде жамағатыңыз қанша пайызға өсті?
Асқар. Мен ондай арнайы есеп жүргізген жоқпын.
Ғабдуррахман. Сонда да… жәй, тек мөлшерлеп айтқанда, неше пайызға өсті сіздің жамағат? Және оның саны өсті ме?
Асқар. Өсуін өсті ғой… тек… мойындау керек – айтарлықтай көп өскен жоқ.
Ғабдуррахман. Мінеки! Менің естуімше, осы өткен бесжылдықта мұсылман қатарына он бес, көп болса, жиырма адам өтіпті. Ал сол адамдарды нағыз мұсылман деуге бола ма? Олардың көбі жәй тек Жұмабектер ғой.
Асқар. (таңырқап) Жұмабектер?! Қандай Жұмабектер?
Ғабдуррахман. (күліп жібереді, онымен бірге бөлмеде отырғандар да күледі) Жұмабек дегеніміз лақап атама, ол – тек қана жұма намазына қатысушы, күнделікті бес намазын өтемейтін мұсылман-сымақ.
Асқар. Мен сіздің бұлай мысқылдауыңызды қолдамаймын. Адам кейде дінге тікелей жолмен емес, күрделі де, ұзақ та жолдармен келеді. Мен үшін сол сіз айтқан «жұмабектердің» ықыласы, ниеті қымбат. Тек сол ниеттерін Алла тағала қабыл алса екен деп тілеймін. Ал сіздің соларға жоғарыдан төмен қарағаныңыз дұрыс емес, бұл көзқарас – тәкәппарлықтың белгісі. Ал Алла тағала Құран Кәрімде тәкәппарларды сүймейтінін айтқан.
Ғабдуррахман. (қабағын түйіп, дауысын зілдендіріп) Бұл тәкәппарлық емес, бұл тек жалаңаш фактты мойындау. Ал сіз айтыңызшы – Аллаһ тағала парыз еткен бес мезгіл намазды өтемегендерді сүйе ме? Ондай адамды мұсылман деуге бола ма?
Асқар. Әрине, егер кімде-кім ислам дінінің бес парызының бірін елемесе, оның иманы үлкен күмән тудырады. Алайда, намаз оқымайтын кісіні кәпір деген дұрыс емес. Ең бастысы – адамның жүрегінде иманы, Аллаға деген сенімі болуға тиіс. Міне, егер ондай сенім, иман болмаса – мейлі маңдайын жарып алсын күні-түні сәждеге қойып – ол адам ешқашан мұсылман бола алмайды.
Ғабдуррахман. Ал мен білетін хадис шарифке жүгінсек, пайғамбарымыз Мұхаммад, салаллаһу ғалайһи уассалам, «адам мен иманның арасында намаз тұр» деген. Яғни, иманға жету үшін адам әуелі намазды игеруі керек.
Асқар. Жөн-ақ! Бірақ сол хадисті сіз білесіз, мен білемін… ал қарапайым адам, қазіргі біздің замандасымыз біле ме? Білмегені үшін оны кіналауға бола ма? Ол бала кезінен советтік, атеисттік тәрбие алған, совет үкіметі тарағаннан кейін де тәрбие мен білім беру саласы атеисттік болмаса да зайырлы түрде жүргізіліп келеді. Сондықтан қарапайым азаматты намаз оқымадың деп кәпір қатарына жатқызған дұрыс емес. Ал басқа дін ұстанғандарды алсақ, мәселен, христиандарды, оларды да мен кәпір деп есептемеймін. Өйткені олар да біз сияқты Жаратқанға иман келтіріп отыр. Ал олар бес мезгіл намаз өтемейді, көбісі аптасына бір рет, жексенбі күні шіркеулеріне барып сыйынады. Сонда не? Оларды Жексембай дейік пе? (бөлмеде отырғандар күліп жібереді)
Ғабдуррахман. (қабағын түйіп күлгендерге қарайды – олар жым болады) Христиандарда жұмысым жоқ. Олар мұсылман емес, олар нағыз мүшріктер – бір Алланы үшеу дейді. Оларға айтатыным: «Біздің дінімізді қабылдаңдар, шариғат заңымен өмір сүріңдер, немесе біздің елімізден кетіңдер!» Бітті әңгіме!
Асқар. Ал сонда олар, не ислам дінін қабылдамай, не кетпей осында отыра берсе не істейсіз? Олар біздің республикамызды өздерінің отаны деп санайды, көбісінің ата-бабалары осында туып-өскен, қалай сіз оларды өз отанынан қуасыз?
Ғабдуррахман. Біз ешкімді қумаймыз. Біз тек шариғат заңын орнатамыз, сол заңды қолданамыз, ал сол заңды мойындамағандар, сол заңға қайшы әрекет істегендер қылмыскер деп танылып тиісті жазасын алады.
Асқар. Сонда оларға қандай жаза бермексіз?
Ғабдуррахман. Шариғат заңы қандай жаза беруді талап етсе, сондай жаза береміз. Мәселен, мен қазіргі мемлекетіміздегі заң-сымақты мойындамасам, соған қайшы келетін әрекет жасасам, соның тарауларына сәйкес жазаланамын. Бас бостандығымнан айырыламын ба, айып пұл төлеймін бе, әлде өлім жазасына кесілемін бе – оны сол тараулар біледі. Ал біз, билікті қолға алысымен, қылмыскерлерге шариғат заңының тараулары бойынша жаза тағайындаймыз. Зынданға тастау керек пе, дүре соғу керек пе, таспен атып өлтіру керек пе әлде атып тастау керек пе – соның бәрін шариғат заңы мен соты белгілеп тиісті жаза тағайындайды.
Асқар. Шариғат заңы көбінесе адамды бас бостандығынан айырмайды. Көбіне айып-пұл төлеумен, дүре соғумен шектеледі. Ұрылардың қолдарын шауып тастайды. Ауыр қылмыс жасағандарды өлім жазасына кеседі. Кісі өлтіргендерге, өлген адамның туыстарының қалауынша, немесе құнын төлетеді, немесе өзін өлтіреді. Бірақ, мен тағы да қайталаймын: шариғат заңына көшуді қоғам өзі таңдап алуы тиісті. Еріксіз, күшпен, зорлықпен қоғамды сол заңды қабылдауға мәжбүр етуге болмайды.
Ғабдуррахман. Неге? Мәселен, мен өз басым қазіргі заңдарды әділ деп санамаймын. Алайда, сол заң менің пікіріммен санаспайды. Мемлекет мені сол заңды ұстануыма мәжбүр етіп отыр, зорлықпен, күшпен мәжбүр етіп отыр. Жалғыз мені емес – міне осында отырған мұсылмандарды, тағы да біз сияқты мыңдаған адамдарды. Қай заң болмасын – ол күштің, зорлықтың белгісі. Қай заң болмасын қоғамның бір тобының басқа топтарына көрсетіп отырған үстемдігі. Ал шариғатты алсақ, ол адам заңы емес, ол Аллаһтың заңы. Аллаһтың үстемдігі, Аллаһтың күші, Аллаһтың нұсқауы. Солай емес пе?
Асқар. Жоқ! Алла тағала зорлыққа қарсы. Құран Кәрімнің бірінші аяты не дейді? «Бисмиллаһир-Рахман ир-Рахим!» – «Мейірімді, Рақымды Алланың атымен!» Бұл аят қасиетті Құранның басынан аяғына шейін бәлен рет қайталанады. Ал осы аятты қайталай отырып біз қалай ғана мейірімсіз, рақымсыз болмақпыз, а? (осы жерде Асқар Ғабдуррахманға тесірейіп қарайды – ол үндемейді) Мәселен, Аллаһ тағала кәпірлерге: «Сендер менің дінімді, заңымды ұстанасыңдар, ұстанғыларың келмесе де ұстанасыңдар, күшпен, зорлықпен ұстандырам» деген жоқ. Керісінше, Кафирун сүресінде Ол былай деген: «Айт: Әй кәпірлер! Сендердің табынғандарыңа табынбаймын. Сендер де менің құлшылық қылғаныма құлшылық қылмайсыңдар. Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме». Өйткені Аллаһ мейірімді, рақымды, және де ол бүкіл адамдардың мұсылман болғанын қаламайды. Егер ол соны қалағанда бүкіл адамзат бір күнде, бір сәтте мұсылман болып шыға келуші еді. Мұхаммед пайғамбар да, саллаллаһу ғалайһи уассалам, өз отанында шариғат заңын орнатудың алдында ең әуелі отандастарының ислам дінін жүректерімен, сана-сезімдерімен қабылдауын қамтамасыз етті, және де сол уағыз ұзақ уақытқа созылды – жиырма үш жыл бойғы үгіт-насихат нәтижесінде ислам діні қабылданды. Мінеки, біз де солай істеуіміз керек. Әуелі шариғатты, ислам дінін, оның қағидаларын біздің отандастарымызға уағыздап, насихаттап, түсіндіріп, адамдарды тәрбиелеп, дінімізді жүректерімен, санасымен қабылдауын қамтамасыз етіп еңбектенсек, содан кейін сол адамдар шариғат заңын мемлекет заңы ретінде өздері де қабылдап алады. Мұның бәрі бір күндік жұмыс емес. Егер пайғамбарымыз, саллаллаһу ғалайһи уассалам, Алланың тікелей қолдауымен, ислам дінін уағыздауына жиырма үш жыл уақыт жұмсаса, ал бізге, біздің шектеулі қабілетімізбен, бізге қанша уақыт қажет? Сіздердің алдарыңызға қойған мақсаттарыңыз дұрыс, тек қана сол мақсатқа бір күнде жетеміз деп ойламаңыздар.
Ғабдуррахман. Бәрбір ешқашан, еш заңды бүкіл қоғам, бүкіл халық жаппай қабылдаған емес. Көпшілік қабылдаса неғайбіл. Көбінесе қоғамның бір тобы, және де шағын, кейде ең аз тобы, сол заңды қабылдайды да, қалған топтарды қабылдауға мәжбүр етеді. Кез келген жаңа заң күшпен, зорлықпен орнайды. Ал сол заңдардан шариғаттың не кемшілігі бар? Мәселен, пайғамбарымыз да, саллаллаһу ғалейһи уәссалам, кейбір кезеңдерде қолына қару алуға мәжбүр болған. Осыны білмеймін дей алмассыз.
Асқар. Білемін. Бірақ сіз бір нәрсені ескеріңіз – пайғамбарымыз Мұхаммед, саллалаһу ғалейһи уәссалам, қолына қаруды ешқашан өз еркімен алмаған. Тек қана Алланың тікелей нұсқауымен алған. Ал сізде сондай нұсқау бар ма? (жігіттер тағы да күліп жібереді)
Ғабдуррахман. (ашулана бастап жамағатқа көзін алайтып қарайды – күлкі пышақ кескендей тыйылады) Имам! Сіз не – мені келемеждеп отырсыз ба? Өзі біздің әңгімеміз айтысқа айналып кеткенге ұқсайды – сіз біздің жігіттерге шариғат заңы жөнінде дәріс беруге келісесіз бе, әлде басқа ұстаз іздеуге тура келе ме? Сіз соны айтыңыз.
Асқар. (біраз уақыт ойланып отырып, ақыры басын көтеріп) Әрине, мен ешқашан шариғат жөнінде дәріс беруден бас тартпаймын. Мен өзі әрдайым мешітте жамағатқа уағыз айтып отырамын. Сіздердің біздің жамағаттан жіктеліп, оңаша дәріс алғандарыңыз дұрыс емес…
Ғабдуррахман. (сөзін бөліп жіберіп) Жоқ! Сіз айтыңыз – бізге, осында отырған жігіттерге шариғат заңы жөнінде дәріс бересіз бе, жоқ па? Осы сұраққа жауап беріңіз!
Асқар. (күрсініп алып) Жақсы, мен сіздерге дәріс берейін.
Ғабдуррахман. Бәрекелді! Мен сізден басқа жауап күтпеп те едім. Шынын айтайын – мен сіз жөнінде тек өте жақсы лебіз естіп жүрмін. Қай мұсылманнан сұрамасаң, сізді адал адам, нағыз мұсылман деп сипаттайды. Қазіргі заманда кейбір молдалар, имамдар Аллаһтың заңын ұмытып, ақшаның соңына түсіп кеткені сізге мәлім болар. Ал сіз өз жұмысыңызға адал көрінесіз. Сондықтан да біз сізді өзіміздің қатарымызда көргіміз келеді. Және бізді жатырқамаңыз – сіз бен біздің мақсатымыз бір.
Асқар. Мақсат бір болғанмен, жолымыз бір ме? Мен сіздерге дәріс беруге келісім бергенде, бет алған жолдарыңыздан тосып, Алланың дұрыс, тура жолына түсіремін деген оймен келісім бердім. Иншалла, осы ниетім жүзеге асып сіздер әлі қателіктеріңізді түсінесіздер.
Ғабдуррахман. Асеке! Кімнің қателесіп, кімнің тура жолда екенін бір Аллаһ қана біледі. Солай емес пе?
Асқар. Әрине, солай. Сондықтан да біз әрдайым Алладан бізді тура жолға салғанын тілеп сиынамыз.
Құран оқып дұға тілейді. Жамағат та қол жайып сол дұғаға қосылады.
Асқар. Иә, жаратушы ием! Біздің қателіктеріміз бен күнәмізді кешіре гөр. Бізді өзің нұсқаған тура жолға бастай гөр. Мемлекетімізге тыныштық, бейбіт өмір нәсіб ете гөр. Би рахматика иә әрхәмәр рахимин, Аллаһү акбар!
Ғабдуррахман. Аллаһү акбар!
Жамағат. Аллаһү акбар!
Екінші көрініс
Асқардың пәтерінің ішкі көрінісі. Балкон есігі ашық, самал жел түрулі перделермен ойнап тұр. Сыртта өсіп тұрған ағаштардың жайқалған жапырақтары көрінеді, яғни, күн жаз. Телевизор істеп тұр, онда Чайковскийдің «Аққулар айдыны» балеті жүріп жатыр. Жамал диванда отыр, бірдеңе тоқып отырып анда-санда телевизорға көз тастап қояды. Ол қазіргі кездің әйелдеріндей киінген, басында шағын орамал. Асқар кіреді.
Жамал. (ісін қоя салып, пульт арқылы телевизордың дыбысын бәсеңдетеді, алайда музыка мүлдем өшпей, анда-санда күшейіп, бәсеңдеп ерлі-зайыптылардың диалогының фоны болып тұрады) Ә, келіп қалдың ба? Шәй ішесің бе? Тоқтай тұр! Сенің түріңе не болған? Өзің ауырып жүргеннен саумысың? Кешеден бері қабағыңды қар басып кеткендей бір ашылмады.
Асқар. (Жамалдың жанына отыра кетіп ауыр күрсінеді) Е-еһ… Бір мәселе мазалап тұрғаны…
Жамал. Ол нендей мәселе? (орнынан тұрып, электр шәйнекті іске қосады да бөлменің ортасында тұрған столға дастархан жайып, шайға әзірлеп жүріп сөйлеседі)
Асқар. (сәл ойланып отырып) Жамал, егер мен бір заңсыз, жасырын, құпия партияның мүшесі болдым десем не дер едің?
Жамал. (қолындағы бір ыдысты салдыр еткізіп түсіріп алады) Астафиралла! Қайдағыны қалай айтасың! Әлде бұл әзілдің бір түрі ме?
Асқар. Жоқ, мұндай нәрсемен әзілдеуге бола ма? Бірақ мен ол партияның қатарына әлі кірген жоқпын. Мен әлі ойланып жүрмін.
Жамал. Ол қандай партия өзі? Ондай партия бізде бар ма еді?
Асқар. Бар екен, Жамал. Әл-хизб деген партия. Соның жетекшісі мені партиясының мүшелігіне өтуге үгіттеп жүр.
Жамал. Сен не дедің?
Асқар. Не деуші едім? Ойланайын дедім, сенімен ақылдасайын дедім.
Жамал. Ал ол ше? Не деді ол?
Асқар. «Ойланыңыз, ақылдасыңыз» деді. «Тек қана біздің құпиямыз ашылып қалмасын» деді.
Жамал. Мен өсекшіл келіншек емеспін, көрген-естігенімді елге жаятын. Ал сонда, құпия дегенде нендей құпиясы бар сол партияның? Өкіметке қарсы ма?
Асқар. Иә… солай деуге болады.
Жамал. Алла сақтай гөр! Сонда сен… сен өкіметке қарсы шықпақсың ба?
Асқар. Ж-жоқ. Жаңағы айтып отырған партияның мақсаты – біздің елде шариғат заңын орнатып, ислами мемлекетін құру. Сол партияның мүшелері бұл мақсатқа мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде жетпекші. Ал мен оған қарсымын. Мен басқа жолдарды, басқа тәсілдерді көрсетіп отырмын.
Жамал. (орындыққа отыра кетіп, қолындағы ыдысын столға қоя салады) Басқа жолдарды?! Бұл сөзіңді қалай түсінуге болады? Сен сонда бізде шариғат заңын орнатпақпысың?
Асқар. Әрине! Мен бір қаланың имамы бола тұра, мұсылман бола тұра, сол заңды қолдамағанда кім қолдауға тиісті? Шариғат заңы – ең әділ заң. Ол Алла тағаланың заңы. Мен тек сол заңды зорлық-зомбылықсыз, қантөгіссіз қабылдауды ұсынып отырмын. Ал «Әл-хизб» басшылары…
Жамал. (орнынан тұрып кетіп, жүре сөйлейді) Ал меніңше – шариғат заңын қазіргі заманда қолдануға болмайды. Өзің ойлашы, қалай ғана жиырма бірінші ғасырдың қоғамына орта ғасырлық заңды ұсынбақсың? Қазіргі қоғам – дамыған, демократиялық қоғам.
Асқар. Жақсы. Ал біздің заң демократияға сай келіп тұр ма?
Жамал. Әлбетте! Біздің заң – ең гуманды заң. Әлде демократияға шариғат заңы сәйкес келе ме? Егер қателеспесем, шариғат бойынша қылмыскерлерге дүре соғу, таспен ұрып өлтіру жазалары қолданылады. Ұрылардың қолын шауып тастау деген сияқты…
Ашық тұрған балкон есігі арқылы бір алыс гүріл естіледі; ол бірте-бірте күшейе түседі, бірақ сөзталасқа кірісіп кеткен жұбайлар оны әлі аңғара қойған жоқ. Балет музыкасы мен түсініксіз гүріл бір-бірімен тайталасып қатар шығып тұрады.
Асқар. Жамал, мен бүгіннен бастап шариғат заңын еңгізу керек деп тұрған жоқпын. Жоқ, ең әуелі адамдарды діни тәрбиеден өткізу керек. Мемлекет азаматтары, мұсылмандар, адамдардың сотынан, жазалауынан қорықпай, Алланың сотынан, жазалауынан қорқуға тиісті. Адам сотын алдап кетуге болар, адам ойлап шығарған заңды айналып кете аларсың, ал Алланы алдай алмайсың, оны айналып кете алмайсың, әйтеуір бір алдына барасың. Осыны адамдар түсінген күні, осыған сенген күні қылмыс да тиылушы еді. Сонда шариғат заңы тек иманы жоқтарға, шайтанның арбауына түскендерге, іблістің олжасы болғандарға ғана қолданылар еді. Сондықтан біз халыққа діни тәрбие беруіміз керек. Мен осының бәрін «Әл-хизб» партиясының мүшелеріне түсіндіріп жүрмін. Оларды алғашқы ойларынан, шариғат заңын төңкеріс арқылы орнатамыз деген ниеттерінен тайдыруға тырысып бағудамын. Меніңше, олардың көбісі ойлана бастады, күннен-күнге менің пікірімді қолдаушылар саны артып келеді.
Жамал. Е, онда несіне мазасызданасың?
Асқар. (ол терезе жаққа қарайлап қояды, түсініксіз гүріл оның санасына жете бастаған сияқты) Кеше партия ұйымының кеңітілген жиналысы өтті. Сол жиналыста мен полковник Ысмаиловты кезіктіріп қалдым. Полковник – біздің әскери гарнизонының қолбасшысы, генерал Жақыповтың орынбасары. Алдыңғы күні генерал демалыс үйіне емделуге аттанып, орынына Ысмайыловты тағайындап кеткен. Енді біліп жатырмын – полковник Ысмаилов партияның басқару алқасының мүшесі екен. Тіпті, Ғабдуррахман шейхтен кейін екінші адам екен.