Төңкеріс. Пиесалар - Руспаев Қайыркелдi 3 стр.


Жамал. Ғабдуррахманың кім өзі?

Асқар. Ол партияның жетекшісі, рухани лидері. Полковник Ысмаиловтың тіркеуден өтпеген партияның басшылығында жүргені мені жаман састырды. Ол біздің заңымыз бойынша қылмыскер болып табылады. Міне, қандай мәселе менің басымды қатырып тұрғаны.

Жамал. (ол да терезе жаққа қарай алаңдай бастады) Асқар, мына айтып отырғаныңның бәрі мені де мазасыздандырып жіберді. Меніңше, біздің қалаға бір қауіп төніп тұрған сияқты. (телевизорды нұсқап) Мына балет бүгін міне үшінші рет көрсетілуде. Және қалалық каналдан басқа бір де бір канал жұмыс істемей тұр. Біздің енді жайбырақат отыруымыз дұрыс болмайды. Сен бұл жағдайды қауіпсіздік комитетіне хабарлауға тиістісің. Онда өзің барасың ба, әлде телефон шаламыз ба? КНБ-ның телефон нөмірі қандай еді? (Асқар үнсіз басын шайқайды) Нөл-тоғыздан білуге болатын шығар. (телефонды өзінің жанына қарай жақындатып тұтқасын көтереді)

Асқар. (оның жанына келіп тұтқаны қолынан алып орнына қояды) Жоқ Жамал, мен ондай сатқындыққа бара алмаймын. Ғабдуррахман да, қалған «Әл-хизб» партиясының мүшелері де, мені адам деп, мұсылман деп өздерінің құпиясын маған сеніп тапсырды. Қалай мен енді сол сенімді аяқ асты қылып оларды сатып жіберемін? Жоқ, менде тек бір ғана жол қалды – үгіт-насихат арқылы оларды бет алған бағытынан тайдыру…


Осы кезде сырттан танк моторының ышқынған гүрілі, шынжыр табандарының шақұр-шұқыр еткен дыбысы естіледі. Асқар терезе жаққа қарап үндемей қалады. Жамал не болып жатқанын білейін деп балконға қарай ұмтыла берегенде, сыртта жарылыс болады да, балконның сыртқы есігі сарт етіп жабылады, әйнектері күл-талқан болып ұшып түседі. Жамал шыңғырып жіберіп кері қарай шегіншектеп кетеді. Асқар оны бассалып кейін тартып, сосын екеуі диванға құлай кетеді. Асқар зайыбын денесімен қорғалап астына басады. Көшеден біреулердің бұйрық беріп айғайлаған ащы даустары, біреулердің шыңғырғаны естіледі. Автомат пен пулемет гүрсілдейді. Біраз уақыттан кейін атыс басылып танктың шынжыр табанының шықырлаған дыбысы басқа жаққа ауып, басқа бір жерде тағы бір шайқас басталғаны белгілі болады.


Жамал. (басын көтере беріп) Бұл не?! Не шайқас бұл?

Асқар. Білмеймін…

Жамал. (телевизорға көзі түсіп кетіп) Асқар, телевизордың дыбысын қосшы…


Асқар диванда жатқан пультты алып телевизорға дыбыс қосады. Балет тоқтатылып, қалалық телеканалдың жаңалықтар студиясының көрінісі шығыпты. Ғадуррахман сөйлеп отыр. Оның үстінде «Әл-хизб» партиясының жасақтарының униформасы, денесі белбеу мен портупеялармен таңылып тастаған, белінде тапаншаның сауыты.


Ғабдуррахман. Қала тұрғындары! Менің есімім – Ғабдуррахман. Мен шейхпын, «Әл-хизб» партиясының жетекшісімін. Біз жаңа ғана қаланың билігін қолға алдық. Осы сағаттан бастап қалада төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат енгізілді. Кешкі сағат оннан таңғы жетіге дейін көшеде жүруге тиым салынады. Осы уақыт аралығында көшеде тек арнайы рұқсат қағазбен ғана жүруге болады. Кімде-кім рұқсатсыз көшеге шықса, біздің әскери патруль ешқандай ескертусіз абақтыға қамайды, ал қарсылық білдіргендер сол жерде оққа ұшады.

Осы сағаттан бастап қалада ислами автономия жарияланады. Автономия болашақта ислами мемлекеттің, одан әрі – ұлы халифаттың іргетасын қаламақшы. Бұрынғы заңдар осы күннен бастап өз күшін жоғалтты, біз енді шариғат заңымен өмір сүреміз. Сондықтан, кімде-кім өзін мұсылманмын деп санамаса, мәселен орыс және орыс тілдес ұлттардың өкілдері, исламнан басқа дін өкілдері, мәселен христиандар, біздің ислами автономиямыздан, яғни біздің қаламыздан алыстатылады. Ол үшін осы аталған топтарға жататын тұрғындар өздерінің ең қымбат заттарын, ақшалары мен құжаттарын алып орталық стадионда жиналуы тиіс. Олар арнайы көлікпен обылыс орталығына жеткізіледі.

Қала тұрғындары! Естеріңізде болсын – біз ешкімді қаладан қуып отырған жоқпыз! Егер кімде-кім ислам дінін қабылдап біздің автономиямыздың мүшесі болғысы келсе – мархабат! Ондай адамды, қандай ұлт өкілі болмасын, біз құшағымызды жайып қатарымызға қабылдаймыз. Ал қалада қалып мұсылман боламын деген адам бүгіннен бастап шариғат заңымен өмір сүретін болады. Яғни, бес мезгіл намаз оқитын болады, ұятты жерлерін жабатын киім киетін болады. Мұсылманша киім тігу қаланың бүкіл тігін ательелері мен тігін фабрикасында ұйымдастырылады. Бірінші киім тегін тігіледі, ал келешекте әркім өзіне ұнаған матадан, ұнаған фасонды киім тіктіріп алады. Мұсылманша киінуге бір күн мерзім беріледі, бір күннен кейін кімде-кім мұсылман адамға сәйкес киінбей көшеге шықса шариғат сотының үкімі бойынша жазаланады. Осы күннен бастап орталық мешітте, вокзал намазханасында, және мектептердің негізінде ұйымдастырылған медреселерде намаз үйрену курстары ашылады. Намаз оқу біле ме, білмей ме – қаланың әр тұрғыны азан шақырылысымен мешітке, немесе жақын арадағы мектеп-медереселерге намазға баруы шарт. Намазға бармай қалған ер адамдар үйлерінен күштеп шығарылады, бірақ, менің ойымша, ондайлар біздің қатарымыздан табыла да қоймас.

Бұл қысқаша хабарландыру. Толық үндеу әр үйдің кіреберісіне, көшедегі хабарландыру тумбаларына, қалада шығатын газеттердің беттерінде жарияланады. Ал, әзірше хош сау болыңыздар! Аллаһү Акбар!


Телевизордың экранында ислам дініне сәйкес сурет пайда болады да Құран оқыла бастайды.


Жамал. (пультпен телевизорды сөндіреді де Асқарға бұрылады) Бұл не? Мұны қалай түсінуге болады?

Асқар. (телевизордан көзін айырмай басын шайқайды) Ә-әй, Ғабдуррахман, Ғабдуррахман! Бүкіл шаруаны бүлдірдің ғой!

Жамал. Енді не істемекпіз?

Асқар. (есікке бетейді) Ғабдуррахманға барамын. Бұл бүлікті тоқтату керек.

Жамал. Асқар!

Асқар. Не?

Жамал. Барма. Ол сені тыңдамайды… ол енді ешкімді тыңдамайды. Ол тым қатты кетті… көрмейсің бе не болып жатқанын? Одан да отыр, ақылдасайық. Біз не істейміз, соны анықтап алайық.

Асқар. Біз? Сен нені айтып отырсың? Маған Ғабдуррахманмен жолығып бүлікті тоқтату керек.

Жамал. Сен оған енді ештеңе істей алмайсың. Сен әлі түсінбедің бе – ол сені алдап соқты. Менің ойымша, бізге кету керек. Бүгін кету керек – ертең кеш қаламыз.

Асқар. Кету керек? Қайда?

Жамал. Білмеймін. Ең әуелі, жолдарды жауып тастамай тұрғанда, қаладан шығып кету керек. Ал сосын табармыз қайда баруды… мәселен, біздің ауылға барайық. Бір-екі апта әкейдің үйінде бола тұрармыз, мүмкін, оған дейін бұл бүлік те басылар. Өкімет, президент жәй қарап отырмас.

Асқар. Жоқ, Жамал, болмайды. Дәл қазір мен ешқайда кете алмаймын. Қалай мен халықты, жамағатты тастап қашып кетпекпін? Мен олардың имамы емеспін бе! Және қашатындай бізге қауіп төніп тұрған жоқ. Дәл біздің отбасымызға қауіп төніп тұрған жоқ.

Жамал. Оны қайдан білесің?! Мына бүлікшілерден не хайыр күтуге болады? Ертең мені, не қызыңды пәренже кимедің деп дүреге жықса не істейсің?

Асқар. Енді киініңдер адам сияқты! Ешкім «пәренже ки» деп тұрған жоқ, хиджап, кимешек, ұзын етек көйлек, бастарыңа жаулық киіңдер! Неше жыл мен саған қақсап келемін – сенің мына киім кисіңмен менің көзімді шұқып бітті ғой ақсақалдар! Ана қыз да кисін хиджап, бұл киім мәселесі жөнінде мен Ғабдуррахманды жүз пайыз қолдаймын. Өйткені қазір мұсылмандарға біздің көшелермен жүруге болмайды – бүкіл қыз-келіншек жалаңаш жүр. Өздеріңді мұсылманмын деп санасаңдар, мұсылманға тән киім киіңдер, намазға жығылыңдар – Ғабдуррахманның бұл талаптары орынды. Бұл оның да талабы емес – бұл Алланың талаптары. Менің тек шейхпен келісе алмайтыным – басқа ұлттар мен басқа дін ұстанушыларға «қаладан кетесіңдер» дегені. Және біртұтас мемлекетімізді бөлшектеп автономия құрамын дегені – бұл өте қауіпті авантюра. Президент ешқашан оған келісім бермейді. Мұның бәрі үлкен қантөгіске апарып соғады.


Осы мезетте телефон шыр етеді. Асқар аппаратқа жетіп барып тұтқаны көтереді.


Асқар. Алло, бұл кім?

Ғабдуррахманның дауысы. Ассаламу ғалайкүм! Мен ғой, Ғабдуррахман. Асеке, сіз тезірек «Ақ үйге» жетіңіз, менің жұмыс орыным енді сонда, бұрынғы әкімнің кабинетінде. Шариғат сотын ұйымдастыру керек. Сол мәселе жөнінде ақылдасайық.

Асқар. Ғабдуррахман! Бұл не?! Бұл нағыз авантюра ғой! Және өте қауіпті авантюра. Біз бұлай келіспеген едік… (Жамал күйеуінің жанына келіп әңгімеге құлағын тосады)

Ғабдуррахман. Асеке, екеуміздің арамызда ешқандай келісім болған жоқ.

Асқар. Сіз мені алдап соқтыңыз! Сіз төңкерісті жүзеге асырып отырсыз, ал мен мүлдем бейхабар отырмын. Бұл қалай? Партияның минимум-жоспарында ешқандай төңкеріс жөнінде, ешқандай автономия жөнінде бірде-бір сөз жоқ еді ғой. Кеше ғана өткен жиналыста бұл сұрақ күн тәртібіне…

Ғабдуррахман. (сөзін бөліп жіберіп қатал үнмен) Имам! Сіз әлі біздің партиямыздың мүшесі емессіз. Менен жауап талап ететін сіздің ешқандай құқығыңыз жоқ. Төңкеріс – партияның ішкі ісі.

Асқар. Қателесесіз, шейх! Бұл сұмдық, бұл авантюра – біздің қаламыздың тұрғындарына, бүкіл республикамыздың халқына тікелей қатысы бар. Мен сізді дәл осындай авантюризмге баратын ақымақ деп санамап едім.

Ғабдуррахман. Бұл ақымақтық емес. Авантюризм де емес. Бұл…

Асқар. Енді не? Сіз сонда не – өкімет басшылары, президент сіздің мына заңсыз әрекеттеріңізге жайбырақат қарап отырады дейсіз бе? Сіздің жариялап отырған автономияңызға келісім береді деп ойлайсыз ба? Менде ешқандай ақпарат жоқ, сонда да – мүмкін дәл қазір біздің қалаға қарай әскери бөлімшелер аттанып жатқан болар. Қара да тұрыңыз – бүгін-ертең біздің қала қоршауға алынады. Содан кейін сіздің алдыңызға президенттің ультиматумы тарс етіп түспесе маған келіңіз.

Ғабдуррахман. (қарқылдап күледі) Тоқтай тұрыңыз, Асеке! Мені ақымақтар санатына қосуға асықпаңыз. Президент маған емес, мен өзім оның алдына ультиматумды тарс еткіземін!


Асқар ашуланып телефон тұтқасын тастай береді.


Асқар. (Жамалға бұрылып) Мен кеттім. Өзімен көзбе-көз сөйлесу керек…

Жамал. Асқар! Меніңше бұл есуаспен сөйлесудің өзі бекер. Естіген жоқсың ба – президентке ультиматум қоямын дейді.

Асқар. Иә, оның есі дұрыс емес. Сонда да оны бірдеңе қылып көндіру керек. Әйтпесе мұның бәрі үлкен қантөгіске айналып кетеді.

Жамал. Асқар, сен оны енді тоқтата алмайсың. Мүмкін, кеше ондай мүмкіндік болған да шығар. Ал бүгін тым кеш қалдың. Енді сен өзіміздің қамымызды ойла. Машинаңда бензин бар ма? Әлгі қыз қайда жүр? (соткасын алып қызына қоңырау шалады) Гүлнәр! Сен қайдасың? Ваняның жанында? Қай жердесің деймін! Қалада екеніңді біліп тұрмын ғой! Қалай алаңдамайын, қалай алаңдамайын?! Көрмейсің бе не болып жатқанын! Не? Саған қауіп төніп тұрған жоқ деймісің?! Әй! Әңгімені доғар! Үйге қайт! Кетеміз. Иә, сендер келгенше жолға алатын киім дайындап қоямын. Ал, тезірек қайт. Көшеде байқап жүр, абайла. (соткасын сөндіріп Асқарға қарайды) Не ғып тұрсың? Бар, Берікті мектептен алып кел, Гүлнәр қазір келеді.

Асқар. Жамал… Жамал, тыңдашы – мен қаладан ешқайда кетпеймін… мен кете алмаймын. Дәл қазір, біздің қалаға қауіп төніп тұрғанда, мен ешқайда кете алмаймын. Өзің ойлашы – қалайша мен, бас имам бола тұрып, бәрін тастап, бас сауғалап қашып кетпекпін? Жоқ, мен олай істей алмаймын. Сен де кетпейсің… ешкім ешқайда кетпейді. Мен қазір Берікті әкеліп тастаймын. Сонсоң қыз бен ұлға ие болып үйде отыра тұр. Меніңше, ұзақ отырмассыңдар. Бұл бүлік көпке созыла қоймас. (шығып кетеді)

Жамал. Әй, қайдам. Жүрегім бір жамандықты, бір сұмдықты сезіп тұрған сияқты. Кетпей, қалып қойғанымыз үшін әлі өкінеміз бе, Алла біледі. (соткасымен баласымен байланысқысы келеді, бірақ ол ісінен ештеңе шықпайды) Алло! Алло! Алло деймін! Тү-ү, мына байланысқа не болған, біресе бар, біресе жоқ.


Ол соткасын столға қоя салып сыпырғыш пен қалақ алып келіп әйнек сынықтарын сыпырып жинайды да балконның ішкі есігін жабады. Осы кезде Берік пен Мария кіріп келеді. Беріктің басы бинтпен таңулы.


Берік. (шешесінің жанына жүгіріп келеді, Жамал оны құшақтай алады) Мама! Біз не көрдік – білесің бе?

Жамал. (баласының таңулы басын екі қолымен ұстап зерттей қарайды) Сен не? Қатты жарақаттандың ба?

Берік. (шешесінің қолдарын басынан алып тастайды) Ә! Ештеңе емес! Танк гүрілдеп біздің мектептің жанына келгенде біз терезеден қарап тұрғанбыз, содан ол зеңбірегінен гүрс еткізіп атқанда әйнектер күл болып ұшты да кетті. Сонда бір шынының сынығы маңдайыма тиіп кетті.

Мария. (Жамалға жақындап келіп Беріктің иығына қолын қояды) Жарасы терең емес, сәл ғана сызып өтті. Құдай сақтады.

Берік. Иә, жәй тек сызып өтті. Ештеңе емес. Мен басымды таңбайын деп едім, Мария Петровна болмады. (Марияға қарайды)

Жамал. Жарайды, ештеңе етпес. Әйтеуір аман-есен үйге жеткеніңе тәубе. Ал ана қыз қашан келеді екен? Берік, сен бар, жинал. Біз жол жүреміз… Джинсың мен бір-екі көйлек ал, тіс щеткаң мен пастаңды рюкзағыңа сал. (баласын бөлмесіне қарай итермелеп жібереді де Марияға бұрылады) Маша, кел, отыр, шай ішіп алайық. Мына оқиғалар ауыз кептірді (екеуі шайға отырысымен қонағына шай құйып берісімен) Мә, печеньеден ал.

Мария. (шайдан бір-екі ұрттап алып) Жоқ, тамақтан ас өтпейді. Не істерімді білмей отырмын. Ал сендер не – кететін болдыңдар ма?

Жамал. Енді не істемекпіз? Мен кеткім келеді – бірақ Асқар көнбей тұр. Ол кете алмаймын дейді, жамағатымды тастап қайда барамын дейді. Мүмкін оған қарамай, балаларды алып тайып отырам ба… Ал сендерге кету керек.

Мария. Иә, мен де соны ойлап отырмын. Бірақ, Ваня… ол… сен ештеңе білмейсің бе?

Жамал. Не жөнінде?

Мария. Оның ислам дінін қабылдағанын білесің ғой.

Жамал. Иә, білемін. Асқар айтқан.

Мария. Ал енді мен жаңа ғана біліп отырмын – ол жәй жүрмей әлгі «Әл-хизб» партиясының мүшелігіне өтіп кетіпті. Мына аласапыран басталысымен оған телефон шалып, «қаладан кетейік» деп едім, ол «мен ешқайда кетпеймін, мен партия мүшесімін, біз ислами автономия құрып шариғат заңын орнатамыз» демесін бе. Сол жерде құлай жаздадым! «Біз ешқайда кетпейміз, бізге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ» дейді. Енді міне – не істерімді білмей отырмын.

Жамал. Әй қайдам, дәл осындай сөзді жаңа Асқар да айтып еді. Ал мен бір сұмдық боларын сезіп тұрмын. Менің саған беретін кеңесім – мүмкіндік барында бұл қаладан шығып кет. Ертең әлгі шейх ислам дінін қабылда деп бұйырса не істейсің? Ларисаны ал да кет! Ал Ваня – ол өзі білсін. Ол енді бала емес, өзінің ақылымен өзінің тағдырын өзі шешкені дұрыс шығар. Тек қана бұлардың барлығы өз ақылымен жүргенге ұқсамайды. Әлгі шейх Ғабдуррахманның ықпалына түсіп кеткенге ұқсайды. Ал ол ше – ол адамдарды алдап-арбап алған. Әне, Асқарды да алдап соқты. Асқар оның төңкеріс дайындап жүргенін біліпті. Иә, Ваня да оны білді. Ал ол бозбаладан не сұрайсың! Ол әлі тым жас. Және де ол Асқардың соңынан еріп жүр. Ол өзі ислам дінін Асқар үшін қабылдаған жоқ па.

Мария. Ал меніңше – ол ислам дінін Гүлнәр үшін қабылдаған сияқты. Және де Асқар сол партияға мүше болмаған көрінеді…

Жамал. Иә, әрине, ол «Әл-хизб» қатарына кірген жоқ. Бірақ та ол солардың құпия жоспарларын біліп жүріпті. Сол партияның жиналыстарына қатысып жүріпті. Ал шейх ше – ол Асқардың мұсылмандар арасындағы беделін пайдаланып, жастарды, гарнизонның офицерлерін өзінің ықпалына түсіріп алғанға ұқсайды. Олардың барлығы Асқар мен Ғабдуррахманның ісі бір деп жүрген ғой.

Мария. Сонда олар бірге емес пе?

Жамал. Иә, Асқардың айтуынша, екеуінің жоспары бір. Алайда, Асқар сол жоспарды төңкеріс арқылы жүзеге асыруға қарсы болыпты.

Мария. Енді Асқар не істемекші?

Жамал. Білмеймін. Ол енді не істей алады? Ол енді ештеңе істей алмайды! Шейх енді оған құлақ та аспайды, ол өзінің дегеніне жетті. Жоқ, кету керек! Жол ашықта кетіп үлгеру керек! Асқар жамағатын тастай алмаймын дейді. Мүмкін соған қарамай, балаларды алып кетіп отырсам қайтеді, ә?

Назад Дальше