Жалған арызданғандар істі өзгертпеді. Қаржы полициясы оларсыз да мақсатына жетер еді. Бірақ, сол адамдарды аяймын. Біреу үшін жалған куәлік етуге тура келгендеріне ішім ашиды. Тағдыр сондай таңдау жасатқаны өкінішті. Оларға жасалған қоқан-лоқының рас-өтірік екенін олар да, мен де білмейміз ғой. Ешкімді айыптай алмаймын. Өтірік айтудан бас тартқан, жалған арызға қол қоймаған, түрмеге түсесің деген қысымға шыдаған жандарға құрметім шексіз.
Құқық қорғау органдары бәрінен жоғары
Санақ басталмай тұрып Үкіметте кәдуілгі статистика мен құқықтық статистиканы біріктіру керек пе деген мәселе қарастырылды. Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) өз Статистика комитеті бар еді. Комитет мәртебесі бойынша Агенттіктен төмен. Сондықтан біріктірсе, ол Статистика агенттігінің құрамына кірер еді. Бірақ, біздің мәлімет жинақтау тәсілдеріміз әртүрлі. Әдістемелеріміз де сәйкеспейтін. Сондықтан мен де, ІІМ басшылығы да бірігуге қарсы болдық. Ортақ жиналыс өтпей тұрып, мен Құқықтық статистика комитеті басшысының жұмыс телефонына қоңырау шалдым. Осы тақырыпты талқыламақ едім. Телефонды көмекшісі көтерді. Дауысын зорайтып: «Бұл кім? Не мәселемен?» деп сұрады. Мен екенімді білгенде ол қатты ашуланды. «Азаматтық басшының генералға қоңырау шалуға қандай құқығы бар? Әлде полковникке?» деді. Атағы нақты есімде қалмапты.
Тұтқаны қойдым да, оның ашуланғанына өзім де біраз есеңгіреп отырып қалдым. Погон таққан адаммен бетпе-бет келген алғашқы сәтім осы еді.
Бұл мәселеге қатысты жиналыс Президент әкімшілігі басшысы орынбасарының кабинетінде Қаржы полициясындағы тергеу басталып, екі орынбасарым тұтқындалған соң бірнеше айдан кейін өтті. Мен жиналыстарға кешіксем, ешкім себебін сұрамайтын. Елдің бәрі Қаржы полициясына тергеуге барып жүргенімді біліп алған. Ал, Қаржы полициясындағы тергеу кез келген жиналыстан маңызды еді! Мен емін-еркін кірдім де, бос орынға отыра кеттім. Үстел өте кең еді. Басымды көтерсем қарсы беттен маған Қаржы полициясы агенттігінің төрағасы қарап отыр. Ол қызарып кетті. Әрине, ұялғаннан емес. Ол ашулы еді. «Айыпталушы» онымен бір үстел басында, бір жиналыста не деп отырады? Президент әкімшілігі басшысының орынбасары менің атымды атап, пікірімді сұрағанда, ол орнынан тұрып кете жаздады
Екі статистика қосылмады. 2009-жылғы Статистика агенттігіне қатысты жағдайды бағалау да бірдей болмады, менің бағалауым бөлек, әркімді айыптау басты міндеті саналатын Қаржы полициясы агенттігі төрағасының ойы бөлек боп қалды.
Канада
Канадаға кетуім, әрі іссапар, әрі дамылдау болды. Статистиканы дамыту бойынша халықаралық конференцияны Канаданың Оттава қаласында орналасқан Статистикалық кеңсе ұйымдастырған еді. Агенттікте жасалған екі жарым жыл бойғы модернизациядан соң біздер сараптама жасау мен мәлімет тарату бойынша жаңа деңгейге шыққан едік. Сәуірде менің атыма Оттавадағы конференцияға шақырту келген еді. 2009-жылдың мамырының соңына таман арналған шақырту екен. Екі айдан бергі толассыз қысым мен тексерістен шаршап, ұшып кеттім. Тым құрығанда бір апта емін-еркін тыныстайын деген ой болды. Мені Канаданың Статистикалық ведомство басшылығы қуана қарсы алды. Құдды бір ескі таныстарын көргендей күй кешті. Статистикада жүрген екі жыл шын мәнінде өте аз мерзім. Статистика өте ұқыпты, ұзақмерзімді процесс. Бұл саладағы адамдар он жылдап, кейде өмірбақи жұмыс істеп жатады. Бірақ, мені елдің бәрі білетін. Мен халықаралық сессияларға жиі қатыстым, өзекті әрі даулы тақырыптарды талқылауға белсене атсалысатынмын, Агенттік қызметкерлерін оқытуға әртүрлі елден сарапшылар іздейтінмін.
Мені Канададағы Қазақстан елшісінің резиденциясын көруге шақырды. Кішігірім ағаш коттедж. Елші сабырлы, қарапайым кісі екен. «Қазақстаннан келген бірінші қонағымыз өзіңіз болдыңыз», деп жымиды. Шығыстың тәттілерін ұсынып, шайға шақырды. Туған елдің жаңалықтарын сұрады. Бұл кісі жаңадан тағайындалған еді. Ол хаттама, дипломатиялық істермен шектелмей, Қазақстан-Канадаға қатысты ортақ жобаларды жасауға белсене кірісіп жатқаны байқалды. «Канаданың ірі компаниялары Қазақстанда өз жобаларын жүзеге асыруға дайын», деді. Аз-кем үзілістен кейін былай деп қосып қойды:
Жәкішевті тұтқындаған соң олардың жобалары нендей күй кешпек? Канадалық компаниялар алаңдаулы. Мұны Үкіметке айта барарсыз.
Мұхтар Жәкішев ол кезде елдегі «Қазатомпром» атом компаниясының басшысы еді. Мен бір апта Канадада жүргенімде оны тұтқындапты. Бұл мен үшін тосын жаңалық болды. Өткен айда ғана өзі жас, өзі білімді аталмыш компания президенті Үкімет алдында есеп беріп, жоспарымен бөліскен еді. Оны бәрі қолдап, мақтап, осы компанияның әлемдік нарықта көтерілуіне мол үлес қосқанын атап айтып еді. Сөйтеді де, кенеттен тұтқындайды. Сол жағдайдың бел ортасында жүрмеген соң: «Бәлкім, шынымен әлдене дұрыс жасамаған шығар?» деп күдіктенесің.
Әрине, айта барамын, деп елшімен қоштастым. Сол сәтте «бұндай жағдайдың бел ортасында» өзім де қалатынымды сезбеген едім.
Қолым бос күні Көркем сурет музейіне бардым. Ашық аспан, жарқын күн, тыныштық. Сонда да көңілім алаң. Астанадағы Агенттік не боп жатыр екен?
Түн ішінде бірінші орынбасарым Біржаннан смс келді. «Баятовты тұтқындады» (Санақ бойынша орынбасар).
Не үшін?
Анықтауға тырысып жатырмыз.
Ұйқы қашты. Алда әлі екі күндік конференция бағдарламасының жиыны бар. Бірақ, ойым мыңдаған шақырымдарға шапты.
Келесі күні жаңа смс. «Босатыпты». Арқамнан ауыр жүк түскендей.
Жарты күндік сессия өтті. Тағы смс: «Қайтадан тұтқындапты».
Не істеуім керек? Жұмыстағы шешімталдығыма қарамастан, көп адам елге тым сенгішсің деп сынайтын. Тым сенгіш деген қалай сонда? Шындық, бұл шындық. Өтірік, бұл өтірік. Ал, әр адамның бойында бар құнар адамгершілік. Елге қайту керек. Ел басшысына бару керек. Олар тексеріп, бәрін анықтайды. Жібереді деп ойладым.
Сессия бітті. Елшілік қызметкері мені әуежайға шығарып салды. Тіркеуден өттім, паспорттық бақылаудан өттім, ұшаққа отырғызатын есіктің алдында отырмын. Рейс шегерілді. Сосын Германияда ауыстырып мінетін екінші ұшаққа кешіктім. Астанадағы полиция қызметкерлері қалай уайымдады десеңізші.
Қаржы полициясының қызметкері таңғы алтыда Астана әуежайында багаж алып жатқан жерде қасыма келді. Тергеуге шақырту алдым. Қол қойдым.
Әуежайға не үшін келдіңіз? дедім. Қабылдау бөлмесіне қалдырып кетсеңіз де болар еді ғой.
Сіз келмей қала ма деп қорықтық.
Орынбасарым тұтқындалыпты. Қалай келмейін?
Төрт айдан кейін қайда ұшатынымды, елге оралма деген пәрмен алатынымды сол сәт біліппін бе?
Әуежайда мені қызметтік көлік күтіп алды. Жүргізушімнің көңіл күйі жоқ.
Агенттік қалай? деп сұрадым.
Баятовты тұтқындады, деді жүргізуші бәсең дауыспен.
Оның жауабына мен ләм-мим деп жауап қатпадым бұл мен үшін жаңалық емес. Менің жүргізушім жасы келген өте қарапайым кісі. Мені Агенттіктегі жұмысым тоқтағанша тасыды. Артық сөзі жоқ. Тек жаны ашып, күрсіне беретін.
Адвокат
Кеше маған телефон арқылы бір адвокатты кеңес етті. Қазір сол кісіге бара жатырмын. Адвокаттар мен клиенттер бір-біріне дөп қосылатыны таң қалдырады. Аты Ботагөз. Орта жастағы, денесі шымыр келіншек. Маған бір көргеннен ұнады. Не нәрсені де сараптап отыратыны, тез ойланатын алғырлығы, адам баласына деген құрметі, әзіл-қалжыңы, тіпті спортты жақсы көретіндігі де жаныма жақты. Мен бірдеңе түсінбей, ол таң қалғанда: «Кешіріңіз, мен өмірімде бірінші рет адвокат көріп отырмын ғой», дейтінмін.
Тек бір мәселеде пікіріміз түйіспеді. Санақ бланктерін басуға, типографияға қағаз іздеуге өзімнің де атсалысқаныма қатысты шындықты айту.
Біздің елде мемлекеттік органның басшысы тауар жеткізетін, қызмет көрсететін компаниялармен тікелей байланыста болмауы тиіс деген жазылмаған заң бар. Бірақ, біздің жағдайда алдан шыққан түйткілді өзім шешуге мәжбүр болдым. Бұл қылмыс боп саналатыны үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Түйткіл шыққанда өзім шештім. Басқа не істеуім керек еді? Санақты болдырмай тастау? Бірақ, түйткілді шешуім қылмыс болып саналады екен.
Қызмет көрсетушілер және басшы араласпауы тиіс деген ереже жазылмаған заң. Мен бизнеспен араласпадым. Мен көрші ел басшыларының кеңесшілеріне қағаз бен типография сұрап, өтініш жасадым. Типографиялармен байланыста болмадым. Олардың кім екенін де білмеймін. Алдыма қойылған міндетті орындаймын деп заң бұзбадым. Телефонмен сөйлескенде жасырынбадым. Нөмір ауыстырмадым. Қылмыс болып саналмайтын дүниені жасырып қайтем? Алайда, тергеу мен сот тәжірибесіне қанық адвокат Агенттікті модернизациялау мотивтерім мен түйткілді шешуге атсалысуымды Қаржы полициясы және солардың тәжірибесі тұрғысынан жеке басымды байыту үшін қолданған әрекет деп санайтынын түсіндірді.
Бұл адвокатты шынында да өмірімде бірінші рет көруім. Егер тағдыр тәлкегіне түспесем, білмей өтер ме едім? Әрине, адвокаттың бәрі өз ісіне берілген ұстанымы мықты болып кездесе бермейді. Ботагөз атқарған істің көптігіне қарасам, соның бәрі адвокатқа тиесілі ме екен деп ойланамын. Ол бүкіл құжаттарды мұқият оқыды. Жазғанымның бәрін көз майын тауысып зерттеді. Менің кінәсіздігіме дәлел іздеп, кездесші деген адамның бәрімен жолықты. Туыстарыма түрмеде қажет болар деген заттар тізімін жазсам, соны апарып беретін. Маған тамақ таситын. Керек болады деген тұрмыстық заттарды әкеп беретін. Толып жатқан істерге білек сыбана кірісетін.
Қаржы полициясындағы бір тергеуші адвокатым туралы маған ойын ашық айтты: «Адвокатыңыз өте жақсы. Бірақ, әділетті екен».
Маған сондай адам керек, дедім.
Ол ымыраға кеп, келісе алмайды.
Біз ешкіммен ымыраға келуге тиіс емеспіз. Мен кәнісізбін. Соны дәлелдейміз.
Ол кезде шындыққа қатты сеніп ем. Алдан мың күндік түңілу күтіп тұрғанын қайдан білейін?
Ал, бүгін біз жай ғана таныстық. 10 минуттай сөйлестік.
Тергеуге сағат қаншада барасыз? деп сұрады адвокат.
09.00. Соған дейін Премьер-министрге кіріп шықсам деп ем.
Үкімет құрылымы ішіндегі тікелей басшым сол кісі еді.
Ендеше асығу керек. Тергеуге кешігуге болмайды.
Үйге бара жатырмын. Қызым әлі ұйықтап жатыр. Шабаданды ашып тастадым. Тұра сала сыйлықтарды көрсін дегенім. Үкімет үйіне келе жатырмын. Таңғы 08.30. Қабылдау бөлмесінде күтіп отырмын. Адвокат қоңырау шалды. «Қайдасыз?»
Қабылдау бөлмесінде отырмын.
Жақсы. Мен сізді Қаржы полициясының жанында күтем.
Премьер-министрмен кездесу
Премьер-министрге кірдім. Бірнеше жыл қызметтес болғалы алғаш рет көмек сұрадым. Менің тек 5 минутым бар екенін ескерткен.
Не боп қалды?
Менің орынбасарымды тұтқындапты.
Таң қалған кейіп жасады:
Рас па?
Көп жылдық тәжірибесі бар саясаткерлер өз эмоциясын көрсетпейді. Өз басым орталық мемлекеттік органның орынбасарын тұтқындауды Үкімет басшысына ескертпей жүзеге асыру мүмкін дегенге ешқашан сенбеймін.
Ант етейін, біз ештеңе ұрламадық. Баятов санақты басқарды. Мен де, ол да, мердігерлердің қаржыны қолма-қол ақшаға ауыстырғанын білмедік.
Жақсы. Мен бұл мәселені ескерейін.
Ал, орынбасар ше?
Сен орынбасарың үшін де сұрап тұрмысың?
Әлбетте. Ол еш жамандық істемеді. Оның көзіне қалай қарамақпын?
Тергеуші
Тергеушілер әртүрлі болады. Олардың түсінік алуы тәсілдері де қилы-қилы. Қаржы полициясы ғимаратына 09.15 келдім. Кіргізетін қағазды рәсімдеуді күтіп отырмыз.
Тергеуші кім? деп сұрады адвокат.
Шақырту қағазына қарасам Әміров Марат деп тұр екен.
Марат салыстырмалы түрде айтсақ, жақсы тергеуші, дейді адвокат.
Менің түрім бұзылып кетсе керек. «Жақсы тергеуші бола ма?»
Рас-рас, ол басқаларына қарағанда боқтап сөйлемейді, әдепті әңгімелеседі, деп қосып қойды адвокат.
Адвокат сөзінің растығына тергеу барысында көзім анық жетті. Біздер қуықтай кабинетке кірдік. Компьютерде жап-жас, сымбатты жігіт отыр.
Тергеу басталды. Мен үндемей қалсам, адвокат мен үшін жауап береді.
Тергеуші:
Анар Ертөлеуқызына сөз беріңіз.
Ол кезде маған әлі де әкемнің атын қосып айтатын. Себебі, әлі де Үкіметтің мүшесімін ғой.
Адвокат:
Анар Ертөлеуқызы басында сәл қиналыңқырап отыр, деді.
Тек басында ғана қиналмадым. Адвокат әркез не айту қажетін білді. Тергеуші көп сұрақ қойды. Тергеу біткенше сансырап қаласың. Адвокат мұндай істерде маған қарағанда тәжірибесі мол адам.
Мен, әйтеуір, басшы болып жаным қалған секілді. Қызметкерлер жұмыс істеу қиын боп кетті деп айтып жүрді. Себебі, Қаржы полициясы таңертеңге шақырады да, күні бойы сарылтып дәлізде күттіртіп қояды. Тергеуге кешке таман бір-ақ кіргізеді. Бірақ, менің қолымнан түк келмеді. Құқық қорғау органдары басқа органдардан бір саты жоғары тұрады. Егер олар елдің көзінше біреуді айыптаса, ары қарай тоқтамайды.
Тергеуші шын мәнінде әдепті екен. Өзін өте ұстамды ұстайды. Оны маған арнайы тағайындаған секілді. Тергеушілердің бейәдеп қылығына арызданбасын деген ғой.
Бір жолы ғана ашуыма қатты тиді. Кезекті тергеуде жас тергеуші дауыс көтеріп, пафосты сөздер айтты:
Сізге Президент орталық мемлекеттік органды басқаруды тапсырды
Шыдамай кеттім:
Мені бағалайтын адам сіз емес, дегенде дауысым жарықшақтанып шықты. Алайда, адвокат қандай жағдай болса да дауыс көтермеңіз деп ескерткен.
Төрт ай бойы сол тергеушінің тергеуіне барып жүрдім. Төрт жылдан кейін экстрадиция жасалған соң мені тағы да соның алдына әкелді.
2009-жылы тергеу жасағанда ол шындықты түсінуге, анықтауға тырысқан еді. Бірақ, барлық қатысушылардың әрекетін Қаржы полициясының тәжірибесіне сүйеніп қана бағалады. Ол мемлекеттік басқарушылардың арасында пара алмайтындары бар дегенге сенбеді.
Егер мемлекеттік тендер қаржысы жалған фирмалар арқылы қолма-қол ақшаға айналса, онда оларды тек сол мемлекеттік органның басшысы алды дегенге сенеді Қаржы полициясы. Ешкімнің ала жібін аттамайтын, бизнестің салық төлемеу үшін түрлі схемалар жасайтынын білмейтін адал мемлекеттік қызметкер бар дегенге Қаржы полициясы сенбейді.
Төрт жылдан кейін ол ештеңені анықтауға тырысқан жоқ. Менің орынбасарларыма қатысты сот үкімі кесілген. Менің қолыма «Статистер ісінің» 35 томын ұстатты.
Команда
Тергеуден кейін жұмысқа келдім. Агенттікте өлі тыныштық. Ел сыбырласып сөйлесуге көшкен. Сол сәтте тыныштықтың қорқынышты болатынын сезіндім.
Соңғы екі жылда Агенттікте тыныштық деген мүлде болмаған. Тұтас Агенттік бір команда болып жұмыс істеді. Команда жақсы сөз. Команда бәрі бір идеяға жұмылып, бір-бірін қас-қабақтан, ыммен-ақ түсінісе жұмыс істеу.
Жұмысты әр қызметкер модернизацияға қатысатындай етіп ұйымдастырдық. 200 статистикалық форманың бәрін қарап шықтық. Алдымен форманы бас маман оңтайландырды. Сосын бөлім басшысы тексерді, сосын департамент директорының орынбасары, артынша департамент директоры қарады. Форма Ақпараттық-есептеу орталығына өтті. Сол жерден оны электронды түрге айналдырады. Қорытынды жұмысты бірінші орынбасарым қарайтын. Содан кейін бүкіл компания әр форманы жасауға қатысқандар бәрі бірге маған келетін.
Менің қатал бағалаушы екенімді білетін. Формаға статистер көзімен емес, қарапайым қолданушының көзімен қарайтынмын. Сондықтан қызметкерлер қатты алаңдайтын. Бірақ, ол алаң қуаныштың алаңы еді. Әрбірі өзінің ортақ іске үлес қосқанын сезінетін.