Статистика агенттігінің Ақпараттық-есептеу орталығы Алматыда қалған. Сондықтан статистикалық көрсеткіштерді есептеуді ескі әдістермен жасайтын. Әр программистке бірнеше форма бекітіледі. Программист ауысқан кезде жаңа бағдарлама жазылатын. Соның кесірінен электронды ақпараттық базаны жасақтау оңайға түспеді. Агенттіктің сәйкеспейтін мәліметтерін ешкім түзегісі келмеді. Сондықтан Ресейде рейтинг бойынша үшінші боп тұрған IT-компанияны жалдадық. Олар РФ Орталық банкінің мәліметтер базасын жасап берген. Әртүрлі саладан алты түрлі статистикалық формалар таңдалды. Мәскеулік программистер, алматылық Ақпараттық-есептеу орталығы, сосын кейіннен оларға соңғы екі жылда құрылған астаналық Ақпараттық-есептеу орталығы қосылды. Бәрі бірге жұмыс істеді. Жаңадан алғашқы мәліметтерді жинап, өңдейтін IT-бағдарламалар жазылды. Ақырғы мақсатымыз барлық форманы электронды форматқа ауыстырып, Агенттік департаменттеріне қарасты қызметкерлерді статистикалық шығыс деректерді электронды есептеуге оқытқымыз келген.
Параллельді түрде құрғақ статистикалық цифрларды жинақ, буклет, Статистика агенттігі мен өңірлік кеңселер сайттарына көшіріп басып, ел көретіндей жасадық. Бұны шақыртылған финн сарапшысымен және Норвегияның Орталық статистика бюросымен бірлесе отырып жүзеге асырдық.
Лауазымына қарамастан Агенттіктің әр қызметкеріне жаңа идеясы бола қалса, маған келуге рұқсат болды. Төрт жылдан кейін сотыма келген Статистика агенттігінің бір департамент директоры сөз сөйлеп тұрып:
Біздің идеяларымызды жүзеге асыруға жол ашты. Кімнің қандай бастамасы болса-дағы, бәріне карт-бланш берді. Меніңше, сол кез Статистика агенттігінің алтын кезеңі болды, деп еді.
Шығармашылық еркіндік болды. Қызметкерлер жұмысқа қуана келетін. Мемлекеттік органдарда мұндай атмосфера жиі кездесе бермейтін.
Бірінші орынбасар
Мұндай атмосфераны жасап, әрдайым қолдау білдіретін бірінші орынбасарым Біржан еді. Оның аты да өзінің рөліне сай еді. Біржан десе, Біржан еді. Біз қызметкерлердің тату болғанын қаладық, Агенттіктің жаны бір болсын дедік.
2007-жылы Агенттікке Президент әкімшілігінен бірге келгенімізде жұмыс деген бастан асатын. Мәселен, Агенттікті Алматыдан Астанаға көшіру керек, жаңа есептеу орталығын жасақтау, статистиканы электронды форматқа көшіру, жаңа маркетингтік стратегияны жасау, құрылғыларды жаңарту, қызметкерлер мен статистиканы қолданушыларды оқытатын орталық ашу. Агенттікті ішінен толықтай реформалау керек еді. Статистикалық қызметтердің жаңа имиджін қалыптастыру қажет болды. Қызметкерлердің тең жартысы жылы Алматыдан желі аңырап тұратын Астанаға көшкісі келмеді. Біржан күн сайын тізімдеп алған міндеттерін нақтылап алуға кіретін.
Менің мәскеулік ауқымды мәселелерді шешу тәжірибемнен кейін бәрі тез әрі тиімді шешілуі керек болатын. Жалпы екі күнде бітіруге болатын нәрсені не үшін екі аптаға созатындарды мүлде түсінбеймін. Жұмысымыздың нәтижесі БҰҰ Еуропалық Экономикалық Комитеттің Статистикалық департаментінің Жаһандық бағалауында көрсетілген. Қазақстанның Статистика агенттігі өзге елдер он жылға созатын реформаны небәрі 2,5 жыл ішінде жасады. «Бағаланды», әрине, сын да айтылды. Бірақ, мен сол бағалауды ашық түрде ЕЭК және біздің Агенттіктің веб-сайттарында жариялап қоюға рұқсат бердім. Посткеңестік аймақта мұндай есепті ашық жариялаған бірінші ел болдық. Осы ашықтық кейін өзге елдердің де осы тектес есептерді ашық жариялауына түрткі болды.
Міндет тым ауқымды болып кетсе, Біржан орнынан тұрып: «Мен өз-өзімді атуға кеттім», деп шығып кететін. Бірақ, бір қызығы сол міндеттерді мен көрсеткен мерзімде бітіріп үлгеретін.
Ол менің барлық тапсырмамды бұлжытпай орындайтын. Өзінікін ойлап табатын. Өңірлерден перспективалы қызметкерлерді тауып алатын. Департаменттермен қызу жұмыс істейтін. «Электронды» деп басталатын мәселенің бәріне жауапты болды. Қызметкерлерге спорттық демалыстар ұйымдастыратын. Отбасының ұйытқысы еді. Келіншегі де өте белсенді болатын. Екі кішкентай ұлы болды. Әйелінің қолы бос болмай қалса, балаға өзі қарайтын. Кейде жұмысқа ертіп әкелетін. 2009-жылы мамырда дүниеге қызы келді. Бүкіл Агенттік қуанып, сүйінші сұрасқан.
Тұтқындау
Маусымда Біржанды қамады.
Тергеу Біржан менің көңілдесім болды деген сөзді шығарды. Ақылға қонымсыз. Қолдарында бүкіл әңгімеміз тыңдалған, аңдылған мәліметтер бар. Мұндайды қалай ойлап тапқаны түсініксіз.
Егер қызметкерлер бір команда болып жұмыс істеп, бір-бірін қас-қабақтан түсінсе, қолдаса ендеше мекеме тиімді жұмыс істейді деген сөз. Басқа түк те емес.
Біржанның келіншегі оны тұтқындаған соң қоғамдық қорғаушысы болып рәсімделді. Оны күнде көру үшін, қорғауды өзі ұйымдастыру үшін солай етті. Балаларына әкесі оқуға кетті деп айтты. Балаларына айтпай, өзі күйеуіне түрмеге қажетін тасыды, лагерьге де барып тұрды.
Мені Агенттікке тағайындаған соң Біржан екеуміз қызметкерлердің дені жұмыс істеп жатқан Алматыға бардық. Агенттік ғимараты сұп-сұр, суық еді. Қызметкерлерге жиналысты бірінші қабаттағы холлда жасауға мәжбүр болдық. Статистиканы дамыту үшін қандай стратегияны жүргізетінімізді айттық. Сосын барлық кабинетті араладық. Бір бөлмеде шаң басқан сөреде дискілер жатты.
Бұл не?
Статистика. Көп жылдан бері жиналған мәліметтер.
Қалай статистика? Өрт шықса ше?
Үнсіздік.
Қайтар жолда деректерді бұлай сақтауға болмайды деп шештік. Келесі жылы Агенттікке IT-қауіпсіз бөлмесін сатып алдық. Оны жасақтаған соң төртінші қабатқа көруге шақырды. Қабырғалары, едені, төбесі бастан-аяқ герметикалық қорғаныш, вентиляциясы бар. Бұл бөлмеге өрт те, жер сілкінісі де қорқынышты емес. Соның ішінде қаз-қатар серверлер орналастырылды.
Бір жылдан кейін Санаққа байланысты сақтайтын деректер көбейді. Қорғаныш бөлмеге қосымша сервер кіргізу қиындық туғызды. Агенттік ақшасын үнемдеп, екінші IT-қауіпсіз бөлмені сатып алды. Құрылғылар уақтылы келді. Бірақ, сол құрылғыны құрып беруге тиіс испандық инженерге Қазақстанның Мадридтегі елшілігі виза бермей қойыпты.
Елшіге хабарластым.
Сәлеметсіз бе?! Статистика агенттігінің төрайымы Мешімбаева Анар.
Сәлеметсіз бе?! Өте қуаныштымын.
Қазір Халық санағын жүргізіп жатқанымыздан хабарыңыз бар ғой?
Әрине. Өте маңызды шара. Елшілікте де санақ уческесі болады.
Санақ деректерін сақтайтын сервер сатып алып едік. Соны IT-қауіпсіз бөлмеге орналастыру қажет. «Бөлме» келді. Ал, соны құратын инженерге сіздер виза бермей қойыпсыздар.
Неге ертерек хабарласпадыңыз?
Сіздердің виза бермей қоятындарыңызды білмедім ғой.
Тағы бір рет өтініш берсін. Міндетті түрде виза береміз.
Жоспарланған уақыт өтіп кеткен соң, инженердің басқа шаруасы шығып қалды. Ол Қазақстанға кешігіп келді. Сол уақытта ҰҚК әлдекімдердің түртпектеуімен бөлмеге сүргі қойып кетті. Енді бөлмені құрау мүмкін емес боп қалды. Ақырында бұл маған қатысты қылмыстық істің екінші «эпизодына» айналды.
Мен құрылғыны қабылдау актісіне, оны қолданбай тұрып қол қойғанмын. Елдегі бюджет желтоқсанның соңында жабылады. Актіге қол қоюым қажет болды. «Бөлмені» құру мәселесі созылып кетті. Бірақ, мәселе шешілді, мен одан еш проблема көрмедім. Алайда, «бөлмені» сүргілеп кету, оны құруды мүмкін емес етті. Сол бөлменің құрылмағаны маған қарсы айыптаудың бір бөлігіне айналды. Ақылға қонымсыз. Саналы адам үшін бұл қисынсыз нәрсе. Ал, құқық қорғау органдары үшін бұл қылмыс.
Бюджеттік реформа басталып, ақырына жетпеді. ПӘ істеп жүргенімде бюджеттік жоспарлауды реформалау тәжірибелерін зерттеу тобымен бірге бюджеттік жүйесі тиянақты елдерге барып көргенмін. Сол елдердің тәжірибесі бойынша бізде де үш жылдық жылжымалы бюджет қалыптасуы тиіс еді. Яғни, бір жыл бойы жүргізілген іс-шара келесі жылға автоматты түрде (бұл қылмыс болып саналмайды) көше береді. Бір бағдарламаның ішінде қаржы қайта бөлініп (бұл да қылмыс емес) қарастырылады. Біздің елде үш жылдық бюджетті бекітті. Сонымен реформа бітті.
Актілерге желтоқсанда қол қойғаным да қылмыс болып шықты. Біздің бюджеттік жүйе заң бұзушылықты жасау үшін арнайы ұйымдастырылған сияқты. Неге өнім кешігіп жатса, актілерге қол қоюды келесі жылға заң жүзінде жылжытуға болмайды? Не сен жұмыс істейсің, не нұсқаулық бойынша қарап отырасың. Бюрократиялық жүйе адам амалсыз заң бұзатындай етіп жасалған.
Біржанның Агенттіктегі басты міндеті ақпараттық технологиялар еді. «Халық санағы мен тұрғынүй қоры» іс-шарасында Біржан деректердің тек электронды өңдеуіне ғана жауапты еді. Санақ департаментінің дайындық жұмыстары созылып кеткендіктен, осы департаментпен жауапты хатшының нашар коммуникациясынан соң, Біржанға Санақты «құтқаршы» деп мен өзіне қатысы жоқ уческені басқаруын өтінген едім. Өзім де санақтың сауалдары мен санақ жүргізушілердің нұсқаулығын реттеуге қатыстым.
Ол санақ бланктеріне тапсырыс беретін тендердің техникалық тапсырмасын даярлаған. Оны сол үшін тұтқындап, соттады. Екі жарым жыл қарқынды жұмыс істеп кеп, марапатына бес жыл түрмеге отырды.
Менің Канададан келгеніме бір апта өткен.
Дүйсенбі күні түстен кейін ол кезекті тергеуге кеткен. Сол жерден смс жазды: «Қаржы полициясы Баятовты тұтқындағаны туралы ақпаратты БАҚ-қа жариялапты».
Бұл өте жаман хабар еді. Санақты өңдеу әлі жүргізіліп жатқан. Қорытынды нәтиже әлі жарияланған жоқ. Мұндай хабар ел ішін дүрліктіріп, санақтың қорытындысына күдік тудыруы мүмкін.
Ақырында солай болды.
Кешкі жетіде смс жаздым: «Өзің тәуірсің бе?».
Жауап: «Иә».
Келесі күні таңертең сегізінші қабаттағы жеделсатының маңында оның жүргізушісі мені күтіп тұр екен. Бір нәрсе болғанын түсіндім. Жүргізуші жаныма жақын кеп: «Біржанды тұтқындады» деп сыбырлады.
Қалайша?
Кешке таман тергеуден кейін босатқан. Түнгі 22.00 қайта шақырып алды. Содан босатпады.
Енді менің екі орынбасарым да тұтқындалды.
Президентке жазған бірінші хатым
Екінші орынбасарымды тұтқындаған соң жағдай мүшкіл бола бастады. Қызметкерлер дәлізге шықпауға тырысатын. Бәрі өз кабинеттерінде отырады. Агенттіктің ұзын дәлізінде өлі тыныштық орнады. Ең көңілшектері арасында жылап алады.
Күн сайын Агенттікті аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргіздім. Өңірлік кеңселердің басшыларына ішкі пошта арқылы хат жаздым. Қызметкерлердің көңіл күйін қадағалаңдар, қолдаңдар, санақтың қорытындысын бітіру керек дедім.
Осы уақытқа дейін Премьер-министрге кіріп шыққанымнан бірдеңе өзгереді деп күттім. Тергеу бәрін дұрыс тергеп, мәселе шешілер деп үміттендім. Бірақ, ештеңе де өзгермеді. Сондықтан енді Президенттен көмек сұрайын деп шештім.
Хат жаздым өте қысқа, бір беттік. Президентке қысқа да нұсқа, анық жазу керек. Көлемді хатты оқып отыратын уақыты жоқ.
«Құрметті Президент. Ант етейін, мен де, менің екі орынбасарым да санақ қаржысын ұрламадық, қаржыны қолма-қол ақшаға ауыстыру схемалары жөнінде ештеңе білмейміз».
Тағы бірнеше жол қостым. Хатты алып Премьер-министрге бардым. Хатты беріп жіберудің басқа амалы жоқ. Әзірге елдегі екінші басшының алдына бара алатын мүмкіндігім болды. Бұлай жалғаса берсе, одан да айырылатын түрім бар
Мен апарып беремін, деді Премьер-министр.
Әйтеуір, маған сенетін шығар деп үміттенем.
Бір аптадан кейін маған Президент әкімшілігінің бір қызметкері келіп: «Президент жиналыс өткізді. Статистер кінәлі емес, бизнесмендердің сазайын беріңдер», дегенді сыбырлап айтып кетті. Мұндай сәттерде елдің бәрі сыбырлап сөйлесуге көшіп кетеді. Немесе мүлде сөйлеспейді.
Сәл де болса, жеңілдеп қалдым. Осымен біткен болар деп ойлаппын. Қаржы полициясы бәрін анықтап, менің орынбасарларымды босатады деп күттім.
Бір ай өтті. Бәрі баз баяғыша. Жүйкем жүн болды. Президентке көлемді екінші хат жазуға оқталдым.
Бір бетке толық түсініктеме бердім. Санаққа дейін жарты жыл ғана қалғанын, елде қажетті көлемде қағаз болмағанын, басатын қуатты типографияның табылмағанын жаздым. Осы проблемаларды шешуге білек сыбана кіріскенімді, санақты орта жолда тоқтатып қоюға болмайтынын айттым.
Тағы да Премьер-министрге бардым. Ол хатты оқыды. Үстел үстіне қойды. «Егер сені тұтқындаса, мен осы хатпен Президентке кірем».
2009-жылы бұл хат адресатқа жетпеді. Мені тұтқындаған 2013-жылы да жетпеген.
Қақпанға түсу
Телефон тыңдалады, электронды пошта оқылады. Менің көлігімді органдардың көлігі аңдиды. Жаяу жүрсем, айналамда бірнеше адам мені бақылап жүреді. Олар көзге көрінбеуі тиіс. Бірақ, мен оларды көремін. Пәтерде отыра беру мүмкін емес. Сыртта қыдыру үнемі бақылауда болу деген сөз.
Таңертең Агенттікке жұмысқа келу. Күндіз Үкіметте жиналыстар, санақ қорытындысы бойынша Ақпараттық-есептеу орталықтарымен жұмыс істеу, тұрақты түрде Қаржы полициясына тергеуге бару. Сыртымнан бағып тұратын жұрттың көзқарасын байқаймын. Қызығып, абайлап, таңғалып, қорқып, аяп, сенбей, жаны ашып қарайды. Өзімді күтіп, бағып, жақсы жүріп-тұруым керек. Байсалды болуым қажет. Менің қазіргі ұсқыныма Агенттіктің бүкіл жұмысы тәуелді. Менің саспай, сабырлы жүргенім түрмедегі екі орынбасарыма жетеді деп ойладым олардың да жүректері орнына түссін.
Жылауға болмайды. Көзім ісіп кетеді. Ұйқы қашты. Тамақ іше алмаймын. Пәтерде де тыңдайтын құрылғы болуы мүмкін.
«Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын» деген мақалға көзім әбден жетті.
Менің достарым
Менің жүз досым жоқ. Одан аз. Бірақ, олар адал дос.
Екі орынбасарым тұтқындалған соң апайым қасыма өзінің қызын жіберді. Немерелес сіңілім. Университетті енді ғана бітірген жас қыз. Аяқ астынан мен күтпеген батылдық әрі қайсар мінез танытты. Оның жастығы, қолдауы, достарының көмегі 2009-жылдың жазын өткеруіме көп септесті.
Жақын құрбым: «Біздікіне көшіп кел», деді. Тату-тәтті отбасының ортасына барып үрей мен күдікті сепкім келмеді. Олар күнде кешке таман маған келіп, тамақ ішкізіп кететін. Бүкіл отбасын ертіп келіп, мені серуендеуге шығаратын. Кішкентай қыздары тәтті қылықтарымен күлдіретін, сондайда қиындығымды бір сәтке ұмытып кетуші ем.
Достарым келіп тұрды. Бәрі де тәулік бойғы бақылаудың бар екенін білді. Дәмханаларға апарып түстендіретін, көңілімді аулайтын. Батыл жандар ештеңеден үрікпейді. Солардың тең жартысы түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер. Бірақ, олар «біз туралы не ойлайды» деп шошымады. Адалдықтары үшін алғысым шексіз.
Шын бақыттың дәмі қандай?
2009-жылдың жазын орталап қалған кез. Таңертең қызметтік көлікпен жұмысқа бара жатқанмын. Бағдаршамда кішігірім жүк көлігінің қасына кеп тоқтадық. Күн шығып, керемет боп тұрған. Жүк көлігінің жүргізушісі жас жігіт терезеден басын шығарып отыр. Бетіне қарадым. Бақытты жүзін көрдім. Осы жігіттің орнында болғым кеп кетті. Ескі жүк көлігін жүргізетін жас жігіт мемлекеттік қызметтің ауыр жауапкершілігін сезінбейтін еркіндік. Бақыт деген жанның тыныштығы.
Кешке таман сол жігіт туралы сіңліме айттым: «Ойында дым жоқ, бақытты боп отыр еді». 2009-жылдың жазында сәт сайынғы мемлекеттік-құқық қорғаушылар қысымынан кейін мұндай алаңсыздықты көру ғажайып болып еді.