Өмір – сынақ - Tigre Rossa Design Studio 6 стр.


 Әркімнің өз өмірі бар, көңіл күйі жақсы болған шығар,  деді менің кішкентай ақылды сіңілім.

Тұтқындау, тергеу, тың тыңдаулардан кейін сондай бақытты адамды көру жарық күнді көргенмен тең еді. Алғаш Астанаға келгенде жасыл жапырақты жаздың ортасында бір-ақ байқағам. Сол секілді. Ол кезде күні-түні жұмыс істей беретінбіз. Көктем қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппын. Негізі алты ай қыстан соң табиғаттың дүр сілкініп, оянатын кезін тамашалауды жақсы көремін

Уақыт қызық өтеді. Өмірдің әр кезеңінде әртүрлі құбылыстарды байқаймыз. Оларды әртүрлі бағалаймыз. Адам жаны бір құбылысты әр кезеңде әртүрлі қабылдайды

Қыркүйек

.

2009

жыл

Санақ бланктерін өңдеу өңірлерде үлкен өндірістік сканерлерде жүргізілді. Мен өңірлерді асықтырдым. Егер санақтың қорытындысын тезірек берсек, бұл орынбасарларымды босатуды жылдамдатады деп ойладым.

2009-жылы бірінші қыркүйекте Президент Парламент сессиясының ашылуында санақтың қорытындысын жариялады.

Бір аптадан соң мені Премьер-министр шақыртты.

 Президент айтты саған уақытша елден кету керек.

 Мен кете алмаймын. Егер мен кетсем, бәрі мені кінәлі деп ойлап қалады. Мұны Президентке айта барыңызшы.

Ол айтып барамын деп уәде берді. Екі аптадан соң нығырлап қайталады: бір-бір жарым жылға кете тұруың керек, бәрі реттелген соң қайтып келесің.

 Кетпеймін десемші?

 Сені тұтқындауы мүмкін. Сонда мен сенің көзіңе қалай қараймын?

 Ал, сіз менің көзіме қарамаңыз.

Адам ойланбай сөйлегенде шындықты айтады. Ол зілсіз қалжыңға мұңая күлді. Не істерімді білмедім. Егер мен кетіп қалсам, кінәлі деп айтары сөзсіз. Адвокатқа келдім. Мен де сыбырлап сөйледім:

 Маған кетіп қал деп жатыр.

Адвокат менің кетуіме үзілді-кесілді қарсы болды. Маған преюдицияны түсіндіріп әлек істі қарайтын барлық соттың міндеті бір, басқа іс бойынша сот үкімі күшіне енсе, фактілерді дәлелін тексермей қабылдайды, тіпті сол адамдар қатысып жатса да.

 Егер сіз кетіп қалсаңыз, орынбасарларыңызды соттайды, қылмыс жасалмады дегенді дәлелдей алмай қаламыз.

 Маған орынбасарларым сотталмайды деп уәде берді.

Қолын көкке көтеріп:

 Біз не істей аламыз? Егер бұл бірінші адамның пәрмені болса.

Кімге сенерімді білмеймін. Сондықтан Түркияға барып оншақты күндей күткім келді. Бәлкім, басшылық менің кетісім туралы шешімін өзгертер деген аңғал ойға бекідім.

Ең ірі деген туристік агенттіктерді араладым. Түркияға турлар ең арзаны. Бірақ, бәрі жабылып қапты. Ақырында сол жаққа ғана баратын чартер рейс табылды. Қайтатын рейс тұрақты түрде. Екі жаққа да билет алдым. Басшылық мені қайтарып алар деген дәмем бар.

Кешке таман қызым екеуміз заттарымызды жинадық. Екеуміздің де орташа шабаданымыз бар. Ешбір күдік тудырмауымыз керек. Ішімде әлдене азынап тұрғандай. Ел басшыларының айтуымен кетіп бара жатырмын, бірақ тек ауызша пәрмен. Алайда, бәрібір жасырынып кетіп барам.

Сол пәрменді сол күйі түсінбедім. Мені елден қуып шығып, бар кінәні маған жаппақшы ма? Әлде мені қуып шығып, бәрін ұмыта сала ма? Басшылық шын мәнінде құқық қорғау органдары тексеріп, анығына көз жеткізеді дегенге сенгім келеді. Сосын мен елге тып-тыныш оралармын.

Қалсам ба? Кетсем бе? 2009-жылдың күзінде бұл сұрақтарға басымды көп қатырмадым. Мен Президентке қатты сендім. Егер ол пәрмен берсе, ендеше тексеріп, анықтайды.

Есесіне кейін көп ойландым. Тексерудің орнына бәрін соттай салды.

Егер мен кетпесем, істің насырға шабуына кедергі бола алар ма едім? Бірақ, қалсам, мені де соттап, бәрімізді лагерьлерге тоғытар еді. Бір ғана айырмашалық болды. Орынбасарларымның балалары аналарымен, олардың әйелдерімен қалды. Менің күйеуім жоқ, қызымның қасында қалатын әкесі болмады. Біз екеуміз ғана болдық. Отбасымыз кішкентай болғанмен, өте тату едік. Қызымның жасы ол кезде небәрі 14-те еді. Жасөспірім кезі.

Менің ата-анам Өскеменде тұрады.

Ала жаздай әкеме Астанаға келуге рұқсат етпедім. Оның да соңына тыңшыларды қояды деп қорықтым. Тура біз ұшып кететін түні әке-шешем туыстардың тойына келіпті. Аз уақытқа болса да кездестік. Бірақ, оларға ұзақ мерзімге кетіп барамыз деп айтпадым. Қоштастық. Демалып келуге рұқсат берді дедім. Екі аптадан соң ораламыз дедім.

Бұл сынақ бүкіл отбасыма ауыр тиді. Әселдің күйі қандай болғанын ол өзі айтып берсін.


Әсел: Өзгеріс

Жаңа оқу жылы басталып жатқан. Сегізінші сынып еді. Көңіл күйім күрт өзгере салатын боп кетті. Бұл жасөспірімдерге тән құбылыс шығар. Мектепке мүлде барғым келмейтін. Осы тілек дүниежүзі бойынша қаншама көп баланы біріктіретінін білсеңіз, таң қаласыз. Қоғамдағы механизм оқу құрылымын қызықты әрі жақсы жағына өзгертуге келгенде сондай жайбасар, сондай күрделі болатыны несі екен? Сабақты ойласам, фәни дүниенің күллі қайғысы мен мұңын арқалап жүргендей сезімде бола берем. Мектеп бағдарламасы маған түк қызық емес еді. Бұл жылы өтетін сабақтарды ойлағанда, уайым кешіп кететінмін. Маған ұнайтын бір ғана дүние жаздық демалыста үйден оқыңдар деген әдеби кітаптар еді. Кітапты мектептегі оқусыз-ақ оқи алатынымды түсінетінмін. Сонда мектеп маған не үшін керек деп бас қатырам. Ала жаздай атам мен апамның үйіндегі демалыстан оралған соң күндіз-түні мектепке бармай қалсам екен деп тілек тілеп, дұға жасадым.

Қыркүйектің бас жағында бір күні анам жұмыстан оралды да, Түркияға демалуға кетеміз дегенде таң қалдым! Қуанышымда шек болмады! Сол сәтте өзімді ғаламды уысында ұстайтын әміршідей сезіндім. Оқу жылының басында кетіп қалу тосын жайт. Әсіресе, оқу өте маңызды деп, себепсіз мектептен қалуға рұқсат бермейтін анам айтып тұрса, мұнда бір гәп бар. Анамның көңіл күйі де бір түрлі еді. Ол өте байсалды болды. Екі апта бұрын ең қажетті заттарды жинап, шабаданды қамдау бұйырылды. Ешкімге ештеңе айтпа деді. Мен айналама не болып жатқанын айтып үйреніп қалғанмын. Сондықтан үндемей кетіп қалу мен үшін ауыр сынақ болды. Бірақ, бұл құпия басқанікі ғой, айтпаймын деп уәде бергендіктен оны орындау оңай. Енді өзгенің алдындағы парыз деген дүние оянды. Екі апта үнсіз жүрдім. Ешкімге қуанышымды да, алаңымды да айтпадым.

Біз түн ішінде жолға шықтық. Бұл маған ұнады. Аспанда қаптаған жұлдыз, әдемі. Бізді апарып салған достар көлігінің соңынан басқа көлік ерді. Ересектер мұны бірден байқады. Ауада беймазалық сезілді. Мен тек өзіме қатысты дүниелерге мән беріп, айналама мүлде бейжай болғаныма таң қаламын. Менің жаңалық оқымайтын әдетім бар. Соның да кесірі тиген болу керек. Анамның ісі туралы түк білмедім. Анам менен ештеңе жасырмауға тырысатын. Бірақ, істің барысын да айтып тәптіштемейтін. Мені мазасызданбасын деп, оның үстіне достарыма айтып, бөліспесін деп ештеңе айтпаған-ау. Анам сырт әлемнің жағымсыз жақтарынан мені барынша сақтауға тырысатын. Содан да болар ғарыштан түскен аңғал қыз болып қалғаным.

Бірде Астанада серуендеп жүргенде, жасым тоғызда болатын, дәу қара ит мысыққа тап беріп, арс еткенде, анам қолымен көзімді жаба қойды. Иттің мысықты талағанын көрмей қалдым. Санамда сол қорқынышты образ қалмады. Анам жылдамдатып мені жетектеп әкетіп бара жатқанда асфальттағы қан-жоса болған жүнді көрдім. Сол нәрсе жадыма жазылды. Біздің өміріміздегі көп жағдай солай өрбіді. Анамның ісіне қатысты мен де дым білмедім. Анам жанымда жүргенде қандай жағдай болып жатқанын онша түсінбеуші ем. Ол менің көзімді қолымен көлегейлеп жүрді. Бірақ, соңында салдарын сезіндім.

2

бөлім.

Қуғын-сүргін

Түркия

Содан, міне, таңғы бесте Астананың халықаралық әуежайында, шекаралық паспорт бақылауында, шекарашы офицердің телефонмен әлдекіммен сөйлесіп болуын күтіп тұрмыз. Ұзақ күттік. Жарты сағаттай өтті. Шамасы, оларға құқық қорғау органдарының басшыларын оятуға тура келді ғой деймін. Мені өткізді.

Ұшақ әуеге көтерілді. Арқадан ауыр жүк түскендей. Тыныстау жеңілдей салды. Төрт айлық тозақтан аулаққа ұшып кеттім.

Бірақ, ол кезде бұл тек бастамасы екенін білмедім

Алғашқы күндері дым бітірмей ертеден кешке дейін құмда жата беретінмін. Бойыма жиналып қалған мазасыздық құмға сіңіп жатқандай.

Қызым теңізден гөрі бассейнді жақсы көретін. Сондықтан оқулықтарын алып шезлонгте жататын. Шомылу киіміндегі қызымның оқулық ұстағанын көрген туристер жаны ашып жымиятын. Тура мектептегідей оқы деуші ем. Тек өз бетіңмен ізденесің.

Ұялы телефон әрқашан жанымда болатын. Маған қоңырау шалып, кері қайт дейтіндей.

Түркиядағы соңғы туристік маусым қазанда. Кішкентай бала көп. Билеп жүрген бөбектерге қарасам, жылағым келеді. Біржанның қызы мамырда дүниеге келді, ал оны маусымда түрмеге отырғызды. Көз жасым өз-өзінен төгіле берді

Бір аптадан соң ешкім қоңырау шалмайтынын түсіндім. Мәскеудегі достарыма хабарластым. Ештеңе түсіндірместен Мәскеуге белгісіз мерзімге келуге мәжбүр екенімді айттым. Тұратын жер керек деп сұрадым. Бағымызға орай, достарымның қаланың шыға берісінде пәтері бос боп шықты. Бірнеше апта сонда аялдай тұруға тура келді.

Туроператорға билетті Мәскеуге ауыстырып беруді өтіндім.

Әсел: Түркиядағы күн шуақ пен оқулықтар

Астанадан Түркияға қалай жеткенім есімде жоқ. Бірақ, Түркияда уақытты қалай өткізгенім есімде. Мен өте бақытты болдым. Күн жылы, су, қонақүйдің жанында шоколад қосылған тәтті құймақтар жасайтын. Қонақүйге жапсарлас салынған демалыс орындары, өрілген кресло, гамак, пальма. Бәрі әдемі. Тек оқулық онша емес. Анам мені мектеп бағдарламасынан қап кетпесін деп әдейілеп сатып алған. Мектеп деген бәле ізімнен қалмай қудалап жүргендей. Анам соның бәрін ақ ниетпен жасаса да, мен үшін оқулық деген таза тозақ еді. Химия мен физиканың заңдылықтарын жаттау, геометрияның теоремаларын білу, алгебраның есептерін шешу, орыс тілінің грамматикасын жаттау, түрлі афоризм мен эпитеттерді келтіруден миым атала болатын. Күн астында миым ашып жүретінмін. Мектептің елесі мәңгілік екенін түсіндім. Мектептің оқулығын мектептен тыс жерде оқу тіпті сұмдық. Мектепте тым құрымағанда жақсы мұғалімдер кездеседі. Оқулықтағы иероглифтерді түсіндіріп беруші еді.

Түркиядағы уақыт зымырып өтті. Тек сабақ оқыған сәттер болмаса. Сосын біз Мәскеуге ұштық. Міне, саған, рахат өмір! Мәскеуде анаммен бірнеше рет болғанмын. Көбіне ары-бері өтіп жүріп, тоқтайтынбыз. Мен үшін Мәскеу әдемі, жақсы, көркем қала болған еді. Жоспардың аяқ астынан өзгере бергеніне қуансам да, аздап үрейлендім. Неге үйге қайтпай жатқанымызды түсінбедім. Мәскеуде қала тұрамыз дегеннен тіпті қорықтым. Ары-бері өту бір бөлек, ал тұрақтап қалу бір бөлек. Адамы көп, үздіксіз қозғалысы бір толастамайтын үлкен қалада өмір сүру қандай? Өте күрделі. Әсіресе, кең даладай, тып-тыныш Астанадан кейін қиындау. Астанада бәрі түсінікті, бәрі қарапайым.


Қуғын-сүргін

Мәскеудегі екінші күн. Таң. Қоңырау шалынды. Сережа мен Оля келіпті. Кіруге уақыт жоқ, төменге түсші дейді. Жылы ақ курткамды киіп, сыртқа шықтым. Екеуі де сұр-қара киімде. Мәскеуде қыс түссе, елдің бәрі қара түсті киімдер киеді. Үнемі. Мәскеудің экологиясы нашар. Қыста оған мұз қатырмайтын зат қосылады. Бұл көшелерге тонналап себетін тұз кристалдары. Қармен араласып, соған сіңеді де, жолдың бәрі қара қошқыл лай боп жатады. Жусаң, әрең кетеді. Аяқкиімдегі, көліктегі, ағаштағы, ғимараттағы, әрине, киімдегі дақтарын кетіру өте қиын. Суық жел соғып тұр. Достарым суықтан дірдектеп тұр. Түрлері де мәскеуліктерге тән сұп-сұр. Ал, мен күнге күйіп келгем. Бір-бірімізді көріп күлеміз. Қайсымыздың басымызға күн туғаны белгісіз. Мені құшақтап, қолыма конверт ұстатты. «Шамамыз келгенше. Мықты болыңдар».

Мемлекеттік қызмет бар уақытыңды сарп етеді. Астанада қызыма түк қарамаған екенмін. Есесіне енді қызыма күнде таңғы ас, түстік, кешкі асты қалауы бойынша пісірем. Бірге серуендеп, театрға баруға қол тиді. Бірге жапондық аниме көріп, асүйде әңгімелесетін болдық. Менің мәжбүрлі айдауда жүргенімнің бір жақсылығы сол еді. Біз баланы тәрбиелейміз дейміз, олар да бізге көп нәрсені үйретеді.

Күн сайын ғаламтордан қазақстандық жаңалықтарды қараймын. «Статистер ісінің» аяқталуын күтемін. Күн сайын бүгін біздің қуғында жүргеніміз аяқталар деген үмітпен оянатынмын. Бір күні қарашада менің үстімнен ашылған қылмыстық іс пен Интерпол арқылы іздеу салған жаңалықты оқыдым.

Енді амал жоқ Мәскеуде қалатындықтан, қанша уақытқа тұрақтайтынымды білмегендіктен, қалай өмір сүрем деп ойландым. Білетін, бұрынғы әріптестермен кездесе бастадым. Жұмыс керек. Бәрі жағдайды түсінді. Менің резюмеммен жұмыс табу оңай. Министрлікте, ірі компанияларға баруыма болады. Бірақ, іздеуде екенімді білген соң бірден бас тартады. «Бұл алдымен өзіңіз үшін қауіпті»,  дейді.

Ресми түрде жұмыс табылмады. Ағылшыннан орыс тіліне аударма жасадым. Экономикалық сараптамалар жасадым. Достарым көп көмектесті. Қызымды мектепке жіберіп, аптасына екі рет Юля мен Филға қонаққа барам. Жолға екі сағат шығындаймын. Мәскеу үлкен қала, кейде жолға жарты күнің кетеді. Сондықтан жолда көбісі кітап оқиды, не телефон шұқылайды. Келгенше шаршап қалам. Фил Ресей азаматтығын алмаған, сондықтан үйден онлайн жұмыс істейтін. Соның кесірінен белі ауырып, үшеуміз солардың бір бөлмелі пәтерінде цигун жаттығуларын орындауға көштік. Күлкілі әрі көңілді еді. Олардың кішкентай қызы Соня «отырып жасайтын жаттығу» кезінде біресе әкесінің, біресе шешесінің арқасына мініп алатын. Мен оларға жарты жыл бойы барып жүрдім. Сосын олар Англияға көшті.

Күтумен кешкен ғұмыр. Күту ұзаққа созылды. Күндер, айлар, жылдар. Ғажайыпты күттім. Қазақстанның құқық қорғау органдары бәрін анықтар деген ғажайыпты. Соны жариялаған күні қызым екеуміз елге кетеміз деп күтуші ем.

Әсел: Бірінші сұмдық

Менің аз өмірімде өлгім келген екі жағдай болды. Мәскеудегі алғашқы екі ай сондай ауыр кезең болды. Мектепке барғым келмейді деген жетінші сыныптан басталған қиғылығым сол күзде әншейін ойыншық боп қалды.

Қорқынышты түс көргенде денеңді зіл-батпан басып, бастырылып қала беретін, тұйық кеңістікте қап кететін сәттер болады ғой. Мәскеудегі алғашқы екі ай сондай ауыр болып өтті. Сол қорқынышты түстерді еске алатын адам түсінер. Әрине, көп адам бұдан да ауыр қиындықты бастан кешеді. Бірақ, менің өмірлік тәжірибемде сол күндер ең ауыр күндер болған екен. Әзірге, мен көрген ең ауыр қиындық тек сол күндер болғанына шүкір.

Біз аядай пәтерге қоныстандық. Хрущевка болғандықтан асүйі тіпті тар. Екі адам зорға сияды. Залда созылатын диван. Диванды жазғанда төрде тұрған жазу үстеліне бір адам әрең өтетін. Себебі, қарсы қабарғада шифоньер тұратын.

Көшеге көп шығуға рұқсат жоқ еді. Анама іздеу салған. Орталыққа бармайтынбыз. Мен үшін ең күшті демалыс іргелес жатқан Макдональдсқа бару еді. Бағыма қарай, өзімнің үлкен Asus ноутбугымды ала шыққанмын. Интернетке шыға алатынбыз. Анам жаңалық аңдитын. Мен әлеуметтік желіде отыратынмын. Шын мәнінде анам онда отыруға тыйым салатын. Неге тыйым салатыны түсінікті. Менің ВК-дағы парақшам арқылы, сонда хат жазысқан достарым арқылы бізді тауып алуы мүмкін еді. Бірақ, мен ол кезде шын қауіпті түсінбеппін. Анам асүйде, не ұйықтап жатқанда ВК-ға кіріп тұратынмын.

Көп уақытым сабаққа кететін. Қазақша оқулықтарды өртеп тастағым келді. Анам бір тараудан соң екіншісін оқуға көмектесетін. Тар пәтердің тымырсық ауасында миым бұрынғыдан да нашар істейтін. Оқудың еш пайдасын көрмедім. Оқуға деген ниеттің болмауы, мені тоқырата берді. Терезенің сыртында сұп-сұр әлем. Түк білмеген кездерімде анам ашуланатын. Анамның ашуынан қатты қорқатынмын. Әдетте мейірімді болатын анаңның ашуынан жаман ештеңе жоқ. Мен өксіп-өксіп жылайтынмын.

Назад Дальше