Легенда о Теле - Тебериков Абдраш Косбармакович 2 стр.


А.Байтұрсынов, М.Дулатов елді ағарту, саяси оқыту, өсіру, өзінөзі тануына мүмкіндік көрсетуге арнап құрған «Еркін Дала» бірлестікке кірген Тел оның да жұмысын басқарады. Осындай қадамдармен «Алаш» қозғалысы басталған еді, оның бас мақсаты тәуелсіз қазақ мемлекеті, демократиялық республика. Осы қайнаған қазандай жұмыс ортасында Телдің өз орны бар болатын. Ол әрдайым «Алаш» партиясының алдыңғы қатарында табылатын. 1917 ж. 1-2 сәуірінде Торғай облысының қазақтар съезінде «ұлтшыл студент» деп жазылса, сол жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен, бірінші бүкіл қазақтар съезінде

Торғай облысының өкілі деп қатысты, ол А.Байтұрсынов,

А.Бірімжанов, С.Досжанов, Г.Темиров, Е.Оразов, А.Бөкейхановтармен қатар Бүкілресейлік съезіне депутат ретінде сайланды. Бұл съезде «Алаш» партиясының құрылғаны бекітілді. Сол жылы 20-25 тамызда Ақтөбеде өткен Торғай облысының қазақтардың екінші съезінде Тел хатшы ретінде,

А.Жөндебаевпен бірге ұйымдастыру, өткізу, хаттамалық шешім шығару жұмыстарын жүргізді. Партиядағы міндетін, ол Ырғыз уезінің жер комитетінің бастығы ретінде, шаруашылық жұмыстарын қатар алып жүрді. Тарихи тығыз уақыт шеңберінде динамикалық тез шешімдерді қабылдау қажет еді. 1917 ж. 5-13 желтоқсанда өткен Екінші бүкілқазақтар съезінде «Алаш» автономиясы қазақ ұлтының территориалдық мемлекеті деп жариаланды. Атқарушы Уақытша Ұлт Ұйымы сайланып, оның төрағасы ретінде А.Бөкейханов бекітіледі. Бұл шешімге Лениннің большевиктер партиясы қарсы шығады. Олар осының алдында октябрь төңкерісін жасап, А.Керенскийдің Уақытша Үкіметін алып тастаған болатын. Ырғыз, құлаған Ресей империясының басқа да жерлері сияқты, жаңа мен ескі үкіметінің таласқан майданына айналады (қызыл мен ақ). С.Сейфуллинің «Тар жол тайғақ кешу» кітабында бір беті толық ырғыз даласындағы Алашорда қозғалысына арналған, оның басында тұрғандардың бірі Т.Жаманмұрынов. С.Сейфуллин өзі бірден большевиктер қатарына кірген еді, бірақ репрессиядан ол да құтыла алмады. Отызыншы жылдары кітаптағы айғақтар тұтқындалған алашордалықтарға қосымша кері әсерін тигізді. Ол басқа әңгіме.

Тел Орынборда оқыған кезде өзінің революциялық жолын большевиктердің үйірмесінен бастаса да, кейін Қазақстанның болашағы автономияда, тәуелсіздік демократиялық республикада екенің түсініп, «Алаш» партиясын қолдайды.

1918 ж. маусымында Ырғызға атаман Дутовтың отрядтары кіреді. Уезд басқару комитетінің барлық мүшелері (арасында Т. Жаманмұрынов бар) тұтқынға алынып, ату жазасына кесіледі. Бұл шешімді аяғына дейін жеткізуге үлгермейді, тек далада ұсталған Сатыбек Түнғазинді, «ақтар» шауып өлтірген. Ауыл халқы, тұтқындардың жерлестері, туыстары қарсы шығады. Әжемнің айтуынша, халық емшісі, бақсы Әбу деген кісі, түнде күзетшілердің «көзін байлап» (мүмкін гипноз ба?) тұткындарды босатады. Әбу туралы елде көп аңыз бар, ол кісі атылған оқты қолмен тоқтата алатыны туралы да айтатын. Ырғыз ауылының мұражайында ол адамның болғанын, сол жерде сақталған өмірбаяны дәлелдейді. Тел үшін қиындықтар бітпей, баласымен әйелі аурудан көз жұмады. 1918 ж. аяғында Тел атқару комитетінің төрағасы болуынан бас тартады, оның себебі орталық большевик партиясының жіберген үкімдермен көп келіспеуі. 1919 ж. көктемінде өткен Үшінші уезд үкімінің съезінде, білікті маман, белсенді қызметкер болғандықтан, оны уезд ревкомның төрайымының орынбасары және земкомның бастығы жұмыстарына қайта сайлайды. Жаңа үкіметпен келіскен үшін, Ырғызға кірген атаман Могилев «ақтар» отрядының әскери сотының үкімімен 15 розгі сабауын алды. 1920 ж. ақпан айына дейін Тел «Алаш» партиясындағы әріптестері: К.Сейдалин және Т.Шонановпен, Ырғыз ақтардан босағанша, Торғайда жасырынады. Белгілі бір себептермен, одан әрі өзінің алашордамен байланысын көрсетпейді. 1919 ж. 4 сәуірдегі және 1920 ж. 15 сәуірдегі Бүкілресейлік Орталық большевик партия комитетінің шешімдері бойынша «Алаш» партия мүшелеріне амнистия жарияланды, олар ЭКП(б) кіре бастады. Тел жұмысшы- шаруалар инспекцияның және статбюро бастығы жұмыстарында жүріп, 1920 ж. коммунистер партиясының мүшесі болды. Бұл шешімге 1920 ж. 26 тамызда Қырғыз (Қазақ) автономиялық совет социалистік республика деп аталған. «Алаш» партиясының мақсаты жақындай бастаған сияқты. Алдағы келер қиын заман трагедиясын ешкім сезген жоқ. 1921 ж. сәуірде білікті шаруашылық маман ретінде КирЦИК Телді Қазақстанның астанасы Орынборға шақырып алады, оны Халық комиссарының орынбасар жұмысын атқарушысы және Наркомземнің мүшесі болуын бекітеді. Жаңа орынға ол жалғыз емес, он бес жасар әйелімен Сарыбатырова Айғаныспен (нағашы әжемізбен) барады. Әжем ол кездегі көзқарасымен, сауатты адам, ахуалы жоғары, білімді отбасында дүниеге келіп, оқу, қолөнер шеберлігін жақсы меңгерген. Адами қасиеттері: ақылдылығы, мейірімділігі өте биік кісі. Арабша оқи алатын, есте сақтау қабілеті жақсы еді. Өмірінің соңғы күніне дейін (87 жас) ақыл ойы анық, шатаспай әңгімесін айта беретін.

1921-1929 жылдары лауазымды орында болған Тел автономиялық республиканың шекара демаркация, ашаршылықпен күресу комиссиясының жұмыстарына қатысады. 1921-1922 жылдарындағы ашаршылық 1,5 миллион қазақтың өмірін қиды. 1921 ж. 10 желтоқсанда құрылған комиссияға кіргендердің арасында А.Жангелдин, М.Ауэзов, Алманов, Асылбеков, А.Кенжин, А.Байтұрсынов, А.Байдилдин, Толеповтар бар. Комиссия амалдарды қарастырып, нақты шешімін: колхоздар құрып астық пен бақша егілу жұмыстарын жүргізу керектігін көрсетті. Инженер-мелиоратор ретінде Жаманмұрынов Тел осы жұмыстарға белсенді қатысты.

Егіндерді суаландыру үшін водозабор, бөгеттер, плотина, дамба, каналдарды проектеу, құрылыс жасау жұмыстар жүргізілді. Осы жұмыстар көмегімен Ақтөбе облысында тары егіліп, майда бөгеттер арқылы балық өсүру мүмкіндіктер ашылды. Қазақстан суармалы егіндікке көше бастады. Тек Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында Жаланаш, Құттыкөл, Қасқатай, Масақ, Ақтүбек, Соркөл бөгеттері соғылды оларды халық Тел бөгеттері деп атайды. Сол бөгетті көргендер, «Тел құрылысты ақ зіңгір костюм киіп атқа мініп аралайтын» деп айтатын. Жұмысқа ықылассыз қараған адамға қамшысын да көтере алатын. Геодезиалық құралдар жетіспегендіктен, өзі ластанам деп қорықпай, жерге жата салып планировкасын жүргізетін. Телдің сөзіне бәрі құлақ асатын, айтқаның дәл орындайтын, онысы білімді, мейірімді адамға деген халкының құрметі еді. Гидротехникалық, мелиоративтік жұмыстар Қазақстан бойынша барлық жерде өткізілді, сол жұмыстар басында Жаманмұрынов

Тел де тұрған. 1927 ж. Совет Үкіметінің стратегиялық жобасы Қазақстан, Орта Азия, Сібір қосатын Турксиб құрылысы жүрген кезде, темір жол мен оның инфраструктурасына жер бөлу, топографиялық және геодезиялық зерттеу жүргізу мәселелерін шешті.

Жақында тарихшы-ғалым С.Смағұлов ҚазССР Орталық комитетінің мұрағатында табылған мәліметі бойынша, Жаманмұрынов Тел, жас Республикасының бірінші Жер кодексін құрастыруына қатысы бар екендігін анықтады. Комиссия мүшесі ретінде Телдің үлесі бүкіл зерттеу, талғау, таңдау жұмыстарына жауапты болған. Алматы қаласына көшкеннен кейін Телді КазССР статистика басқармасы бастығының орынбасары, одан кейін Госпланның президиуымының мүшесі, ауыл шаруашылық секциясының бастығы болып тағайындайды.

1929 жылы «бай элементтерден», «ұлтшылдардан» партияны кезекті тазартуы кезені келді. Қазақ крайды атқарушы комитетімен ВКП(б) ревизиялық комиссиясының мүшелері «алашорданың» бұрынғы басшыларын, сол уақытта республикадағы лауазымды қызметкерлерін, тексере бастады: К.Арғынғазин, А.Бөкейханов, Т.Жаманмұрынов, М.Жолдыбаев, А.Мусин, Т.Рыскулов, М.Саматов, А.Сеитов, А.Сейдалин, А.Кенжин, К.Тоқтыбаев, А.Байділдин және т.б. бәрі де ОГПУ НКВД тексерісінде еді. 1923 жылы Телге ойдан шығарылған жала жауып, «жұмысындағы жауапсыздық үшін» деп партиядан шығарды. Кейін 1925 жылдың 17 қыркүйегінде ЦИК ВКП (б) 328 протоколы бойынша партияға қайтарылған болатын. 1930 жылдың басында Ақмола округіне жол сапармен барған ол «хлебозаготовка» жоспарына сенімсіздік танытты деп тағы айыпталады, сот оны ақтап, облыстық бақылау комиссиясы қатан сөгіс жариялады. Телдің сенімсіздік білдірген Голощекиннің

«хлебозаготовка» жоспары елді ақыры ашаршылыққа апарды, республиканың жарты халқы қырылды.

1931-1932 жылдарының ашаршылығы 2 200 000 қазақтың өліміне, бір миллионы ашаршылықтан қашып, отаның тастап кетуіне мәжбүр етті. 1921-1922 ж. ашаршылыққа қарсы күресте тәжірибесі бар деп, Совнарком оны көшпенді- қазақтарды колхоздарда тұрақты жерде ауыл-шаруашылық жұмыстарды бірігіп істеуге жұмылдыруға шақыратын комиссиясының төрағасы ретінде тағайындады. Бұл қиын тапсырма тек 1934 жылы орындалды. Телді тағы кезекті жоғары жауапты міндетпен Ақтөбе облыстық жоспар комитетінің төрағасы жұмысына жібереді. Осы жердегі үш жыл жұмысы облыс дамуына көп үлес қосты. Жиырмасыншы жылдары өзі бастаған гидромелиоративтік құрылыстар өз жемісін әкелді. Суарылған жерлерде тары егістер пайда болды, малға шөп өсіріп-оруға қолайлы жағдай туындалды, бөгеттердің арқасында жасанды көлдерде балықтар өсірілді. Елдің айтуынша, Тел құрылыста, егінде жиі жүретін. Облыстан тары егісте жұмыс жасаған жаңа еңбек ерлері шықты. Рекордты астық жинағандардың қатарында Ш.Берсеев, О.Аманбаев, К.Белесов, А.Беристенов болды. Рекордтан да жоғары бағалауға тұратындай мәлімет отызыншы ашаршылық жылдары Ырғыз ауданында бір де бір адам аштықтан өлген жоқ, ауылдан кеткен жоқ. Себебі ел тарымен бақша дақылдарын жинап, балық ұстаумен аман қалды. Мұны ел ұмытпаған. Бүгінге дейін атасынан баласына айтылып келе жатқан шындық. Бұл туралы тақырыпты кейін жалғастырармын. Жаманмұрынов Телдің қатысқан үлкен жобасы ол Қазақстанда, Қарақалпақстанда түйе малын өсіру. Бұл шешім Мәскеудегі Ауыл- шаруашылық наркоматында қабылданды. ЦИК ҚазССР-ң төрағасы У.Құлымбетов, Телдің жерлесі әрі досы СНК РСФСРнің төрағасы Т.Рысқұловпен келісіп, 1936 ж. түйе малын ғылыми-зерттеу институтының директоры Жаманмұрыновты Мәскеуге шақыртып, бір топ мамандарды басқарып Монғолияға баруды ұсынады. Іс-сапардың мақсаты: Қазақстанға селекция жүргізү үшін 8,5 мың түйе әкеліп мал базысын құру, соның көмегімен ашаршылықпен күресу мәселесін толық шешу, оған қоса шөлдала жерлерде мал өсіріп, жартылай көшу шаруашылыққа жол беру. Бұл іссапар сегіз айға созылып, жақсы жұмысы үшін Наркомзем СССР Жаманмұрынов Телді жеке «ГАЗ М-1» (халық аузында «м-ка») маркалы автокөлікпен марапаттады. 1936 жылы СССР «ГАЗМ-1» автокөлікті бетке ұстар алдыңғы қатардағы передовиктер, мәдениет қызметкерлері, партия номенклатурасы, зауыт директорлары және әскери басшылары үшін шығара бастаған.

1937 жылы маусымның 5-12 күндері аралығында Алматыда өткен КП(б) Қазақстанның бірінші съездінде ЦК бірінші хатшысы Л.Мирзоян осы еңбегін бағалап:

«Жаманмурунова послал в Монголию за верблюдами Крайком, и, надо сказать, Жаманмурунов выполнил это задание, верблюдов привез, ни один не подох» деп айтқан болатын. Мәскеуде іс-сапарлармен болған кезде Тел Коминтерн мектебі (ХХ ғ. ортасында бүкіл халықаралық ұлттардың бостандық күрестердегі басшыларын дайындаған) жаңында совет партиялық қызметкерлеріне арналған қысқа мерзімді курстарда оқыды. Бұл жерде оның Совнарком СССР төрағасы В.Молотовпен (онымен 1912 ж. Санкт-Петербургтің техникалық институтында бірге оқыған) қатынастары жалғасады. Кейін бұл таныстық Жаманмұрыновтың отбасына сәл де болса жақсы әсерін тигізеді. Сол жылдары, 1934 жылы орын алған бір оқиға болды. Кезекті іс-сапардан келе жатқан Телді, Әулие-Ата (қазіргі Тараз қаласы) станциясында ОГПУ көлік бөлімінің қызметкерлері тұтқындап, пойыздан түсірді. Пойыздағы жолаушылардың бірі, Телдің тапаншасы бар екенін байқап, органдарға хабарлаған. Ол жылдары, жоғары партия- шаруашылық қызметкері ретінде, әскери адам болмаса да, оның оқ-қару ұстап жүруге рұқсаты болған еді. Телді мән- жай анықталғаннан кейін босатқан болатын және де бұл оқиға кадрдағы жеке папкасында сақталған.

Қаралы, жаппай репрессияға толы 1937 жыл да келді. Тел Монғолияда жүрген кез. Мемлекетте болып жатқан саясаттық өзгерістер туралы хабарда еді және оған елге қайтпауына кеңес берілген болатын. Ол өзінің жазықсыздығына сеніп, бұл кеңесті елеген жоқ. Монғолиядан оралғаннан кейін, араға он күн салып Мәскеуге есеп беруге кетіп, сол жерде бір айға қалады.

Мәскеуден келгенде, оны Алматы темір жол вокзалында тұтқындау ордерімен НКВД қызметкерлері күтіп алады. ҚазССР азаматы саясат тұтқындау ретінде, 1937 ж. мамыр айында, бірінші болып қамалған Т.Жаманмұрынов болды. Жыл сайын, 31 мамыр, біздің мемлекетте саясат қуғын ретінде «репрессияға ұшыраған адамдарды еске алу» күні деп белгіленген. 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда саясат тұтқындар саны 105 000 адамға жетті, соның ішінде 25 000 адам ату жазасына кесілді.

Қазақстандағы көптеген лагерлерге бүкіл Совет Үкіметінен бес миллионнан астам адам айдалды. Революция өзі жасаған, өзі туған балаларын аямай жұтты. Жаппай «халық жауы» деп жала жабу ауыр кезеңі орын алды. 1928 жылы басталған бұрыңғы

«алашордалықтардың» М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтардың қамаулары жалғастырылды. 1937-1938 жылдары «ұлтшылдық және шпиондық әрекеттері үшін» деген айыппен А.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, А.Ермеков, Х.Досмухамедұлы және басқалар қамауға алынды. Олардың ішінде «Алашорда» партиясындағы әріптесі Т.Жаманмұрынов та бар. Репрессиялар республикамызға демографиялық және интеллектуалдық зиянын әкелді. Ортадан нағыз мамандар жойылды.

Өмірдің заңдылығымен, мен репрессияға ұшыраған адамның немересі, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің (МҚК) кадр офицері, Республикамыз тәуелсіздігін алған бірінші жылдарында оперативтік мұраларға кіретін рұқсат алдым. Сталинге «культ личности» деген баға, «Алашорда» партиясы ақталып кеткеніне көп уақыт өтсе де, репрессия туралы деректер толық ашылмаған. Күмән тудыратындай жағдай «қайта құрылымдау» заманына дейін жалғасты. Телдің жақын туыстарына, әйеліне, балаларына бұл жағдай өзінің ауыр әсерін тигізбей қоймады. Жағдайдың шеті немелеріне тиді. ХХ ғ. сексенінші жылдардың аяғында менің бөлемді келешегі бар инженер, жас маман, еліміздің басқа облысындағы МҚК жұмысқа кандидат ретінде қараған еді. Минскіде МҚК СССР Жоғары курстар комиссиясы «атасының ақталғаны туралы анықтамасы жоқ» деп, оқуға қабылдамады. Кезінде, мен құжаттар жинағанда, Капитан А. маған жаны ашып, сауалнамада атаң туралы деректерді көрсетпе деген. Бірнеше жыл өткенде, 1986 жылғы желтоқсанынан кейін, орталықтан келген МҚК жоғары шенді кісі: «товарищи, надо признать, казахский национализм все еще существует» деген еді. Бұл сөзді құптамаған бір топ офицерлер, оның ішінде офицер А. (майор шеніне дейін өскен) органнан кетті. Алпыс жыл өте, менің алдымда 1937 жылдың 31 мамырында ашылған 1102 қылмыстық істің бірнеше топтамасы, Т.Б.Жаманмұрыновтың УК РСФСР 58-2; 7;11 баптары бойынша тергеуі болды. Қобалжуымды баса алмай, уақыттан сарғайған, сиясы өніп кеткен, бірақ қызыл химиялық қарындашпен жазылған резолюциялары анық көрінетін қағаз парақтарды оқи бастадым. Айта кету керек, сауаты кемдеу, жоғары білімі жоқ опер қызметкерлер өз ісін білген, жазғаны анық, қатесіз. Мемлекет қауіпсіздік басқармасының 4-ші бөлімшенің уәкілетті тұлғаның көмекшісі, мемлекет қауіпсіздіктің кіші лейтенанты жүргізген бірінші жауап алудың хаттамасынан үзінді:

Сұрақ: «Сіз       контрреволюциалық ұлтшыл ұйымда мүшесіз бе? Нақты жауап       беріңіз.» Жауап: «мен контрреволюциялық ұйымының мүшесі емеспін. Ондай ұйымды мен білмеймін».

Назад