Гүлмінездің гүлдері - Кеңес Оразбекұлы 3 стр.


 Анашым, ау анашым,  деп еді, асхана жақтан «Ә, не дейсің?» деген дауыс естілді.

 Мұнда келші. Мен әдемі күшік тауып алдым. Өзі әбден тоңыпты. Қарны да аш болу керек, сүт бар ма?

Асханадан шыққан шешесі күшікті көрген замат:

 Е-ей, Гүлмінез-ай,  деді әбіржіп.  Оны қайдан алдың? Ада-сып жүрген біреудікі де. Апарып таста.

Гүлмінез күшікке ара түсті:

 Бұның иесі жоқ, анашым. Көшенің ортасында, әркімге бір алаңдап, бүрі-сі-іп тұр. Дірілдеп, көзі мөлдіреп, жалынышты қарайды. Қыңсылап-қыңсылап қояды. Маған адамдардан шеккен зәрібін айтып жатқандай сезілді. Аяп кеттім, Алайықшы?

Шешесі қызына мейірлене қарады:

 Бұл бәлең дүниеге келмей жатып, қандай зорлық көріпті?

Гүлмінез бота көздерін мөлдірете:

 «Бәрін сендер бүлдірдіңдер. Мені анамнан айырдыңдар. Суыққа тоңдырып, аштан-аш далаға тастадыңдар. Обал  дегенді білесіңдер ме? Әуф-әуф!» дейді.

Күшік бойы жылынған соң ба, Гүлмінездің сөзіне пысқырып та қа-рамай, талтаң-талтаң басып бөлменің ішін қыдыра бастады.

Шешесі қулана езу тартты.

 Ә-ә, солай дей ме? Титімдей боп, қарашы. Өзі де сүйкімді ғана екен. Мейілің, асырай ғой.

Жүзі бал-бұл жанған қыз шешесіне еркелей асылды.

 Болар енді. Менің асханада жұмысым қалды. Жүр. Күшігіңе сүт құйып берейін.

Сүт құйылған консерв қалбырын күшіктің алдына қойып еді, ол жолай қоймады.

 Ал іше ғой, күшігім,  деді Гүлмінез, оның басын қалбырға сұғып.  Сен ұнататын сүт қой бұл.

Күшік қырыса кейін шегінді. Езуіне жұққан сұйықты тілінің ұшы-мен жалап жатыр. Дәмін ұнатса керек, баяғы кірпияздығы жайына қалып, ыдысқа ашқарақтана қайта ұмтылды.

Біраздан кейін шешесі кірді. Тымпиып тойып алған күшік қыздың жеңінен тартқылап, құйрығын бұлғаңдатады. Шәу-шәу үріп қояды. Гүлмінез  мәз. Шешесі оны сөйлетуге құмартып:

 Не дейді, мына шіркінің? Түсіндіріп берші,  деп еді. Гүлмінез:

 «Ваф-ваф! Сен жақсы қыз екенсің. Анаң да тамаша адам. Ваф-ваф! Екеуміз дос боламыз. Жалықтырмаймын сені. Жүр, бірге онай-мыз»,  деп ойынға шақырады.

 Жәндіктің қамқоры бола білген кішкентай жүрегіңнен айнала-йын. Шүлдір-шүлдір еткен тіліңнен айналайын, сенің,  деп, том-пақ бетінен шөпілдете сүйіді.  Досыңды ренжітпе, бара ғой.

Гүлмінез шешесінің құшағынан босана сала:

 Күшігім, күшігім, жүр мұнда.  деп, өзінің ойнайтын бөлме-сіне жүгірді. Күшік те соңынан арсалаңдай ілесті.

ҚҰШТАРЛЫҚ

Аласа кереуетте балбырап ұйықтап жатқан Гүлмінез бір селк етті де, көзін кенеттен ашты. Кірпігін жыпылық-жыпылық еткізіп, ала көбең бөлме ішін таңдана сүзіп шықты. Есінеген күйі ақ жайма көрпесін серпіп тастап, орнынан жылдам көтерілді. Үстіне раушан гүлді көйлегін, көгілдір свитрін киіп, шашы жалбыраған күйі есікке ұмтылды. Ауызғы үйде, терезе алдында отырған атасын көріп барып, көңілі жайланды. Ерекше бауыр басқан адамы әрқашан да осылай жанынан табылып отырса қандай рақат. Ал Гүлмінез үшін атасы бір бөлек жан емес пе. Атасымен бірге болса, бар нәрсеге қанығады. Көкейінде жүрген сауалдарына жауап алады. Ертегілер, қызғылықты әңгімелерге қарық болады. Тіпті, атасы екеуінің өз-ара сөздері, ойындары да жарасымды.

Жарқ етіп кіріп келген немересін көріп, қарттың күрең жүзі күн ашылғандай шырайланды. Мейірлене жымиғанда, жанары  қою қас-тың арасынан жалт-жұлт сығылады. Гүлмінез де жүзі гүлдей жайнап, екі қолын құс қанатындай жайып, атасына ұшты. Қария әлеуетті қол-дарымен оны көтеріп алып, құшағына қысып, жұпар шашын иіскеді. Гүлмінез басын атасының кеудесіне қойып, елтігендей көзін жұмды. Құлағына дүрсілдеген дыбыс естілді:

 Ата,  деді кенеттен.

 Әу?

 Сіздің жүрегіңіз сағаттың жүрісіндей соғады екен.

 Дұрыс айтасың, қызым. Бұл кәрі жүрек талай уақытты санап тас-тады ғой. Сондықтан да біз, қарияларды  «уақыттың шежіресі» дейді.

 Уақыттың шежіресі деген не, ата?

 Ол ма. Бұрынғы өткен өмірді, тарихты көкірегіне түйіп, кейін-гілерге білікті етіп айта білген адамдарды солай дейді.

Гүлмінездің жүрегінің дүрсілі, өз жайын қайта есіне салды. Ол:

 Ал енді мені тыңдаңызшы, ата. Қалай соғады екен?  деді.

 Кәне?  Ол немересінің құртымдай көкірегіне жарғақ құлағын тосты.

 Ой-о-ой! «Дік-дік-дік» Жаңа туған құлыншақтың шабысындай. Алып-ұшып тулайды ма  әй?!

 Дәл таптыңыз, ата. Ол құлыншақ неге асығулы, білесіз бе?

 Неге?

 Кеше, кешқұрым әдемі шана әкелген едіңіз ғой. Сол шана-мен тезірек ойнағысы келеді екен оның. Жүріңіз, ата. Сырғанақ тебеміз.

 Неге?

 Кеше, кешқұрым әдемі шана әкелген едіңіз ғой. Сол шана-мен тезірек ойнағысы келеді екен оның. Жүріңіз, ата. Сырғанақ тебеміз.

Қария жымия түсіп, ойланып қалды. Кеше жұмысы болып, қыстауынан тура аудан орталығына тартқан. Қайтарда  ауылға, баласының үйіне соғатын болған соң, сүйікті немересін қуантқысы келді. Дүкендерін аралап жүріп, шана сатып алып еді. Гүлмінездің айтып отырғаны сол. Әрине, көз алдында ойнағанға не жетсін. Бірақ, ойынның да мезеті бар. Ал тыста  адам денесін түршіктірер ертеңгілік ызғар әлі тараған жоқ.

 Айналып кетейін, аппағым менің. Шананы саған әкелмегенде, кімге әкелдім. Әлі онымен талай ойнарсың Ал, қазірше,  ол сұқ саусағымен терезе жақты мегзеді.  Көрдің бе? Таң енді бозарып ке-леді. Дала суық. Құр босқа тоңып қаласың. Одан да, қорада мал жайғастырып жүрген папаң мен мамаңды күтейік. Бірге тамақтана-мыз, кейін ойнаймыз. Тойған қозыдай рақаттанып ойнаймыз.

Гүлмінез басын бір иығына қисайтып, өтінгендей түр көрсетті.

 Тамаққа зауқым жоқ, ата.

Қария қырау қаймыжықтаған терезенің бетін ысқылап сүртіп:

 Қарай қойшы өзің,  деді.  Сөзге түсінесің ғой. Далада бейсәубет жүрген біреу бар ма? Тіпті қыбырлаған нәрсе көрмейсің.

Гүлмінез әйнек көзіне үңілді. Сыртта  мүлгіген қыстың бозамық күні. Қары сірескен үйлердің мұржаларынан шыққан түтін түнерген аспанға баяу сіңуде. Әудем жерде, қоршау ішіндегі сидам ағаш-тардың бұтақтары ғана желмен тенселеді. Гүлмінез соны байқады ма, қулана:

 Кәне, ата. «Қыбырлаған нәрсе көрінбейді» дейсіз. Ана бұтақтар қимылдап тұр ғой, әне қараңызшы,  деді.

Қария немересінің байыптылығы мен тапқырлығына сүйсініп, мәз болды. Күлкісіне шашалып:

 Атаңды сөзден ұстадың, қызым. Өзіме де сол керек. «Қыбырла-ған жан көрінбейді» деудің орнына «нәрсе» дегенімді қарашы. Сөз қа-дірін білген ата-бабаларымыз, билікті қашан да жеңгенге берген. Де-генің орындалсын, қарағым. Бара ғой. Жылы киімдердіңді киі-ніп шық  деді. Гүлмінез:

 Ала-қа-ай!  деген бойымен бөлмесіне қайта жүгірді.

Немересінің шаттанғанына, қарияның да көңілі тасыды.

 Иә-ә,  деп тамсанды ол. Құштарлыққа не жетсін. Талай ізгі армандар мен мұраттар, осындай жолы жіңішке бастаудан нәр алған. Ендеше қайнар тұманың көзін бөгемейін.

Біраздан соң, қария мен немересі  көшеге шана сүйіретіп, томпаңдап кетіп бара жатты.

ҮЗІЛГЕН ГҮЛ

Жамал апай балаларға табиғат туралы, оның адамзат үшін маңы-зы жөнінде сабақ түсіндіріп болды да, сөзін былай түйіндеді:

 Сондықтан да, балалар, табиғатты көздің қарашығындай қорғау керек, аялай білу керек, түсіндіңдер ме?

Осы кезде алдыңғы партада отырған Марат:

 Апай, біздің ауыл да табиғат па?  деп сұрады.

 Иә, ауыл да  табиғат. Сонау көз ұшындағы көсіліп жатқан дала, жайқалып тұрған шөптер де, мына ұшып жүрген құстар, ормандар мен аңдар, теңіз-көлдер мен балықтар  бәрі-бәрі табиғатқа жатады.

Жамал апайының сөзін бар зейінімен тыңдаған Гүлмінез есіне бір нәрсе түскендей қабағын кіржитті. Кенет мойнын алға созып, ұмсына қолын көтерді. Апайы оған назар аударды:

 Иә, не сұрамақшы едің, Гүлмінез?

 Жамал апай, бәйшешек те табиғатқа кіреді ме?  деді ол.

 Әлбетте, бәйшешектен бастап гүлдердің бәрі табиғаттың бөл-шегі

Ал Гүлмінез болса ойланып қалды.

Ол сабақтан келе салысымен, асханадан пышақ пен шыны ыдыс алып, үй сыртындағы жасыл қыратқа шығып кетті.

Біраздан кейін, жүзі гүл-гүл жайнап қайтып оралды. Қолындағы шыны ыдысқа қырдың ақ гүлдерін толтырып жинаған еді. Оларды бақша ішіндегі гүл егетін алаңға апарып, шұқырша қазып, отырғыза бастады.

Осы кезде үйден шешесі шықты. Ол жұмысынан түстікке келген болатын. Сол бойы Гүлмінезді іздеп таба алмаған. Оны бақша ішінен көрді де, жанына келді:

 Апыр-ай, сені іздемеген жерім қалмады! Сумкаң үйде тұр да, өзің жоқсың. Қайда жүрдің осы уақытқа дейін, құлыным-ау, не істеп жатырсың?!

Қызы оған көңілді жауап берді:

 Қарашы, анашым. Мына әдемі бәйшешектерді адырдан қазып алдым. Біздің Жамал апай айтты: «Табиғатты қорғау керек» деп.

 Сен оларды қорғаудың орнына, өсіп тұрған жерінен үзіп әкелдің ғой

 Иә, міне қарасайшы, тамырлары бар. Қайтадан отырғызып жатырмын. Мен бұларға су құйып, күтетін болам. Әйтпесе, далада оларға ешкім қарамайды. Сосын ғой, жазға жетпей қурап қалады.

Шешесі мырс етіп күліп жіберді де, іле салмақты күйге ауысып:

 Сен дұрыс жасамадың, Гүлмінез,  деді.  Табиғатта не нәрсе-нің болсын өз орны, өз заңдылығы бар. Бұлар  бәйшешектер, көк-темнің хабаршысы. Ерте гүлдейтіні де содан. Бұлар қурағанмен, орнын басқа гүлдер басады. Сонысымен де қымбат. Мына гүлдер қай жерде гүлдесе, сол жерде ұрық шашып, ендігі жылы тағы өніп шығар еді. Ал, сен, оларды бұл гүлзарға білместікпен зорлап әкелдің. Егер Жамал апайыңнан «табиғатты қалай қорғаймыз?» деп сұрап алғаныңда, бұл іс болмас еді.

Назад Дальше